Сөз болып отырғаны – айтулы мерекеміздің христиандық жаңа жылдың тасасында қайта қалуы, Желтоқсан көтерілісі болған күн алдында студенттерді жаппай Алматыдан "каникулға" қайта аттандыру, Егемендік, Ұлттық болмыс сынды тобырды халық етуші құрауыштардың бос ұраншылдыққа айналып, тәрбиелік мәннен жұрдай болуы.
Әдетінше көпшілік "Онда тұрған не бар" не бар дер. Шынымен-ақ алып бара жатқан ешнәрсе жоқ сияқты. Демалыс болғандығы үшін мерекелік күндерге қуанамыз. Бастысы – бас бүтін, ел аман болғанға шүкіршілік дейміз. Бірақ айтулы күндері мемлекет құраушы ұлттың кім екендігінен, қай елдің баласының кімге қызмет ететінінен түсінік бермесе не болғаны? Бұдан ұлтжандылық, жеріне деген сүйіспеншілік жас ұрпақтың бойына қалай егіледі? Ырду-дырдумен өтіп, аты бар да заты жоқ шаралардың пайдасы жоқтығын ойламаймыз. Бұл өз алдына, екі ортада бос қалған кеңістікті бөгде, арамза құндылықтар басатыны тағы бар ғой.
Сырты бүтіннің бәрінің іші бүтін емес
27 жылдық тәуелсіз тарихында Қазақстан әлдебір табыстарға қол жеткізген болар. Қой үстіне бозторғай жұмыртқаламаса да, аштан қырылып жатқан ешкім жоқ, өміріміз бейбіт. Бірақ кез-келген мемлекет үшін ең шешуші алғышарт – азаматтардың бір шаңырақ, ортақ мүдде мен жауапкершілік аясында тізе қосуы сол таз қалпында, тіпті байқалмайды. Ақиқатында бүгінгі Қазақстан әрқилы өлшемдерде, түрлі қарама-қайшы бағыттарда тірлік құрған топтардың жиынтығы іспетті. Арасында тоталитарлық заманды аңсаушылар, денесі Қазақстанда, ойы Ресейде қалғандар, маргиналдар, ұлтшылдар, мемлекетшілдер, немқұрайлылар, асырадіншілдер, космополиттер бар. Бұндай қоғам әубастан осал екені айтпаса да түсінікті.
Айталық, кезінде ресейлік Протон зымыраны апатқа ұшырағанда осы зиянды аппараттардың Қазақстанда қолданылуына қарсы петицияға Фейсбукте 1-2 мың адамның ғана қолы жиналды. Ал енді таяуда Көк Жайлауда туристік кешен салуға қарсы петицияға 30 мыңнан аса адам қол қойған. Қарап отырса, Протонның елімізге келтірер залалы Көк жайлаумен салыстырымға келмейтіндей зор болса да, Ресейге жалтақ, оған теріс пікір айтуға дәті бармас ортамыздың келбеті осы – билікте де, қоғамда да. Немесе жыл сайын Желтоқсан көтерілісін еске алу үшін Алматы орталық алаңында неліктен негізінен қазақтілді қауым жиналып, қалған ұлыс өкілдері қалыс қалады? Есесіне 31 желтоқсан немесе 23 ақпан секілді көрші елдің мерекелеріне келгенде әлгілер асқан белсенділік танытады. Себебі неде осындай сәйкессіздіктің?
Әрине, айтылғанға билікті кінәлауға болар. Айналып келгенде басқару, қаржы, ақпарат тетіктері соның қолында. Қазақстанда көрші елдің үгіт-насихатын тайраңдатып қойған да сол. Мәселе сондай-ақ қоғамын ұйыстыратын баршаға ортақ идеяның жоқтығында. Уақыт көрсеткендей, жоғарыдағылар ұсынған "2030", "Қазақстандық ұлт", "Мәңгілік ел" сияқты көптеген басқа бағдарламалар ондай мәртебеге жете алмады. Себебі бастауынан қияли дүниелерге бой ұсынып, шынайы өмірден алшақ тұрды. Ал енді халықтың өз тілеуі – Егемендігін баянды ету, Тілін асқақтату, Мәдениетін сақтауға келгенде қандай да қолдау мардымсыз. Тарихты ұлықтау құрлы, оны зерттеу деңгейінің төмендігінің өзі қынжылтады.
