Әдемі әйел
Аты-жөні Америка мен Азия жұртына бірдей таныс Ләйла Ахмет-Османмен алғаш жолыққандағы әсеріміз осындай еді. Оның бет-бейнесі мен кескін-келбеті, дене бітімі мен тал бойы, өзін ұстауы мен сөйлеу мәнері... бәрі-бәрі шығыстың шырайын аңғартқан. Әрі-беріден соң дүниеге келген кезінде оған атты қалай дәл тауып қойғанына таң қалмасқа амал жоқ.
Әлемге әйел аты ретінде таралған "Ләйла" сөзінің араб тіліндегі мағынасы – түн. Осылай атанғандардың бәрінің сұлу болып өсу сыры түндей тылсым шығар. Мына Ләйла да өте көрікті екен.
Сөйлесе келгенде оның шығармашылық шабытының түнде оянатынын білдік. Түске дейін бизнес- кездесу, келіссөз, кеңестер, түстен кейінгі уақыты күйеуі мен төрт баласы бар отбасының мәселелеріне арналады, сонда қиял қанатына отыруға тек түн қалады. Және өнер иесі үшін өте қолайлы уақыт. Ешкім телефон шалып ойды бөлмейді. Алдыңа келіп, алаңдатпайды. Сосын өз ойымызша, қараңғылық суретшінің жарық та жарқын бояулар табуына себепкер болатын сияқты. Егер мың құбылған бояулардың ортасында отырсаңыз, айталық сізді кемпірқосақпен бірнеше қабаттап орап тастаса, онда сол кемпірқосақтың шұғыласын салуға дәрменіңіз жетпес еді.
Жалпы Ләйла ешқашан көргенін сол қалпында не кенепке, не тоқымаға түсірген емес. Оны тұрмыстық деңгей деп есептейді. Тіршілікте кездеспес, адам ешқашан көрмес құбылыстар мен оқиғаларды бейнелеу – нағыз өнер. Суретішінің пайымдауынша.
– Шауып келе жатқан атты немесе дөңгеленген киіз үйді сол қалпы салу – суретшінің емес, бақалшының кәсібі. Көпке белгілі көріністі қайталап беруге жаным қас, – дейді Ләйла. – Әр нәрседен нәзік те терең ой іздеймін. Ойланып барып бейнелесең таудың гүлі тұрмақ, даланың жусаны мың құбылтып шығуға жарайды.
Әдемі әйелдің қолынан шыққан өнер туындысы әдемі ғой. Айша Ғалымбаевада солай. Гүлфайруз Ысмаиловада солай. Енді міне, Ләйла Ахмет-Османның өзі мен көрмесіндегі өзгеше гобелендеріне қарап, осы тұжырымды тағы бір нықтап қойдық.
Көрменің ең басындағы майлы бояумен салынған "Ұмай Ана" картинасы Ләйланың суретші екенін айғақтайды. Басқасының бәрі – тоқыма арқылы дүниеге келген туындылар. Бірақ, талант үшін қылқалам мен боялған шүйке жіп ұстаудың айырмасы жоқ. Орындалу техникасы бөлек болғанмен картина мен гобеленнің екеуі де өнер адамының айтпағын, сездірмегін, байқағанын, керек десеңіз, көріп, түйсінгенін, тіпті өз еркінен тыс қиялында туғанын жеткізеді. Әңгіме – талантта.
Бір көзімізбен Ләйланың өзіне, екінші көзімізбен оның сырлы әлемін сипаттайтын гобелендеріне қарап, сұлулыққа талантты қоса тарту ету – Жаратушының ерекше жомарттығы деп ойлағанбыз. Таныса келе тәнге сұлулық сыйлап, бойға талант дарытатын сол Жаратушының одан әрі ауыр тағдыр ұсынарын бағамдадық. Жеңе алсаң – атың тарихта қалады, жеңе алмасаң – жігерің құм болып, елеусіз өмірден өтесің. Бұл да қазақ тарихында кездескен. Классикалық үлгісі – Фатима Ғабитова.
