"Азар елдің баласы – тойшыл болады"
Қазақтың әр сөзінде терең пәлсапа бар. Соңғы жылдары он екі айда он үш той жасауды қалыпқа айналдырған қазақтың той-думанға ойлап тауып жатқан миға сиымсыз салтанаты ой салдыруды былай қойып, тиым салуды қажет етердей дәрежеге жетті.
"Түлкіні түлен түрткенде, тойлы ауылға кездесер" демекші, абыройымды асырамын деп, салт-дәстүрімізді аяқасты ете басынған тойдың көбейгені ысырапшылықты былай қойғанда – даңғазалықтың атасына айналып жатыр.
Басымда ақ тұмағым шоқтай-шоқтай,
Басайын түйең ауса тоқтай-тоқтай.
Кеткенде ауылың алыс қимас қалқа,
Жүремін өлеңіммен жоқтай-жоқтай – деп әнге қосқан Ойсылқараның бүгінгі қолданыстағы күйін тілге тиек еткелі отырмын.
Ислам тарихында пайғамбарға деген сүйіспеншілігімен белгілі болып, әулие ретінде құрметтелген Уәйіс әл-Қаранидің атымен байланысты қасиетті ұғымға ие болған Ойсылқара – түйе малының піріне саналғаны тарихтан белгілі.
Түркі ислам дүниесі мен атам қазақ дәстүрінде Ойсылқараға даулет пен байлықтың белгісіндей: жүні кисе – киім, шұбаты – сусын һәм шипа, мінсең – мінісіңе жараған түйені қазақ сонау өткен замандардан ерекше қадірлеп, қастерлеген.
"Ит басына іркіті төгілген" деген байлық мөлшері төрт түлігін түйе бастаған байға арналып айтылса керек. "Пәленше деген байдың мыңғырған түйесі суға жығылғанда, көлдің суы тартылыпты..." деу арқылы, тілге тиек еткен байдың байлығының мөлшерін паш еткен.
"Көшпенді" сөзін ойласақ, міндетті түрде түйеге тиелген жүк пен қомында отырған бала-шағаны көз алдымызға келтіреміз. Берісі ХХ ғасырдың орта беліне дейін жолы жәйсіз жерлерде түйемен көшу мал шаруашылығында қолданылып келгені белгілі.
Әрбір сөз, көкейде ойды тірілтеді. "Аттың жалында" десек, қару-жарағын құрсана әбзелі жарасқан ат үстіндегі жігіт көз алдымызға тұра қалады. Ал, "Түйенің қомында" десе, қос өркештің ортасында, қалың көрпенің үстінде маужырап келе жатқан бала мен бұйданы ұстап отырған қария елестейді.
Себебі, өткен тарихи жолдарымызда түйенің көшпенді қазақ тіршілігінде атқарған ролі өте маңызды болды. Алысқа ұзамай-ақ, ХХ ғасыр басында түйенің қомында баласын туып, кіндігін тіспен кескен қазақ әйелдері қаншама?
Келтіріп қойып көп түйені,
Мата мен қымбат баға жүктеді әні, – деп әнге қосқан тек қазақ халқы емес, күллі әлем "Керуен" десе, дестеленген жүгін артып, қаздай тізілген түйе легін елестетеді.
Себебі, төрт түліктің ішінде шөл мен алыс жолға төзімділігімен "шөл кемесі" атанған түйенің Ұлы Жібек жолында атқарған ролі ерен болды. Жібек жолы бойындағы қалаларға керуен келуі арқылы мәдениеті өркендеп, тіршілік ағымы жаңарып отырған.
Қыз күйеуге ұзатыларда тоғызының басын түйе ету арқылы келе жатқан келіннің төркіні дәулетті отбасы екендігі айқындалған. Сонымен қатар, қатерлі жолға "белі мықты" деп түйеге мінген. Жүруге жарамайтын қарияларын түйеге жегілген арбамен тасыған.
Бір сөзбен айтқанда, түйе керуені – бүгінгі күннің вагон сүйреген паравозы іспеттес. Қазақта түйеге байланысты көңіл-күйді білдіретін өлең-жыр жеткілікті. Бір ғана "ақ түйенің қарны жарылды" сөзінің сан-алуан қуанышты білдірерлік мәні болған.
Сең жүреді көктемде астаң-кестең,
Ақ түйенің бауырын арқан кескен.
Ұлы күні ұлыстың бас қосқанда,
Өлеңіңді айт, құрбыжан, қатар өскен, – деп қара өлеңде жырлағандай, салтанаттың жиын-тойда көптен көріспеген ағайын-дос жүздесіп, жастар көңіл білдірісіп, ақ түйенің қарны жарыла қауышқан.
Қазақта тойдың түрі жеткілікті. Әйтсе де, бала қарақұлақтанып қатарға қосылып, ат жалын тартып мініп азамат болғандығының белгісі ретінде сүндет той жасау – көнеден келе жатқан дәстүрдің маңыздысы болып саналады. Бала ат жалын тартып мінген күннен бастап ауыл-елдің азаматтарының қатарына тұру мәртебесін иеленген.
Ашамайлы атқа міндің,
Мұсылмандық таққа міндің.
Сүндетке отырғаның – иманды болғаның,
Тойын тойлап, думанды болғаның – деп, атам қазақ сүндеттік жасқа толған баланың көңілін көтере ат шаптырып, көкпар тартып, думанды той жасаған. Сүндет тойы болатын балаға бастан-аяқ жаңа киім кигізіп, екі иығына үкі қадаған.
