Аңыз кейіпкері
Шығыс Қазақстан облысының Ақжар ауылында ескерткіш бар. Айналасы мәрмәрланған әуіт, оның ішіне су атқылаған түтіктер жасалған. Фонтанның ортасында мықшиып тау көтерген мүсін тұр. Бұл – Толағай. Аңыз бен аңыздан туған дастанның желісімен жасалған ескерткіш екен.
Әлде оқулықтың өзінде болды ма, әлде сабақтан тыс оқыдық па, әйтеуір бала кезімізде әсер еткен өлеңдердің бірі осы Толағай туралы еді. Беріде білсек, өлеңің не, кәдімгі дастан екен. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары Әбділда Тәжібаевтың қаламынан туған. Басымызға жастанып оқығаннан ба, көп жерін жатқа білетінбіз. Енді өлең жолдары ұмытылып, оқиғасы ғана ойда жүретін болыпты. Амалсыз кітапқа үңілдік:
Тым ерекше тұлға, пішін,
Өлшеп болар емес күшін,
Қуанышты ата-анасы.
Бота болып ойнағалы
Арқаласа он баланы –
Қайыспайды қабырғасы.
Өзі Батырлар жырының сарынында жазылған. Оқиғасы да сондағыдай. Күші әлі толыспаған ойын баласының жолбарысты құйрығынан ұстап, шыр айналдырып тастай салуы – әлбетте, сол жанрдың белгісі. Әрі баланың күшін білдіру үшін алдымен жолбарыстың қуатын суреттеп кететіні бар:
Оқтан ұшқыр өр жолбарыс,
Жібермейтін жатқа намыс.
Лақтыратын атандарды.
Жымитты да қос құлағын,
Көздерінен шашып жалын,
Жер бауырлап жата қалды.
Бұл да Батырлар жырын шығарған аты белгісіз жыраулардың тәсілі емес пе! Алдымен жауыңды мықтап суреттеп аласың, содан кейін оны жеңген батырдың қаншалықты күшті екені еш теңеусіз аңғарылмақ. "Қобыланды батыр" дастанында сол тәсіл анық байқалады, басты қарсыласы Қазанды қалай сипаттайды дейсіз! Мұнда да жолбарыс атан түйені лақтырып жүрсе, бала Толағай оны мысық сияқты етіп құйрығынан ұстап, алысқа тастай салады.
Одан әрі Толағай жаңбыр жаумай, қуаңшылыққа ұшыраған елін сақтау үшін жауын-шашынды өңірден тау көтеріп келеді. Ол дастанда былай сипатталатын еді:
Басындағы қарын қоса,
Бауырындағы аңын қоса,
Шайқап бұлақ, көк орманды,
Күшпен әрең алды-дағы,
Арқасына салды-дағы,
Келген ізбен қайта оралды.
Бала кезде туындының соншалық көркем еместігіне мән бермеппіз, онда оқиғаның күшімен елітсе керек. Тек беріде Мұхтар Әуезовтің бұл дастанды Әбділданың кемшін дүниелерінің қатарына қосқанын оқыдық:
"Идеялық мағына жағынан және көркемдік маңыз жағынан жалпы сапасы әлсіз шыққан Әбділда поэмаларының бір тобы ертегілі аңыздар мотивіне құрылған: "Кілемшілер туралы ертегі", "Толағай", "Мерген" атты поэмалары. Бұл поэмаларда терең сырлы сезім де, адамды қоғамдық психологияға ие етіп мінездеу де жоқ. Табиғат көрінісі, тартыс, түйін құбылыстар да жай ғана сәл күйге қалыптанғандықтан, поэмалардың өлеңдік шеберлігі де аса көрнекті көркемдікке жете алмайды. Көбінше бұрынғы ауызша поэзияда көп кездесетін қисса алуандас, натуралдық стилі басым әңгіме, жеңіл поэмалар күйінде ғана қалады". (Мұхтар Әуезовтің толық жазбасымен осы жерден таныса аласыздар).
