Жаһанданудың жұтқыншағындағы сәбилер
Заманына қарай қоғамның да өзгерері даусыз. Жаһандану деген жалмауыз жұтқыншаққа көлденең сүйек боп тіреліп жатқанда, адамзатты азғындатпайтын жолы бар ма?
"Бек ұлдарың құл болмағай, пәк қыздарың күң болмағай" деп сонау сегізінші ғасырда найзасының ұшымен, қылышының жүзімен, білегінің күшімен кең-жазира далаға жау тұяғын тигізбестен біздерге аманат етіп кеткен Күлтегін қаған бүгінгі ұрпағының жат елге кетіп жатқанын білсе, не істер еді, ә?..
Ұрпақ тағдырына үн қатуға дәрменіміз жете ме?
Ел экономикасы сыртқы сауда арқылы гүлденері мәлім. Табиғи байлықты сату арқылы өзгенің де тәуірін алып, тұтынушының көңілін табу – үкіметтің басты міндеті. Ар жағында біз біле бермейтін халықаралық саясаттың нәзік тетігі тағы бар.
Қарапайым халықтың биік деңгейде шешілетін жұмысқа кей жағдайда араласуға құқы жоқ деп те қарауымыз керек болар. Бірақ, ұлт пен ұрпақ тағдырына келгенде үн қозғауға құқылы.
Телеарнада жат елге кеткен ұл мен қызды асырап алған ата-аналары "ләззәттік құлдыққа" айналдырғанын көргенде, ақырзаманның арқыраған өтінде өмір сүріп жатқанымдай сезіндім. Естір құлаққа жағымсыз, түсініксіз жайт: "Онсызда аз ұрпақты жат елге жөнелтуге дәтіміз қалай барды?!"
Үш мыңға жуық бүлдіршіндеріміз жат елдің санатында
Ересектерге жәудірей қараған қорғансыз ұрпағымыз жат ел асып жатыр. Өтеуін азғын ұл мен арсыз қыздан сұрау керек пе, әлде бүлдіршінін жатқа қиған қоғамнан сұрауымыз керек пе? Жауабы құмға сіңген тұйық шеңбер...
"Саңырау болғыр құлағым, естімесе қайтер-ді?!." деп аталарымыз күңірене айтқан екен. Сілемінің біздерге жеткені өкінішті-ақ. Туған топырағынан тамыры қопарыла теңіз асып бара жатқан ұрпақ:
Мен салмадым, сен салдың,
Қайырлы болсын сіздерге
Менен қалған мынау Еділжұрт!.. – дей қанды жасын жұтып бара жатпағанына кім кепіл?! Әлбетте, XV ғасырда еңіреп өткен Қазтуған жыраудың айтқанын бүгінгі бүлдіршін біле қоймас. Бірақ, сәби жүректің зары – Қазтуғанның зарынан асып түспесе деңіз.
Үкімет тапсырмасымен іздестіруден шет қалған баланың күйі қандай?
"Қазақстан" телеарнасының ұйымдастыруымен жатқа кеткен бала тағдырына арналған бағдарламаны көзіме жас алмай көре алмайтынмын. Қарап отырсаң, жаман боп жатқаны аз. Мұңға толы көздері болмаса. Сұқбат беріп отырған қазақ балаларының көздерінде жасқаныш бар. Қаны бөлек екенін түйсігеді. Күйінетін де болар. Бала жүрекпен жасыруға, кептелген қасіретті жұтуға мәжбүр. Асырап алған ата-анасын аяйды. Бәлкім, жасқанады. Әлде, қорқа ма екен. Ол жағы жалғыз құдайға аян.
Жат елдегі баламыз бақытты ма?
Егемендігімізді егеленген алғашқы жылдары сыртқа кеткен ұрпақтың алғашқы ащы жемісін шетелдік ақпараттан көріп үлгердік. Қазақтың ұл мен қызын асырап алған отбасы ұрпағымызды "тән ләззатының құлына" айналдырғанын телеарналардан көргенде, күңірендік. Заңды құжаты қолында тұрған адам, жат ұлды аясын ба?
