Прямой эфир Новости спорта

Қандала қайдан ауып келіп жатыр?..

Сурет eparazit.ru сайтынан алынды
Сурет eparazit.ru сайтынан алынды
Жылжытып қараса, жиһаздың артқы қуысынан көргенінен көзі атыздай болды.

Жазбен жағаласқан жайсыздық

Ұзақ қыстан жанға жайлы жазды аңсаймыз. Көктемнің алғашқы күнін жүрек жарылардай қуана қарсы аламыз. Қуаныштың аяғы маусым бойғы арпалысқа ұласады. Жылулықты аңсаған тәніміздің мазасын алатын жәндіктер де күннің жылуын күткендей, адамдардың қанын соруға бас салады.

Бүгінде тұрмыстық затты қолдануға келгенде "қалалық", "ауылдық" деп бөлудің ұмыт болғаны қашан. Өйткені, жатын төсегі жайлы, әдемі жиһазсыз үйді кездестіру санаға симайтын тіршілікке айналғаны қашан.

Әлбетте, қолданыстағы жиһаздардың басым көпшілігі ыстық бумен қысымдалған ағаш ұнтағынан кесіп істелінген. Сатылымда табиғи ағаштан ойылып жасалғандарының бағасы удай, көздің жауын алардай алыстан қол бұлғайды.

Қарап тұрсаңыз, тұрмыстық қолданыстағы заттар кәдімгі "жиһангер кезбеге" айналған. Қалай десеңіз, бір ғана мысал: ресейдің ағашы мен қытайдың сан-алуан тұрмыстық заттары бізге жеткізіледі. Текке келмейді. Өзімен бірге бір көргенге байқалмайтын қыруар табиғи қансорғыш жәндіктерін ала келеді.

Шекара бекетінде тұрмыстық заттарды дезинфекциялауға қаржы мен уақытын жұмсамайтыны бесенеден белгілі. Салдарынан бөгденің жағымсыз жәндігі еш бөгетсіз "біздікі" боп шыға келеді. Айтуға татымастай көрінгенмен, дабыл қағуға тұрарлық жайт.

Қасиеттіні көбейтуге жылдар жұмсайсың. Бағып-қағып жүргеніңде еңбегіңді сорға айналдырып жататыны қаншама. Ал, қасиетсізге күтімнің еш қажеті жоқ. Парадокс. Мазаққа көбейіп кетеді. Керісінше, адамзат қарсы күреске баруға мәжбүр.

Бұрындары тек өз табиғатында ғана тіршілік ететін жәндіктер қазақ жеріне көшіп келгенімен қоймай, табиғаты қолайлы жерде лезде көбейіп жатыр. Ішіндегі ең қатерлісі – қандала. Қандаланың айырықша қасиеті – бейімшілдігі. Жер-су таңдамастан кез-келген жерге тез бейімделіп шыға келеді.

Онысымен қоймай, бір қандала 500-ге жуық жұмыртқалайды екен. Қарсы тұрарлық күш жоқ себебі. Бұрындары "бұл жәндіктер мен өсімдік-жануарлар түрі тек пәленбай деген материкте өмір сүреді..." деуден бүгінде қалдық. Өйткені, әлемдік тауар алмасу қарқынмен жүріп жатқанда, жәндіктердің қосыла көшіп-қонуын ешкім тоқтата алмақ емес.

Қорғансыз биік үй

Қаланың қақ ортасындағы он қабат үйдің тоғызыншы қабатында тұратын Б. есімді келіншек, үйіне жазғы жөндеу жұмысын жүргізбек болады. Шындап келгенде былтыр ғана жөндеу жұмысын өткізген үйіне анау айтты өңдеу жұмысы қажет те еместін.

Тек, көктем шыға шағумен мазасын алған қансорғышпен күрес жүргізуге деген мұқтаждықтан СЭС-тен арнайы мамандар шақыртып үйін дезинфекциялайды. Араға апта салып, түнімен шағу қайта басталады. Ойлана келе жөндеу жұмысын қолға алса құтылармын деген үмітке тоқталады.