Иә, стилі қиссаға ұқсайтынын біз де байқадық. Ал көркемдік кестесінің төмендігін қайдан білейік. Бала кез тұрмақ, алпыстан асқан жасымызда Әуезовтің биігінің етегінде жүргеніміз анық қой.
Дастанды алғаш оқығанда Толағай тауын көруді қатты армандап едік. Арманымыз небәрі 150 шақырым жерде тұрғанын және оны көруге төрт-бес жыл қалғанын қайдан білейік?!
Бір сапар кезінде Толағай тауы Шығыс Қазақстан облысының Ақжар ауылына кіре берісте тұрғанын көрдік.
Иә, дөңгеленген тау. Қасында жалғасқан дөңі бар. Жазық жер емес. Ар жағында Тарбағатайдың сансыз жотасы иін тіресіп тұр. Мынау саяқ жылқыдай жеке шығып қалған. Сонысымен қазақ аңызының арқауына айналған. Аңыз Әбділда Тәжібаевтың дастанына өзек болған. Бірақ дастан Әуезовтің сынына ұшыраса да, бәрібір біздің бала санамызда жатталғаны даусыз.
Автордың өзге жазбасын да оқи отырыңыз: Тозақ алдындағы тұзақ
Алыптар артында халық бар
Бір адамның тауды көтеруі мүмкін емес. Тауды жерден бөліп алудың өзі де мүмкін емес. Техникамен қопарып аларсың-ақ. Бірақ "Толағай" дастанындағы сияқты қары мен аңына қоса, ағашы мен бұлағын бұзбастан көтеріп әкету қазіргі техникамен де қолдан келмейтін іс. Ал адамның күші қай деңгейге дейін жеткен?
Қазақтың Балуан Шолағы өз өлеңінде орыс балуаны Кореньнің қабырғасын сындырғанын және 51 пұт кірдің тасын көтергенін айтпай ма? Патша заманындағы бір пұт 16 келі 380 грамм болса, бұл шамамен 855 келі еді. Естеліктер бойынша 51 пұт салмақ алты кірдің тасынан жиналған көрінеді. Әрбір жағына үш-үштен қосып жалпақ қайыспен байлаған. Соны мойнына салып көтеріп кеткен.
Енді бірде Балуан Шолақ зіл батпан қара тасты қозғап, біраз жерге апарып қойған. Тас сақталған. Зерттеушілер өлшегенде, салмағы 1 тонна 70 келі шығыпты. Оны қозғалту үшін Балуан Шолаққа қанша күш дарығанын ойлай беріңіз. Бірақ, бұл бәрібір тау емес қой. Толағай тауының бір жартасы ғана осындай болмақ.
Балуан Шолақтан мықты кім болған? Ойымызға Жайық Бектұров ақсақал оралды. Шыны керек, Жайық атамыз Балуан Шолақпен күш таластыратындай адам емес. Орта бойлы, еңкіш тартқан қарт кісі. Ойға оралғаны – ол кісінің әңгімесі.
Республикалық жастар газетінің Қарағандыдағы меншікті тілшісі болып қызмет еткенде Бейбітшілік бульварындағы пәтеріне соғып кетеміз. Дана кісі еді. Білімі бірнеше томдық энциклопедиядан артық. Жинаған кітаптары да жеткілікті.
Сол кісі бірде Қажымұқанға еріп жүрген Қайдар Оспанов туралы айтып берген. Ол Қарағанды мен Атбасар арасына аты мәлім балуан болыпты. Онда қазақ шойынжолды тек Қызылжар қаласынан көреді. Транссібір теміржолы сол тұстан өтеді ғой. Сол жерде Қайдар паровоздың дөңгелегін көтеріпті. Оның салмағы 1600 келі көрінеді.
