Прямой эфир Новости спорта

Сайлау мен алдау

Сайлау науқаны басталғалы сайлау туралы әр түрлі, оның ішінде мүлде қарама-қайшы пікірлер мен ұстанымдар қоғамды жайлап кетті.

Бірі тағдырлы осы науқанға белсенді ат салысып қалу керек десе, енді бірі бұл әу бастан әділетсіз сайлау болғандықтан оған қатысудың, демек оны заңдастырудың еш қисыны жоқ дегенді алға тартады. Кімдікі дұрыс, ал кімдікі бұрыс?

Рас, тәуелсіздік алғаннан бері демократия талаптарына пысқырмаған, көзбояушы сайлауларды көріп келген азаматтардың күдігін де, ренішін де толық түсінуге болады. Десе де, биылғы сайлау алдыңғыларынан өзгеше жағдайда өтіп отырғанын да ойдан шығармаған абзал.

Біріншіден, алдағы 9 маусымда өткелі тұрған додаға тұңғыш және соңғы уақытқа шейін өмірбақилық президент саналып келген Нұрсұлтан Назарбаев қатыспайды. Тиісінше және екіншіден, әкімдердің, басқа да лауазымды атқамінерлердің алдында "өл-тіріл, тек 95 пайыздан жоғары дауыс жина" деген міндет тұрған жоқ. Үшіншіден, жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі мәртебесі жоғары мансапта мейлінше сенімді де лайық жолмен орнығуға ынталы. Сондықтан ол үшін жалдамалы сайқымазақтар арасында қол жеткен жеңіс керек емес. Бұл дегеніміз толыққанды демократиялық болмаса да, сайлаудың әйтеуір әділдікке бір табан жақын, балама негізде өтетінін меңзейтіні анық. Төртіншіден, аталған межеге жету сайлауға деген қоғамдық сенімді қайтару, яғни елдің даму үрдісін заң шеңберінде сақтап қалу тұрғысынан маңызды. Бесіншіден, халықаралық қауымдастық алдында Қазақ еліне қатысты қалыптасқан жағымсыз пікірден арылудың саяси ғана емес, экономикалық һәм инвестициялық мәні бар.

Әрине, бұған дейінгі сайлаулардағы келеңсіздіктерге биліктің кінәлі екеніне дау жоқ. Алайда ұзақ жылдар бойы әділетсіздікті өз көзімен көре тұра, жүрегімен сезе тұра, оған қарсы шықпаған қоғамның да жауапкершілігін жоққа шығара алмаспыз. Рас, өз ойын ашық білдіруге жол бермеген тоталитарлық заманнан қалған қорқыныш пен үрей әлі сейілген жоқ. Рас, егемендік алғаннан бері жекелеген азаматтардың теңдікке, демократияға деген ұмтылыстары басып-жаншылды. Көптеген белсенділер ол үшін жапа шекті. Саяси қуғын-сүргінді тек тарих беттерінен ғана емес, бүгінгі өмірінде көрген адамдар батылдықтың орнына келісушілікті, еңсесін көтерудің орнына тізе бүгуді таңдады.

Бірақ құрмет пен адалдыққа емес, қорқыныш пен өтірікке; адамгершілікке емес, байлық пен шенге табынғандыққа негізделген кез-келген жүйе орнықты да өміршең бола алмайды. Ертелі ме, кеш пе күйреп тынады, бұл – тарихи заңдылық. Өзгерістер міндетті түрде болады. Бұл тұста туындайтын және бір-бірімен қабысып жатқан үш сұрақ бар – қалай, қашан және құны қандай?

Асылы, тұрақтылық пен тәуелсіздікке нұқсан келтірмей өзгерістер мейлінше өркениетті, бейбіт жолмен келгенін бәрі қалайды. Осы ретте ойға алғаш келетіні – қолда бар заңды мүмкіндіктерді кәдеге асыру. Түрлі, онысы орынды да, күдіктерге қарамастан, қазір ол үшін оңтайлы сәт туындап отыр. Тіпті билік үйреншікті дағдысымен өзінің сценариін жүргізуге тырысқанымен, қоғам белсенділік танытса онысын түзетуге қауқары жетеді. Сөз болып отырғаны тек дауыс беріп қою емес, сайлау үрдісін мұқият бақылау арқылы, қитұрқы амалдардың жолын кесу арқылы.

Өзгерістер тек ашынған халықтың нөпірі көше мен алаңдарды жайлағанда ғана, тек көтеріліс жолымен ғана келеді деушілер іске асқан сол ұрандарының арты не боларын болжай алулары керек. Себебі төңкерістен кейін әділ де гүлденген, жайма-шуақ күн әп-сәтте орнай салмайды. Қайта көпшілік жағдайда дүмпудің арты бұрынғыдан бетер былық пен қантөгіске алып келіп жатады. Ал Либия немесе Сирия жағдайында мемлекеттің де жойылуына жол ашады.