Бұлаңдап өскен Ләйла әйел ретінде қиындыққа тап болармын деп ойламаған. Бала кезінен сурет салды. Алматыда ашылған көркемөнер мектебінде оқыды. Сосын Жүргенов атындағы көркемөнер академиясының үздік студенті болды. Ректор өзі ұсынып, ұстаздық жолға түсті. Ғылыми еңбектер жазуға кірісті. Бірақ, бастапқыда әйел ретінде бағы ашылмады. Жас отау иесі өнерді түсінбеді, түсінбегені ештеңе емес, зайыбының суретшілік өнерін мазақтап, мансұқ етіп жүрді. Болмады, болмаған соң Ләйла енді дүниеге келген қызын алып, жеке өмір сүруді ұйғарды. Қашан сыртқы сауытына тоғыз сан таңбаланған тасбақасын салғанша...
Тоғыз сан тоғысқанда
Жеке тағдыры тосын сынға тап болғанда талайлар жасып қалады, жүнжіп кетеді. Өйткені, мұндайда алға жетелер жіпті таба алмайды. Ләйла ше?
1998 жылы кандидаттық диссертация жазманы деп, ізденіп жүрді. Қиын заман, ауыр уақыт, нағыз өтпелі кезең. Өнерді оқытатын жоғары оқу орнының мүйізі қарағайдай ұстаздары күнкөріс үшін базарға саудагер болып шығып жатты. Ал өнерді түсінбей, келемеж қылатын азаматтан басын арашалаған Ләйла жас сәбиін құшақтап жүріп бір жағынан гобелен тоқиды, екінші жағынан кандидаттық диссертацияға кіріседі. Нағыз женкешті екен.
– Бірде кітапханадан үш қатарға түсірілген 1-ден 9-ға дейінгі сандарды көріп қалдым. Тігінен де, көлденеңінен де үш қатарының, тіпті екі жақ қиғашынан да қосындысы 15 болып шығады. Сол кезде маған осы сиқырлы сандарды гобеленге тоқу туралы ой түсті, – деп тебіренеді суретші әйел.
Міне, идея бар, тек форма керек. Біраз ойланған соң әлгі тоғыз сан түгел бар текшені тасбақаның сыртқы сауытына салып тоқуға бел байлайды. Сол екі арада сандардың ретін жазған қағазын жоғалтады. Оны өзі есептеп, ойға түсіреді. Осылайша атақты ғана емес, сиқырлы "Тасбақаның бақыты" атты гобелені туады.
Ол кезде туындысының көне аңыздармен сабақтасып жатқанын білмепті. Беріде естісе қытай халқында мынадай әфсана бар екен. Кедей адам сауыты көп нүктелі тасбақаны судан аулайды. Қытай үшін бақа-шаянның ас екені ежелден белгілі. Мынау қанша ашықса да асып жемей, асырайды. Өйткені тасбақаның үстіндегі нүктелердің қосындысы қай жағынан санаса да 15 екенін байқайды. Сол кезде ауылынан сауда жолы өтіп, өзінің де, көрші-көлемнің де тұрмысы жақсарады. Ақыры сол шаруа елдің билеушісіне айналады.
Осы аңызды естіген Ләйланың өмірі жақсы жағына күрт өзгерді. Милан қаласында өткен көрмеге қатысып, онда американдық мұсылманмен танысады. Таныстықтан сезім оты туындап, бірер жылдан соң отбасын құрады. Қызын жетелеп Америкаға ұзатылады. Сойындағы "Ахметке" "Осман" осылай тіркескен. Алматыда алған білімі аздық етерін сезіп, Сиэтл инновациялық дизайн жөніндегі креативтік академиясында оқиды.
Тоғыз саны қай жағынан қосса да 15-ті құрайтын тасбақасы бақыт әкелерін тағы бір мысалдан аңғартыпты. Америкада өткен гобелендер көрмесінде толық әйел осы туынды алдында байланып қалғандай ұзақ тұрады. Сосын суретшіге өзінің бақытсыз өмірін баяндайды. Күйеуге шықпаған, бала көтере алмаған. Соны жыр етіп, Ләйладан өз денесіне "бақытты тасбақа" суретін салып беруді сұрайды. Оны орындауға қазақ қызының батылы жетпеген соң, гобеленді фотоға түсіріп, басқа біреуге татуировка жасатып алыпты. Бірнеше жылдан соң қайта жолыққанда әлгі әйел үстіндегі суретті көрсетіп, өмірі күрт жақсарғанын айтыпты. Семіздіктен арылған. Күйеуге шыққан. Бала да тапқан. Бәрі Ләйланың "бақытты тасбақа" гобеленінің арқасында депті.