Амалы таусыла жөндеу жұмсын бастамақ боп жатын бөлме жиһазын жылжытқанда, көзі атыздай болды. Төсек асты тұнып тұрған жәндік ұялары. Бірнешеуін құтышаға салып, СЭС-ке апарған. Қансорғыш қандала екен. Анау-мынауы емес, барып тұрған мықтысы. СЭС қызметкерлерінің айтунша, бұл түрі көбіне шет жақтан әкелініп жатқан жиһаздармен келетіні анықталған.

Қандаланың айырықша қасиеті – бейімшілдігі. СЭС қызметкерлерінің айтуынша: бүгінгі қолданыстағы сан-алуан химиялық заттарға қансорғыш жәндіктер лезде бейімделіп алатындықтан, олармен күресу өте қиын боп кетті.

Ғаламторға жүгінсек: Қандалалар (лат. Heteroptera) – жәндіктер класының бір отряды. Ауыз аппараты шаншып-соратын тұмсыққа айналған. 40 мыңнан аса түрі бар. Қазақстанда 32 тұқымдасы, 370 туысы, 1,5 мыңдай түрі белгілі. Негізгі тұқымдастары: су қандалалары, төсек қандалалары, т.б.

Білгіңіз келсе, он қабат үйдің биіктігі тауқандаласының мекенімен салыстырғанда ойыншық іспеттес. Тауқандала деген астыққа зиянкес жәндік тауда 2 мың метр биіктікте қыстап, наурыз-сәуір айларында көбею үшін алқапқа түсіп, жұмыртқа салады екен.

2 мың метр биіктікке тауқандала қалай өрмелеп жеткені өзіне аян. Оған биікті басып қалатын қалың қарды қосыңыз. Қалың қар мен қақаған тау аязынан көктемге қалай аман жетуінің құпиясын тек тауқандаласына ғана мәлім болса керек. Табиғаттың шеберлігіне еріксіз тәнті боласың.

Ойлау қабілеті жоқтай көрінетін тауқандаланың ұрпақ көбейтуге келгендегі ақылдылығына сөз жетпейді. Дернәсілдер жетілгенге дейін ересек тауқандалалар бидай егістігіне барып, масақтағы толысқан дәнді сорып, астық түсіміне нұқсан келтіретін зиянкестігі белгілі.

Тіршілікке талас

Жоғары сатыдағы тіршілік иесі – адам, төменгі сатыдағы тіршілік иелерін көзге іле бермейміз. Мұрын шүйіре қараймыз. Шындап келгенде, көрер құқайды төменгі тіршілік иелерінен көрудеміз.

Масаға үйрендік. Шыбын шаққандай сілкіп тастап жүре береміз. Бірақ, одан асып түсерлік қауіпті қансорғыш – қандала деген жойпаттан құтылу жолы өте қиын. Жойып бітемін дегенше, жүйкеңді жұқартып үлгереді.

Бұрындары қансорғыштар класына жататындардың ең қауіптісі – кене, көбіне малшаруашылығымен тікелей айналысатын ауылда жиі кездесетін. Бүгінде кенені жолға тастайтын қансорғыштар қала тұрғындарын қан қақсатады. Бірінші, екінші қабаттты былай қойғанда – оныншы қабаттағылар зар илегенін көргенде, қандаланың сонау биікке қалай өрмелеп шығатына таң қаласың.

Естеріңізде болса, ертеректе шешелеріміз жаз бойы төсек-орынды күнге жайып шығатын. Әр үйде кемі үш қатар көрпе-төсек барын есепке алсақ, күнде көрпе тасудан ығыр болатынбыз. Ойын баласы күндіз – сыртқа, кешкісін – ішке тасумен арпалысып, көрпенің көптігіне ызамыз келе кіжінетінбіз.