Бүлдіршінін жатқа қиған ұлттың болашағы бұлыңғыр екені кәміл. Қорғансыз кеткен ұрпақтың обалына жауап беретін басты күнәһарларға тыйым салатын жол, тағы сол тұйық шеңберге тірелуде.
Аналар үйі ұрпақты құтқаруға пәрменді ме?!
Мақтанарлық жайт болмаса да, етек алған келеңсіздіктен ұрпақты қорғаудың амалы қарастырылып та жатыр. Үлкен қалаларда "жолда тосын" пайда болған бала далада қалмауы үшін көптеп "Аналар үйі" ашылды. Жақындары өзегінен тепкен жас анаға жәрдемдесіп, есін жиғанша балаға үйренісуіне мүмкіндік жасалынады.
"Ар"-ды белге түйіп ап, "іштен шыққан шұбар жыланын" айналшақтай көз жасын көлдей төгіп жүрген қаракөздеріміз қаншама? "Сүйем, күйем" деген жігіті жар жағалата тастап кетіп, ата-ана алдындағы үреймен "жүзіқараға" айналған Қыз, бетпе-бетке жалғыз шығуға мәжбүр.
Статистикаға сүйенсек, «Аналар үйінде" баласына бауыр басып, тастамайтындар көптеп кездеседі екен. Кінәні Қызға артқанда, таразының екінші басындағы – желіккен ұлдан жауапты қалай талап етеміз?
Бесіктен атастырудың парқы
Салт бойынша қарқаралы қыз бала әке босағасынан абыроймен ұзатылуы керек. Ағайын-туған, бауыр-достың алдында отыз күн ойын, қырық күн тойымен ұзатылған қыз барған жерінде төркінімен қоса ел абыройын асқақтатқан. Ауыл үйдің анасына айналған.
Кеңестік дәуірдің қысымында ата дәстүрімізден айырылып, "әйел теңдігін" жалаулаттық. Ұмай Ана, Домалақ Ана сынды аналар даналығын оқымаған, білмейтін ұрпақ жетілді. Дала заңын бұзбаған ата-әжелерімізден жеткен дәстүрдің аяқасты болуының зардабын бүгінгі бейкүнә сәбилер тартып жатыр.
Кеңес дәуірінің ең үлкен қастандығы – "бесіктен атастыру" дәстүрін жойдырғаны. Қазақ – өз ұрпағына қанқұйлы жау емес. Есейгенде атастырғанын қаламаса, айыбын өтеп, жүрек қалауына жол берген. Онда да көлденең көк аттыға емес, "отау құрып, от басына ие болады-ау" дегенге үйлендірген. Несі жаман?!
"Ұятқа" ұятты болғандар
Еркіндікті ерттеп мінген көптеген жастардың "ұят" деген адалдықтың ауыздығын ысыпырып тастауының соңы өмірі орны толмас өкінішке ұласуда. "Қазаннан қақпақ кетсе – иттен ұят кетеді"-нің кебін киіп, ойына келгенді жасап, ойрандауына жол аштық. Қызды кінәлап күйе жағумен шектелмей, ұлдан да талап етуді қолға алмайынша, қасіреттің тыйылуы мүмкін емес.
Социализмнен қазақ не ұтты?!
Буржуаздық қоғамнан бірден социализмге өткеннің қазаққа бергенінен-жойғаны асып түскенін уақыт диірмені дәлелдеді. Қоғамды ең басты фактор: "Қиянат жасауға болмайды" иманынан айырлудың алдында тұрмыз.
"Имансыз қоғамға айналдық" деуден аулақпын. "Обал болады. Көз жасы алдыңнан шығадыны" ысырып тастаудың ұшығы бақытсыз сәбилердің жат ел асуына себепкер болып жатқаны болмаса. Осынша қасіреттің түбінде: "Елі сүйген ер бақытты боларын" жадымыздан жойып жібермесек болғаны.