Бұрмаланған тарихтың құрбаны
Өткенге назар салса, Қазақ халқының Ресей империясы қоластына енгенде басқыншылық саясатқа қарсы ірілі-кішілі 372 рет бас көтерулер орын алған екен. Сонда бұл қайдағы "өз еркімен қосылу саналады?" Алайда осындай жалған түсініктер сақталып жатыр. Иә болмаса, қазақтың тең жартысын жалмаған Ашаршылыққа саяси баға беруден тартынамыз. Есесіне "болар іс болды, асыра сілтеушіліктің кері басқа да халықтарға тиді, сондықтан өткенді қазбалай бермейік" деген ұстаным салтанат құрған. Ал Екінші дүниежүзілік соғысқа келгенде дәл сол идеологтар "Не забудем, не простим" сықылды ұрандарды көтереді. Тарихқа осылай іріктеп қарау ұлттық тұғырдан сыртқы ықпалдың үстем тұрғанын меңзейді.
Басқасын былай қойғанда Кеңес Одағын дүр сілкіндірген Желтоқсанды ресми құжаттарда "оқиға" деп атау әлі күнге шейін бар. Кездейсоқтық емес, Желтоқсан көтерілісінің тарихи маңызын әдейі кемсітіп түкке тұрғысыз етіп көрсетудің қасақана қамына ұқсас жағдай. Айта кетерлігі – әу баста сол "Желтоқсан оқиғасы" ұғымын саяси сөздікке енгізген КСРО идеологтары еді.
Қарап отырсақ, көзі ашық, намысын жоғалтпаған кез-келген ел өзінің тарихын мақтан тұтады. Оны өз азаматтарына насихаттап қана қоймай, қоршаған әлемде де орнын сол арқылы бекітеді. Француздар Ұлы француз революциясы, Қытайлар Ұлы қытай қорғаны арқылы. Орыстарға келсек несі болмасын бәрін ұлыға теңейді: революциясын, тілін, әдебитін, жазушыларын... Қазаққа ғана келгенде мүләйімсу бар. Басқаға жалтақтап, өзін кем санау, бөгденікін керемет көріп, өзінікін менсінбеу қанға сіңген. Тіпті патритоттардың өз елінің туын өз үйінде ілгені үшін немесе өз жерінде жүріп өз тілінде қызмет талап еткені үшін сотталғаны миға кіріп-шықпайды. Алайда бүгінгінің осындай ащы шындығы – қазақ қоғамының әлі де отарлық сана-сезімнен шыға алмай отырғанының белгісі.
Бұның бәрі өздігінен болып отыр дегенге сену қиын. Физиканың ешнәрсе жоқ жерден пайда болмайды деген заңдылығы бар. Өз алдына криминилистикада қандай да істің төркінін білгің келсе, ол кімге тиімді екенінен баста деген қағидат бар. Тек біздің жағдайда мәселенің құны аса зор – қазақтың амандығы. Тамырынан айрылған ағашты құлату қаншалықты жеңіл болса, болмысын жоғалтып, адасқан халықты тізе бүктіру де соншылықты оңай түсетіні баршаға аян.
Ойға Комсомолдың 100 жылдығына арналған науқан келеді. Қазақстанда оны еске алам деушілер өздігінше қарапайым атап өтсе мейлі. Алайда дүрілдеген той сипатында өткізу үшін оған орталық концерттік сарайлар оңай беріле салғаны алаңдатты. Сахнада Ленин мен Рухани жағыру логотипі көрші тұруы когнитивті диссонанс тудырды. Әншейінде жер мен тіл жанашырларын мәдениет ошақтарына жақындату тұрмақ, көшеде жиналуына мұрсат бермейтін әкімшілік "бессмертный полкке" келгенде ондаған қалаларда орталық алаңдарды босатып беретін әдетін ақыл-есі дұрыс адамға түсіну қиын. Ал екі ортада құрдымға кеткен тоталитарлық идеологияны мектеп балаларына дәріптеуді оларға жасалған қиянат деп бағалау артық айтпағандық.
Қосшыдан қосшы туады
Кеңестік заман құрсауынан шыға алмай және бұнысымен шынайы Тәуелсіздіктің табалдырығын аттай алмай отырған аянышты күйіміз осы. Әзірге дейін ресми мәлімдемелерде пост-советтік кеңістік деген атауды қолданудың өзі соның бір айғағы. Мәселен, азаттығын алған Еуропа елдері өздерін пост-нацистік кеңістікке, иә Ресей өзі мемлекетін пост-Алтын ордалық кеңістікке енгізсе ерсі естілер еді ғой. Бізде ол – үйреншікті жағдай.
Жекелеген лауазым иелеріне қалыптасып отырған ахуал ыңғайлы көрінуі ықтимал. Әйтсе де, бөлшектенген, күнделікті өмірі күнкөріс қамына айналған қоғамның кез-келген биліктің ешқандай тірегі емес, шешуші сәтте соры екендігін түсіну қажет.
