Тек осылардың алдыңғы қатарында, бәлкім, ең бір сорақы да қауіпті түрі сайлауларға қатысты айтылады.
Өзіміз үлгі тұтқан өркениетті әлемде сайлау – маңызды да жауапкершілігі зор шара болып табылады. Әсіресе мемлекеттің басшысын таңдағанда әлеумет онымен өзінің һәм ұрпағының тағдырын, елінің қауіпсіз әрі жарқын болашағын байланыстырады. Сол себепті, осы жоғары мансап үшін бәсеке жарысқа ең мықты деген, парасаты мол, халықтың сеніміне лайық тұлғалар түседі. Өз кезегінде қатардағы азаматтар әрбір үміткерді мұқият зерттеп, одан өзін мазалаған сұрақтарына тұщымды жауап алып барып, ой түйгенде ғана дауыс беру туралы өз шешімін қабылдайды.
Өкінішке қарай, бұл тұжырымның бүгінгі Қазақстанға қатысы шамалы.
Ең алдымен құқықтық мемлекеттерде кез-келген сайлаулар жаңашылдық үшін өткізіледі. Қыстың орнын көктем, ал түннің орнын күн басатындай қоғамның уақыт өткен сайын өзгеріп тұруы табиғи заңдылық. Басқаша болғанда тұйық су секілді іштей ластанып иістене бастайды, өмірге қолайсыз, тіпті зиянды қалыпқа көшеді. Сондықтан, белгілі бір мерзім елді басқарған тұлға берген уәделерін іске асырып қолдан келгенін істейді. Тірі жан болғаннан кейін күндердің күні оның да күші сарқылады, идеялары таусылады. Сол кезде оны тың ойларымен халықтың сеніміне ие болған жаңа үміткер алмастырады. Тиісінше, демократиялық қоғамдарда бір тұлғаның ел басында отыру мерзімі қатқыл шектелген. Қарап отырсақ, адам игілігін басты орынға қойған ұлттардың бәрі осы қағидатты ұстанған. Қайтадан басқаша болса, ондай орта ертелі ме, кеш пе авторитаризм мен тоталитаризмге, оның соңы репрессия мен жемқорлыққа ұрынып жатады.
Үміткерлер мен қуыршақтар
Сайлаудың өзі таңдау дегеннен келіп шығады. Ол үшін бірнеше тәуелсіз үміткерлердің болуы, олардың әрқайсы өз басымдықтарын, қордаланған түйткілдерді тарқатуға қатысты көзқарасын, болашаққа деген бағдарын ұсынуы шарт. Олай болмаған жағдайда сайлаудың басты мәні жоғалады. Рас, шартты түрде бізде де балама үміткерлер табылып отырады. Бірақ, біреуіне қылмыстық іс қозғау, екіншісіне салықтан жалтарды деген айып тағу секілді сылтаулармен ықпалды тұлғалардың біреуі де додаға жіберілмейді. Олардың орнын әйтеуір қара болсын дегендей әлсіз ойыншылар басады. Сырт көзге Қазақстанда сайлаулар балама түрде өтті деу үшін әлгілерге тиісті жағдай туғызылады. Нәтижесінде ана тілінен жұрдай үміткер қазақ тілінен емтиханнан еш сүрінбей өтеді немесе кеше ғана көпшілікке беймәлім үміткер әп сәтте облыстардың жартысы мен республикалық маңызы бар қалаларда 100 мың адамның қолын жинап шыға келеді. Дәлел ретінде президенттік сайлауға Нұрсұлтан Назарбаевтан басқа кімдердің түскенін еске алып көріңіз.
2015 жылғы сайлауға түскен Халықтық коммунистік партиясының өкілі Тұрғын Сыздықов 1,6 пайыз, ал Кәсіподақ федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов 0,64 пайыз дауыс жинап, сол ешбір адамға танылмаған күйде қалды. Сондай-ақ, 2011 жылы президенттікке үміткер Мэлс Елеусізов өз дауысын қарсыласына беріп, тарихта болмаған жаңалық жасады. Өзі басқа үміткерді қолдайтын болса, президенттік жарысқа түсіп не бар еді ұятқа қалып?