"Зайырлы қоғамда өмір сүреміз" деп дабылдатқанмен, болашаққа қиянат жасауға жол беріп қойып жатқанымызды байқамаймыз. Дер сәтінде ойланбаймыз. Бейтараптықтың кесірі – араға жылдар салып "қайыра соғарын" ойлануға мұршамыз жоқ. Өйткені, қоғамда қордаланып, шешімін күтіп жатқан экономикалық мәселе шаш етектен. Ең басты байлық – шекарамыз тыныш. Бірнеше ұрпақтың соғыс көрмей өсіп жетілгенін шүкіршілік етеміз. Лайым соғыстың бетін аулақ қылғай!.
Бабаларымыз жаугершілікте панасыз қалған жетімін жатқа бермеген
Ертеде, шапқыншылықта әке-шешесінен бірдей айырылған жетімін ауыл арасында көптеп-көмектеп асыраған. Шаңырақты шайқалтпай, ұрпағын жетілдіруге мән берген. Тектің тұяқсыз қалуына жол бермеген. Неткен даналық?!
Тосын жаудың найзасының ұшында, қылышының жүзінде қаны судай шашылған заманды басынан кешірген халықтың ұрпағы екенімізді ұмытуға жол бермеу – бабалар алдындағы борышымыз.
Ұрпақ қадірін ұмыттық. "Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған" заманның қадірін таптауға жол бергеннен қоғам құты қашып жатқанын ойлануға мұрша жоқ. Жаһандану өз дегенін орындатып үлгеруде.
Кіндік қаны тамған топырақтан жырып, жатқа жібергенін кешпесе ше?!
Олай болуы мүмкін ғой?! Жаугершілікте қолды болып, құлдыққа сатылған Бейбарыстың тарихына бір сәтке көз жүгіртейікші?! Бабалар рухы күретамырында аққан Бейбарыс әлемді тамсандырған Мысыр елінде ширек ғасыр билік құрды. Бала күнінде кетсе де қазақ топырағын жадынан шығармай, ең биік ғимараттың үстіне қазақтың киіз үйін тіктірді. Қымыз ашытты. Кең даланың жусан иісін өле-өлгенше аңсап өтті. Ол – жаугершілікте еріксіз кеткен ұл болатын. Ендігімізге жол болсын?! деген сұрақты өз-өзімізге талап етіп қоймайынша, қасіреттің тыйылуы қиын-ақ.
Құлашты тауға мол салып,
Бетпақтың ен бір шөлінен
Төтелеп жүріп жол салып,
Қолды бір бастар ма екенбіз?! – деп қанында қазақтың рухы аққан, жатқа кеткеніне кекті ұл, қорғансыздың күйін тағдырына байлаған қандасына қарсы қару көтермесіне кім кепіл?!. Ойланайық.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎄Новогодние скидки: билеты на поезда по выгодным ценам распродают в Казахстане
- 5737
- 1
- 4
-
2❓День потрачен впустую: кто виноват и что делать, если доставка задерживается
- 5530
- 3
- 18
-
3⚡️Дмитрий Мун стал вице-министром цифрового развития, инноваций и аэрокосмической промышленности
- 2393
- 5
- 89
-
4🤑Размеры двух пособий вырастут в Казахстане в 2025 году
- 2396
- 4
- 15
-
5🔥В ВКО потушили два горящих автомобиля
- 2367
- 1
- 3
-
6📈 Денежная база Казахстана продолжает расти: что это значит для экономики?
- 2235
- 0
- 11
-
7⚠️Легковушка столкнулась с маршрутным автобусом на автомагистрали в Караганде
- 2194
- 1
- 17
-
8❓В НИИ онкологии и радиологии Алматы бесплатно проконсультируют жителей
- 2386
- 0
- 6
-
9⭐️Сверхгигант, прячущийся в "коконе": астрономы сделали первый крупный снимок звезды из другой галактики
- 2150
- 1
- 13
-
10⁉️Чем известна Перизат Кайрат, возглавлявшая фонд BizBirgemiz Qazaqstan?
- 2295
- 15
- 42