Табиғат пен қазақ егіз
Табиғаттың сыйын қазақ өте шебер пайдалана білгеніне еріксіз таңдай қағасың. Әр тал шөбіне дейін кәдеге асырып, көзін тауып қолдана білген. Көбіміз балалықтың бал дәуренін ауылда өткіздік. Алыста қалған кезеңнің ең бір ұмытылмас суреті – үстінде әппақ боп қаздай тізіле жаюлы құрт жататын тоқылған ши.
Ол кездері тоқылған шиі жоқ үй жоқтың қасы. Себебі, қарапайым тоқылған шидің үй тұрмысында атқаратын рөлі зор болатын. Аналарымыз кешкі сүтті дәу қара қазанға пісіріп, таңғы шәйге қаймағын қалқу үшін ошақта қалдырады. Қаймағы қалың түзілсін деп, қазанның бетін арасы сиректеу тоқылған "шыпта" шимен жабады. Ши сүтті қылтық-сылтық түсіп кетпеуден сақтайды
Қазанға қақпақ жапса, тез ашып кетеді; ал ши – қажетті ауаны жіберіп тұруға таптырмайтын құрал. Бастысы, қазанға жабылатын ши боялмауы керек, себебі бояуы бумен сүтке тамып кетеді. Анамыз айына бір кір сабынға салып, шиді щеткамен ысып жуып алатын. Әрине, көбіне ол жұмысқа біздердә жегеді.
Ши – шөлейтті жерлер мен тау беткейлерінде, өзен жағасында өсетін биіктігі бір жарым-екі құлаштай, сабағы жіңішке, қияғы бар қамыс текті өсімдік. Ертеде бабаларымыз өсімдіктің өскен жеріне қарай елді қондырған екен. Мәселен: құмдауыт, шөлейт жерде қалың ши өсіп тұрған маңға қоныстанған. Ши жер асты суға жақын жерде өсетіндіктен, сол жерден құдық қазған.
Шиен
Түп-түп боп тығыз ши өскен жерді шиен дейміз. Шиі аралас бозотты шилеуіт жер – қыс айында мал жайғанға таптырмайтын қазына. Ши маусым-шілде айында гүлдейді. Теңіз бен нулы орманды тек кинодан көрген құмды ауылдың балаларына шидің гүлдегені ерекше әсер ететін.
Әсіресе, қуыршағын қолтығына қысқан қыздар жағы гүлдеген шидің арасында өздерімізді Қыз Жібектей сезінетінбіз. Ши тарту – ең қызық науқан. Ауыл іргесінде жәймен ағып жататын Шу өзенінің бойы қалың шиге тұнып тұрады.
Шиді күнделікті тіршіліктің сан-алуан түріне қолданатындықтан: ши тарту, ши аршу, ши орау, ши тоқу кезеңін толығымен ересектермен қабаттаса атқарамыз. Ши піскен кезде ши тарту басталады. Жағалауға жақын жердегі шиді тарту жеңілдеу.
Ши тарту
Жағалаудан әріректеуін тарту оңайға түспейді. Бір қарағанға нәзік көрінетін шиді тартуға әйелдің күші жетпейтіндіктен, көбіне ауыл жігіттері иығымен ши тартады. Әсіресе, жауын құйып өткен соң ши тарту жеңіл. Түбі қопсып, тез суырылады.
Бір ғажабы ши, ешқашан тамырымен жұлынбайды. Білегіне дейін қалыңдата шүберекпен орап тастаған ауыл-үйдің жігіттері бір-біріне "ши тартуға кеттік" десе, тобымен мал аяғы баспаған, бойы биік тығыз өскен тұсқа ши тартуға аяңдайды. Ересектердің соңынан тартылған шиді "жинаушы күш"– біздер шапқылаймыз.
Буылған шиді шайтанарбаға арқанмен байлап, ауылға сүйрете жөнелеміз. Үйге жетемін дегенше жол-жөнекей шидің онша-мұнша қабығы сыпырылып қалады. Тартылған шиді сыртқы қабығынан аршу – ең қазабат жұмыс. Алдымен жуан-жіңішкелігіне қарай іріктеу керек.
