Прямой эфир Новости спорта

Өз жерінде өгей баланың күйін кешу немесе "жаман үйдің" балалары

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Соңғы әлеуметтік зерттеулерге жүгінсек, қазақ жастарының 40 пайыздан астамы шетелге біржолата кетуді армандайды екен.

Соғыс жағдайында отырған жекелеген мемлекеттердің өзінде бұндай көрсеткіштер төменірек. Жоғары мінбелерден айтылатын жетістіктерге қарамастан, ай мен күннің аманында жас буын өкілдері өз елінен безсе, біздің қандай мемлекет құрғанымыз?

Жастардың осындай ұйғарымына ресмилер әдетте "Онда тұрған не бар, ғаламдану заманы, шекара ашық, тиісінше әр адам қалаған жеріне көшеді. Алаңдайтын дәнеме де жоқ" – деп жауап қатады. Бәлкім солай да шығар. Алайда, келтірілген қисынға қарасақ, бақуатты Америка мен Германияның, Катар мен Оңтүстік Кореяның азаматтары басқа елдерге неліктен лек-легімен ағылмайды? Қайта бәрі сол елдің төлқұжаты бар азаматы екендігін мақтан тұтар патриоттар.

Негізі қазақта да "Бөтен елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол" деген мақал бар. Жүрегі қазақ деп соққан әр адам бұл ұлағатты сөздің мағынасын шетелде шалқып жүргенше, өзің еліңе қызмет еткен абзал дегенді меңзейді. Алайда, бүгінгінің тауқыметі оны шетке ысырып тастағандай.

Рас, орыстың "Рыба ищет, где глубже, а человек – где лучше" деген нақылын ешкім жоққа шығармайды. Кедей, артта қалған, қауіпті елдерден адамдардың бай да тұрақты, әлеуметтік қамсыздандыру деңгейі жоғары Еуропаға қарай ұмтылатынын түсінуге болады.

Шын мәнісінде Үндістан, Тәжікстан, Бангладеш сынды экономикасының дамуы демографиялық өсімге ілесе алмаған, жаппай жұмыссыздық жайлаған елдердің азаматтары үшін басқа балама қалмаған да болар. Иә болмаса, Ауғанстан мен Либия сынды соғыстан көз ашпаған елдердің тұрғындары үшін аман қалудың жалғыз жолы осы болар.

Тек кең байтақ жері, орасан табиғи байлықтары бар Қазаққа қаншалықты тән? Осындайда ақталу үшін біреу тәжірибенің жетіспеуі, мұнай бағасының төмендеуі, ауа-райының қолайсыздығы сынды жүздеген сылтауды келтірер. Ал биліктің жауапкершілігі қайда қалмақ? Әсіресе отандастарына көзқарасы тұрғысынан.

Кезінде Біріккен Араб Әмірліктерінің негізін қалаған Шейх Заид былай деген: "Нағыз байлық – ақша емес, адамның өзі. Ендеше бізді алға жетелейтін күш-қуат адамның бойында. Сондықтан Алла берген мүмкіндіктерді жеке тұлғаны қалыптастыруға және ұлтқа қызмет етуге бағыттау керек". Бүгінде осы қағидатты мүлтіксіз ұстанған Әмірліктер дамудың шыңынан табылып отыр.

Жалпы, өркениетті кез-келген мемлекет өз азаматтарына, олардың игілікті өмірін қамтамасыз етуге басымдық береді. Адамның құқықтары мен бостандықтары, ар-ожданы мен қауіпсіздігі бұнымен қатар жүреді. Айналып келгенде әрбір биліктің міндеті осында. Сәйкесінше әрбір мемлекеттің бақуаттылығы оның алып жатқан жер аумағымен, өткізген форумдарымен иә табиғи байлықтарымен емес, алдыңғы кезекте адамдарының өмір сапасымен өлшенеді.

