Қызға қырық үйден тыйым
Біле тұра осыны теріс айналдыра қолданатындарға не дерсің? Көпке топырақ шашуға болмас. Десе де, ұзатылған қыздың төркіндегі келінге өктемдік жасағысы келетін бейәдептік қаракетінен көптеген шаңырақ шайқалып жатыр.
Көпшілік алдында жүретіндіктен ба екен, кеңес сұраушы жандар жолымда кездесіп жатады. Бірге қызметтес орташа бойлы аққұба келіншек, имене басып жұмыс бөлмеме кірді. Иығына түскен шашын жәй ғана шарт түйе арқасына тастай салыпты. Сүйкімді. Анау айтты бояу сүрмеген жүзі алабұртып тұр. Бос орындыққа жайғасқан бойда өксіп жіберді.
Сүп-сүйкімді екі ұлдың анасы, қылшылдаған жігітке жар, қемпірі қайтыс болған қайынатаға қамқоршы, қайынбикелерге қызметші... Қайынбикелерге қызметші тіркесін текке алғаным жоқ. Жұмысқа тұрғанына жарты жылдан асқан уақытта осы келіншектің өз жұмысына өте ыждаһатпен қарайтынын байқап, сыртынан риза боп жүретінмін. Жайдары. Амандасқан кезде майда маржан тістерін көрсете күле амандасады. Бір қараған көзге жер бетіндегі еңи бақытты жандай көрінетін. Ішіндегі сырын естігенде, уақыт талабы өзгерсе де "өзгергілері келмейтін" жандарға түңіле күрсінумен шектелесің.
Ененің қатал талабымен піскен келін
"Енемнің өте қатал болғанына ризамын. Келін боп түскенде түк білмейтінмін. Үйдің еркесі болғандықтан, маған ештеңе істетпеді. Есесіне, талабы тастай ененің қолына келін боп түскенде, алғашында қатты қиналдым. Ауылдық жер. Сандықтың үстіне жинаған төсегімді енем келіп, дұрыс жинамадың деп, шашып кетеді. Бірде, үш рет шашты. Үш рет жинадым. Төртіншісінде тиіспеді. Сол жинағанымды мұқият қарап, есіме сақтап алдым. Ертеңіне тап солай жинап едім, енем шашпады. Қуанып кеттім. Енемнің қаталдығының арқасында үй тірлігіне тез пістім. Қазір қолымнан келетін істің бәрі енемнің арқасында. Әттең, енем қайтыс болмағанда?!." – деп еңіреген келіншекке таңдана қарадым.
"Қаталдықты – қамқорлық деп қабылдадым"
"Мені үй тірлігіне тезірек піссін деп қатал болғаны ғой?" деп, енесіне шаң жуытпай сөйлеген келіншекке риза болдым. Шымылдықтың ішінде отырып инстаграммен тікелей эфир жасап отыратын қыздарға етіміз өле бастаған уақытта, жас келіншектің айтқандары ертегі іспеттес әсер етеді.
– Қолымнан түк келмейтініне пысқырмады. Жанымды шығарып жұмыс істетті. Сүт пісіріп, күбі пістім. Сиыр көп болғандықтан, құртты көп істейтінбіз. Қайынбикелерім қыдырып келгенде, қап-қап қып алып кететін. Күйеуімнің айлығы мен атам екеуінің зейнетақыларын алғанда, басын біріктіреді. Бір айға жетерліктей азық-түлікті қаптап алып, отыз күнге бөліп қоятынбыз. Бөлген азығымыз отыз күнге тура жететін.
Үнемдеуді үйреткен енеме осы күні дән разымын. Қазір де сол үрдісті тастамай қолданамын. Есесіне, отыз күнімнің азығы дайын тұрады, – деген келіншек, тапа бір Эйнштейннің салыстырмалы заңын ашқандай көздері жайнай қарады. "Теперіш көрдім" деп отырған ол жоқ. Енесін айтқанда сағынышпен күлімсіреп қояды.
Кепкен тезектен өткен оттық жоқ
Ауыл жер болған соң, қорада мал ұстайтыны белгілі. Қыстай қора артына үйілген малдың қиынан шіліңгір шілдеде әдемілеп илеп, тезек құяды екен.
– Ой, қысты күні пешке алдымен жермайға шыланған тезекті қалап, үстінен көмір салсаңыз, отың гу ете қалады! – деп, маржан тістерін көрсете күлімдеген көздерінде кезінде күрсінткен келеңсіз жайт болмағандай жайнаң қақты.
