Алуан атаулар
Қазақстандағы ең ірі жасанды су қоймасы саналатын Бұқтырма ұзынынан төрт жүз жиырма бес шақырымға созылып жатыр. Осы аралықта айдын астынан тоннель қазуды айтпағанда үстін көктеп өтетін көпір жоғы жанға батады. Жүргіншілер екі тұста шығыс пен батыс жағалау арасына паром арқылы қатынайды.
Алтай қойнауындағы ағайынның күні қараған паромдарға жарты ғасырдан асты. Жүзгенінен бұзылуы жиілеген. Көкпекті мен Күршім арасын жалғайтын екі паромның бірі істен шығып қалғанда дағдарған жұрттың дауысы ел астанасына дейін жетсе керек. Президент Тоқаев твиттердегі парақшасына "тездетіп көпір салу қажет" деп жазды. Облыс әкімі жауап ретінде бұл құрылысқа 34 миллиард теңге керектігін, ондай қаржы облыстық бюджетті қанша қаққыласа да шықпайтынын айтты.
Иә, көпір салу оңай емес. Бірақ, біз салдық. Бір күн емес, он минутта. Өзеннің екі жағалауын емес, ауланың іші мен оның дуалының төбесін жалғадық. Басқа емес, мысық жүруі үшін.
Аулаға келіп, күнделікті екі рет тамақ ішіп кететін мысық бар еді. Асыранды емес. Көшеден құртақандай кезінде өзі келген. Одан кейін ит алдық. Оны да байлап ұстауға қимадық. Мысық тамақ ішіп болғанша иттен қорып тұрамыз. Тамағын ішіп, алдыңғы аяғымен бет-ауызын сипап, тазаланып болған соң екеуінің арасын еріктеріне қалдырып, үйге кіреміз. Сол кезде ит анаған тап береді. Мысық болса біз жасап берген көпірмен дуалға шығып үлгереді. Жіңішке тақтаймен жүре алмайтын иттің аузы аңқайып қалады. Кешкі тамаққа мысық осы арқылы түседі. Сондықтан бұл құрылғыға "мысық көпір" деген ат бердік.
Қазақстанда атаулы көпір баршылық. Қазір әрбір қалада "Махаббат" немесе "Ғашықтар" көпірі бар. Оны алғаш жиырма жылдай бұрын Будапешт қаласынан көргенбіз. Дунай үстіне салынған екен. Еліктегіш ел емеспіз бе, бізге де жетті. Үйленуге уәделескен жастар берік махаббаттың белгісі ретінде ондай жерге өз құлыптарын салып, кілтін суға лақтырып кетеді. Бұрын болмаған дәстүр еді, қайтерсің! Бірақ, ажырасудан әлемнің алдына түскенімізді ойлағанда, оның пайдасы шамалы сияқты.
Оқи отырыңыз: У шығарған шу
Ал енді атауы әлемде кездеспейтін көпірлеріміз бар. Затынан пайда болмаған "Ғашықтар" көпірін көшіргенше, қайталанбас тарихы бар өзіміздікін насихаттау керек.
"Қатын көпір" атауын шымкенттіктер жақсы біледі. Кезінде бұл қала іші емес, оның сыртындағы колхоздың жері болған. Жайшылықта момақан Қошқарата өзені тасыған кезде екі жақтағы ел қатынаса алмай қалады.
Онда өткен ғасырдың отызыншы жылдарының тұсы. Кеңес Одағы құрамындамыз. Экономиканың жоспарлы уақыты. Ауыл шаруашылығының астық, мал өнімі белгіленген мерзімде және мөлшерде өткізілуі керек. Оған тасыған өзен бөгет болыпты. Жоғары жақ "жоспар неге орындалмай жатыр" десе, "судан өте алмадық" деп жауап бергеннің басы кетпесе де, Сібірге айдалатыны анық. Не істерін білмеген колхозшылар арасынан бір әйел суырылып шыққан. Аты да ұмытылмаған – Тәті. Суға кетсе соңында жоқтайтын, жылайтын бала-шағасы болмаса керек. Сондықтан арынды ағыннан қорықпай, көлденең қос бөрене қойып, араларына ағаш төсеп, жаяу адам тұрмақ өгіз арба өтетін көпір салыпты. Ол беріде қаншама рет жаңаланғанымен "Қатын көпір" аты сақталған.