Меншікті тілші ретінде Целиноград облысының Қорғалжың ауданын аралағанда бірер рет Қайдар туралы әңгімелерді естідік. Бірақ деректерін архивтен қарауға мұрша болмаған. Соғыстан кейінгі жылдары Қорғалжың жақта өнер көрсетіпті. Өзі жерге жатып, үстіне қораның қақпасын қойғызыпты. Қақпа толғанша кісі мінгізіп, қол-аяғымен жоғары көтеріп-түсіріпті.
Ауылдағы жүк автомашинасын тақтай төсетіп үстінен өткізген көрінеді. Ол кездегі кеңестік жалғыз автомашина "ГАЗ-АА" болған. Техникалық сипаттамасына қарағанда, ағаш бортты түрінің салмағы 1700 келі екен. Демек, Қайдардың күші осыншама салмақты көтеруге жетіп тұр.
Қайдар Қажымұқанға еріп жүрген дедік. Бірақ оның фотосы сақталмаған. Кім біледі, туыстарында бар да шығар, бірақ, іздеушісі суырылып шыға қоймаған-ау.
Ал Қажымұқан бабамыздың бірнеше суретін көрдік. Тіпті, бейнесін кинохроникалардан табуға болады. Фото мен бейне тұрмақ, жағдайы нашар екенін айтып, Қазақстан үкіметінен көмек сұрап жазған хаты да архивте тұр. Оның мәтіні тоқсаныншы жылдар басында "Егемен Қазақстан" газетіне жарияланған. Қаншама рет күрестен дүние жүзінің чемпионы болған, тіпті майданға ұшақ жасауға қаржы жинап берген Қажымұқанның ішерге ас, киерге киім таба алмай қалғаны үкіметке сын еді. Не дерсің?
Өзі өлген соң көп жылдан кейін ғана аты ардақталды. Музей тұрғызылды. Қалған заттары жиналды. Талай рет ішін араладық. Бір де бір алтын медалі сақталмапты. Керіліп тұрған фотосында кеудесіндегі жалпақ лентаны толтырып тұрған медальдің біреуінің түпнұсқасының болмауы қандай өкінішті!
Музей алдында еңселі ескерткіші бар. Оны өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жас мүсінші Тілеуберді Бинашев сомдаған. Бұл туралы "Лениншіл жас" газетіне мақала шыққан. Тілеуберді ауылда Қажымұқанның Айдархан деген ұлының жаздыгүні кеудесі жалаңаш ұйықтап жатқанын көргенде, дереу қағазға сол дененің кескінін түсірген. Сөйтіп баласына қарап, балуанның мүсінін жасаған.
Иә, Қажымұқанда музей мен ұрпақ та бар, Балуан Шолақ та ұмыт емес. Тек Қайдардың еш белгісі қалмағаны тарихтағы қиянаттай сезіліп тұрады.
Балалық қиялды қойсаңшы, "Балуан Шолақ пен Қажымұқан күрессе, қайсы жығар екен" деп ойлайтынбыз. Өйткені, онда Қайдар туралы ештеңе естімеген кезіміз ғой. Әлгіндей қиялдаған біз ғана емеспіз.
Беріде деректер екіұшты болып шықты. Біреулер "екеуі күрескен" деседі. Біреулер "белдеріне арқан байлап шығады да, бір-бірін таныған соң, күресуді қояды" дейді. Енді бір естелікте "жұрт қоймай белдестіргенде, Иманжүсіп тоқтатыпты" деп жазылған. Төртінші кітапта "Қажымұқан күреспестен бұрын танып, кешірім сұрапты" дейді. Қалай болғанда да, "анау жықты, мынау жығылды" деген сөз жоқ. Сонда табиғатта қайсы күшті еді?
Әдебиетті бір әрпін қалдырмай кеміретін кезімізде Қажымұқан туралы бірнеше кітап оқығанбыз. Балуан Шолаққа тұтас кітап арнаған Сәбит Мұқанов неге екенін Қажымұқанға сараңдық танытқан. Тек "Өмір мектебінде" оны Омбының циркінде көргенін жазады.