Бала көңіл: "Әдемі көрпесін мақтанып көрсеткісі келеді" деп, шебер құралған көз тартарлық құрақ көрпешелерді жек көретінбіз. Біздің қиналғанымызға тоқтайтын шеше бар ма? Ісмер шешелеріміз жаз келсе, бір-бірімен жарыса кемі үш-төрт көрпені жаңадан қауып тігетін. Қонақжай үйден қонақ арылмайды. Көрпенің қонақтың көңілінен шығуы – үй иесіне сын.

Көрпенің қансорғыштың ұясына айналмауы шарт. Анам марқұм, айына екі рет төсек жаймаларын үлкен қазанға салып, хлормен қайнатып алатын. Қыс мезгілінде де төсек жаймаларға тыным жоқ. Анам азанда бәріміздің жаймаларымызды жинап, пештің үстіне керілген жіпке жайып тастайды. Бір-екі сағат пештің үстіне биіктеу керілген жіпте от қызуына қақталған жаймаларды жинап алып жатады.

Не үшін топалаң болатынына мән бермеппіз. Сөйтсек, шешеміз бізді – төсек қандаласынан қорғаған екен. Болған жағдайда оттың қызуымен төсек қандаласы сыпырылып қалады екен ғой? Бүгінгі біздер аналарымыз еш ғылымсыз қолданған бұл қорғаныс тәсілдерін қолдануды ұмытқанымыз өкінішті.

Төсек қандаласынан көретін құқай

Төсек қандаласы – қанмен қоректенетін барып тұрған зиянкес. Жарты жылдан астам қорексіз тіршілік ете беретін бейімділігіне таңқаласың. Ең жексұрын қандала үй-жайды мекендеп, адам қанын сорумен қоректенеді.

Адам терісі күнделік түлейтінін, тәулік бойы тері арқылы ағзамыздан сан-алуан заттар бөлініп шығып, тері қабатына тұнып қалатынын есептесек, Адам – төсек қандаласын асыраушы биокөз. Қорғанарлық жол бар ма?

Бала күнімдегі төсек кептіруден басқа тағы бір анам қолданған көне тәсіл есімде қалыпты. Әрине, бұл тәсілдің бүгінде табиғатты қорғау заңдылығына қайшы келуі де мүмкін. Сонау жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдарында Қызыл кітапқа ене қоймаған жусан өсімдігінің пайдасын көп көрдік.

Ол жылдары тек кішкене баллондағы дихлофос дегеннен басқа жәндікке қарсы химикалық затты көрмейтінбіз. Оның өзі шыбынды кейде өлтірсе, кейде өлтіре алмайтын. Сөйтсек, кез-келген жәндіктің бойында химиялық улы затқа бейімдік қасиет басым екен ғой.

Жусан түтіні

Анам көктем, жаз, күз айларының соңғы апталарында үйді үш мезгіл жусан түтінімен ыстайтын. Жусанның исі өте ащы. Жалынын шығармастан тек түтіндету арқылы үйді көк түтінге әбден толтырып, төрт-бес сағатқа есікті тарс жауып тастайды. Ол уақытта үйге жан адам кірмеуі қажет. Иістеніп, уланып қалуы ықтимал.

Қалай жусан түтінімен ыстайды, солай жәндік шағу дегенді білмейтінбіз. Төсекті жайып жаңғырту мен жусан түтінімен ыстау арқылы біздерді қансорғыштардан сақтаған анамның еңбегіне, қамқорлығына тәнтімін. Бір менің анам емес, сол кездегі барша аналар балаларын қансорғыштан солай қорғады.

Тіршілікте аса маңызды жайттар көп-ақ. Десе де, қансорғыш қандаладан қорғану мәселесі өршіп тұр.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Была ли эта статья для вас полезной?
0

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Популярное в нашем Telegram-канале
Новости партнеров