Прямой эфир Новости спорта

Шахмат "перғауындарымен" шайқасқандар

Әлем чемпиондарымен және ол атақтан ресми үміткерлермен сайысқан ағалар болды.

Есеп "он да нөл!"

Қазіргі жұмыс уақытымыз ұзынына сегіз, көлденеңіне сегіз үстел қойылған атшаптырым офисте өтеді. Сегізге сегізді көбейтсе – 64 болмай ма? Тура шахмат тақтасы іспетті. Бірақ бұл офисте ешкім шахмат ойнамайды.

Баяғы редакциялардың жұмыстан кейінгі ермегі сол еді. Ермек қана емес, ми тынықтыратын, ойды ширататын қосымша құрал. Өзіміз қызмет еткен "Лениншіл жас" пен "Егемен Қазақстан" газет редакцияларындағы әрбір кабинетте шахмат тұратын. Қалай түскі тамаққа үзіліс уақыты жетті немесе жұмыс күні аяқталды, солай тақта құрылып, тастар тігіліп, сарт-сұрт ойын басталатын.

"Лениншіл жас" газетінде бұл ойынның ерекше қызығы болды. Түскі уақытқа секретариаттағы тақтаның бір жағында суретші-ретушер, панфиловшы жауынгер Бағдат Момбеков отырады. Екінші жақта бір топ болып аттары танымал журналистерге қоса университетті енді бітіріп, қалам ұстаған жастар тұрамыз. Тақта біреу, бәріміз жабылып ардагер ақсақалға қарсы ойнаймыз. Ойын үстінде ол кісіге қарсы топтың қарасы молая түседі. Практикадан өтіп жүрген студенттер қосылады.

Өзіміздің студент кезімізде "журналистік шеберлік" пәнінен ұстазымыз болған, әрі курс жұмысына жетекшілік еткен Нұрмахан Оразбековке барып тұрдық. Ол кісі – Қазақ телеграф агенттігінің бас редакторы. Қазақ тіліне аударылған барлық ресми ақпарат, республиканың бүкіл жаңалықтары минут сайын алдынан өтеді. Соның өзінде уақыт тауып әріптестерімен шахмат ойнап жататын.

Сонымен "Лениншіл жас" газеті редакциясындағы шаршы тақтадағы сайысқа оралайық. Бағдат атамыз бір жүріс жасаған соң мына жақ гуілдеп кетеді.

– Атты анда жүр.

– Жоқ, D-4-тегі пешканы офицермен қорғау керек.

– Ферзаны неге шығармаймыз?

– Одан да рокировка жасап алайық.

– Неге, шабуылдай берген дұрыс. Анау пешканы алға жүру керек.

Базар біразға созылған соң ақыры оншақты жігіт бір пәтуаға келеді. Келісілген, толық келіспесе де көпшілік мақұлдаған жүріс жасалады. Енді бәріміз кілт тынамыз. Қарсыластың жүрісін күткеніміз. Сосын базар қайта басталады.

Бағдат ақсақал – ақылы мен айласы мол екенін былай қойғанда қайсар да қырсық кісі. Панфилов дивизиясы құрамында фашистерге қарсы қаймықпай соғысқан майдангерге шуылдаған он жігіт деген не?! Әлгі партияда міндетті түрде ұтып шығады. Сосын тақтаның қарсы жағындағы топты саусағымен бір-бірлеп санап, "есеп он да нөл болды" деп тұрып кетеді. Аузымыз аңқиып қаламыз. Ойналғаны – бір партия, есеп – "он да нөл".


"Лениншіл жас" газетінің суретші-ретушері Бағдат Момбеков пен редакторы Сейдахмет Бердіқұлов

"Лениншіл жас" газетінің суретші-ретушері Бағдат Момбеков пен редакторы Сейдахмет Бердіқұлов / Сурет Құлтөлеу Мұқаштың жеке архивінен алынды


Одан "Лениншіл жастың" Орталық Қазақстан бойынша меншікті тілшісі қызметіне ауысқанда Қарағанды қаласындағы облыстық газет редакциясына шахмат ойнауға баратынбыз. Аман Жанғожин бастаған кілең сайыпқырандар екен. Қызды-қыздымен редакторы да ойнап кетеді. Оны айтасыз, ең болмаса штаттан тыс тілші де емес, көшеден келіп ойнайтын бірнеше адам бар.