Қысқасы, басқалардағы сайлау жаңашылдық пен өзгерістер үшін жүргізілсе, бізде оның негізгі міндеті тура қарама-қайшы күйде, ешнәрсе өзгермей ескі қалпында қала беруі. Ол дегеніміз дамудың жоқтығы, қоршаған әлем ілгерілеп жатқанда бір орында тоқырау, тіпті кері шегінуді білдіреді.
Маңызды алғышарт – демократияның негізгі тетігі болғандықтан сайлау Конституцияға сәйкес өту керек. Себебі, тиісті процедураға қоғамның өзі, билікке ұмтылған саяси қозғалыстар мен партиялар дайындықпен келуі, ал билік басындағылар әділ ойын ережелеріне бағыну қажет. Керек десеңіз сайлаудың жоспарға сәйкес өтуі сол елдің тұрақты да өзіне сенімді екенін, Конституциясы мен заңдарына құрметпен қарайтынын меңзейді. Сондықтан, тіпті Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Америка болсын, Ұлыбритания болсын сайлауды заңмен бекітілген шағында өткізген.
Біздегі жағдай, өкінішке қарай, қайта басқаша. Тіпті уақтылыдан гөрі кезектен тыс президенттік немесе парламенттік сайлаулардың Қазақстанның саяси дәстүріне айналғаны қай заман. Оған етіміз де үйреніп кеткен. Осындай шешімге негіз болған дәйектердің өзі неге тұрады: "Алда дағдарысты жыл келе жатыр және оған дайындықпен келу үшін сайлауды ертерек өткізген дұрыс", "Биыл ұйымдастырып жіберуейік, келесі жылға дейін күтудің қисыны шамалы" деген секілді.
Алдамшы бірауыздылық
Әдетте тиісті бастамаларға Қазақстан халқы ассамблеясы, түрлі қоғамдық ұйымдар мен еңбек ұжымдары мұрындық болады. Сайлау десе ішкен асын жерге қойғыш депутаттардың тіпті өздерін мерзімінен бұрын таратып жіберуді өтінген сәттер кездесті. Неткен жанкештілік. Сол сияқты 2015 жылғы ақпанда Парламенттің төменгі палатасы – Мәжіліс мерзімнен ерте сайлау өткізу туралы мәлімдемені бірауыздан мақұлдады. Ізінше жоғарғы палата – Сенат аталған бастаманы дауысқа салғанда 41 депутат қолдап, біреуі қарсы шыққаны бар ма. Сөз болған өркениетті әлемде парламентте ұсынылған шешімге көпшілік наразылық танытса да, бұл қалыпты жағдай. Бізде бір қарсы дауысқа бола Сенат төрағасы техникалық ақауларға сілтей отырып қайта дауыс беруді ұсынды. Ақыры Мәжілістен қалыспай Сенат та 100-пайыздық қолдау танытты.
Сайлау науқанының үміткерлер үшін теңдей өтпеуі, биліктің бар күш-қуаты, баспасөз, зиялы қауым, әнші, спортшылардың үгіт-насихаты тек бір адамның сойылын соғуға жұмсалуы өз алдына бөлек әңгіме. Жалған бюллетендерді сайлау жәшігіне тастау, басыбайлы мұғалімдерді сайлау учаскелерінде жүгіртіп қою, оның нәтижесінде жиналған дауыстарды жабық есік жағдайында санау тағы бар. Жағдайды футболмен салыстырар болса, алаңдағы қос топ шын мәнісінде бір команда болып шықса, олар бір ғана қақпаны нысанаға алса, төреші ойын ережелерін емес, ойыншы-сымақтарды жақтаса, ал қақпашы ұйықтап жатса, не болмақ? Рас, қақпаға ондаған тіпті жүздеген гол соғылуы мүмкін, тек ондай дода қызығы мен мағынасынан айрылары хақ.
Жүз рет естігеннен гөрі бір рет өз көзіңмен көрген артық деген сөз бар. Хадисте адамға өтірікші болу үшін естігеннің бәрін әрі қарай тарата берген жеткілікті делінген. Сол айтпақшы, ендігі бір күмәнді жәйт сайлауға қатысқандардың саны турасында. Мәселен, сайлау науқандары өте қызу өтетін, желісі шытырман, ал азаматтары айрықша белсенді болып саналатын батыс елдерінде бұл көрсеткіш әдетте 50-80 пайыздың айналасынан шықпайды. Мәселен, соңғы сайлауларда ол АҚШ-та 55, Испанияда – 66, Ресейде – 67, Ұлыбританияда – 68, Жапонияда – 69, Германияда – 76, Францияда – 77 пайызды құраған. Ал, енді нәтижесі әу бастан белгілі, қандай да интрига мен тартыстан ада Қазақстанда 2015 жылғы сайлауға қатысқандардың үлесі ресми деректерге сенер болсақ, 95 пайыздан асып түскен. Қалайша? Бұл мағлұматты ашықтықтың жоқтығына, науқан аяқталысымен дауыс беру бюллетендері жандырылып жіберілуіне қарағанда тексеру де, оған сену де қиынның қиыны. Қалай болғанда да сол кезде достарым, туыстарым, көршілерім арасында кішігірім әлеуметтік зерттеу жүргізген едім. Сұрақ біреу болды: Сайлауға қатыстыңыз ба? Шамамен елу адамның арасында "Иә" деп жауап берген бірі болмады. Марстан келгендер болмаса әлгі 95 пайыздың шығу тегіне басқа нанымды себеп табу қайта қиынға соғады.
Жаңа-ескі сайлаулар
Аталған келеңсіздіктерге көзіміз баяғыда үйреніп қалды. Ұсынылған ойын ережелерін көпшілік дұрыс деп таппаса да, мойындайды, ар-ұжданына тисе де, ат салысады. Бірақ, бұл халықаралық қауымдастықтың да теріс пікірді ұстанатынын білдірмейді. Сондықтан, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, "Хьюман Райтс Уотч", басқа да ықпалды ұйымдардың Қазақстанда тәуелсіздік алғалы бері ешқашан ашық әрі әділ сайлаулар болмаған деген мәлімдемелеріне ренжімеген абзал. Сайлау алдындағы үйіп-төгіп берілген уәделер әйтеуір орындалмайды, ұйқыдан оянған бойда ұмытылады.
Алайда, осындай аты бар да, заты жоқ сайлаулардың өзі лауазым иелеріне ұнай бермейді. Ендігі кезекте сайлаудың өзін жоққа шығару әрекеттері байқалады. Негіздемелері де керемет: Бүкіл халық қазіргі президентті онсыз да қолдаса, сайлаудың қажеті жоқ. Лауазымын ұзартайық та сайлауға жұмсалатын қаржыны үнемдеп ел игілігіне жұмсайық. Қалай айналып кетпеске?
Әңгімені түйіндей келгенде түсінетін жәйт – демократия дегеніміз халық тағдырын өзі шешуі. Оның негізгі көздерінің бірі әділ, ашық және тең сайлаулар болып табылады. Ашығын айту керек, біздегі сайлаулар аталған талаптарға сай келмейді. Демек, өзінің басты міндеті – жаңашылдық пен алға басудың алғышарты бола алмайды. Бұны ертеректе болған сайлаулардың нәтижесінен айқын көруге болады. Тиісінше қазіргі орныққан жүйеде сайлаулар ағымдағы 2019 жылы өте ме, иә болмаса басқа жылы өте ме, одан әлдебір тың да игі өзгерістерді күтудің жөні шамалы.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎄Новогодние скидки: билеты на поезда по выгодным ценам распродают в Казахстане
- 5834
- 1
- 4
-
2❓День потрачен впустую: кто виноват и что делать, если доставка задерживается
- 5685
- 3
- 18
-
3⚡️Дмитрий Мун стал вице-министром цифрового развития, инноваций и аэрокосмической промышленности
- 2419
- 5
- 90
-
4❓В НИИ онкологии и радиологии Алматы бесплатно проконсультируют жителей
- 2421
- 0
- 7
-
5⁉️Чем известна Перизат Кайрат, возглавлявшая фонд BizBirgemiz Qazaqstan?
- 2340
- 15
- 42
-
6🤑Размеры двух пособий вырастут в Казахстане в 2025 году
- 2440
- 4
- 16
-
7🌤 Прогноз погоды на 23 ноября: осадков не ожидается на всей территории Казахстана
- 2433
- 0
- 6
-
8⚠️Легковушка столкнулась с маршрутным автобусом на автомагистрали в Караганде
- 2221
- 1
- 17
-
9⭐️Сверхгигант, прячущийся в "коконе": астрономы сделали первый крупный снимок звезды из другой галактики
- 2184
- 1
- 13
-
10🇺🇸Как хотят справиться в США с бюрократией: меньше бумажек – больше дела
- 2158
- 1
- 21