Бір нөмірінде қазақ балуаны теміржол рельсін иығына теңдей артып, екі басына жиырма кісі мінгізген. Сонда рельстің екі жағы майысып, жерге тиіпті. Ол уақыттың адамдары қазіргідей капуста көжені қанағат қылмаған, қазы-қарта, қымыз бен айранның ортасында жүретін кезі, кемінде сексен келі тартатындары анық. Сексен келіні жиырмаға көбейткенде 1 тонна 600 келі болады. Оған рельстің салмағын қосыңыз. Біразға барып қалады. Анығында 100 пұттан асып кетпек.
Одан әрі Сәбит Мұқановтың баяндауынша: "Қажымұқан шалқасынан жатып, төсіне жалпақ қалың тақтайды көпір ғып төседі де, екі қолы мен екі тізесін көпір қылып, "көпір" арқылы пар атқа жегілген әрқайсысында 100 пұттан екі-үш арба өткізді". Тағы да жаңағыдай салмақ. Тау болмаса да, төбешікті көтеріп тұрғаны талассыз.
Автордың өзге жазбасын да отырыңыз: Салынбаған жолдардың сорабы
Бұралаң өмір құраған
Қажымұқанның Темірландағы ескерткішінде қалыңдығы рельстен кем емес төрт қырлы темірді жонына салып иіп тұрса, келесі өте күшті адамның ескерткішінде теміріңіз иілгеннен шиыршыққа айналып барады. Бұл адам тірісінде Қажымұқанға таныс болуы ғажап емес. Өйткені, екеуі де патша заманында циркте өнер көрсеткен. Ғұмырлары аянышты аяқталған. Қажымұқанды үкімет кедей күйге түсірсе, мынаның тағдыры отаны Ресейден шалғайда тұйықталды.
Оның аты-жөні – Александр Засс. Ресей империясының орталығы тұрмақ, қазақ даласы сияқты шет аймақтарының шат-шәлекейін шығарған төңкеріске дейін циркте өнер көрсеткен. Алдымен Орынборда бастап, Ресей қалаларын аралаған. Бұл орайда Қажымұқанмен жолы түйісуі мүмкін. Бірақ бұл күреспеген.
Сол кезеңде Петр Крылов, Дмитриев-Морра, Михаил Кучкин және осы Александр Засс қара күштерін көрсету арқылы елді таң қалдырған. Жалаңаш қолмен көр шегені тақтайға бір ұрып кіргізіп, сосын суырып алудан бастап өте күрделі нөмірлерді орындаған. Сом темірді қамырша илеген. Шығыршығы өте қалың шынжырларды үзген. Мұндай өнерді цирктегі күрестен басқа уақытта Қажымұқан да көрсеткен.
Басқа алып атлеттерге қарағанда Засс орта бойлы кісі екен. Әкетіп бара жатқан салмағы да жоқ. Бұл орайдағы өлшемдері 167,5 сантиметр және 80 келі ғана. Соның өзімен ол "әлемдегі ең күші көп адам" деген атаққа жетті. Әттең, Ресейде емес.
Бірінші жаһандық соғыс басталғанда Засс әскерге шақырылған. Бір ұрыста атының аяғына оқ тигенде, ол жануарды жауға қалдырмай арқалап шығыпты.
Келер жолы өзі екі аяғынан жараланып, қарсылас қолына түседі. Австриялық дәрігер аяғын кеспек болғанда, тиіспеуді сұрайды. "Гимнастикамен-ақ емдеп аламын" депті. Шынында, сөйтіп жарасын жазып алған. Енді мұны қолға түскендермен бірге жол құрылысына жібереді.