Осыдан бастап Ләйла Ахмет-Осман бұл таңбаны брендке айналдыру қажеттігін сезінген. Алдымен "бақытты тасбақа" бейнеленген жейде шығарады. Алғашқы партиясы сәтімен сатылған соң араб елдерінің бірінен мақта мен жібекті араластырып жасалған мата табады. Кейінгі жейдені мың-мыңдап сонда жасатады. Тоғыз санды асыл тастармен безендіргенде, оны Чехия мен Германиядан алдыртады. Тасбақа түріндегі сағаттарды Жапонияда жасатады. "Бақытты тасбақа" бейнесі бар әйелдер орамалын Гонконгте тіктірген. Осындай бедерлі бөтелке тығынын АҚШ-тың Флорида штатында, әшекейлерді Малайзияда өндіруге кіріседі.
Мұндай кең құлаш өзінің үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Осының бәрін атқара жүріп үш баланы өмірге әкеледі. Бар бақыты қалай қосса да 15 болып шығатын 9 санды тасбақа гобеленнің арқасында.
Сұңқардың самғауы
Желкенін жел керген гобеленші Америка Құрама Штаттарының азаматы болғанмен, туған жерін қимайды. Үнемі Алматыға келіп тұрады. Бизнесінің негізгі бөлігін осында жүргізеді, оның сыртында көрмелер өткізеді. Брендін насихаттайды. Оның авторлық құқы бұзылған жағдайлар болған. Мұндайда Қазақстан Республикасының заңына жүгінеді. Бірер рет тендерге қатысқан. Онда да табыс әкелетін емес, мемлекеттің мәртебесін асыратын бәйге болатын.
Мемлекет басшысы шет елге ресми сапарға шыққанда немесе өз еліне басқа мемлекеттің басшысын ресми шақырғанда тарту жасайтын үрдіс бар. Халықаралық хаттама бойынша солай. Бір жолы Қазақстан басшысының Испания королі Хуан Карлос Біріншіге сыйлайтын өнер туындысына тендер жарияланды. Бұл үшін арнайы көрме ұйымдастырылды. Президент Әкімшілігі құрған сарапшылар тобы жиналған түрлі картина мен мүсін, қолөнер бұйымдары арасынан тарту үшін Ләйла тоқыған "Сұңқардың самғауы" гобеленін лайық деп табады. Осылайша оның қолынан шыққан өрнек испан королінің сарайының төрінде тұрады.
Және бір гобелені Қазақстан атынан Ресей Президентіне тарту ретінде ұсынылған. Ләйланың естуінше, онысы Путинге қатты ұнапты.
– Мен "Сұңқардың самғауын" төрт нұсқада тоқыдым, – дейді өз көрмесіне соның бірін әкелген гобеленші. – Бәріне ортақ нәрсе – сұңқар Ай мен Күнді екі тырнағымен әкеле жатыр.
Атақты гобеленнің бір нұсқасына үңіліп тұрып,бұл философиялық нышан қай саясатшыға болсын ұнарын топшыладық.
Көк аспан астында қанатын кең керген сұңқардың әр қауырсыны анық бедерленген. Оны боялған жіп арқылы жеткізу оңай ма?! Бауырында алтын табақ Күн дөңгелейді, қиғаш қабақ Ай қалықтайды. Сұңқардың соңында өзіміз түнгі аспанда талай көрген зымыранның үшкіл болып қалатын ақшулан ізі сайрап жатыр. Ол ұшқан құстың жылдамдығын аңғартып тұр. Сосын сұңқардың қазіргі "Рухани жаңғыру" бағдарламасының логотивіне келетінін байқадық. Әлбетте, гобелен логотивтен бірталай жыл бұрын тоқылған. Демек, Мұқағалиша айтқанда "ақынды ақын оятпаса болмайды" дегеннің өзі.
