Прямой эфир Новости спорта

Тозақ алдындағы тұзақ

Сурет luinonotizie.it сайтынан алынды
Сурет luinonotizie.it сайтынан алынды
Адамзат ойлап тапқан жазалау құралдарының ішінде дар ағашы бар.

Еуропаға оралған елес

Ол ХХІ ғасырда Еуропаға оралды. Сол күйі емес. Символдық түрде. Символдық болған соң негізгі нұсқадан анағұрлым кішкене болмақ. Кішкене болған соң тіпті, күлкі шақырмақ. Соның өзінде қорқынышты көрінеді екен. Дардың аты – дар. Біздің тілдегі толық атауы – дар ағашы.

Дар ағашына қатысты оқиға Германияның Дрезден қаласында 2013 жылғы қазан айында өтті. Онда немістер өз елін Сирия, Ауғанстан және басқа елдерден босқындар жайлағанына, соның кесірінен әр аймақта тәртіп бұзылғанына, экономика нашарлап жатқанына үкіметтің назарын аудармақ болды. Митингіге шыққандардың бірінің қолында дар ағашы жүрді. Онда бұл арқанның канцлер мен вице-канцлерге арналғаны жазылған қағаз бар еді.

Әрине, бір адам қолға ұстап жүрген мұндай құрал нақты дар ағашы бола алмайды. Кісіні жазалауға жарамайды. Сөйтсе де, полиция "заң бұзылды" деп санады.


Германияның Дрезден қаласындағы бой көрсету кезіндегі символдық дар ағашы

Германияның Дрезден қаласындағы бой көрсету кезіндегі символдық дар ағашы / Сурет spiegel.de сайтынан алынды


Дрездендегі символдық дар ағашы – неміс арасындағы әлдебір тапқырдың ел билігін ойлануға шақыруы. Мұны жасаған жанның қазақ ақыны Сәкен Иманасовты оқымағанына иманымыз кәміл. Біздің ақынымыз:

Ар алдында мен өзімді әрдайым
Дар алдында тұрғандай-ақ сезінем, – деп өлең жазған.

Адамды асу тұрмақ, өлім жазасынан бас тартқан Еуропаға салбыраған жібі бар дар ағашы осылай босқындармен бірге оралды. Оны босқындар өзімен ала келген жоқ. Ондай ақымақ емес. Асатын арқанды өзімен ала келу – кеңес заманындағы анекдоттардың бірінде ғана бар еді:

"Кеңес Одағы мен АҚШ басшысы келісіп, бір аптаға ел ауыстырыпты-мыс, – дейді әлгі анекдотта. – АҚШ азан-қазан, жұмыс жетерлік, анда атып кетті, мында шауып кетті. Брежневтің мұрнына су жетпей жүр. Кеңес Одағына келген Картерге тып-тыныш. Бірінші күн, екінші күн, үшінші күн. Төртінші күні іші пысқан ол өзі ереуіл тудырту үшін жұртты жинап, "Ертең сендерді дарға асамын!" дейді. Естіп отырғандар арасынан біреу қол көтеріп, "Сұрақ қоюға бола ма?" дейді. "Сұра, сұра" дейді Кеңес Одағын басқарып отырған АҚШ Президенті қуанып кетіп. Сонда ана байғұс "Дарға асатын арқанды өзіміз әкелеміз бе, жоқ кәсіподақ бере ме?" депті-мыс."

Бұл әрине, сол тұстағы Кеңес Одағындағы жағдайды мазақтауға арналған анекдот қой. Десек те, Еуропаға қаптаған Таяу Шығыс пен Африка босқындары шыққан елдерде дарға асу жазасы әлі сақталып келеді. Бірақ олар өздерімен бұл дәстүрді әкелмеді. Қайта сондай артта қалған аймақтан құтылуға тырысты.

Ал Еуропада оларды дар ағашы қарсы алды. Асу құралы емес, ескерту ретінде. Дрездендегі сияқты символдық дар ағашы сол күндері Болгарияның астанасында тұрғаны мәлім.

