Түймедейден түйедей тәлім басталмақ
Күнделікті тіршілігімізде "соны да сөз етудің қажеті қанша?!" дерліктей айтуға ыңғайсыз жайттар жеткілікті. Кейбіріміз айтуды қажет етпейміз. Кейбіріміз айтуға ерінеміз. Бейтарап қарасаң, өзгенің мәдениеті үшін бас қатырудың қажеті шамалы секілді.
Әйтсе де, "Ана көрген – тон пішердің" заманы қоғамнан алыстап бара жатқандай қоңылтақситын күйге жеткенімізді байқағанда, әлденеге өкінесің. Шынтуайтына келгенде, "әлдененің" артында сонау жылдардан қол бұлғап тұрған ата-анамыз құлағымызға құйған қарапайым мәдениет тұр.
Көп жағдайда елегіміз келмеген елеусіз жайттардың ұлғая келе – "қоғамдық обырға" айналарына мән бермейтініміз өкінішті. Бүгінгі сөз көпшілік көлігінде қалыпты жайтқа айналып бара жатқан көргенсіздік жайында болмақ.
Көпшілік көлігінде анасының қасына жайғасқан бозбала құлаққаппен музыка тыңдап келеді. Кезекті аялдамадан қырықтың қырқасына мінген екі бірдей әйел мінді. Құлаққап киген бозбала қимылсыз музыка тыңдап отыр.
Арқа тұсында отырған егделеу әйел иығынан түртіп, бозбалаға: "Анаңмен жасты әйелдерге орныңды берсеңші?!" – деді. Ауыр күрсінген бозбала қинала орнынан түрегелмек болғаны сол екен, қасында отырған әйел: "Отыр?!" деп бұйырды.
Еріне тұрған бозбала осы сөзді күткендей орнына сылқ отыра кетті.
– Анасы боласыз ба?"– деген арқа тұстағы егде әйелге ұлына әмір берген әйел:
– Анасымын, ал, не айтпақсың?! – деп, бағжаң етті.
Жолай мінген екі әйел қамқорлық көрсеткен егде әйелге:
– Апай, қоя беріңіз?! Қазіргі жастар орын бергенді білмейді. Он бес минутқа ештеңе етпес, жетеміз ғой?.! – десе ризашылықпен жалпақтап жатыр.
"Сөз – тас жарар, тас жармаса – бас жарар" деген сөз қалай дөп айтылған десеңізші. Баласын орнынан тұрғызудың орнынан өзіне қарай дүрсе қоя берген әйелге:
– Е?.. Анасы болсаңыз, мына тәрбиеңізбен өскен балаңыз, болашақта сізге де үйінен орын бермейтін болады?!. – деп қысқа қайырған егде әйелдің сөзі түсінгенге қақ маңдайға қайқайта соққанмен бірдей боп естілді. Тек, оны елеген әйелді көрмедік.
Он бес минуттық өнеге
Аз ба, көп пе, небәрі он бес минутқа бозбаланы қорғаштаған әйелдің пиғылына ғибратсыз ғұмыры сиып кеткендей көрінді. Өресі шолақ өнегесімен үміт күткен болашағын мейірімсіздікке жетелеп жатқанына мән бермегеніне іштей күйінесің.
Егде әйелді қолдап оң сөзіңді айтқың келгенмен, естір құлақтың жоқтығын көрген соң, тіліңді тістейсің. Мойындауға мәжбүрлейтін – еркек тасада қалып, әйел тәрбиелеген қоғамның жәйсіз қалтарысы көп. Көбіне бар жүк иығына артылған әйелді аяйсың.
Әділдігіне қарай сараласақ, әлеуметтік ахуалы орта деңгейге жете алмай діңкелеген қоғамда елене бермейтін келеңсіздік белең алып жатыр. Басым көпшілікті діңкелеткен жетіспеушіліктен тастанды тірі жетімдер санының күрт өсі, жасөспірімдер арасында мейірімсіздік, қатігездікті індетуде.
Кейде қорғансыздың күнін кешіп жатқан түріне қарап-ақ, көргенсізді қылығына бола қаралауға іркілетін болдық. Байқап қарасаңыз, бүгінгі жастарға: "Көргенсіз неме, сені кім тәрбиелеген?!" деген сөзді айту қиынның қиыны.