Мұндай бір адамның көпір салуы Кеңес Одағы тұсында Талдықорған облысының Кербұлақ ауданында және болған. Колхоз қойшысының қаладағы қызы Алматы үй құрылысы комбинатының ағаш шеберіне күйеуге тиген. Күйеу бала қалалық екен. Қырға шығып, мал көрмеген. Алғаш рет қайыншылап келгенде бір отар қойды көріп таң қалыпты. Одан да таң қалғаны – әлгі отардың ерте мен кеште қораның іргесіндегі өзенді жалдап өтетіні. Естіген елдің айтуынша, күйеу бала "мыналардың топылайы су болды ғой" деп жаны ашыпты. Қаланың баласы қойдың тұяғын "топылай" деп ойлаған.
Содан ертесінде қайын атасы қойын айдап өріске кеткенде бұл іске кіріседі. Қора маңында артық қалған бөрене, салдау, қалың тақтай жеткілікті екен. Құрылысшы жігіт бір күнде өзенге көпір салады. Одан колхоздың қойы ғана емес, су тасығанда бұрын әрі он шақырым, бері он шақырым айналып басқа көпір арқылы келетін жүк автокөлігі өте шығатынын көзіміз көрді. Мұны "Күйеу бала көпірі" деген қисынды шығар.
"Сайтан көпір" атауын туристің бәрі баруға ынтық, тек паром күтіп тежеліп қалатын Алтай қойнауынан естисіз. Бұл туралы Оралхан Бөкей романтикалық хикая жазған. Көркем фильм түсірілген. Хикая шындық ізімен жазылған. Колхоз жылқысын қаһарлы қыстан сақтау үшін алыс тебінге айдаймын деп Сайтан көпір аузында көшкінге тап болып, өзенге түсетін, самырсын түбінде бір апта түнейтін, қасқырды жолатпайтын жылқышы өмірде болған.
Осындай айтулы көпірлердің қасына "Мысық көпір" қосып, мәз болып отырмыз. Бұқтырманың үстінен өтетін көпірді сала алмай, отыз жыл жер шұқып үкіметіміз отыр.
Оқи отырыңыз: Жапа шеккеннің жебеушісі
Маңқиған мұнаралар
Қазақстандық немістер жаппай тарихи отаны Германияға қоныс аударған тұста бізге сол елде болып, өмір-тынысымен танысудың сәті туған. Аңсап барған қандастарын қалай қарсы алып жатыр, олар үшін атамекен қолайлы ма, бұл тұрғысында кезінде бірнеше мақаламыз шықты. Әрі астананы Бонн қаласынан байырғы Берлинге ауыстыру жұмысына талдау жасағанбыз. Сол сапарда көзімізге түсіп, көңіліміз ауған бір ғимарат туралы жазбап едік, бүгін реті келгендей.
Ол – көпір. Нақтылап айтсақ, көпірдің қирандысы. Бонн қаласының іргесінде Ремаген атты қалашықта тұрғанбыз. Кешкілік Рейн өзенін жағалап серуендейміз.
Біздің мектептегі оқулықтың бірінде "Рейн – Европаның клоакасы" деген сөйлем бар еді. Әлде Германия табиғатты бүлдіретін заманнан дамып кетті, әлде кеңестік оқулық сол кезде капитализм дүниесін мансұқтау үшін жалған дерекпен жазылды, ол жағын кім білген, біз көрген Рейн таза әрі мөлдір өзен екен.
Тура Ремагеннің іргесінде өзен жағасында қалқайып қос қарауыл мұнара тұрады. Тастан қаланған. Жалпы, бұл жерде өзен аңғар арасымен ағатындықтан тас көп. Әлгілерге қарсы жағалауда және екі мұнара тұр. Ауқымы, тұрқы бірдей. Өрттен бе, өзінің тасы сондай ма, екі жақтағысы бірінен-бірі өткен қап-қара. Ортада арналы Рейн арындап ағып жатыр. Өр мен ылдиға жүк пен жолаушы тасыған кемелер жүзеді.
Мына екі маңқиған мұнара бір кездегі көпірдің кіре берісі екен. Өзеннің ортасында бірнеше тіреу тұрыпты. Сол арқылы бұл жермен пойыз жүргізбек болған.
Көпірді Бірінші жаһандық соғыс кезінде салып, Франция жаққа қару-жарақ пен оқ-дәрі жеткізу көзделген. Бірақ, ол тұрғызылғанша майдан тынып, неміс солдаттары кері оралыпты. Одан кейін керегі болмаған. Францияға қарай теміржол тартылмай қалған. Тек жергілікті тұрғындар жаяу өтуге пайдаланып, сол жағалаудағы Ремаген мен оң жағалаудағы Эрпел қалашықтарының жиі құдаласуына жақсы болыпты. Ол да – игілік емес пе!