Аталған бағытта Адам капиталы деген сәнге айналған тіркесті өз бағдарламаларында Қазақстан басшылығы да жиі қолданады. Бірақ, іс жүзіне келгенде сол бастамалары жиі ақсап жатады да, оның орнын көпшілік жағдайда келді-кетті дүниелер басады. Екі ортада көңілге тиетіні өз азаматтарының қажеттіліктерін елемей, басымдықтың шетелдіктерге беру етек жайған.

Айтылғанға мысалдар жетіп артылады. Соның ішінде ең маңызды руханият саласын алып қарайтын болсақ, Тәуелсіздік алған 28 жылдың ішінде алысқа бармай ең болмаса ХХ ғасырдағы тарихымыз бен құндылықтарымызды түгендей алмай келе жатқан жайымыз бар. Бөтен елдің үгіт-насихатын тайраңдатып қойып, ұлттық сана-сезімді оятушы бастамаларды бұғаттау өз алдына. Конституцияда көрсетілген мәртебесіне жете алмай аянышты күй кешкен Қазақ тілінің ахуалы – мүлде бөлек әңгіме.

Асылында өзін-өзі сыйлайтын елдерде мемлекеттік тіл –рухани бірауыздылықтың алғышарты, оны білу азаматтық алудың негізгі міндеті саналатыны белгілі. Басқасын былай қойғанда жекелеген елдерде, онсыз көше сыпырушы боп жұмысқа тұрудың өзіне тыйым салынған. Қазақстанда керісінше – жоғары мемлекеттік мансапқа болсын, бюджеттік мекемеге болсын қазақ тілін білмесе де жұмысқа тұру оңай, орыс тілінсіз мүмкін емес.

Қазақ – қашан да қонағын қастерлеген халық. Дей тұрғанмен, есігін айқара ашып қойып, бөтендерге төрін беріп қою ешбір адами қисынға келмейді. "Жаман үйді қонағы билейді" демекші.

Азаматтардың жеке бостандықтарына келгенде де сол жағдай. Мысалы уақытша тіркелу туралы заңға сай басқа мемлекеттерде бұндай шектеу тек шетелдіктерге қолданылады. Оның астары түсінікті – бөтеннің аты бөтен, оның нендей пиғылмен келгені беймәлім. Сондықтан елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында оның іс-әрекетін бақылау артықшылық етпейді.

Ал өз жерінде жүріп, осында туып-өскен адамға тіркелу ойға сыймайтын дүние. Екіншіден, бұл шара Конституцияны өрескел бұзу, адам құқықтары бойынша Қазақстанның алған халықаралық міндеттемелеріне қайшы. Үшіншіден, азаматтың ар-ожданына тиетін жағдай.

Не болмаса, былтыр Қазақстан 48 шет мемлекеттің азаматтарына визасыз келу жеңілдігін сыйлапты. Құб-ақ. Бірақ, тиісті луазымдылар дипломатияның негізгі қағидатын ұмытқан секілді. Оның дені елдер арасындағы байланыстар тең болуы міндетті дегенге қатысты.

Аталып отырған Батыс елдері біздің азаматтарға ондай жеңілдік берген емес. Сондықтан шетелдіктер Қазақстанға емін-еркін келіп жүргенде біздің азаматтарымыз шетел визасын алу үшін ұзын–сонар кезекте тұрып, қаптаған қағаз жинап, саусақ ізін тапсырып, оған тиісті төлемін жасауға мәжбүр.

Елдің байлығына қатысты көретініміз сол – теңсіздік. Бір жағынан Қазақстан жер аумағы бойынша әлемде тоғызыншы орында деп мақтан тұтамыз. Әйткенмен сол жердің рахатын көруге келгенде өзіміздің диқандар мен малшылар шет қалады.

Заңмен уәде етілген он сотыққа да көпшіліктің қолы жетпей жатыр. Өз кезегінде ресмилер "артық жер жоқ" дегенді алға тартады. Бірақ шетелдіктер сұраса, игерілмей бос жатқан бірнеше миллион гектар оңай табыла қалады.