Алматыға оралып, "Егемен Қазақстан" газетінде қызмет еттік. Мұндағы шахматшылардың категориясы жастар газетінен жоғары екені бірден байқалды. Нүри Мүфтах бастаған журналистер шеттерінен шахматтың жілігін шағып, майын ішкен дерсіз. Суретші-ретушер Жанұзақ Әбдіқұлов ағамыз да шебер ойыншы. Несін айтасың, түсте әр кабинетте тақта үстіндегі жекпе-жек басталады. Нүри Мүфтах мен Мамадияр Жақып ағамыз тіпті, кешке үйге қайтпай ойнап жатады.

Бірнеше жыл редакцияда шахматтан турнир ұйымдастырып, есебін жүргіздік. Ол кемінде үш айға созылады. Ұзындығы екі құлаш ватманға жиырмадан астам шахматшының сойын жазып, кесте жасаймыз. Әрбірі аптасына екі рет қарсыласпен кездеседі. Чемпион анықталғанша небір тартысты ойындар өтеді. Жарыстың ұзаққа созылу сыры – журналистер командировкаға кетіп жатады. Үйлестіру оңай емес.

Қазір ше? Беріде бірде бір редакциядан шахмат ойнап жатқан журналистерді көре алмаймыз. Әрбір бөлмеде тұратын шахмат тақтасы да көзден бұл-бұл ұшыпты. Қазақ журналистикасының жұтаң тартқаны, қызғылықты, елең еткізер мақалалардың жоқтығы содан ба екен деп те ойлаймыз. Нүри Мүфтах шахматты қалай шытырманды ойнаса, мақаланы да солай шебер қиыстыратын.

Таңырқатқан Таль

Ол жылдары газеттегі әрбір тақырып тартымды, мақала қызғылықты еді. Шахмат тақырыбының өзі жиі жазылатын.

Бірде "Лениншіл жас" газеті Швейцарияда өткен кезекті Бүкілдүниежүзілік олимпиададан қорытынды материал берді. Әлемнің ең дүлдүлдері қатысқан сайыста талайларды таңдандырған Михаил Таль еді. Жас кезінде әлем чемпионы болып, кейін денсаулығына байланысты ойдағыдай ойнай алмаған шахматшының екінші тынысы ашылған. Осыған орай газет редакторы Сейдахмет Бердіқұлов арнайы мақала жазғызды. Материал дайын болып, бетке салынғанда әдеттегідей Сейдағаңа тақырыбы ұнамасын. Сәл ойланып тұрды да "Тальдің аты – Таль" деп қойғаны есте.

Әлгі он жігітті бір ойында ұтып, "есеп он да нөл" деп жүре беретін суретші-ретушеріміз Бағдат Момбеков ақсақал өзінің Михаил Тальмен шахмат ойғанын айтып отыратын. Әйгілі шахматшы бірнеше рет Алматыға келген. Ең көне де ойлы спорт түрінің қыр-сырынан дәріс оқыды. Сосын бір сәтте бірнеше адамға қарсы ойнайтын сеанстар өткізген.

Иә, залда кемінде отыз-қырық, кейде тіпті жүзге жуық тақта тұрады. Бәрінде бір-бір ойыншыдан отырады. Мына жақта гроссмейстер жалғыз өзі. Әр тақтаға кезегімен келіп, жүріс жасайды да кідірместен әрі қарай өте береді.


