Прямой эфир Новости спорта

Эпидемиялық төтенше жағдай кезіндегі білім беру жүйесі туралы

Білім берушілер де, білім алушылар да онлайн сабақ процесіне дайын еместігі анық байқалды.

Қазіргі таңда Қытайдың Ухань қаласынан тараған коронавирус атты сырқаттың салқыны барлық елде, барлық салада сезіліп жатыр.

Осы уақытқа дейін әлемді жайлаған бұл індеттен аман қалған сияқты көрінгенімізбен, ауру бізге де келіп жетті. Қазірге дейінгі ақпарат бойынша, сырқат белгісі бар адамдар әзірге тек Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында анықталды.

Былай қарағанда, эпидемияға түк қатысы жоқ салалардың өзі әлемдік деңгейде тарап үлгерген осы жұқпалы аурудың зардабын тартып үлгерді. Себеп жалғыз: "адамның күні адаммен". Яғни, біз әлеуметтік биожаратылыс ретінде бір-бірімізге мұқтажбыз. Селбесіп өмір сүрмеске амал жоқ. Ал біздің қарым-қатынасымыз, бірлескен әрекетіміз экономиканың қозғаушы күшіне айналып сала береді. Тиісінше, әлемдік сауда, мемлекетаралық қатынас, саяхат, тіпті қажылық секілді діни жоралғылардың өзі коронавирус кесірінен шатқаяқтап жатыр.

Оқи отрыңыз: Төтенше жағдай кезінде балалардың уақытын қалай тиімді өткізуге болады? Пайдалы онлайн контент топтамасы

Осы орайда, вирус тараған Ухань қаласының білім беру ұйымдары балаларды сабақтан босатуға мәжбүр болғаны айтпаса да белгілі. Алайда, сабақ процесінен ешкім қалып қоймауы керек. Тиісінше, қытайлық үкімет білім берудің альтернатив әдісі онлайн оқытуға көшеді. Сөйтіп, DingTalk аталатын мобильді бағдарламаның көмегімен сабақты қашықтықтан оқыта бастайды. Оның ішінде тапсырма беруге де, сабақ оқытуға да болады. Ал бұл бағдарлама арқылы сабақ оқымаған, тапсырманы орындамаған бала "сабаққа келмеген" боп саналады да, оған жаза қолданылады.

Қызық осы жерде басталады. Жалпы алғанда адам баласы сабақ оқығанды ұната қоймайды. Сабаққа мұғалім келмей қалса, қуанады. Сол сияқты уханьдық балалар да DingTalk мобильді бағдарламасы арқылы сабаққа қатысқысы келмей, ақыры соның жолын табады.

Оқушылардың бірі AppStore-дағы кез-келген бағдарламаға қолданушылар 1*, яғни, рейтинг жүйесінде бір ғана жұлдыз беріп төмен бағаласа, онда AppStore бағдарламалар дүкені әлгі төмен рейтинг алып қалған бағдарламаны автоматты түрде AppStore-дан өшіріп тастайтынын біліп қалады. Сөйтіп, қытайлық оқушылар жабылып, әлгі бағдарламаның рейтингін 4.9 боп тұрған жерінен 1.4-ке дейін түсіріп бағалап жібереді. Себебі, DingTalk жоқ болса, сабақ та жоқ.

Оқи отырыңыз: Коронавирус түрлі заттың бетінде қанша уақыт сақталады?

Осы сәтте барып, әне-міне дегенше жойылып кететінін байқаған DingTalk бағдарламасын жасаушылар әлеуметтік желілерде қолданушыларға жалынышты хат жолдап, "Мен, бар болғаны, 5 жастамын. Өтінемін, мені өлтірмеңіздерші?!" деп жалынады. Нәтижесінде, әлеуметтік желі қолданушылары жан-жақтан әлгі бағдарламаға жоғары баға беріп, 2.5-ке дейін рейтингін көтереді.

Mashable сайтының жазуынша, қазіргі таңда әлем жұртшылығы оқушы балалардың осындай пысықайлығы мен тапқырлығына тәнті болып жатса керек.

Тек, әлгі сабақ оқытатын бағдарламаны аяп, жоғары рейтинг беріп жатқан әлеуметтік желі қолданушылары жеңе ме, әлде оны төмен бағалап, AppStore-дан өшіріп тастауға ұмтылып жатқан қытайлық оқушылар жеңе ме, әзірге белгісіз.

Оқи отырыңыз: "Қол жуып, үйде отырғаннан да басқа мәселе бар". Маман пікірі

Дей тұрғанмен, осы жерде мән беруге тұрарлық басты мәселе: эпидемия болсын-болмасын, ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқандықтан, білім беру жүйесі онлайн оқытуға тәуелді бола бастағаны, мемлекеттік деңгейде қашықтықтан оқыту жүйесінің маңызы мен қажеттілігі, сондай-ақ, оның кез-келген қарсылық пен кибершабуылға төтеп бере алуы.

Өйткені, елімізде коронавирус жұқтырған адамдар анықталған бойдан дереу каникулға жіберілген мектеп оқушылары мен жоғары және орта оқу орындарының студенттерін қашықтан оқыту қолға алынып жатыр. Бірақ, қалай?

Әлеуметтік желілерде және ата-аналарға кеп жатқан мәліметтерге қарағанда, студенттер мен оқушыларға тапсырмалар WhatsApp арқылы келіп жатыр. Ал Білім және ғылым министрлігі Фейсбуктегі ресми парақшасында осыларды оқуға болады деп Khan Academy, Coursera секілді шетелдік ресурстармен қатар, кейбір отандық білім сайттарын ұсынды. Олардың арасында қазақстандық стандартқа сай, яғни, мектеп оқушылары қолдануға лайық daryn.online және bilim media group компаниясының ресурстарын айтуға болады.

Оқи отырыңыз: "Сақтаныңыздар, бұл – ойын емес!" Коронавирус тараған елдердегі қазақстандықтардың монологы

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: "Оқыту құралы ретінде видеосабақтар, дербес онлайн жұмыс, онлайн курстар пайдаланылады. Бізде Bilimland, Google Classroom, MOODLE, Univer, Platonus, Canvas, Daryn.online сынды жақсы жүйелер бар. ZOOM оқыту барысында сервисті тегін пайдалануға жағдай жасады", – дейді.

Аймақтағы колледж оқытушылары мен студенттері қашықтан оқытуды WhatsApp арқылы қалай жүйелеуді білмей жатыр. Себебі, білім берушілер де, білім алушылар да онлайн сабақ процесіне дайын еместігі анық байқалды. Онымен бірге студенттер тарапынан сабақ оқуға компьютер/ноутбук жоқтығы мәселе боп тұр.

Оқи отырыңыз: Көрме, театр, ойын-сауық орталықтарының қызметі тоқтайды. Төтенше жағдай кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?

Осы орайда Нұрлан Иманғалиев секілді ерікті азаматтар "Ustaz дамыту орталығы" атынан мұғалімдер мен колледж оқытушыларын онлайн оқыту қабілетін үйрету мақсатында Google Classes құралын пайдалануды дереу бастап кетті.

Бір ғана осы кейстің өзінен біраз нюансты байқауға болады. Тисінше, мұндай экономикалық та, әлеуметтік те, педагогикалық та сын-кедергілерге біз дайынбыз ба, жоқ па? Сол маңызды боп тұр.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Популярное в нашем Telegram-канале
Новости партнеров