Екіншіден, қазақта екі қайықтың басын ұстаған суға батады деген нақыл бар. Сол қазақтың бүгінгі жағдайы екі емес, бірнеше қайықты ұстап қалуға тырысқан тірлікті елестетеді. Рас, қысқа мерзімде Кеңес Одағын аңсаушы аудитория ұлт-азаттық, демократиялық құлшыныстарды тежеуі мүмкін (Қазақ тілі, Әділ қоғам орнату, Еуразиялық Одақтан шығу, Батыс және Түркі әлемімен жақындасу т.б.). Бірақ аталған пайым алдамшы. Украинаның қасіреті айтылғанға дәлел. Ендеше орыстілді отандастарды бауырға баса алмағанымызға руханият саласында тиянақты саясаттың жүргізілмеуі, билік басындағылардың өздері лайықты үлгі бере алмағаны себеп. Бұған тілі кемсітілген, тарихы бүркемеленген қазақ қауымы қанағаттанбасы түсінікті.
Үшіншіден, ертелі ме, кеш пе табиғи, демографиялық, қоғамдық үрдістердің нәтижесінде қазақтың мүддесінің әйтеуір төрге шығатыны анық. Олай болса, ескілікке жармасқанша, саяси элиталардың қазақилыққа бет бұрғаны заман талабы. Керек десеңіз, халқымен бірге болу олардың саяси өміршеңдігінің, ұрпақтар жадында оң бағаға ие болуының амалы.
Төртіншіден, Қазақстанды Орыс әлемі емес, Түркі-Қазақ өркениеті деп тану Ресеймен түпкілікті қол үзуді білдірмейді. Керісінше өзара қатынастар дамысын, өрлей берсін, бір ғана шарт мызғымайтын болса, бүгінгідей біреуі – басшы, екіншісі – қосшы емес, халықаралық құқық бойынша тең дәрежелі, бір-бірінің ішкі істеріне қол сұқпайтын, аумақтық тұтастығын құрметтейтін және әділ ынтымақтастыққа дайын серіктестік. Сонымен қатар Қазақстан сыртқы байланыстарында Ресеймен тұйықталып қалуы (ғаламдық экономиканың болғаны 1,5 пайызы) үлкен қателік. Ал енді бүгінгі Кремльді жарты әлеммен араздасып, апат алдындағы кемеге ұқсатар болсақ, оған байланған Қазақстанның ертеңі мүлде қауіпті. Олай болса қоршаған әлеммен ықпалдасу – тұрақты алға басудың да, қауіпсіздікті нығайтудың да баламасыз жолы.
Әр елдің жасампаздығы – төл жеңістері мен ерліктерін құрметтеуден басталады. Ал енді Тарихына отарлаушының көзімен қараған елдің болашағы қараң. Жүз жерден тәуелсізбін деп кеудесін қаққанымен оның азаттығы да сағым іспеттес. Олай болса, басты сұрау кімнен болмақ: алдап-арбаушы азшылықтан ба әлде алдануға көнгіш көпшіліктен бе? Жүз жыл бұрын "Ұйқыдағы ұлттар түбі құрып тынады не құл боп оянады" деген өсиет қалдырып еді Ұлы Мұстафа Кемел Ататүрік күллі Түрік баласына, оның ішінде қазаққа. Сорақысы сол – Отанында 70 пайыздан асқан қазақ баласы "менің қолымнан не келеді?" деп летаргиядан шыға алмай жатыр.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🏫 Смена электронных дневников в школах Казахстана: поиск лучших решений или борьба за рынок?
- 3357
- 4
- 30
-
2🎶 Как интересно провести выходные 16 и 17 ноября в Алматы и Астане
- 3209
- 0
- 6
-
3👀 Премьер Армении Никол Пашинян сбрил бороду
- 2827
- 7
- 37
-
4👮♂️ 6 лет колонии за взятку в 600 тысяч тенге получил экс-глава ДСЭК Шымкента
- 2416
- 2
- 18
-
5👨⚖️ Фигурантам дела о хищении 862 млн тенге при модернизации ураноперерабатывающего предприятия вынесли приговор
- 2542
- 1
- 18
-
6⛅️ Прогноз погоды на 15 ноября: небольшое потепление ожидается на всей территории Казахстана
- 2643
- 0
- 3
-
7✈️ В Кутаиси и Стамбул от 25 тысяч тенге: казахстанские авиакомпании объявили распродажу билетов
- 2277
- 1
- 4
-
8🇰🇷 Тяжёлое испытание: в Южной Корее сдают экзамен, который длится 8 часов и определяет будущее
- 2228
- 0
- 22
-
9👨⚖️ Многодетной матери из Конаева отказали в выдаче жилья из-за ипотеки на квартиру площадью 66 квадратов
- 2215
- 0
- 33
-
10💲Курс доллара снова вырос на бирже 14 ноября
- 2320
- 3
- 11