Прямой эфир Новости спорта

Заңсыз қос азаматтық алушылардың жазасы неге жеңіл?

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Саясаттанушы Расул Жұмалы Қазақстан заңнамасына қайшы болса да, айласын асырып, көп азаматтық алушылар туралы.

Таяуда Алматы әуежайында бір топ Қытай азаматын көзім шалды. Әрине, "мұнда тұрған не бар" дерсіз. Алайда олар қойнынан Қазақстанның көк паспортын шығарғанда таң қалғанымды жасырмаймын. Өзіміздің көптеген қандасымыз қолы жетпей жүрген төлқұжатты бөгделер қалайша оп-оңай иемденді? Мені осы таңырқатты.

Бізде "ана заң нашар", "мына заңды өзгерту керек" сынды әңгімелер жиі айтылады. Десе де, көпшілік заң қазіргі түрінде-ақ тыңғылықты орындалса, талай былыққа жол бермеуге болар еді. Сондай түйткілдердің бірі – қос азаматтық мәселесі.

Ата заңымыздың 10-бабына сәйкес, біздің елде қос азаматтыққа, яғни, бір адамның Қазақстанмен бірге басқа мемлекеттің азаматтығын алуына тыйым салынған. Бұндай тәртіпті бұзғандар әкімшілік жазаға тартылып, Қазақстан азаматтығынан айрылуы керек. Бұл заң жүзінде және сөз жүзінде. Алайда іс жүзіне келгенде аталған заң талабы ескерілмей, мыңдаған адам, оның ішінде маңызды лауазымдарға ие тұлғалар да емін-еркін екі, тіпті, үш елдің азаматтығын иеленіп жүр.

Оқи отырыңыз: Әлем диктаторларының құпия шоттары

Рас, әлемнің жекелеген елдерінде екі не одан да көп азаматтыққа (бипатризм) жол беріледі. Негізгі себеп – олардың қатарындағы Аргентина, Канада, Австралия, Барбадос, Кипр, Уругвай, Мексика, Ямайка, Колумбия, Пәкістан, Латвияларға бипатризмнің зиянынан гөрі пайдасы басымырақ. Айталық, осы тізімдегі өмір сүру мен қауіпсіздік деңгейі жоғары Канада, Австралия мен Кипр үшін бипатризм елге бай инвесторларды тартып, олардың байлығын ел экономикасына жаратуға жол ашады. Мексика, Колумбия не Пәкістан үшін бипатризм артық жұмыс күшін шетелге жөнелтуге, олардың осында қалған туыстарына қомақты ақша аударуы арқылы әлеуметтік ахуалды жақсартуға, жұмыссыздықты азайтуға мүмкіндік береді.

Ал енді Қазақстанға оралсақ, қалыптасып отырған жағдайдың экономикалық һәм саяси тәуекелдері басым. Мәселен, қалтасына қос төлқұжатты салған пысықайлар екі елден де зейнетақы және өзге де түрлі әлеуметтік төлемдерді еншілей алады.

Әлбетте, тиісті қадағалаушы мекемелер заңдылықты қамтамасыз етуде қол қусырып отыр деп айта алмаймыз. Айталық, 2018 жылы Ішкі істер министрлігі басқа елдің паспортын жасырғын 15 мың Қазақстан азаматын құрықтапты. Олардың көпшілігі – Ресей азаматы. Құп дегенмен, "олар Қазақстанның ата заңы тыйым салған бипатризмге қалай қол жеткізді?" деген сұрақ мазалайды.

Оқи отырыңыз: Әлеуметтік ахуалды түзеуге билік "әскері" неге әлсіз?

Бипатридтерді сүзгіден өткізу әрекетінің ұтымдылығын әңгімелейік. Шенділердің сөзінше, бұл жайт негізінен азаматтар шекарадағы паспорттық тексерістен өткенде не мемлекеттік жәрдемақы алғанда анықталады екен. Сонда Қазақстан мен шетел арасындағы заң орындарының ақпарат алмасуы, халыққа қызмет ету орталықтарының тетіктері қайда қалды? Әншейінде халықтан салық өндіргенде не айыппұл салғанда іздеген адамын жер астынан тауып алатын күштік құрылымдардың осындайда әлсіздік танытуы таң қалдырады. Сондықтан да жоғарыда аталған 15 мың деген көрсеткіш еселеп көбейетіні күмән тудырмайды.

Екіншіден, жауапкершіліктің өзі өте төмен дәрежеде. Сөзге дәйек келтірейік. Құрықталған 15 мың бипатридтің болғаны 555-і жауапқа тартылып, 102-сі ғана республикадан аластатылған, ал қалғаны айыппұл төлеп құтылған. "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 496-бабында: "Қазақстан азаматтығынан айрылған адам Қазақстан Республикасы азаматының паспортын немесе жеке куәлігін одан әрі пайдаланса, оған 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады", – деп көрсетілген. (Салыстыру үшін: Қазақстанда көлік айдау ережесін бұзғаны үшін кей жағдайларда әлдеқайда қатаң жаза қолданылады). Бұны жақсы білетіндер айыппұлды төлеп тайраңдай береді.