Себебі, сол көргенсіздікті көрсеткен жасөспірімнің қатулық тұнған көзінде өшпенділік тіұрады. Төрт құбыласы түгел отбасында өсіп жатқан қатарласын көріп, көкейіне тұтқан өкпесі кекке айналып бара жатқанын ұғасың. Ызалы көздегі шындықтан аттап кете алмай, амалың таусыла іркілесің. Жаны жаралы жасөспірімді көргенде, тіліңді еріксіз тістейсің.
Зерттеп қарасақ, жүйкесі жұқарған адам нөпірі қоғамның орта белінен асып, төбесіне қарай жылжуда. Жұмыстан үздігіп келген жалғызбасты әйелдің бауыр еті баласының еркелігін көтере алмай ашуға басуы қалыпқа айналды. Соққысынан бала жаны мүйіздене түсетінін ойлауға мұрша жоқ.
Бүгінгі бала – ертеңгі азамат
Үкіметке емес , әке-шешеге арқа сүйеп өскен бала мейірімді болмақ. Өкінішке қаорай, тастанды баланың жылдан-жылға көбейгені ұлт тамырына түскен жегі құрттай жеп барады.
Иығына қатар түскен үй мен түздің салмағын көтеріп шығардай әйелдің бәрі бірдей мықты емес. Діңкелеткен жетіспеушіліктен ыңыршағы айналған қорғансыз әйелдің бойында әлдекімге, бәлкім, қоғамға деген өшпенділік туындап, оны баласына бойына сіңірмесіне кім кепіл.
Жоқшылықтан мезі болып, алқымына кептелген ашу-ызасын баласынан, қала берді айналасынан алатын жүйкесі тозған әйелдерді қаралауға дайын тұрамыз. Әлбетте, егде әйел айтқан "өзіңізге де орын бермейтін болады..." сөзі баласын тұрғызбай қойған әйелдің жанына батпады деп ойламаймын. Бәлкім, сондықтан да жауапсыз қалдырған болар.
Әйтсе де, өшігудің орнына оңды өнеге көрсете білсе, бозбаланың бойына бойкүйездік бойламас па еді деп те ойланасың. Кімді кіналарыңды білмей, әр ата-ана "бәрібір түбі мейірім жеңетінін" баласының санасына сіңірсе деп армандайсың. "Еккенің тікен болса, орарың балғын болмасты" атам қазақ текке айтпаса керек.
Осыдан небәрі он-он бес жыл бұрындары мектептен қайтқан оқушы қыздардың ауыр сөмкесін екінші иығына асып алған ұлдарды жиі көретінбіз. Қалыпты көріністі елемей, іштей мырс ете тұсынан өтіп кететінбіз. Өйткені, "солай болуы тиіс" деген түсінік, санамызда қалыптасқан болатын.
Бүгін ше?.. Өте сирек құбылыс
Ауыр сөмкесі арқасына батқан қыздың қасында жүгін алу қаперіне кірмей әңгіме соғып келе жатқан баланы көресің. Бір қарағанға: "Қыздың сөмкесін қоса көтерсе, өз сөмкесін әрең көтеріп келе жатқан баланың жұлыны не болмақ?" деуіміз де орынды.
Десе де, қарапайым қаракеттің астарында ер-азаматтың қыз балаға деген құрметі, ықыласы жатқанына ересектер жағы мән бергені, ақыл қосқаны артықтық етпес еді. Бүгінде үш ай демалыста үйінде шалжиып жататын балалар көп. Ата-анасы екі қолын бос қойғандықтан, күнін телефонға үңілумен өткізеді. Дайын тамақ. Салулы төсек. Болсын делік. Бірақ, бейқамдықтың ақыры қайда апармақ?
Ертеректе, ес біле бастағаннан-ақ аналарымыз үй тіршілігіне жегетін. "Әйел адам кемі он өнерді меңгеруі керек" деп, он екі-он үш жасымызда ауыл-үйдегі кілем тоқуға кезекпен салатын. Жіп иіргізіп, жүн түткізіп, алаша тоқытатын. Бір кілем тоқып бітемін дегенше, жазғы демалысың сырғып өте шығады.
Істегің келмей қиқаңдай қалсақ: "Істегенің – маған жақсы. Үйренгенің – өзіңе жақсы. Қыз – жат тұрттық. Үлкенге иіл. Иілгеннен түгің кетпейді. Кішінің басынан сипа. Қадірің артады. Істегенге ерінбе. Жас адамның шаршағаны ұйықтап тұрса басылады. Қолыңнан түк келмей тұрса, барған жерің "тәрбие көрмеген көргенсіз" деп, тілі маған тиеді" дейтін.