Сөйтіп жүргенде Германия екінші жаһандық соғыстың отын көсейді. Ақыры өзі батыс пен шығыстан қыспаққа түседі. Одақтастар әскері шабуылдап, Рейнге таяп келгенде өзеннің сол жағына бекінген герман армиясының басшылығы көпірді жаруға бұйрық берген.
Оқи отырыңыз: Сақтағаның – сары май
Тарихтың осы тұсына келгенде ойымызға Қадыр Мырза Әлидің әкесіне арнаған топтамасындағы бір өлең оралды. Ақын онда әкесін көпірге теңейтін:
Көп қой, әке, көргенің,
Көргеніміз көп біздің.
Қиындықтың керуенін
Көпір болып өткіздің.
Ақыры ажал опырып
Кетті сені, қалдым мен.
Қашқан дұшпан көпірді
Қиратады алдымен!
Өте рас сөз. Теңеу ретінде ғана емес, тура мағынасында осылай. Сөйтіп шегінген фашист армиясы өз еліндегі көпірді жарған. Бірақ, астына қойған дәрісі әлсіздеу болып, бір мөңкіпті де, 325 метрлік темір көпір қайта орнына келіпті.
1945 жылғы 7 наурызда Рейнге жеткен АҚШ әскері алдында аман-сау көпір тұрғанына қатты таңырқап, бір түнде 8 мың солдат келесі жағалауға шығып, плацдарм алады. Генерал Эйзенхауэрден "бұл көпірдің бағасы темірмен емес, алтынмен өлшенеді" деген сөз қалған.
Оған дейін америкалық қолбасшылар Рейннен өту қиын да ұзақ болмақ деп ойлаған. Соғыс күзге дейін жалғасса, Берлинге атом бомбасын тастауға ниеттенген. Осы кезде бүтін көпірге тап болып, жеңіске жету оңайлапты.
Көпірдің қирамай қалғаны Гитлердің қанын қайнатқан. Оны сатқындық деп санап, төрт офицерді өлім жазасына кесті. Оның ішінде көпірді жаруға бұйрық берген майор Ханс Шеллер бар.
Енді нысанды Гитлер армиясы зеңбіректен атып, ұшақтан бомбыланған. Ол ақыры одақтастар әскері өтіп болғанына он күн өткенде құлапты. Бірақ, екі жақтағы қос мұнаралары мен ортадағы тіреулері сорайып сау қалған.
Қайта салынған жоқ. Салатындай маңызы да жоқ еді. Кейін Рейндегі кеме қатынасына кедергі болмас үшін өзен арнасындағы тіреулері алынған. Оны ұсақтап уатып, естелік ретінде сататын. Бізде бір тасы болған, қазір қайда қалғанын кім білген.
Жағалаудағы қарауытқан мұнара түбінде жазу бар. Қазақша аударсаңыз: "Соғыс үшін салынып, соғыс кезінде қирады" деп оқылады.
Оқи отырыңыз: Митинг мәдениеті
Жақындаған жағалаулар
Енді бейбіт өмірге қызмет етіп жатқан жаңа көпір туралы сөз етейік. Оны екі жағынан өтіп, ортасынан қарап, армансыз тамашалап едік.
Бұл қазір Скандинавия түбегі мен Батыс Еуропаны жалғайтын күретамырдың бірі іспетті. Көпір салынғанша екі жағалаудың жұрты қалай өмір сүрген деп ойлайсың.
Түбектегі Швеция бір дәуірлерде аймақтық империя болған. Айналадағы норвег, дат, суоми халықтарына жиі шабуылдаған. Тіпті, орыстың өзімен соғысқаны мәлім. Қайыққа отырып, жүзіп келетін швед әскерін бақылау және одан қорғану үшін құрылықтағы Данияда салынған бірнеше қамалды көрдік. Ол заманда көпірден гөрі қамал маңызды еді.
Қазір бүкіл Еуропа – ортақ аймақ. Шекара сөз жүзінде тұрғанымен, іс жүзінде керексіз болып қалды. Қамал емес, көпір салатын кезең туды.
Екі елдің арасындағы Эресунн бұғазының жағалауларын өзара жалғау 1930 жылдан бастап ойластырылған. Бірақ, ол қымбатқа түсетін болғандықтан ұзақ уақыт орындалмайтын арман болып қалды. Мұнда да Бұқтырма су қоймасынан өтетін сияқты паром қатынайтын. Әлбетте, Кеңес Одағы тұсында жасалған біздің паромдардан үлкен де қуатты, таза да қауіпсіз екені түсінікті. Біртіндеп екі жақтың араласқан адамы мен автокөлігі оларға сыймайтын болды. Қала-қалама, көпір керек.
