Соңғы жылдары Мемлекет және қоғам боп екіге жарылғанымыз қылаң беріп қалып жатқандай. Мемлекетті адам өмірін жеңілдетудің жолдарын қарастырмайды деп біржақты айтуға болмас. Әсіресе, қараусыз қалған жетім бала мәселесінде.
Кез-келген өзгеріс қоғам мүшелері арқылы жүзеге асатыны хақ. Өкінішке қарай, қоғамға деген сенімге құрылған ережелер мен жүйені кей адамдар құмға сіңген судай жұтылдырып жіберетіні жасырын емес. Жер бетіндегі ең жұмбақ тылсым – адамның мінез-құлқы, пиғылы, санасы екенін мойындау артықтық етпес.
Жетекте кеткен бала
Жаңа ережеге сай патронаттық ата-ана жетегінде кетіп бара жатқан бала тағдыры көкірек көзі ашық адамды бей-жай қалдырмасы анық. Бәлкім, жаңа ереженің балаға қажеті де бар болар. Зерттелмеген жаңалықты мемлекет тап бала тағдырына келгенде немқұрайлық танытпас.
Шындап келгенде бар мәселені түптей шешпесе де, ата-анасыз қалған баланы мемлекет өз мойнына алып бағып жатыр. Балалар үйі саны жылдан-жылға көбейгені – қоғам қасіреті деп ойлаймын. Десе де, тастанды бала легі тоқталар емес. Ол жайында талай айтылып та, жазылып та жатыр.
Үкімет тарапынан жетім баланың жан жарасына дәрумен берудің жолдары басқа қырынан – патронат ата-ана тәрбиесіне беруді қарастырған болатын. Еуропа елдерінде ойлап табылған тәсілдің зерттемелеріне көз жеткізді деген сенімде болайық.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы №14 Патронаттық тәрбие туралы ережесіне сәйкес:
1 бабының 6 тармағы бойынша: "Баланы (балаларды) патронаттық тәрбиеге беру отбасылық тәрбиелеуді қамтамасыз ету үшін баланың (балалардың) мүдделеріне сүйене отырып жүзеге асырылады".
14 бап бойынша: "Қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деп күдік келтірілген баланы қоспағанда, он жасқа толған баланы (балаларды) патронат тәрбиешілерге беру оның келісімімен ғана жүзеге асырылады".
Біздің қоғам дайын ба?
Жалпыға бірдей тәрбиешінің мейірімі жете бермейтін балалар үйінде өскеннен гөрі – патронат отбасында мейірім шуағына бөленіп жетілгенге не жетсін. Әрине, ол үшін патронатты ата-ана болуға "алушы тараптың" парасат деңгейі жоғары болса, құба-құп.
Жат елдің жаңалығына жанымыз жақын елміз. Әлбетте, жақсыны ала білгенге жағымды жағы жеткілікті. Еуропа елі бала құқығына ерекше мән беретіндігімен кей жағдайда таң қалдырып та жатады. Таяқтың екі ұшындай патронаттық ата-ана жүйесін шет елдіктердің қолданысқа енгізгені әлдеқашан. Нәтижесі сан-алуандығы да айтылып қап жатыр.
2015 жылғы Білім және ғылым министрінің патранаттық тәрбие жайлы ережесі бір жағы жөн де болар. Иманды отбасына түскен жетім баланың жат та болса "ата-ана" жылулығын сезініп өскеніне не жетсін?!
Әйтсе де: "Көрпеңе қарай – көсілді" ескермейтініміз өкінішті. "Өзгенің мансұғына – таңсық болғанның" аяғы қорғансыз жетімдер тағдырын талқыға түсірмесе деңіз. Бес саусақтың өзін Жаратқан ием бірдей етпей жаратқанының өзінде мән жатқанын ескермейтініміз болмаса.
Биыл кей облыстардағы балалар үйлері жабылып, толығымен патронажды жүйеге ауысып та үлгерді. Патронажды жүйенің екі ұшы: бірі – иманды отбасыға тап болған баланың жандауасын таптырса, екіншісі – қорғансыз жетімнің жанын одан бетер күйзеліске ұшыратар қаупі бары жасырын емес.