Осындай қарама-қайшы көзқарас неден туындайды, оның алдын қалай алуға болады деген сұрақтар кімді де болса мазалайды. Жауап іздеп әншейінде анаған-мынаған сілтеуге әуес лауазым иелеріне келіп тірелеміз. Әлгілері, жалпы бұл – пост-кеңестік елдердің бірталайына тән құбылыс, саяси элита ретінде Отанына немқұрайлы қарайды. Тапқан миллиардтарын өз елінде емес, шетелге салуынан, ұл-қыздарын жергілікті емес, шетелдік оқу орындарына жіберуінен, демалса иә емделер болса, Қазақстанды емес шетелді таңдауынан соны көреміз.

Әлдебір форум немесе тың жобаны қолға алғанда тиісті мамандарды, ғалымдарды өз ішінен емес шетелден шақыру дәстүрі тағы бар. Саясатты айқындайтын маңызды шешім қабылдайтын, мемлекеттің қаржысын игеретін орындағылардың өздері өз еліне осылайша сенімсіздік танытса, оның күйі оңалмайтыны анық.

Түйткілдің ендігісі жалақы мәселесіне келіп тіреледі. Қазақстанда көптеген шетелдік немесе бірлескен кәсіпорындарда шетелдік мамандардың табысы дәл сондай жұмыс атқаратын қазақстандық әріптестерінен асып түседі. Кейде онысы бес, тіпті он еселік айырмашылықты құрайды. Компаниялардағы қызметтік деңгей бойынша да үстемдік шетелдіктер еншісінде.

Бұл келеңсіздіктің жазылып та, айтылып та келе жатқанына талай жыл өтті. Дегенмен, шенділердің құрғақ уәделерінен басқа мардымды өзгерістер байқалып отырған жоқ. Оның соңы уақыт өткен сайын Жаңаөзенде, Астанада, басқа жерлерде жұмысшылардың наразылығына әкеліп жатыр.

Ал, енді осы тұрғыдағы әлемдік тәжірибеге үңілер болсақ, басымдық әр кез сол елдің төл азаматтарына беріледі. Себеп баяғы – өз азаматтарын, олай болса өз мемлекетін құрметтеу, шетелелдіктерге емес, алдымен отандастарына жағдай туғызу, жұмыспен қамту, т.б. Төленетін еңбекақысының мөлшері де осы мақсаттан белгіленеді.

Әлгі сөз болған араб елдерінде теңдей жұмыс атқарғаны үшін жергілікті тұрғын келімсектерден 3-5 есе көп табыс алып отырады. Азаматтарын қолдауда кей мемлекеттер тіпті асыра сілтеушілікке жол береді. Мәселен, Араб Әмірліктерінде жергілікті азамат пен шетелдік соттасатын болса, дұрыс-бұрысына қарамай әдетте іс өз азаматының пайдасына шешеді. Мейлі, Қазақстанда олай болмай-ақ қойсын. Ең болмаса шетелдіктер мен өзіміздің азаматтарымыздың құқықтары тең дәрежеде сақталсын.

Соңғы жылдары кейбір отандық кәсіпкерлер ақшасын сыртқа шығарып, сонда компанияны тіркеп, сосын барып шетелдік инвестор санатында Қазақстанда бизнес жүргізуді қолға алған. Неліктен? Себебі қайта шетелдік іскерлерге жергіліктіден гөрі әлдеқайда ыңғайлы жағдай тудырылған. Әлдебір шенді оларды келіп тексерер болса, қоқан-лоқы көрсетер болса, мемлкекеттің өзі оларды қорғаштайды.

Өкінішке қарай өзіміздің бизнес жоғары жақта туысы не жанашыры болмаса жаңағыдай кепілдіктерден қағылып, өз жерінде өгей баланың күйін кешеді. Ұқсас әңгіме өз Отанында қолдау таппай, шетелде ғана бағы жанған дарын иелеріне де қатысты.

Олай болса, жоғарыда сөз болған 40 пайыз жастардың шетелге кетуге талпыныс – заңды құбылыс. Бұл – мемлекеттің сөз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі жетістіктеріне жастардың берген бағасы. Тек аталған көрсеткіш жылдан жылға өсе берсе, Қазақтың елі мен күйі не болмақ?

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Популярное в нашем Telegram-канале
Новости партнеров