Қазақ әдебиетінен мысал келтірген екенбіз, манағы "тасбақаның бақыты" туралы әфсананы да жазған жазушымыз болғанын еске сала кетелік. Әбіш Кекілбаев. Кезінде "Тасбақаның шөбі" атты керемет әңгімесін оқып едік. Қарабала атты қарт ұста бұған дейін аудан орталығына тек әскери комиссариатқа шақырылғанда барған. Мынау екінші сапарында жүруден қалған майдангер ауылдасының өтінішімен оған бастықтардан машина сұрамақ. Жолда жыбырлаған тасбақа көп. Ал бір шұңқырда төңкеріліп, аяғы аспаннан келіп жатқанын көреді. Байғұсты дұрыстап төрт аяқтан тұрғыза салмаққа атынан түседі. Көзі бақырайған тасбақаның аузында тістеген шөбі барын сонда байқайды. Ел ішіндегі "кім де кім көктемде тасбақаның аузынан шөп тапса, соның жолы болады" деген аңыз есіне түседі. Осылайша, өмірі бастық атаулының алдын көрмеген Қарабала қарт қиын тапсырманы қапысыз орындап қайтады.
– Жалпы аңыз ауылының ар жағында ұмыт қалған шын оқиға жатады, – дейді Ләйла. – Тасбақа туралы аңыздың бір тармағын Тибеттен естігенмін.
Иә, қазір Ләйланың өзі сұңқар сияқты самғайды. Бүгін АҚШ, ертең Қазақстан, сосын Гонконг, одан Германия. Қаншама жыл бұрын тиын санаған болашақ өнертану ғылымдарының кандидатының, жалғыз басты әйелдің түсіне кірмеген өзгеріс еді. Енді өзінің өмірінен де аңыздар шығаруға болады. Келесі буынның гобеленшілеріне құлаққағыс бұл.
Ұмай Ана ұмытпайды
Суретші Ләйла Ахмет-Османның көрмедегі гобелендерін асықпай қарап шықтық. Көбіне түркі және тәңірлік тақырыптар арқау болған. Бәрі нышан түрінде. Байыптап қарағанда ғана мәніне бойлайсың.
Мынау – "Ақбөрі" аталған туынды. Айтматов романындағы қаншық қасқырды арқауға айналдырған. Бірінен бірі биіктей беретін таулар. Сосын тастағы таңбалар. Қазақ даласының Мұғалжар мен Тарбағатай арасындағы қай тауын араласаңыз да жартасқа бабалар қалдырған осындай таңбаларға тап боласыз. Одан жағарыда Ана келбетті балбал. Ол да кезінде тастағы таңбадан көп болмаса, аз болмаған. Мағауиннің "Аласапыран" романында орыс патшасына тұтқын болған Ораз-Мұхамед хан Қиян даланың шетінен көріп, алдында бас иетін сәттегідей мүлгіп қалған Тас Ана. Онан да жоғарыда көкшулан қасқыр. Түркі жұртының тотемі. Азуы ақсимаған. Қайта көзі мұңды. Анау Ана мен мынау бөріге ортақ перзент қайғысы болуы керек. Әрі қарай өрлесеңіз шалқақ туып, үйелеп қалған шәлкес Ай. Жалқынданып, күңірентіп қалған Күн. Және Мұқағалиды оқығандай боласыз: "Бүгін Күн тұрып алды күреңітіп, Шіркіннің ашылмады реңі түк". Одан да биікте жалғыз ағаш қарауытады. "Қарқаралы басында жалғыз арша, Хатқа жүйрік сол қалқа мұсылманша..." Енді Әміренің шырқаған даусын естігендейсіз. Осының бәрін бар болғаны қойдың иірген жүнінен боялған жіп арқылы жеткізген шеберлікке тәнті боласыз.
– Осы "Ақбөріні" бірнеше рет тоқыдым. Сұраушы көп, – дейді суретші.
Әрине, гобеленге осыншама ой сыйғызған соң, оны қазақ-қырғыз ғана емес, түбі бір түркі жұртының өнер сүйер қауымы тегіс сұрайтыны талассыз.