Португалияда шығатын газеттердің біріндегі "Болгария: спорттың жаңа түрі – босқындарды аулау" атты мақалада Харманли қаласындағы жағдай асқынғаны көрсетілген. Содан кейін журналист Түркиямен арадағы шекарада босқындарды ұстап, сабап, полицияға тапсыратын еріктілер отрядын сипаттайды. Болгария ЕО алдындағы міндет бойынша 60 мың босқын қабылдауы тиіс болса, 2016 жылы Сирия мен Ирактан, бүлініп жатқан басқа да елдерден бас сауғалап келгендер 600 мыңнан асыпты. Жергілікті халық соған наразы.

Наразылықтың бір көрінісі ретінде оңшыл топтар ел астанасы София көшесіне символдық дар ағашын жасап қойды. Бұл Болгария өз мойнына тұзақ ілді дегендері ме, жоқ әлде босып келушілерге көрсетілген қоқан-лоққы ма, оны ешкім түсіндірмесе керек.

Осылайша дар ағашы сан ғасырдан соң Еуропаға оралды. Енді елес түрінде болсын.

Миллиондар ұмытқан мағына

Дар ағашы бұрындары Еуропадағы барлық елде болды. Онда ғана емес, Азия мен Африкада өлім жазасының ең ауыр және қорлық түрі осы еді. Бұдан басқа отқа өртейтін, балтамен басын шабатын. Жиналып тас ататын. Ол Абайдың бала кезінде қазақ ортасында болды. Сосын Шыңғыс тұқымы бір-бірін қан шығармай өлтіру үшін киізге орап, белін үзіп жіберетін.

Не керек, тәсіл жеткілікті. Беріде электр үстеліне байлап токпен өлтіретін болды. Одан өлім жазасына кесілгендерге пісек, яғни шприцпен өте улы дәрі салып, сеспей қатыруға көшті. Осының ішіндегі ең сұрапылы дарға асу еді. Неге?

Біріншіден, мұны көрсету үшін көпшілікті жинайды. Екіншіден, мойнына арқан ілініп қылқынған жанның бұлшық еттері мен бүкіл ағзасы босап кеткендіктен іштегі үлкен және кіші дәреті сол сәтте ағып шығады. Үшіншіден, дарға асылғандардың денесі бірталай күн салбырап тұратын. Мұндай қылмас жасамау басқаларға сабақ болса керек.

Дар ағашын кім ойлап тапқанын қайдам, ал жетілдіру жағынан Еуропа алдына жан салмайды. 1571 жылы Лондон түбіндегі Тайбурнда "үш сирақты бие" атанған дар орнатылды. Треуі үшеуден болғандықтан халық осылай атап кеткен.

Лондонның батыс бөлігіне бағдар болған дар ағашында 1649 жылы 24 адам бір мезгілде асылды. Ирландияның дінбасы Оливер Планкетке өлім жазасы Тайбурнда орындалды. Ал Карл Бірінші патша қазасынан кейін болған дүрбелең кезінде оған дейін өліп қалған Оливер Кромвелдің мүрдесі зираттан қазылып, осында дарға асылды. Мұндай кепке Карл Біріншіге жаза кескен сот пен жазаны орындаушының мүрделері де ұшырайды.

Тайбурндағы жазалау көрінісін тамашалауға лондондықтар көп келетін. Жақын маңда тұратындар дар ағашының астына қойылатын орындық жасап, сатумен айналысты. Бұл күні халыққа демалыс жарияланады. Содан кейін демалыс күні – "гала күн" аталады. Бұл англосаксондық тілде "дар ағашының күні" дегенді білдіретін. Қазір екінің бірінің аузындағы "гала концерт" тіркесінің түпкі мағынасы осыдан шыққан.

"Үш сирақты бие" 1783 жылы қиратылды. Король бұдан былай қылмыскерлерді жазалау орны деп Ньюгейт түрмесінің алдындағы алаңды белгілейді.

Өмір бойы ағылшындармен бәсекелес француздар бұл салада неге қалыса қойсын? Олар Менфокон атты дар ағашын салды. Оның іргесін тастан қалап, үш қабатты етті. Сөйтіп мұнда бір мезетте 50 адамды буындыру мүмкін болды.

Менфоконды салдырған корольдің кеңесшісі Ангерран де Мариньидің ойынша, денелердің қаз-қатар ұзақ тұруы корольдің қол астындағыларды қорқытуы керек. Тағдырдың мына тәлкегін қараңыз, кейін әлгі кеңесшінің өзі осында дарға асылған!