Осы тұста еске түсіп отыр: біздің Шығыс Қазақстанда Қотан Қарағайдан Марқакөлге қарай тау үстімен салынған жол бар. Оны Бірінші жаһандық соғыста қолға түскен австриялық тұтқындар салған. Австрияда орыс тұтқындарына сондай жол салғызған екен. "Еруліге – қарулы" осы да!
Ол екі рет қашып, бәрібір ұсталып қалған. Үшінші рет тұтқыннан сытылып шыққанда Еуропадағы ең танымал циркке тап болыпты.
Өзінің соғысқа дейін циркте өнер көрсеткенін айтады. "Ананы, мынаны істей аламын" дейді. "Онда мына шынжырды үзіп көр" деп алдына тастапты. Қаншама уақыт тұтқында аш жүрсе де үзеді. Тағы бір сынамаққа "жеңді білектей темірді иіп бер" дейді. Оны да қиналмай орындайды.
Сөйтіп Зассқа Еуропа циркінің есігі ашылыпты. Одан Италия, әрі қарай Франциядағы Шарль Дебрей циркі, не керек 1924 жылы Англияға табан тіреген. Осында "алып күші бар Самсон" атанған.
Автордың барлық жазбаларымен осы жерден таныса аласыздар: Қайнар Олжайдың жазбалары
Көп өнерінің бірі – жерге жатып, үстінен автокөлік өткізу екен. Мұнысы Қорғалжың жақтағы Қайдар Оспановты еске салған. Бірақ Қайдар қайда, бұл қайда? Біріншісінің аты қазір ел есіне түсе қоймаса, Засстың Хокли қаласындағы зиратына "мұнда жер жүзіндегі ең күшті адам жерленген" деп жазылған (зират суретін осы жерден көре аласыздар). Ескерткіші Орынбордағы цирк ғимараты алдында тұр. Алғаш өнер көрсеткені осы жері еді.
Айтпақшы, 1962 жылы Засс өмірден өткенде ағылшынның "Денсаулық пен күш" атты журналында "атақты алып күш иесі Самсон қайтыс болды" деген қазанама жарияланды. Әрі оның тұтқынға түскені, үш рет қашып шыққаны және қандай өнер көрсеткені нақты сипатталды. Біздің Қажымұқан өлгенде газетке үкімет тұрмақ, аудан басшылары қазанама беріпті дегенді естімедік. Оқығанымыз: балуанның өмірінің соңында көмек сұрап, шырылдап Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы Әбдісәмит Қазақбаевқа жазған екі хаты ғана. Екі тиын жәрдемақы алуға себі тимей, ескерусіз қалған екі хаты.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎄Новогодние скидки: билеты на поезда по выгодным ценам распродают в Казахстане
- 5819
- 1
- 4
-
2❓День потрачен впустую: кто виноват и что делать, если доставка задерживается
- 5660
- 3
- 18
-
3⚡️Дмитрий Мун стал вице-министром цифрового развития, инноваций и аэрокосмической промышленности
- 2417
- 5
- 90
-
4❓В НИИ онкологии и радиологии Алматы бесплатно проконсультируют жителей
- 2419
- 0
- 7
-
5🤑Размеры двух пособий вырастут в Казахстане в 2025 году
- 2437
- 4
- 16
-
6🌤 Прогноз погоды на 23 ноября: осадков не ожидается на всей территории Казахстана
- 2426
- 0
- 6
-
7⚠️Легковушка столкнулась с маршрутным автобусом на автомагистрали в Караганде
- 2218
- 1
- 17
-
8⭐️Сверхгигант, прячущийся в "коконе": астрономы сделали первый крупный снимок звезды из другой галактики
- 2182
- 1
- 13
-
9⁉️Чем известна Перизат Кайрат, возглавлявшая фонд BizBirgemiz Qazaqstan?
- 2334
- 15
- 42
-
10🇺🇸Как хотят справиться в США с бюрократией: меньше бумажек – больше дела
- 2154
- 1
- 21