Мистикалық сипаты бар гобеленнің және бірінің алдында тұрмыз. "Киелі бұғы" аталады. Мұндай теңбіл бұғыны Алтайда талай көрдік. Қазір Қарқаралы мен Бурабай сынды табиғи қорықтар мен ұлттық парктер де өсіреді. Сол бұғының мүйізі тарам-тарам ағашқа айналып кетіпті. Екі бұтағына құйрығының қауырсыны төгіліп, төбесіндегі айдары салбыраған тотықұс қонақтапты. Бәрін тірі қалпында көріп тұрғандайсың. Қазақтың "қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған" дейтін заманы осы екенін сезінесің.
Енді бірде көрме сені қазақ даласынан алысқа әкетеді. Теңбіл бұғыны өз жеріңнен көре алсаң, мұнда өспейтін зебралар арасына топ ете қаласың. Күн батардағы жалқын түсті саваннадағы сансыз ала жылқыны бейнелеу үшін қызыл бояу арасынан қаншама ақ пен қара жіпті дәл пайдалану керек?! Қарап тұрып шеберлікке таңдай қақпасқа лаж жоқ.
Сосын қасиетті өсімдікті қоршай билеп жүрген африкалық тайпа арасынан бір-ақ шығасыз. "Күн балалары" атты туынды бұл.
Жер үсті ғана емес, аспан мен су да назардан тыс қалмаған. Балықтар бар мұнда. "Құстар самғауы" атты гобеленді тоқып шығуға тәуекел етудің өзі оңай емес . Аспанда соншама құс қым-қиғаш ұшып жатыр. Бір жіптің жалғыз ілмегін қате шалып қойсаң, бәрі бүлінер еді. Жоқ, Ләйла шын шебер екен.
Түркі әлемі үшін жыланның жөні бөлек. Атақты Жалан Бапы патшалығынан бастап Есенғали Раушановтың өлеңіне дейін. "Жылан бауыр қамшы жатты иреңдеп, Жылан тілді от сөйледі сүйреңдеп..." Оны да қапы жібермепті. Осы жәндік символдың сипатқа айналып кеткен екі гобелен алдында арбалып тұрғаныңыз. Тірісі ғана емес, мынау жіптен тоқылған жыланның өзі арбайды. Ләйланың өнерінің арқасында.
Бәрінің басында Ұмай Ана тұр дедік мана. Айналып соған келдік. Оны жоғарыда айтқанымыздай жіппен тоқымай, майлы бояумен салған. Бар аңыздың бастауы осында. Бүкіл түркі халқы өріп шыққан кең құрсақ бар. Құрсақ – шеңбер. Үзілместен дөңгелей беретін өмір. Ұмай Анамызды ұмытпасақ, Ұмай Ана бізді ұмытпақ емес. Сақтап, қорғап тұра бермек. Мәңгілікке.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎄Новогодние скидки: билеты на поезда по выгодным ценам распродают в Казахстане
- 5714
- 1
- 4
-
2❓День потрачен впустую: кто виноват и что делать, если доставка задерживается
- 5503
- 3
- 18
-
3⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 21 ноября
- 2903
- 0
- 7
-
4🏃♀️Семейный забег пройдёт в Астане. Победители получат телевизоры, пылесосы и планшеты
- 2847
- 1
- 22
-
5🥶Ночные морозы до -23 прогнозируют на выходных в северной половине Казахстана
- 2721
- 0
- 8
-
6‼️К смертной казни приговорили жительницу Таиланда за серийные убийства с помощью цианида
- 2492
- 1
- 28
-
7🔥Столичные пожарные потушили горящий автомобиль
- 2460
- 0
- 11
-
8⚡️Солдат впал в кому после удара сержанта: начался суд по резонансному инциденту в воинской части Отара
- 2537
- 6
- 27
-
9⚖️ Прокуратура вернула 12,5 млн тенге предпринимателям алматинского метрополитена
- 2499
- 0
- 15
-
10🔥 Полицейские эвакуировали 20 человек из горящей многоэтажки в Кокшетау
- 2451
- 0
- 20