Дардан қаймықпаған нар

Қазақ алғаш дар ағашын 1916 жылы өз көзімен көрсе керек. Оған дейін ертегілерде "бір патша әлдекімді дарға асуды бұйырыпты" деген сөз болмаса, ел ішінде ондай жазаға ұшырағандар туралы дерек кездеспейді.

Сол жылы қазақтан солдат алуға қарсы көтерілістің бірі Алатау бөктерінде басталып, оған Бекболат Әшекев басшылық етеді. Кешікпей патшаның жазалаушы отряды ағайынның сатқындығын пайдаланып көтеріліс көсемін ұстады. Бекболаттан жауап алғанда "жолдастарыңды айт" дейді. Ол ешкімді ауызға алмай, "өзім бастап, халықты бір өзім көтердім" деп қасқайып тұрып алған. Бұл көріністі сонау отызыншы жылдары, көтерілістің ізі суымай тұрғанда Иса Дәукебаев өз дастанында әсерлі суреттейді:

Бұйрығын падишаның білдіреді,
Қара жер қозғалғандай күркіреді.
Қабағына қар тұрып, мұртына мұз,
Дар ағашқа арқанды ілдіреді.

Бұл – психологиялық қысым. Дарды көрген Бекболат дір ете қалып, қорыққаннан қасында кім боларын айтады деп ойлайды патшаның Верныйдағы тіректері.

Көрейін ерлігіңді дар түбінде,
Ажалың жақын келді жарты күнде.
Падиша телеграммен сұрап отыр,
Қалай да жолдасыңды айтуыңды.

Исаның да ақындығы керемет. Ежелгі дар мен сол заманның жаңалығы – телеграмм бір шумаққа қалай үйлесіп келе қалған десеңізші! Одан тергеп отырған патша ұлығының сөзін де қапысыз қисындырып өлеңіне қосқан:

Көпті қорғап, көмусіз қалдың, батыр,
Рас айтсаң, басыңды алдың, батыр.
Жолдасыңның бермесең бəрін жазып,
Мойныңа дар арқанын салдың, батыр.

Жоқ. Батырды "көмусіз қаласың" деп қорқыту, "өз ажалыңды өзің таптың" деп үрейлендіру мүмкін емес. Ол халқының өзін арулап көметінін біледі. Рас, кейін оқиға солай өрбиді де. Сондықтан Бекболат ешкімді сатып кетпейді. Қорқыту мен қысымнан пайда жоғын сезген патша ұлығы енді алдауға көшеді.

Бекболат, "білмеймін" деп көңілің тоқ қой,
Дарға асқанды еш қазақ көрген жоқ қой.
Бағынғалы бұл қазақ ақ патшаға,
Қазақта сендей қарсы болған жоқ қой.

Бостандықты сақтау үшін соғысқан Кенесарыдан кейін бодандық кепке түскенді мойындау кезеңі басталғалы дала халқы еш қарсылық көрсетпесе, міне бүгін көрсетті. Өйткені, "патшаға бағындық" дегенімен өз-өзімен өмір сүріп жатқан қазаққа алғаш айқай-сүрен келді. Үйді асырайтын азаматтың бәрі соғыстағы қара жұмысқа алынбақ. Ел ішінде бұлғақ басталды. Ал көтеріліс болған соң оған көсем керек. Алатау бөктерінде суырылып шыққан Бекболат Әшекеұлы болатын. Әттең, сатқындық салдарынан алданып, қолға түсіп қор болды. Міне, ұлық үкім шығарды:

Ол түнде Бекболатты айдап кетті,
Аяқ-қолын темірмен байлап кетті.
Дарға ер Бекболат асылад, - деп,
Жамиғы төрелерге мəлім етті.

Ертесінде үкім орындалуы керек. Дар ағашының түбінде Бекболат соңғы сөзін айтады. Мұны да Иса ақын шеберлікпен жеткізеді:

Секілді бір асау ат, келдің байлап,
Итше шұбап төрт жүздей солдат айдап.
Бір кісі келсе-дағы өлтіреді,
Мойныма буындырған арқан байлап.