Ши аршу кезеңінің ең бір әдемі сәті – аналарымыздың ән салатын кезі. Көрші-қолаң алдымен бір үйге жиылып, дестеленген шиді әндете отырып, аршиды. Шаршағанын білдірмес үшін көбіне екі топқа бөлініп, ән сайысына айналдырады.
Шилі өзен қамыс-ай...
Қабығының түпкі бөліні ең беткі қабатында тұратындықтан, түп жағынан бастап жоғары қарай бойлата аршимыз. Шиді бойлата аршып отырып, аналарымыз шырқата салған әнді тыңдаудың өзі бір ғажап еді. Ауылдың алты ауызына қайыра жауапқа келгенде көбіне: "Шилі өзен қамыс-ай, бізді ойлай жүр таныс-ай..."-мен қайырылады.
Бала қиялыңмен көз алдыңа қопалы көлдің жағасында желмен сыңсыған қалың ши келеді. Қопалы көлден қаңқи ұшқан үйрек-қаз әйелдердің сағынышын ескен желге жеткізгендей әсерде отырасың. Қазақ, ән мен жырға текті нәрсені ғана қосқан. Ши – басқа өсімдіктерге салыстырғанда сағыныш мен мұңның символикасындай қабылданған.
Шиді күнделікті тіршілікке қаншалық қолданған деген сұраққа келсек: киіз басқанда жүн шабақтауға, киізді орауға, тары сүзуге, сойған малдың етінің астына салуға, сырмақ, киіз ылғал тартпас үшін астынан төсеуге, жаңа туылған төлді көп көзінен қалқалап қоюға сынды сан-түрлі шаруашылыққа қолданғанын көріп, еріксіз таңдай қағасың.
Киіз басу
Күз айы киіз басумен ерекше есімде қалды. Тоқылған ұзын шидің үстіне төселген жүнді алдымен қайнап тұрған ыстық сумен бастырып алып, шиді екі шетінен қарапа-қарсы екі әйел орап отырады. Әр ораған сайын қайнап тұрған ыстық суды шелекпен тасып, үлкен ожаумен үстінен құяды.
Ортаға келіп тірелгенде, екі қанатқа тізіле отырған әйелдер: "Соқ! Соқ! Жеңешемнің киізін соқ!.." десе, жүн оралған шиді бір-біріне пәрменмен соғады. Осы кезде үй иесі әйел соғылып жатқан шидің тұсына түрлі кәмпит-сәмпит салған ыдыстың үстіне бірнеше кездеме матаны үйіп қояды. Оны көрген әйелдер жүн оралған шиді көңілдене соғады. Көңілді басылған киіз түп-түзу боп шығатын.
Ши тоқу шеберлігі
Ши тоқу – өте жауапты сәт. Шиді қарапайым жасалған "түйебелмен" тоқиды. Биіктігі 1 метр шамасындағы аша басты екі ағашты тоқылатын шидің көлеміне қарай 1-1,5 метрдей арақашықта жерге қағады. Екі ашаның ортасына белағаш құрады.
Екі ағаштың ортасын тоқылатын жіп айнып кетпес үшін әр жерінен кертілген жуандығы үш елідей жұмыр белағаш салынады. Шиге тоқылатын иірілген жіпті қос қабаттап ширатып, салмақ беру үшін көбіне оны тастың сыртына шешіліп кетпестей мықтап байлайды.
Салмақты тасқа байланған жіпті аналарымыз "салма" деп атайтын. Салманы алма-кезек айқастырып отыру үшін белағашқа арасын бір қарыстай етіп тең орта тұсынан көлденеңінен іледі. Белағашты бойлай ілінген жіптің ортасына бірінші шиді салып, жіптерді алма-кезек айқастыра тоқуды бастайды.
Тоқылып жатқанда шидің бас-аяғы тең түсіп, жылжып кетпес үшін орайтын шидің қарақұс (түп) жағы мен бас (шашақ) жағы алма-кезек салынады. Шидің шеттері сөгілмесін деп, екі шетіне қатарынан төрт шиді қабаттап, иірілген жіппен айқастыра байлайды. Ол жерді "алақаны", үш шимен қабатталғанын шыбын қанат, екі шетіндегі байланған жіпті шибау дейді.