Әкелер жағы ұлды ауыр жұмысқа жегіп, "нанын тауып жеуге" бала күнінен қабырғасын қатайтатын. Ұяда көрген өнегеден сол ұрпақтың көшеде қалғаны жоқ. Бүгінгінің ата-аналары баласын шаң жуытпай "жөнсіз қамқорлыққа" жетелеуден мейірімсіз ұрпақ қалыптастырып жатқанын ескере ме екен?..
Кезекті аялдамада түсе берген еркекті қаға-соға ішке жас келіншек мінді. Қағып өткен келіншеке түсіп бара жатқан еркектің шайқаған басынан-ақ, қаншалық наразы болғанын аңғарасың. Ер адам қанша наразы болса да, қызындай жас келіншекке тіл тигізуге дәті бармаса керек, үндемей жөніне кете барды.
Әкесіндей адамды қағып өткен жас келіншектің қаракеті егде әйелдің жанына баста керек:
– Әй, қызым, ер адамға жол беру керектігін анаң айтпады ма?! Бұл не деген көргенсіздік?! – деп салды. Бұл жолғы сөзі де орнымен айтылғанын айнала отырғандардың жөткірінісінен аңғарғандайсың.
Жас келіншек әспеттеле боялған көздерін бажырайта:
– Көрінгенге жол беріп тұрайын сол?! – деп ащы дауыспен шәңк ете қалды. Жас келіншектің сөзі айналасындағылардың наразылығын тудырғаны һақ. Десе де, отырғандар үнсіздікпен шектелді. Бәлкім, өзі де сөз естіп қалудан жасқанған болар.
Жау қайырғандай жеңіске қол жеткізген жас келіншек сағызын шайнаған бойы телефонын шұқылай бастады. Жас келіншекке айтарға сөз таппаған егде әйел терезеге бұрыла "мына түріңді анаң көрер ма еді?!" деп, ауыр күрсінді.
Тәрбие талбесіктен басталады. Ғасырлар бойы дәлелденген ғибрат
Қазақта "көргенсіз" деген өте ауыр сөз бар. Ұясында өнегелі тәрбие алмай, жақсы әдепті бойына сіңірмегенді – "көргенсіз" деген.
Білгенге, түсінгенге өте ауыр сөз. Көлікте болған елеусіз көріністердің түбірінде көргенсіздік жатыр. Ең алдымен ұлын тұрғызбаған әйелдің көргенсіздігі. Анасынан көргенсіздікті оп-оңай қабылдай қойған бозбаланың көргенсіздігі. Әкесіндей еркектің қағып-соға көлікке мінген жас келіншектің көргенсіздігі.
Бұл қаракеттерде "Алатауды айырып, Қаратауды қайырып" бара жатқан ештеме жоқтай көрінер. Десе де: "Айналдырған он бес минутта жастар арасында осынша көргенсіздік неге көп?.." деген ой алқымнан алды.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎄Новогодние скидки: билеты на поезда по выгодным ценам распродают в Казахстане
- 5276
- 1
- 3
-
2❓День потрачен впустую: кто виноват и что делать, если доставка задерживается
- 5043
- 3
- 16
-
3⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 21 ноября
- 2818
- 0
- 7
-
4🏃♀️Семейный забег пройдёт в Астане. Победители получат телевизоры, пылесосы и планшеты
- 2773
- 1
- 21
-
5‼️К смертной казни приговорили жительницу Таиланда за серийные убийства с помощью цианида
- 2421
- 1
- 28
-
6🔥Столичные пожарные потушили горящий автомобиль
- 2388
- 0
- 11
-
7⚡️Солдат впал в кому после удара сержанта: начался суд по резонансному инциденту в воинской части Отара
- 2452
- 6
- 27
-
8⚖️ Прокуратура вернула 12,5 млн тенге предпринимателям алматинского метрополитена
- 2400
- 0
- 15
-
9☄️Продажи и прибыль Temu и Pinduoduo упали: акции рухнули на 11%
- 2407
- 0
- 5
-
10🥶Ночные морозы до -23 прогнозируют на выходных в северной половине Казахстана
- 2569
- 0
- 8