Ақыры Жетісу жұрты бұрын-соңды тек естіген дар ағашының қандай екендігін өз көздерімен көрді. Ешкімді ұстап бермеген қайсар Бекболаттың ерлігіне куә болды. Есіл ерді 1916 жылы 9 қыркүйекте Боралдайға орнатылған дар ағашына асты. Халқы мұны көріп жылады. Іштей болса да батырдың қайсарлығына қайран қалды. Мұны ақын былай тұжырған:

Қайтпады бір сөзінен азаматың,
Жиылған жылап тұрды жас пен қартың,
Бұрын дарды көрмеген Жетісуда,
Жиылған қайран қалды жамағатым.

Иә, қазақ дардың не екенін, дарға асқанның қандай болатынын сол жолы көрді. Аңыздағы әңгіме емес, көзбен көрген сұмдық бұл.

Сатқындарға берілген сабақ

Жетісуда Бекболат, Торғайда Амангелді қарсы шыққан патша ақыры тақтан құлады. Билікке большевиктер келді. Енді дар ағашы ұмытылды. Одан гөрі мылтықпен ата салған оңай. Мұның сыры мынандай: ату жазасы түнделетіп оңаша орындалады. Демек, оған кесілгендердің қылмысы қаншалықты, әрі үкім әділ ме дегенді ешкім талдай алмайды. Сталиндік жазалау машинасына керегі – осы. Қоғамды дар ағашынсыз да үрейлендіруге болады екен.

Сөйте тұра өздері өкіметке келгелі тоқтап тұрған дарға асуды қайта қолдануға тура келді. Бұл жаза Кеңес Одағында 1943 жыл мен 1947 жылдар арасында орындалған.

Соғыс жылдары онсыз да мылтық көп кезде дарға асу неге қажет болды? Сталин бұл іске ойланып барып кірісті. 1943 жылдан бастап Кеңес армиясы жау басып алған аймақтарды азат ете бастады. Сол жерде фашистерге қызмет еткендер анықталған кезде Жоғарғы Бас қолбасшы оларды дарға асу жолымен жазалаған жөн деп тапты.

Осылайша 1943 жылы 19 сәуірде СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының "Кеңестік азаматтық тұрғындар мен тұтқынға түскен қызыл әскерлерді өлтірген және азаптаған неміс-фашист айуандары үшін, шпиондар үшін, кеңес азаматтары арасында отанын сатқандар мен оларға итаршы болғандар үшін жазалау шаралары туралы" жарлығы шықты. Ең бірінші бабында дарға асу арқылы өлім жазасы белгіленді. Бұған дейін Кеңес Одағында дарға асу арқылы өлім жазасы айқындалған заңды құжат болмаған.

Рас, сонау 1918 жылы көктемде Ресейдің Пенза облысында азық-түлік салығына қарсы шаруалар көтерілгенде Ленин "100 кулак пен қанішерді дарға асыңдар, халық өз жауларының салбырап тұрған денесін көрсін" деп жеделхат жолдаған. Бірақ, ол жолы дарға аспай, бәрін атып тастайды.

1943 жылғы жарлық болса кешікпей жүзеге асты. Сол жылғы 4-17 шілде аралығында Краснодар қаласында сот болған. Онда фашистік зондеркоманда және полицай құрамында қызмет етіп, қала мен өлкенің жеті мың тұрғынын өлтіруге қатысқан 11 адам жауапқа тартылған. Соның 8-іне дарға асу жолымен өлім жазасы кесілді. Бұлар газбен тұншықтыратын машина – газенвагенге қалалық ауруханадағы ауру-сырқауларды тоғытқандар еді.


Краснодар қаласында фашистерге қызмет еткен зондеркоманда мүшелері мен полицайларды дарға асу кезі

Краснодар қаласында фашистерге қызмет еткен зондеркоманда мүшелері мен полицайларды дарға асу кезі / Сурет pinterest.com сайтынан алынды


Келесі күні қылмыскерлер қаланың орталық алаңына әкелінді. Осында балалар тартылатын турник сияқты, бірақ биіктігі шамамен төрт метрлік дар ағаштары құрылды. Опасыздардың қалай жазаланғанын көруге 50 мың адам жиналған.