Екінші ұшындағы: "қамқорлыққа алушының" әр балаға үкімет тарапынан берілетін ақшаға деген ашкөздік басым түсіп кетпесіне кім кепіл? Осы жерде: "Сенімсіздіктен арылатын күн туды. Адамдарға сену керек" деген ой туындауы заңды. Ешкімге сенбесе, қоғам қалай өркендемек?! Десе де, адалдықтан аттап кеткендердің кездесетіні үлкен қасырет.
Он бір айда оралды
Әнші. Майыса билегенде, он саусағы бейне бір тақиясының үлбіреген үкісіне қосыла желбірегендей дерсің. Бұл, патронаттық тәрбиеге берілген қыздың "дейінгі" мінездемесі.
Он бір жастағы бойына өнер тұнған сүйкімді қызды асырап алған әйел араға он бір ай салып, балалар үйіне қайырған. Өкініштісі, қыздың он бір ай бұрынғы ашық мінезден із қалмаған. Ән айтып, би билемек түгілі – сәл дауыс көтерілсе бүк түсіп, жылай беретін күйге түскен.
Небәрі он бір ай бұрын кеткен ортасына оралғанда, жат ортаға түскендей айналасына үрке қарайды. Елдің алдына түсіп жауап беруге құмар қыздан жауапты құдықтан шығыр тартқандай тартып аласың. Жүйкесі өзгергені сонша, жауап орнына тұлабойы тырысып қалатын күйге ұшыраған.
Сұрастыра келгенде анықталғаны: ешқандай зәбір көрмеген. Қарны – тоқ, киімі – көк болған. Тек, жат отбасыға есейіп тап болған қыздың жүйкесі өміріндегі күрт өзгерісті көтере алмай, күйзеліске ұшыраған.
Сәби күйінде патронат ата-анаға берілген бала тез көндігіп кететін жайтқа есі кірген қыз көндіге алмай, жүйке ауруына шалдыққан. Белгілі себеппен атын айтуға болмайтын жасөспірім қыз өкіметтің жылуы аз болса да – қорғаны мықты ортаға қайыра оралды.
Мәселе мейірімде
Келісімін берген кезде жаңа отбасынан іздеген мейірімді табамын деп үміттенді. Қалай күлімсіреп қараса, солай мейірім сыйлайды деп, үлкендерге сенеді. Аярлық пен екіжүзділікке шыланып үлгермеген бала жүрек, жақсы өмірге талпынады. Не себепті таппады?!
Мейірім күткен балаға тасмерездік көрсеткен жандардың патронаттық ата-ана болуға не себепті бел буғаны түсініксіз. Бала тағдыры түгілі – судың да сұрауы барын ойламауын қалай атауға болатынына миым жетпеді.
Қараңызшы, он бір жыл бойы қалыптасып үлгерген өнерлі бала қатты психологиялық соққы алып, мінез-құлқы он бір айда өзгерген. Әлбетте, балалар үйінің психолог қызметкерлері жасөспірім қызды күйзелістен шығаруға жанталасты. Әупіріммен бетін бері қаратты.
Араға айлар сала есін жинап, айналасына күле қарайтын болды. Әрине, жайнаған гүлдің аяз ұрған тамырының қалыпқа келуіне уақыт керек. Емші уақыт тілімен есін жинар-ау, бірақ... Періште жүрекке түскен сызат кете қояр ма екен?
Бұл – өкіметтің қорғансыз балаға жасаған қамқорлығын жарнамалау емес – ащы да болса шындығын айтқым келді. Осыдан келіп: "Жат босағада жәутеңдеткенше, үкіметтің қарамағында болғаны жақсы" деген ойға тіреледі екенсің.
Жазатайым жағдайда бала үшін үкіметтің алдындағы жауаптан аяқ тартары сөзсіз балалар үйін қысқартудың қажеттілік тудырған өзіндік себебі бары анық. Бірақ...
Өкімет өлтірмес
Жат босағада дастарқанға жақындауға именгеннен гөрі, алысып-жұлысып өз қатарымен балалар үйінің ашты-тоқты тамағын ішкеннің жөні бөлек. Түп-тамырына бойласақ, қазақ елінде тастанды балалар үйінің тіптен болмағаны: "Өткізерлік бала табылмай қалғаны қандай ғажап болар еді" деп армандайды екенсің.