Әлбетте көп нәрсе қоғамның өзінің жауапкершілігіне келіп тіреледі. Бүгінгі Қазақ қоғамының бұл реттегі деңгейі қандай? Шешуші сәтте былтырғы Армениядағыдай халқы сасяи жігер мен мәдениет, салқынқандылық пен бірауыздылық таныта ма? Әлде кезіндегі Қырғызстан секілді анархияға бой алдырып, бас-басына би болып, елдігі мен бірлігін бұза ма?

Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шығады?

Әлгі Армения демекші. Осы елдегі толқулардың туындауына басқа да елдерге тән себептер түрткі болды. Сөз болып отырғаны кез-келген қоғамның титығына жететін жемқорлық, әділетсіздік, байлардың ашкөздігі мен өз қара басының қамын ғана ойлауы, күштік орындардың әлімжеттігі мен жүгенсіздігі, биліктің түрлі қитұрқы әдістермен ауыспауы т.б. Дей тұрғанмен армяндардың басқалардан ерекшелігі – Никол Пашинянды бір ауыздан көшбасшы ретінде танып, оның айналасында топтаса алғанында. Армян революциясының көсемі де халықтың осындай қолдауының арқасында ғана алға қойған арман-мұраттарын іске асыра алды. Ал енді Қазағымызға оралсақ, дәл сондай Пашинян дәл қазір бізде шыға ала ма? Ол үшін лайықты алғышарттар табыла ма?

Рас, сөз жүзінде бірлік, ынтымақ дегенді айтқанда алдымызға жан салмаймыз. Алайда жеме-жемге келгенде диван үстіндегі батырлықты ашық майданда дәлелдеуге қаншамыз дайынбыз? Бұның арасында ел азаматтарынң басының бірікпеуі, көре алмаушылық, жеке бастың мүддесін ортақ мақсатқа бағындыра алмаушылық секілді дерттер тағы бар. Тіпті басқасын былай қойғанда бүгінгі сайлауалды науқанда тәуелсіз үміткер шығуы мұң екен, оның етегінен жармасып тас атқылаған бөгде біреу емес, өзіміздің Қазақ емес пе? Ащы да ұятты – шындығымыз осы.

Ал енді бойкот әділетсіз сайлауды болдырмауға, халықаралық деңгейде оның нәтижелерін әшкере етуге, ең болмаса жекелеген елдің саясатын оң жаққа бұруға кішігірім әсер етсе, бір сәрі. Бірақ әлемдік тәжірибеге үңілер болсақ, бойкот атаулы іс-шаралар еш жерде өзін ақтаған емес. Мейлі ол бауырлас Қырым татарларының 2014 жылғы референдумнан бас тартуы болсын, мейлі 1992 жылы Босния мен Герцеговина болсын, дауыс беру бойкотшыларсыз өтіп, заңдық күшіне енген болатын. Қазақстандағы бойкоттар тарихы да осы заңдылықты көрсетеді. 2000 жылдардан бері еліміздегі сайлауға қатысты неше мәрте бойкот жарияланды. Не шықты? Түк те.

Ал енді алдағы сайлауда бәрі бекер, түбі алдап кетеді деушілер тағы бір жәйтқа назар аударса, артық етпейді: Биыл Украинада бәсеке қаншама тартысты да әділ өткенін баршаңыз білесіз. Соңғы сәтке шейін тіпті кімнің президент кім болатыны белгісіз болды. Осындай шым-шытырыққа қарамастан аталған сайлауға Украина халқының 62 пайызы ғана келді. Салыстырма ретінде 2015 жылы Қазақстанда өткен науқанды алайық, еш қызығы жоқ, қуыршақтар қатыcқан, интрига мен таңдаудан жұрдай, жеңімпазы әу бастан белгілі сайлауға қанша адам келді дейсіз ғой? Онысы ресми деректер бойынша 95 пайыз, бейресми – 20 пайыздан аспайды.

Басқаша айтқанда, әлгі келмеген, сенбеген, айқайлаған, сайлауға қатысам дегеннің аузын бүгінгідей жапқан бойкотшылар дауыстың бақандай 75 пайызын өз қолымен билікке сыйлап берді. Екі ортада бойкотшылар билікпен ауыз жаласты ма деген күдік пайда болады. Басқаша болса жоғарыда айтылған дауыстар өрескел ұрланғанда неліктен біреуі де митинг былай тұрсын, ләм-мим айтуға да жарамай қалды? Айтпағым, алда келе жатқан сайлауға бір адамдай ат салысайық. Адами хақыңыз ұрланбайтын жалғыз жол – осы. Ал енді соның өзінде елдің қалауы ескерілмесе, әңгіме басқаша болады. Бірақ ол үшін айтылғанға көз жеткізу керек қой.

Баршамыздың көксегеніміз әділ сайлау, сол арқылы халықшыл билікке қол жеткізу екені шүбә келтірмейді. Тек осы мақсатқа жетуде ортақ мәмілеге келген абзал: бізге ұраншылдықтан гөрі табандылық пен ақылға жүгіну, ауызды қу шөппен сүртуден гөрі өзімізге сеніммен қарау, тырнақ астынан кір іздеуден гөрі қолынан іс келер азаматтарды қолдау әлдеқайда маңызды.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Популярное в нашем Telegram-канале
Новости партнеров