Михаил Таль бір мезгілде көп адаммен ойнайтын сеансы кезінде

Михаил Таль бір мезгілде көп адаммен ойнайтын сеансы кезінде / aif.ru сайтынан алынды


– Тальдің бір мезгілде көп адаммен ойнайтын сеансына қатысу оңай болған жоқ, – деп еске алатын Бағдат ақсақал. – Алдын ала тіркелдік. Ойын өтетін залға келіп, үстелге отырдық. Бір кезде Таль келді. Әркім өзінің бірінші жүрісін жасап қойған. Таль тек қара тастармен ойнады. Амандасты. Аты-жөнімді айттым. Қолымды қысып, қарсы жүріс жасады да, келесі үстелге өтті.

Естелік осымен тәмамдалатын. Шамасы, біздің шал әлем чемпионын ұта алмаған. Ең құрығанда тең түссе, өмір бойы айта жүрер еді. Бірақ, Тальмен жүз қарсыластың бірі болып тақта үстінде кездесудің өзі – үлкен оқиға. Сол Бағдат ақсақалдың үлкен баласы да республикаға белгілі шахматшы болды.

Таль мұндай сеанстармен тұрақты айналысқан. Оған қатысты ең қызық оқиға сол кезде социалистік ел саналатын, яғни Кеңес Одағының ықпалындағы Польшада өтіпті. Ел астанасында тек ақшаға ойнатын халықаралық гроссмейстер болыпты. Жұрт граф Казимир Плятер деп атайтын. Бірде ол елдегі әріптес шахматшылар "мынаның сыбағасын берші, сені бәрібір танымайды" деп Тальді алдыртады.

Ол бірнеше партияда Казимирден өтірік ұтылады. Бірақ ойынға қоятын ақшаны өсіре түседі. Ақыры бәске Польшаның сол кездегі ақшасымен үш мың злотых қойылды. Бұл жаңа автомашинаның құны болса керек. Осы партияда Таль графты тас-талқан етіпті. Ұтқан ақшаны өзімен Ригаға алып кетпей, түні бойы Варшавадағы мейрамханада барлық шахматшыға думан жасапты. "Апыр-ау, мен кімнен ұтылдым?" ден дөңбекшіп шыққан Плятер ертесінде теледидардан Михаил Тальдің бірнеше ондаған адаммен бір мезгілде ойнап жатқанын көріп, санын соғыпты деседі.

Тальға қатысты Қазақстанда бірнеше оқиға болып еді. Соның бірі – "Ленинская смена" газетінің редакциясына келіп, 300 мың оқырманымен шахмат ойнағаны. Алдын ала ұйымдастыру жұмысының арқасында республика бойынша 300 мың оқырман ішінен ең белсенді, әрі шахматты жақсы ойнайтындары таңдалған. Солар Тальге қарсы бірлесіп ойнайтын болады. Газеттің бұл акциясы үлкен белсенділік туғызды. Басылымның беделін арттырды.

Жалпы, ол тұста жастар газеттерінің тараламы ересен еді. Біздің тұсымызда "Лениншіл жас" 300 мың таралыммен шығатын. Одан әрі "қағаз жетпейді" деп үкімет газетке жазылуды шектеп тастайтын. Әйтпесе, сайыпқыран Сейдахмет Бердіқұловтың редактор болуымен жарты миллиондық шепке жетуге болар еді.

Сонымен Михаил Таль ақ және қара тастармен ойнаған екі партияда жастар газетінің оқырмандарын ұтып кетті. Оның үстіне әрбір жүрісіне қаламақы алғанын естідік.

Содан кейін телефон арқылы журналистермен шахмат ойнады. Өзі газет радакторы Сергей Подгорбунскийдің кабинетінде отырады. Бөлімдегі журналистердің алдында шаршы тақта тұрса, Тальге оның керегі жоқ, ойша ойнады. Әрі белсеніп шыққан тілшінің бәрін ұтты.

Міне, түрлі редакцияларда шахмат перғауынымен осындай айқастар өтті. Қазіргі жас журналистер шахматқа құмар емес. Қызығушылық байқалмайды.