Өкінішке қарай, тастанды бала саны жыл санап көбейе түсуде. Үкімет қамқорлығы болмағанда, сол жәудір көздер кімнен пана таппақ? Ертеректе балалар үйіне қапылыста ата-анасынан бірдей айырылғандар мен сотталып кеткен отбасы балалары ғана тапсырылатын.
Бүгінгі жайттың жөні бөлек. Қорғансыз қалған бала баспаналайтын үй, көзі тірі әке-шешесі бола тұра балаға лық толы. Қорқатыным, оларда өскеннен соң өз ұрпағына көңілі суық боп жетілер ме екен деген ой мазалайды.
Қатыгез ата-ана тастап кеткен баланы мемлекет мойнына алуда. Оған да шүкір. Қолы аузына жеткенше жетімге қамқорлық жасап, кәмелет жасқа дейін нақтылы қорғап отыр. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан жақсы оқыған балалар үйінің түлектеріне арнайы грант бөлінгені тіптен қуанарлық жайт.
Қаншама әке-шешесіне керек болмай қалған жас жеткіншектер жоғары оқу орындарын бітіріп, мамандық иеленіп жатқандарын көріп те жүрміз. Осыдан келіп, үкімет тастамайды деген сана адами ары төмен жастардың ұрпағына деген жауапкершілікті жойып жібермей ме екен деп те ойланасың.
Мемлекет қанша жерден қамқорлығына алса да, ата-анасын аңсамайтын бала жоқ. Десе де, соңғы кезде қаржыға келіп тірелетін мәселенің тармағына балалар үйі қармаққа ілінсе керек. Балалар үйінде әр балаға жұмсалатын шығын мен патронат ата-анаға бөлінетін қаржының парқы болғаны ғой.
Патронаж жүйенің жаны жаурап жүрген балаға қаншалық жағымды, не жағымсыздығының шет-жағасын қатал уақыт көрсетіп те жатқандай. Кінә мемлекетте емес, кінә дайындықсыз қоғамда.
Бір қарағанда: "Жетімді жарылқауға не дайындық қажет" деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Жауабы баяғы бір жартасқа – мейірімі кеткен адамдарға келіп соғылады. Адамды емес, дүкеннен қымбат тауар сатып алғандай деңгейге түскендер жетіп артылып жатқан қоғамның беті сұрқай тартқан.
Дән жылуы мол жерден өніп шығады. Бала, ең алдымен – АДАМ, ұлттың ертеңгі болашағы екенін ұмытпасақ, иманымыз түгелденер еді.
Жылу мен мейірім бере алмасаң, патронаттықтан аулақ жүр. Иманың жеткіліксіз болса, жетімге жаның ашымай-ақ қойсыншы?!
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎄Новогодние скидки: билеты на поезда по выгодным ценам распродают в Казахстане
- 5682
- 1
- 4
-
2❓День потрачен впустую: кто виноват и что делать, если доставка задерживается
- 5461
- 3
- 18
-
3⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 21 ноября
- 2899
- 0
- 7
-
4🏃♀️Семейный забег пройдёт в Астане. Победители получат телевизоры, пылесосы и планшеты
- 2843
- 1
- 22
-
5🥶Ночные морозы до -23 прогнозируют на выходных в северной половине Казахстана
- 2715
- 0
- 8
-
6‼️К смертной казни приговорили жительницу Таиланда за серийные убийства с помощью цианида
- 2486
- 1
- 28
-
7🔥Столичные пожарные потушили горящий автомобиль
- 2456
- 0
- 11
-
8⚡️Солдат впал в кому после удара сержанта: начался суд по резонансному инциденту в воинской части Отара
- 2534
- 6
- 27
-
9⚖️ Прокуратура вернула 12,5 млн тенге предпринимателям алматинского метрополитена
- 2494
- 0
- 15
-
10🔥 Полицейские эвакуировали 20 человек из горящей многоэтажки в Кокшетау
- 2445
- 0
- 20