Шиді қолданысына қарай тығыздықпен тоқиды. Құрт жаюға, қазан бетіне жабатын шиді сиректеу етіп тоқыса, тұтынатын шиді тығыз етіп тоқиды. Тоқылған ши: ақ ши, шым ши, ораулы ши деп үшке бөлінеді. Ауылдағылар іргеден жел соқпасын деп керегені айналдыра тұтатын шиді көбіне "кереге ши" деп жалпылама айтатын.
Ораулы шидің орамы
Жұмысы ауырлауы – ораулы ши тоқу. Көздің жауын аларлықтай сан-алуан түске боялған жүнді тарақпен түтіп, жіңішкелеп тарқата созады. Шидің әр талын алдын-ала сызылған өрнекке сай түсін келтіре шиге орап тоқиды. Сан-алуан оюмен гүлдей жайнаған шиді керегені айналдыра керіп шыққанда, үйдің іші ерекше салтанатқа бөленіп шыға келгенде:
Қазақтың оюлары-ай, оюлары!
Даладай бояулары қою бәрі!
Күмбезге, тасқа, шиге көшкен нақыш
жарайды көрмелерге қоюға әлі! – деген ақын Күләш Ахметованың жыр жолдары еріксіз еске түседі.
Әр істің өзінің һас шебері бар. Ауылда ши тоқу науқаны басталғанда, ораулы шидің шебері қолдан-қолға тимейтін. Себебі, шебердің талғампаздығынан шидің әсем көрінісі шығады. "Аққудың сүтіне айналған" шебердің еркелігі ұстап, қай үй әдемі, қымбат көйлек кигізсе, содан алдымен бастайды.
Шебердің сырын білетін әйелдер өздеріне қимаған кездемені ши тоқитьын шеберге сақтап отырады. Қарап отырсаң, бәрі жарасымды. Ораулы ши тоқылып бітіп, керегеге керілген күні ауылдағы күллі әйел сол үйге жиналады. Кеңінен жайылған дастарқан басында шәй ішіп отырып, ораулы шиді талқылау басталады.
Тығыз тоқылған ши киіз үйді шаң-тозаңнан, суырылған желден қалқалайды. Жазды күндері іргесі түрілген киіз үйдің тұтылған шиінен таза ауа кіріп, үйдің ішін жанға жайлы қалыпқа келтіреді. Табиғат сыиын қолданысқа айналдыра білген қазақ әйелдерінің тапқырлығы мен шеберлігіне тәнті болғанда, Күләш Ахметованың:
Кетпестей табиғаттың әр таңы естен,
ән салып, кең далада дарқан өскен,
Әйелдер – ең алғашқы суретшілер
ши тоқып, киіз басып, арқан ескен! – деген жыр жолының ақиқатын еріксіз мойындайсың.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🛍Сельскохозяйственная ярмарка пройдёт в Астане в выходные
- 4773
- 0
- 6
-
2⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 25 ноября
- 2856
- 1
- 4
-
3❗️ Политиков Казахстана будут наказывать за неисполнение поручений президента
- 2721
- 8
- 62
-
4⚡️ Токаев сменил главнокомандующего сухопутными войсками
- 2680
- 1
- 55
-
5❗️Топ-10 советов от Forte: как защитить себя от мошенников
- 2721
- 2
- 7
-
6🇰🇳 Ещё одна страна ввела безвизовый режим для Казахстана
- 2748
- 2
- 114
-
7🗓 До старта первого этапа Кубка Мира по биатлону остаётся 5 дней
- 2405
- 0
- 5
-
8💵 Забирал премии сотрудников: суд вынес приговор главе ветеринарной службы Туркестанской области
- 2462
- 1
- 22
-
9👨⚖️ Дело против Трампа после его победы на выборах решили закрыть
- 2437
- 0
- 39
-
10🤩 Инфаркт миокарда: как распознать и оказать первую помощь
- 2410
- 1
- 11