Ертеде есейіп, ержеткеннің белгісі ретінде сүндеттелген бала атқа мініп, келетін қонақты өзі арнайы барып тойға шақырған. Барған жері баланың астына мінген атының жалына орамал байлап, қоржынын тәттіге толтыра қошемет көрсеткен.
Бүгінгідей жаһандық жаңалық қалыпқа енген заманда интернет арқылы шақыру ғұрыпқа енгені жөн делік. Әйтсе де, сүндет той салтанатының даңғазалыққа айналуына жол болсын?
Адамзат қастерлеген түйенің бүгінгі кей қолданысы күйіндіреді. Неге десеңіз, "ат жалын тартып мінген" сөзі әдірем қалып, "нардай болсын" деген оймен пір тұтқан Ойсылқара – сүндет той салтанатының ойынына айналды.
Бәсеке – түйеге жетті
Ас – аттыныкі, той – тондыныкі демекші бүгінгі той, отбасының қуанышынан гөрі – ағайын арасындағы бәсекеге айналды десе болғандай. "Менің тойым пәленшенің тойынан асып түсуі керек" деген қазақ, келушіні таңқалдыру үшін сан-қилы дәстүрді өзі ойлап тауып жатыр.
Оны басқалардың іліп алып, қолданысқа ендіріп жіберіп жатқаны ойлы азаматқа ой салдырары һақ. Қисынға қиыспайтын "дәстүрлердің" заманауи салтқа айналуына жол беруіміз көнеден жеткен дәстүрімізге қиянат келтіріп жатқанын ойламаймыз.
"Нар жігітті қарсы алайық!" деп дабыра салған асабаның сөзімен, тойға жиналған дүйім жұрт орнынан тұрғанда түйе мінген баланы көруі ерекше әсер етері күмәнсіз. Өйткені, бұрын-соңды қазақ сүндет тойда баланы түйеге мінгізбеген.
Тойды басқаратын асабаларға ақшасы төленсе болды. Тапсырыс берушінің қалаған арманын – дәстүрге айналдырып жібере салады. Салт-дәстүрді ардан биік қоятын заман келмеске кеткен. Күнкөрісі тойдан түсетін тиын-тебенге тірелген заманда, асабаға да кінә арта алмайсың.
"Атың шықпаса – жер өртені" ұранға айналдырған адамдарға салт-дәстүрдің киесі мен қасиеті түкке тұрмайтын деңгейге жетті. Дүйім жұрттың алдына түйе мінген бала даңғырлаған музыкамен шығады. Дабырадан айналасына үрке қараған түйенің жанарынан үрейді көргенде, қор болған дәстүрді қойғанда Ойсылқара пірі жылап тұрғандай әсер аласың.
Сүндет тойын асыға күтіп, болашағына үміт артқан бала салтанат сарайының ортасымен азаматтық жасқа жеткенін дәріптейтін "ат жалын тартып мінудің" орнына, түйенің өркешін құшақтап келеді.
Той жасама демейміз, жаса. Бірақ, көш пен жаугершілік заманда қолданысқа мәжбүрліктен енген тәсілді "ерекшелікке балап", түйенің қомына бала мінгізгеніңе жол болсын? Бүгінде "бояушы десе, сақалын бояу" сөзі той бәсекесіне келгенде шаң қауып қалды.
Ырымды – қырымға жіберудің кесірі
"Көш бастасын", "нар жігіт болсын" деген пиғылы дұрыс-ау, тек, дәстүрге қайшы екенін ескерсе. Жер жүзіндегі халықтар дәстүрінің туындау түбінде ырым жатыр. Ырымды қастерлеу арқылы ұрпақ жалғасып, ізгілік пен парасат жарасымды жымдасып отырған.
Салт-дәстүрдің түбінде ырым барын қаперіне алмаудың түбі кесірге тірері анық. Қариялар ырымды қалт жіберместен қатаң қадағалап отырғандығынан ауыл-үй арасында шаңырақ шайқалмай, келеңсіздікке жол берілмеудің арқасында ынтымақ пен бірлік болған.
Қорқыт баба мен Асан қайғы мінген желмаяның қасиетін аяқасты ете салтанатын асырды делік. Әйтсе де, бізге салт пен дәстүрдің ғасырлар сүзгісінен өтіп жетуінің түбінде бабалардың: "ырымға сай емес, жаман боладыны" сақтағанында жатқанын ойланарлық күн туды.
Дәулет келерінде тойға келген қыздай, кетерінде қолға ұстаған мұздай болып, киеліні қадірлемеудің аяғы кесапаттыққа тірелмесін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎄Новогодние скидки: билеты на поезда по выгодным ценам распродают в Казахстане
- 5258
- 1
- 3
-
2❓День потрачен впустую: кто виноват и что делать, если доставка задерживается
- 5021
- 3
- 16
-
3⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 21 ноября
- 2816
- 0
- 7
-
4🏃♀️Семейный забег пройдёт в Астане. Победители получат телевизоры, пылесосы и планшеты
- 2771
- 1
- 21
-
5‼️К смертной казни приговорили жительницу Таиланда за серийные убийства с помощью цианида
- 2420
- 1
- 28
-
6⚡️Солдат впал в кому после удара сержанта: начался суд по резонансному инциденту в воинской части Отара
- 2451
- 6
- 27
-
7⚖️ Прокуратура вернула 12,5 млн тенге предпринимателям алматинского метрополитена
- 2399
- 0
- 15
-
8☄️Продажи и прибыль Temu и Pinduoduo упали: акции рухнули на 11%
- 2406
- 0
- 5
-
9🥶Ночные морозы до -23 прогнозируют на выходных в северной половине Казахстана
- 2567
- 0
- 8
-
10🔥Столичные пожарные потушили горящий автомобиль
- 2387
- 0
- 11