Бастапқыда бұғаз ортасындағы табиғи аралға екі жақтан да көпір салу ойластырылған. Бірақ, табиғатты өз үйінен артық құрметтеуді бойға сіңірген мемлекеттер аралдағы құстарға зиян тигізбеу керек деп шешіпті. Міне, үлгі алатын нәрсе. Ал біз жыл сайын Алакөлдегі демалыс аймақтары үлкейіп, жабайы құстар мекен ететін қамыс азайып жатқанын байқаймыз. Мұны ойлаған облыс, аудан әкімдігі туралы естімеппіз.
Оқи отырыңыз: Қазаға қатысты наза
Сонымен бұғаз ортасына қолдан басқа арал жасалды. Ол неден пайда болды десеңіз, бұғаздың бір жағының астынан тоннель қазылып, содан шыққан қиыршық еді. Бұл аралда біртіндеп тіршілік пайда болды. Шөп өсіп, құстар ұялап, кеміргіштер келіпті.
Көпір Швеция жағынан жасанды аралға дейін су үстімен келеді. Жол сол жерден бастап Данияға қарай су астымен тоннелге түседі. Мұның тағы бір пайдасы – Данияның әуежайы тура іргеде. Егер бұл жақта көпір болса, ол ұшақтың ұшып-қонуына бөгет болуы мүмкін. Сондықтан су астына кіріп жатқан пойыз бен автокөліктің аспан жолаушыларына еш бөгеті жоқ. Бәрі ойластырылған деп осыны айт!
Иә, Эресунн көпірі екі қабаттан тұрады. Бірімен теміржол, екіншісімен автожол өтеді. Оның су үстіндегі ұзындығы 8, су астындағысы 4 шақырымға жете-қабыл. Ортасында біраз жері жаңағы жасанды аралда жер үстімен өтеді.
Айтпақшы, құрылыс барысында қосымша қиындық туған. Су түбінде Екінші жаһандық соғыстан көп мина шөгіп қалыпты. Соны тазалауға біраз уақыт пен қаржы кетті. Бәрібір төрт жылда салынып, пайдалануға берілген. Оларға біз елдің астанасында жер үстіндегі "Абу Даби плаза" ондаған жылдар бойы салынып жатқанын айтудың өзі ұят шығар.
Швед жақ бөлігінің ортасында көпір жоталанып кетеді. Оны көтеріп тұрған тіреулердің биіктігі 200 метрге жуықтайды. Бұл 500 метрдей аралық теңіз кемелерінің еркін өтуі үшін жасалған.
Қазір екі ел арасындағы жолға небәрі жарты сағат уақыт кетеді. Біздегідей паром күтіп, екі көзің төрт болып тұрмайсың. Игілік деген – осы. Көпір ақылы. Бағасы екі ел тұрғындарының өмір сүру деңгейіне сай. Екі жақтың құрылысқа бірлесіп шығарған қаржысы ақталып келеді.
Міне, бейбітшілік кезінде ортақтасып салған көпірді көргенде көңілің өседі. Бұқтырмада салынбақ көпір қашан осылай көз қуантар екен деп ойлайсың.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎄Новогодние скидки: билеты на поезда по выгодным ценам распродают в Казахстане
- 5531
- 1
- 3
-
2❓День потрачен впустую: кто виноват и что делать, если доставка задерживается
- 5335
- 3
- 18
-
3⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 21 ноября
- 2886
- 0
- 7
-
4🏃♀️Семейный забег пройдёт в Астане. Победители получат телевизоры, пылесосы и планшеты
- 2800
- 1
- 21
-
5‼️К смертной казни приговорили жительницу Таиланда за серийные убийства с помощью цианида
- 2477
- 1
- 28
-
6🔥Столичные пожарные потушили горящий автомобиль
- 2445
- 0
- 11
-
7⚡️Солдат впал в кому после удара сержанта: начался суд по резонансному инциденту в воинской части Отара
- 2520
- 6
- 27
-
8⚖️ Прокуратура вернула 12,5 млн тенге предпринимателям алматинского метрополитена
- 2456
- 0
- 15
-
9🔥 Полицейские эвакуировали 20 человек из горящей многоэтажки в Кокшетау
- 2402
- 0
- 20
-
10☄️Продажи и прибыль Temu и Pinduoduo упали: акции рухнули на 11%
- 2484
- 0
- 5