Құқық қорғау орындарының осы және басқа да салғырттықтары қос азаматтыққа ыңғайлы жағдай туғызып отыр. Айталық, айла-тәсілдің бірі – жекелеген адам төлқұжатын жоғалтқан болып Әділет министрлігіне арыз түсіреді де екі-үш аптаның ішінде су жаңа паспорттың иесі боп шыға келеді. Ал жоғалды деген құжатын өзі қалаған елдің құзырлы органына тапсырып, азаматтық ала алады.

Оқи отырыңыз: Баспасөзге басымдық бермей, қоғам сенімі күшеймейді

Енді біреулер азаматтық алу үшін жалған некеге тұрады. Шетелдіктерді Қазақстанда осылайша "легализациялау" бүгінде кәдімгідей бизнес көзіне айналғаны жасырын емес. Кейбір шетелдіктерге спорттағы арзанқол атақ не коммерциялық мүдде үшін азаматтықты әп-сәтте ресмилердің өзі таратып жататыны тағы бар. Тіпті, басқасын былай қойғанда кейде Қазақстан азаматтығын алу үшін осында келіп әбігерге түсудің қажеті шамалы – тиісті өтемін жасаса, тұрғылықты елден де паспортты алуға мүмкіндік пайда болған. Естеріңізде болса, алдыңғы жылдары Алматы әуежайынан Қытайға бара жатқан азаматтың жүгінен Қазақстан паспортының 291 бланкі тәркіленді. Сосын әлеуметтік желілерде біраз шу көтерілді, құзырлы мекемелер бәрін тексереміз, кінәлілерді жазалаймыз деп ант-су ішті. Алайда әдетінше бұл оқиға жүре-бара ұмытылды. Сөз болып отырғаны баспасөзге ілінген бірі ғана. Ал еленбегені қаншама?

Анығы сол – "Қазақстандағы 18 миллион халықтың қаншасы қос азматтыққа ие?" деген сұраққа ешкім мардымды жауап бере алмайды. Нақты статистика жоқ. Анда-санда "пәленше заң бұзушы жауапқа тартылды" деген әңгімелер азар болғанда айсбергтің ұшы ғана. Бұндай алаңғасарлықтың салдары түбі неге әкелетінін ресмилер түсінгісі келмейтін сияқты.

Шындығында алаңдатарлық жағдай. Мәселе экономикалық шығында емес, мәселе азамат деген түсініктен келіп туындайтын отаншылдық, ұлттық мүддеге деген берілгендік турасында. Заң бұзушылық екенін біле тұра, жеке басының қамы үшін басқа елдің құжатын иемденген адам аталған құндылықтарды қаншалықты сезінеді? Әсіресе, ол басқа елдің құжатын алғанда сол елге жан-тәнімен қызмет етемін деген серт беретінін ескеретін болса.

Оқи отырыңыз: Саясат пен саяси шоу немесе өзгерістердің жауапкершілігі турасында

Осы айтылған аздай, денесі Қазақстанда болғанымен, ақыл-есі шетелге тәуелді осындай адамдарды арам пиғылда пайдалануға машықтанып алған сыртқы күштер де баршылық. Оның қауіп-қатерін дер кезінде аңдамай, соңынан опық жеген елдердің қасіреті көз алдымызда.

Бұл ретте өзінің паспортын көршілес елдердің азаматтарына оңды-солды үлестіріп жатқан (негіздемесі: орысша білгені, КСРО аумағында туылғаны) Ресейдің саясаты алаңдатады. Кезінде осындай әрекеттерге көз жұма қараған Грузия ақыры Оңтүстік Осетия мен Абхазиядан айрылды – оларды "өзіміздің азаматтарымызды қорғаймыз" деген желеумен Ресей басып алды. Сол сияқты Украинада мемлекеттің маңызды мекемелеріне кіріп алған ресейшіл бипатридтер өз еліне қарсы жұмыс жасайтын кәдімгі жансыздар болып шыққанын да ұмытпау керек.

Ал бастысы – аталған тәуекелдерге ертең бой алдырмас үшін басқа шаралардың қатарында қос азаматтықты да тізгіндеудің амалдарын кешіктірмей бүгіннен бастап мықтап қолға алған жөн. Жоғарыда айтылғандай, саяси ерік-жігер мен мемлекетшілдік ұстаным болса, қалғаны – шешілетін шаруа. Оның ішінде келтіретін зардабы соншама зор болғандықтан, бипатризмді жай ғана әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілік санатында қарастыратын уақыт жетті.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Популярное в нашем Telegram-канале
Новости партнеров