Газет беттері мен түрлі сайттардағы мақалаларына қарап, соны жазған тілші шахмат ойнай ма, жоқ па сезіп қоямыз. Шахматты жақсы білетін журналистің жазбасында күрделі комбинация жатар еді. Қазіргілердің көбінікі жалаң, жадағай және тартымсыз. Демек, шахматқа құмартпаған-ау деп түйін жасаймыз.

Парасатты Полугаевский

Бағдат Момбеков ақсақал Михаил Тальмен тақтада кездессе, әлемдік деңгейдегі келесі гроссмейстер Лев Полугаевскиймен шахмат ойнаған тағы бір ағамыз болды. Ол – Ұзақбай Қараманов. Иә, тәуелсіз Қазақстан үкіметін алғаш басқарған кісі. "Ауыл шаруашылығын жекешелендіріп, шаруашылықтарды таратса – халықты қиналады" деп отставкаға кеткен. Ол мәлімдемесін ақпарат құралдарына жария етпеген. Азғана адам естісе керек. Мұның өзі Ұзекеңнің алдағы жүрістерді болжай алатын мықты шахматшы екенін байқатады.

Бұл – басқа тараптағы әңгіме. Кейін Ұзекең туралы тағы бір естелік жазсақ, орала жатармыз. Әзірге Лев Полугаевскиймен қалай кездескенін сөз етелік.

Ұзақбай ағамыз онда – студент. Анау-мынау емес, Куйбышевтегі инженерлік-құрылыс институтында оқиды. Аралдың жағасындағы қазір жалғыз тоқал там қалмаған Ұялы деген жерден шыққан ауыл баласы Ресейдің үлкен қаласындағы жоғары оқу орнында бірер жыл қиналса да, кейін үздік студент болды. Әрі бірінші курста сабаққа қоса шахматты үйреніп, төртінші курста институт чемпионы атанған. Өте алғыр кісі екені осы мысалдан да көрініп тұр!

– Төртінші курстан соң жазғы практикада әскери нысан құрылысына жіберді, – деп еске алған көзі тірісінде жиі кездескен ағамыз. – Құрылыс Ока өзенінің жағасында болды. Содан практика бітіп, Куйбышев қаласына қайту үшін теплоходқа отырдық. Алдымен Ока, одан Волга өзенімен жүзіп келеміз. Қасымда жатақханада бірге тұратын Василий Карпов деген досым бар.

Сонымен ең төмендегі арзан каютаға билет алған достар таза ауа жұтуға палубаға шықса, онда екі кісі шахмат ойнап жатады. Басқа жолаушылар үйіріліп қарап тұр екен.

Осы кезде Вася досы Ұзекеңді бүйірге түртеді.

– Давай, сен мыналармен ақшаға ойна. Институт чемпионысың ғой.

Екеуінің ақшадан тарығып келе жатқандары рас. Ең болмаса бір түскі тамақтық ақша тапса, жаман ба?!

Тақтадағы екі кісі бұлардың "ақшаға ойнайық" деген ұсынысына таң қалады. Өйткені, бірі Михаил Таль де, екіншісі Лев Полугаевский еді. Таль өзінің әріптесіне "жастармен сен ойнап көрші" дейді. Содан кім ұтып, кім ұтылғанын және бәске тігілген ақшаның тағдыры не болғанын сәл кейінірек сөз етеміз. Әзірге кезекті шахмат перғауынын таныстыра кетейік.

1980 жылы Алматыда әлем чемпионы атағына үміткерлердің төрттен бір финалдық кездесуі өтті. Тартысқа түскен Михаил Таль мен Лев Полугаевскийдің ұтылғаны жолда қалып, ұтқаны келесі сатыға шықпақшы. Онда Алматыдағы Офицерлер үйі енді салынған.

Осындағы үлкен зал 500 адамға есептелген. Келушілер мыңдап саналған соң бәрі сыймағаны түсінікті. Жарысты өткізу үшін Қазақстан астанасына КСРО ұшқыш-ғарышкері, Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, КСРО Шахмат федерациясының президенті Виталий Севастьянов келіп еді.