Көпшіліктің көзіне көрсетіп дарға асу бұдан кейін сол тұстағы Ленинград қаласында болды. Оқиға "Гигант" кинотеатрының алдында өтті. Бұл жолы басты айыпталушы вермахтың генерал-майоры Генрих Ремлингер еді. Ол фашистер басып алған Псков облысының әскери коменденты болған. Карамышев деревнясында оның командасымен 239 адам атылып, 229 адам тірідей өртелген. Бәрі соғысқа қатыспаған бейбіт тұрғындар көрінеді. Тағы бірнеше елдімекенде осындай қырғын ұйымдастырған. Не керек, оны бір топ сыбайластарымен бірге дарға асып өлтіруге үкім шығып, көп алдында орындалды.

Соғыс кезінде фашистер жағына өз еркімен өтіп кеткен орыс генерал Власов пен оның қасында болғандарға қатысты осындай үкім кесілді. Оның сотын Сталин "жабық" жағдайда өткізуді тапсырды. Өйткені, сот барысында советке қарсы сөздер айтылып, көпке тарап кетуі мүмкін деп үрейленді. Кесілген жазаны орындау да жасырын ұйымдастырылды. Власовты серіктерімен бірге түрме ауласында дарға асып, кейін денелерін өртеп жіберді.

Одан Кеңес елінде біраз уақыт өлім жазасы қолданылмайтыны туралы заң шықты. Бірер жылдан соң қылмыскерлер тайраңдай бастағанда "еңбекшілердің сұрауымен" деп өлім жазасы қайта еңгізілді. Бірақ, оның орындалу түріне дарға асу қосылмады.

Арқан ілінген автокран

Дарға асу шығыс халықтарының дәстүрінде ежелден бар. Көшпелі қазақ халқы бұл жазалау түрі туралы негізінен араб пен парсы ертегілері мен аңыздарынан білген сияқты.

Қазір әлемнің 106 елінде өлім жазасы жоқ. Бүкіл Еуропада тек Белоруссияда сақталған. Көптеген елдер өлім жазасы болса да, із жүзінде қолданбайды. 2017 жылы 23 елде 993 адамға қатысты бұл жаза орындалыпты. Бірақ адам құқығын қорғаушылар "мәлімет дәл емес" дейді. Өйткені, есепке Қытай мен Вьетнам, Солтүстік Корея мен Оңтүстік Судан қосылмаған. Ол елдерде өлім жазасы туралы ақпарат мемлекеттік құпия болып саналады.

Ал мәліметке енген елдер ішінде өлім жазасына жиі жүгінетіндер: Иран мен Сауд Арабиясы, Ирак пен Пәкстан. Иран мен Сауд Арабиясы көпшілік алдында дарға асуды әлі жалғастырып келеді. Сол арқылы ауыр қылмыстарға тосқауыл қоямыз деп санайды. Екі елде дарға асу шариғат заңы бойынша орындалатынын айта кеткен жөн.

Осы мақаланың жазардан бұрын біз "Жармақ жыныстылар" атты тақырыпқа бірталай материал жинағанбыз. Сонда Иранда кәмелетке толмаған ұл баламен жыныстық қатынасқа түскен еркекті дарға асқаны туралы дерекке жолықтық. Оқиға 2016 жылы өтіпті. Оның алдында 2011 жылы еркекпен еркек әуейі болғаны үшін үш адам дарға асылған. Тура осындай айыптаумен биылғы қаңтар айында Фарс провинциясында 31 жасар адам дарға асылды.

Иранда дарға асар алдында міндетті түрде туған-туыстары шақырылады. Жаза олардың көз алдында таң бозында орындалады. Ал көпшілікке көрсетіп алаңда асатын болса, бұрынғыдай дар ағашын орнатып жатпайды. Кран әкеледі де, арқанды соған іле салады.

Арқан Сауд Арабиясында да дайын тұрады. Мұнда бірнеше жыл бұрын кісі тонап, өлтіргендері үшін бес йемен дарға асылды. Оқиға Джизан қаласында өтті. Әлгілердің денесі бірнеше күн бойы қала алаңында салбырап тұрды.


Иранда дар ағашының орнына автокран қолданыла бастады

Иранда дар ағашының орнына автокран қолданыла бастады / Сурет авторы Mohsеn Zare, imp-navigator.livejournal.com сайтынан алынды


Автокран арқылы асу дар мәселесіндегі ең соңғы ноу-хау болса, мәйіттердің бірнеше күн бойы көп алдында салбырап тұруы бұрыннан бар ғой. Тек содан түзеліп кеткен қоғам қайда?

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Популярное в нашем Telegram-канале
Новости партнеров