Көгілдір оттан басқаны көрмеген қала қызы, бір салғаннан гулей жанатын ауыл тезегін мақтаған түріне қарап, еріксіз сүйсінесің. Қиналмайды. Бәлкім, алғашында ене талабынан қиналған да болар. Бірақ, тек жақсысын ғана санасында сақтаған түріне қарап отырып: "Енесінен өнеге ала білген келіншекпен күйеуге шықпаған қыздарды кездестірсе болғандай екен-ау?" деген ойға келдім.
"Есіп алғысы" келген Ене талабы
Бүгінгі шыбық тимес шыңқ етер жас келіндердің басым көпшілігі "ене талабына" шыдай алмауы себепті жаңа көтерілген қаншама шаңырақтың шайқалып жатқанын тек статистикадан ғана білеміз. "Таяқтың екі ұшы барын" ескерсек, келін тәрбиесіне келгенде асыра сілтейтін енелер де баршылық. Десе де, етегінен ұстаған күйеуінің анасына келін бола білудің өзіндік салмағын алдын-ала ескерсе, шыдамдылықпен жеңіске жетуге боларын түсінер еді. Келін боп жат босағаны аттаған қыздардың барлығы алдымда отырған жас келіншектей ене талабын – "болашағыма деген қамқорлық" деп қараса, сонша шаңырақ шайқалмас па еді, кім білсін?..
– Енем пешенеме сыймай кетті. Үш-ақ жыл бірге өмір сүрдік. Айналдырған үш жылдың ішінде, өміріме жетерлік тәрбие берді. Аурудан қайтыс болды. Жұмысқа қатал болғанымен, артық сөз айтпайтын. Қабағымен жұмсап, ауыр сөзбен жанымды жараламады. Бір-ақ рет жазалады, – деген келіншек, алдымен сықылықтай күліп алды.
Қалың қарға қуып шықты
Осыдан отыз-қырық жыл бұрын мүмкін болғанымен, бүгінде ұмытылған ене мен келін арасындағы "тәрбиелік қақтығыстың" ертегіге айналғаны қашан?! Себебі, қазіргі келіннің көбі дерлік ене тәрбиесінен ат тонын ала қашатын жастар.
– Қыстың күні болатын. Қар қалың жауды. Ауыз үйде тұрған аққұманды әкеп, қайнап тұрған суды құйып қалғанымда, аққұманым тарс етіп сынды да қалды. Суық жерде тұрып шыны ыдыстың мұздап қалатынын қайдан білейін? Енем үйден қуып шықты. Аяғыма калош іліп үлгердім. Үстімдегі жалғыз халатпен күйеуім жұмыстан келгенше есік алдында жылап тұра бердім. Күйеуіммен ілесіп үйге кіргенімде, енем айқайламады. Соған қуанғанымды білсеңіз ғой?!
Айтып отырғаннан көз алдыңа келетін қатыгез оқиға мен келіншектің айтқан кездегі түрі екі бөлек. Тап бір бөгдемен болған секілді. Еш күйініш, реніш жоқ. Ізі де байқалмайды. Таңқаласың?!
"Барған жеріңе тастай батып, судай сің!"
"Күйеуге шыққан соң, барған жеріңе сіңуің керек" дегенді шешем бала күнімнен миыма құйды", – дегенін естігенде: "Тәрбие – талбесіктен" демекші, о баста қыздың жат жұрттық екенін санасына сіңіріп өсірген анасына риза болдым. Оң босағада тәрбие көрген қыздың жақсы келін болуын қалаған ана, өзіне де тәрбие көрген келін түседі деп сенеді. Солай болуы тиіс. Барлық ана қыз баланы осылай тәрбиелесе, "жартылай отбасы" деген сөзден құтылар ма едік?.. Ана бақытының – Ене бақытына айналуына не кедергі? Бүгінгі енелердің қолға түскен келін – өзгенің алақанда үлпілдеткен үкісі екенін ескере отырып өз тәртібіне салуға сабыры жете ме?