Полугаевский шаршы тақтадағы жекпе-жекте Тальді жеңіп жартылай финалға өтті. Бәрібір әлем чемпионы атана алмады.


Лев Полугаевский қазақстандық жас шахматшылар арасында

Лев Полугаевский қазақстандық жас шахматшылар арасында / amanchess.kz сайтынан алынды


Кейін өз естеліктерінде Алматы туралы жылы лебіз білдірді. "Жанға жайлы, қонақжай қала еді. Ойнаған залымыз да тамаша, ұйымдастырушылар мен қарсы алушылар мінсіз қызмет етті" депті. Сосын алматылықтардың бүйрегі Тальға бұрып тұрғанын атап өтеді. Оған реніш білдірмеген.

Жалпы кейін зерттеушілер "Лев Полугаевскийдің әлем чемпионы болуына мінезі жетпеді, өте жұмсақ, тіпті жігерсіздеу еді" деп тұжырады. Екі рет КСРО чемпионы, бірнеше рет КРСО құрама командасы сапында Бүкіл дүниежүзілік олимпиада жеңімпазы болғанмен ең жоғары сатыға шыға алмады. Екі рет жартылай финалда жолын Корчной кесіп кетті. Тағы бірде төрттен бір финалда жап-жас Карповтан ұтылды.

Сол Лев Полугаевскиймен міне Еділ өзенінің үстіндегі кемеде студент Ұзақбай Қараманов ағамыз ақшаға ойнап көрмекші. Онда теледидар аз уақыт көрсетеді, әрі шахматшының аты кең тарамай тұрған кез, бұлар әлбетте, кіммен ойнағалы жатқандарын қайдан білсін.

– Ұтқан қайда? – деп өз естелігін жалғастырған Ұзекең беріде. – Бірінші партияда қанша тірессем де жеңіліп қалдым. Екінші ойында тағы ұтылдым. Вася екеуіміз ең соңғы ақшамызды қойып үшінші ойынды ойнадық.

Әрине тағы ұтылады. Сонда барып қарсылас бұлардан:

– Студентсіңдер ме? – деп сұрайды.

– Иә!

-Сендерге керегі аздап сыра ішетін ақша ғой?

Жеңіліп қалған бұлар тағы шындарын айтады:

– Иә, солай ойлап едік.

– Ендеше өз ақшаларыңды қалталарыңа салып қойыңдар. Сыраның ақшасын сендерге мен берейін,- депті. -Бірақ ендігәрі ақшаға шахмат ойнамайсыңдар.

Қуанып кеткен бұлар тағы да қосарлана "иә" дейді. Аздап ақша берген кісі өзінің халықаралық гроссмейстер Лев Полугаевский екенін, Куйбышевтегі индустриалды институтта сабақ беретінін айтады.

Міне, шахматқа қатысты біз естіген қызықтар осындай. Редакциялардағы әрбір кабинетте шахмат шайқасы қызған кезді сағынамыз. Әлем чемпиондарынан, ол атақтан үміткерлерден қаймықпай сайысқа түскен ағаларды еске аламыз.

Еске аламыз демекші, бала кезімізде Қадыр Мырза Әли ағамыздың мынадай тақпағын жаттап алғанбыз:

Бір ойында ойланбай
Пешкі беріп, ат алдым.
Есесіне сол бойда
Мықтап тұрып "мат" алдым.

Қазір шахматты насихаттап тақпақ жазатын балалар ақыны жоқ шығар. Газеттерге "ақ жағы бастап екі жүрісте мат қояды" дейтін есептер де шықпайды. Тек бірде Көпен Әмір Бек ағамыздың шахмат туралы сықағын өз аузынан естігенбіз:

Ферзі, слон, офицер, ат та болды,
Бәрі-бәрі Корольді жақтап өлді.
Біздің Король бір емес, бірнеше рет
Шаршы топта, масқара-ай, "мат" та болды.

Бұл – шамасы, шахматты насихаттайтын емес, саясатты масқаралайтын өлең болуы керек.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров