Ресми өкілдерді не тәуелсіз емес баспасөзді оқысаңыз, дәл осындай сезімде боласыз. Аймақтың көшбасшысына айналу, дамыған 30 елдің қатарына ену сияқты бағдарламар Отанымыздың болашағына деген сенімді нығайтатыны өз алдына.
Дей тұрғанмен қазақтың шын мәнісіндегі тыныс-тіршілігі, онымен бірге азаматтарының өмір сапасы айтылғандай жарқын екеніне күмән баршылық. Теледидардан көріп-естігеніміз бір бөлек те, күнделікті тұрмыста ұшырасатынымыз бір бөлек. Осындайда мәселенің анық-қанығына жетудің ұтымды жолы әлем елдерін бір-бірімен салыстырып бағалаушы рейтингтер жүйесіне жүгіну. Аталған тәсілдің біз үшін қосымша құндылығы өзіміздің жауапты мекемелер ақиқатты жасыруында немесе оны бүркемелеп біржақты көрсетуге тырысуында. Билікке тәуелді болғаннан кейін оған жағынғысы келетін статистикалық орындардың салғырттығын тусінуге де болар. Бірақ мемлекеттік мүдде турғысынан орын алған дағды түбі жақсылыққа апармасы анық.
Қазақстан жайлы рейтингтер нендей сыр шертеді?
Алдымен жағымды жаңалықтардан бастасақ. Бугін әлемде 193 ел Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі болып табылады. Осы қауымдастықтың ішінде, халқының сауаттылығы бойынша біз мақтан тұтарлық 11 орында келе жатырмыз. Салыстырма үшін: бізден кейін Ресей (15 орын), Канада (26 орын), Франция (31 орын) және АҚШ (44 орын) секілді мықтылар тұр.
Табиғи байлықтары бойынша да Қазақстан 11 орында. Расталған мұнай қоры 30 млрд баррель, табиғи газдікі – 1,3 трлн текше метр, көмірдікі – 33 млн тонн. Бұның нарықтағы жалпылама құны 6,8 трлн долларды құрайды (мыс, мырыш, темір, уран, басқа байлықтарды елемегенде).
Алып жатқан аумағы бойынша Қазақстан әлемде 9 орында тұрғанын көпшілік онсыз біледі.
Ал енді осынау зор әлеует иесі оны қалай кәдеге асырып отырғанына тоқталсақ. Бірінші кезекте кез-келген ұлттык экономиканың шешуші көрсеткішіне назар салайық. Ғаламдық бәсекелестікке қабілеттілік рейтингінде Қазақстан жыл сайын ұпайын жоғалтумен келе жатқанын байқаймыз. Атап айтқанда, Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметінше 2015 жылы біздің Отанымыз тиісті тізімде 42 орында болса, 2016 жылы 48 орынға, 2017 жылы 57 орынға, ал 2018 жылы 59 орынға дейін шегінген. Көшбасшы отыздыққа кіреміз деп жүргендегі қалпымыз осы.
Ресми деректерге сәйкес бүгін Қазақстанда орташа жалақы айына 157 мың теңге немесе ағымдағы бағаммен 425 долларды құрайды. Сондағысы қатарынан табылуға тырысқан "Топ 30" елдерінде ең төмен орташа жалақы көрсеткіші 1460 доллар. Басқаша айтқанда, бізден үш жарым есе көп. Дегенмен әлгі 157 мың теңгелік орташа жалақының өзі қалайша есептеліп шығарылғаны қоғамның, тіпті премьер-министрдің күмәнін туғызды. Ол жайлы төменіректе сөз болады.
Жолдардың сапасы бойынша Қазақстан 115 орында тұр. Экономикалық дамуды, аймақаралық сауда мен транзитті тежейтіні өз алдына бұл адамдарың өміріне тікелей әсер етуші алғышарт. Дуниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуінше жол апаттарының құрбандары бойынша Қазақстан ең жоғарғы көрсеткіштердің біріне ие. Әлемде 100 мың адамға шаққанда онысы орташа 17,4 болса, бізде 24,2. Мысал үшін: артта қалған Африка елдерінде ол 26,6.
Демократияның даму деңгейі бойынша Қазақстан 141 баспалдақта жайғаскан. Сөз бостандығының шектелеуі бойынша 158 орын. Жоғарғы биліктің ауыспауынан 4 орын.
Сонымен қатар мемлекеттің қауқарсыздығы санатында Қазақстан 113 орынға ие. Әскери әлеуеті бойынша 50 орын, жемқорлықтың алдын алу – 140, банктерінің тұрақтылығы – 120, жекеменшік құқығының сақталуы – 83, аудит пен есеп беру стандарттарының сапасы – 100, банкроттық – 64, макроэкономикалық тұрақтылық – 62, зияткерлік меншіктің қорғалуы – 74, соттардың тәуелсіздігі – 79, әлеуметтік даму – 71, әлемдегі мәдени ықпалы жағынан 76 орындамыз.
Қойшы көп болса, қой арам өледі
Ендігі "жетістік" – жан басына шаққандағы полицейлер саны. Ол бойынша Ватикан, Макао, Бруней сықылды ұсақ та өзіндік ерекшелігі бар елдерді елемегенде Қазақстанды көшбасшылар қатарына енгізуге болады. Нақтылағанда бізде 100 мың адамға орташа 445 полицей келеді екен.
Сорақысы сол, соншама тәртіп сақшыларының елдегі қылмыстың алдын алуға әсері байқалмайды. Мәселен, қайтадан БҰҰ мәліметтеріне жүгінетін болсақ, адам өміріне төнген қауіп-қатер деңгейі төмен елдердің арасында Қазақстан 138 орында көш соңында келеді. Бұл соғыстан 50-60 жыл бойында көз ашпай келе жатқан Ауғанстан мен Палестинаға жақын көрсеткіш.
Қалай болғанда күштік құрылымдарға келгенде мемлекет ақшасын аямайды. Бірақ денсаулық сақтау саласына қатысты ондай жомарттық байқалмайды. Оған бөлінетін қаражаттың үлесі бойынша 190 елдің ішінде Қазақстан ұятты 153 орында тұр. Олай болса ЮНИСЕФ бағалауында сәбилердің өлімі бойынша 184 ел ішінде Қазақстан 122 орында тұрғанына таңғалудың да қажеті жоқ. Ал орташа өмір ұзақтығы жағынан 123 орын, бұл да – Африка елдеріне тән құбылыс. Суицид, яғни өзіне қол жұмсау жағынан рейтингте Қазақстан алғашқы ондыққа кіреді. Денсаулыққа қоршаған ортаның тазалығы, ауа, су, азық-түлік сапасы зор әсер ететіні мәлім. Бұнда да Қазақстанның көрсеткіші мәз емес: экологиялык тұрақтылық – 99 орын.
Өмір сапасының ендігі алғышарты салауатты өмір салтымен байланысты. Сорақысы сол, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше арақ-шарапты тұтынудан Қазақстан 34, ал темекі тартудан 13 орында келеді. Нақты сандармен көрсетер болса, орташа Қазақстан азаматы жылына арақпен санағанда 25 шиша тұтынып, жүз қорап темекі тартады.
Сан мен сапа демекші, ұқсас жағдай білім беру саласында қалыптасқан. Жан басына шаққандағы жоғарғы оқу орындар (18 миллион тұрғынға 122 университет пен институт) саны бойынша Қазақстан 6,8 коэффицентіне ие. Алғаш қарағанда қуантарлық жәйт сияқты көрінеді. Дамыған Батыс Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 2,5 пен 4 аралығында, ал Жапонияда – 4,3. Алайда мәселенің сапалық жағын қарастыратын болсақ, кері нәтижеге тап боламыз – әлемнің үздік жоғарғы оқу орындарының алғашқы мыңдығында бір де бір Қазақстан оқу орны жоқ.
Алаңдаушылық туғызатыны осындай келеңсіз көрсеткіштердің өзі емес, оларды түзетіп шешудің деңгейі. Көп санаттар бойынша жағдай жақсару орына жылдан жылға нашарлап жатыр. Айталық, әзірге қойдын санынан (15,7 миллион) 25 орын нашар көрсеткіш емес. Алайда еліміз 1990 жылдардағы әлеуетін ең болмаса сақтап қалса (35,7 миллион), бүгінде алғашкы ондыққа кірер еді. Бұл санатта сол 1990 жылдары 5-ақ миллион қойы болған Өзбекстан бүгінде бізді қуып жетті. Аталған мерзімде Қазақстанда сондай-ақ түйенің басы 1,5 миллионнан (әлемде 3 орын) алты есе қысқарып алғашқы ондыққа, ірі қара мал бойынша Топ-50-ге әрең ілігіп отырмыз.
Бай елдің кедей тұрғындары
Жалпы, кез-келген рейтинг пен статистикаға көз жұмып сене салуға болмайды. Әсіресе ондай қызметтер мен агенттіктер билікке тәуелді елдерде болса, күмән көбейеді. Себебі шенділер шынайы жағдайды жасырып, оны әсемдеп жеткізу үшін түрлі қитұрқы тәсілдерді пайдаланады. Мысал үшін мақала басында сөз болған 157 мыңдық орташа жалақыны алайық. Қолданыстағы арифметикалық методикада белгілі мерзімде ол елдегі жалпы жалақы көлемін еңбекшілердің санына бөлумен анықталады. Бұнда миллиондап табыс алатын олигарх та, 40-50 мың алатын санитар мен диқан да бірдей қаралады. Бұл тәсілді әділ есептеу деуге келмейді. Бұған қарымта өркениетті елдерде есептеудің медиандық әдістемесі қолданылады. Оған сәйкес орташа жалақы – елдегі еңбекшілер жартысының орташа табысынан жоғары және қалған жартысының орташа табысынан төмен көрсеткіш болып табылады. Аталған әдістеме бойынша Қазақстандағы орташа жалақыны есептер болсақ, ол 157 мың емес, шамамен 115 мың теңгені құрайды.
Шыны сол, кей кездері осындай олқылықтарға халықаралық бағалаушылар да бой алдырады. Былтыр америкалық Global Finance басылымы 149 мемлекетті байлығына қарай салыстыра келе Қазақстанды 54-ші, яғни орташа санатқа жатқызды. Бөркімізді аспанға лақтырмасақ та, қанағат тұтарлық нәтиже. Дәл сол уақытта швейцариялық Credit Suisse өз рейтінгінде Қазақстанды ең кедей елдердің қатарына қосқан. Баға берудегі бұндай алшақтықтың себебі қайта сол баяғы есептеу әдістемесіне келіп тіреледі. Өйткені Global Finance сарапшылары жан басына шаққанда Жалпы ішкі өнімді алға тартса, Credit Suisse тұрғындарының жылдық табысы 5 мың доллардан аспайтын елдерді (орташа әлемдік деңгейден 10 есе төмен көрсеткіш) негізге алған.
Көріп отырғанымыздай, жалпы ішкі өнім мен азаматтардың өмір деңгейі өзара байланыссыз болуы мүмкін. Ал енді елінің байлығын халқы сезінбесе, өйтіп дамығаннан не көксеген өркениетті мемлекеттердің 30-ғына кіргеннен не пайда? Әлде 2050 жылға дейін күткен шарт па?
P.S. Әттең, халықаралық ұйымдар жан басына шаққанда өткізілетін тойдың саны, оларға жұмсалатын қаржы мен алынатын несиелердің көлемі сынды рейтингтер ойлап таппағаны. Ондайлары бола қалса, жетекші елдер қатарынан табыларымыз күмән туғызбайды.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎄Новогодние скидки: билеты на поезда по выгодным ценам распродают в Казахстане
- 5805
- 1
- 4
-
2❓День потрачен впустую: кто виноват и что делать, если доставка задерживается
- 5634
- 3
- 18
-
3⚡️Дмитрий Мун стал вице-министром цифрового развития, инноваций и аэрокосмической промышленности
- 2415
- 5
- 90
-
4❓В НИИ онкологии и радиологии Алматы бесплатно проконсультируют жителей
- 2416
- 0
- 7
-
5🤑Размеры двух пособий вырастут в Казахстане в 2025 году
- 2432
- 4
- 16
-
6🌤 Прогноз погоды на 23 ноября: осадков не ожидается на всей территории Казахстана
- 2417
- 0
- 6
-
7⚠️Легковушка столкнулась с маршрутным автобусом на автомагистрали в Караганде
- 2216
- 1
- 17
-
8⭐️Сверхгигант, прячущийся в "коконе": астрономы сделали первый крупный снимок звезды из другой галактики
- 2180
- 1
- 13
-
9⁉️Чем известна Перизат Кайрат, возглавлявшая фонд BizBirgemiz Qazaqstan?
- 2331
- 15
- 42
-
10🇺🇸Как хотят справиться в США с бюрократией: меньше бумажек – больше дела
- 2151
- 1
- 21