Әкесінің зейнетақысын сыпырып әкететін қыз
"Жасымда – еңбек, қартайғанда – зейнет бер" деген арманға жеткен ата-анаға ұрпағы қамқорлық жасау – адамзат алдындағы борыш. Бұл дәстүрден кеткен күні, өмір күңгірттеніп, айнала тас-түнекке айналмақ. Түн ұйқысын төрт бөлген ата-анадан қымбат жан бар ма? Десе де, өзі жеке шаңырақтың иесі бола тұра, төркініне әмірін жүргізгенді қалайтын қыздар баршылық. Ата-ананың шексіз махаббатын басынып жататындары да жеткілікті. Төркінге қолұшын беру үшін емес, тонап кету үшін келетіндер әлі күнге жеткілікті. Алудан еш тоймайды. Алған үстіне ала түссем дейді. Әке шаңырағында өмір сүріп жатқандардың өз қажеттілігі барын ескергісі, елегісі келмейді. Неге?..
Қайырымсыз қайынбикелер
Енесі қайтыс болса да ағайын арасында ене орнын жоқтатпауға тырысады. Қазақтың той-томалағы таусылмаған. Ағайын-тума орталап, қиналғанға демеу бергеннің тиімді тұсы да бар. Кейде: "пәленшенің тойын еш кредитсіз-ақ ағайын-туғандары көтеріп жіберіпті" дегенді естіп, қуанып қалатын жайымыз бар. Жас келіншектің жайы ондай қуанышқа жете алмай жүр. Енесінің көзі кеткен соң, екі қайынбике екі жақтан биліктерін жүргізе бастайды.
– Сыпырып-сиырып әкеткендерін қоя беріңізші, атамның зейнетақы карточкасын бір қызы алып қойды. Ай сайынғы зейнетақысын алып, атама бір тиынын ұстатпайды. Атама дәрі-дәрмек, ішерге ас, киерге киім қажет ететінін ойламайды. Күйеуімнің айлығы аз. Менің жалақым да жетісіп тұрған жоқ. Таңмен таласа тұрып, атама ыстық тамақ пісіремін. Асқазаны кешегі асты көтере алмайды. Азық-түлікке ақша жеткізе алмай қиналамын. Тым құрығанда атамның зейнетақысы үйге кіргенде, азық-түлікке жәрдем болар еді? – деп мұңайған жас келіншектің сөздерінен қоғамды қойғанда, отбасында қордаланған қиындықтарды ойлап, келіншекті аядым.
Өзгеге жан ашымау ...
Тіршіліктен қажыған егде жаста болса бір сәрі, жастардың төркіндегі келінге зәбір көрсеткеніне жол болсын?! Өзі жат босағада келіндік ғұмырды кеше отырып, әке босағасына түскен келінге қиянат жасауға ары қалай барады.
Бәрімізге келетін ой. Шешімі қарапайым. Гүл, сұлу боп өсуі үшін – нәрлі топыраққа егіп, суарып тұруың керек. Көз қызығына айналатын Қыз да солай, нәрлі топырақтан бойтүзеуі керек. Әр Ана өзіінің алақанға салған қызының ертең өзге елге келін боп түсетінін айтып, оны талбесіктен тәрбиелеуі тиіс.
"Шыққан қыз – шиден тысқары"-ны бала күнінен құлағына құйып, төркіндеп келгенде жеңге-келінмен бауырындай сырласуға тәрбиелеңіз.
Қызға берген тәрбие – әулет тарайтынын ескерсек, ұлттық құндылықтың бастауы. Сіз еркелете мәпелеген қыз өзге әулетке келін болады. Тілі шыққан сәттен иба мен әдепке, ізеттілік пен мейірімге тәрбиелеп, енені анасындай құрметтеуді үйретсеңіз – ұлтқа қосқан үлесіңіз сол болар!
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🛍Сельскохозяйственная ярмарка пройдёт в Астане в выходные
- 4779
- 0
- 6
-
2⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 25 ноября
- 2857
- 1
- 4
-
3❗️ Политиков Казахстана будут наказывать за неисполнение поручений президента
- 2721
- 8
- 62
-
4⚡️ Токаев сменил главнокомандующего сухопутными войсками
- 2681
- 1
- 55
-
5❗️Топ-10 советов от Forte: как защитить себя от мошенников
- 2721
- 2
- 7
-
6🇰🇳 Ещё одна страна ввела безвизовый режим для Казахстана
- 2751
- 2
- 114
-
7🗓 До старта первого этапа Кубка Мира по биатлону остаётся 5 дней
- 2405
- 0
- 5
-
8💵 Забирал премии сотрудников: суд вынес приговор главе ветеринарной службы Туркестанской области
- 2462
- 1
- 22
-
9👨⚖️ Дело против Трампа после его победы на выборах решили закрыть
- 2437
- 0
- 39
-
10🤩 Инфаркт миокарда: как распознать и оказать первую помощь
- 2410
- 1
- 11