Шерханнан қалған шерлі сөз
2020 жылғы шілде айының соңына қарай атышулы Covid-19 дертіне қатысты түрлі ғылыми деректерді қарастырып отырғанда бір хатқа көзіміз түсті. Химия ғылымдарының докторы, профессор Зұлқайыр Мансұров отандық ғалымдар ойлап тапқан ФС-1 препаратына Денсаулық сақтау министрлігі мұрын шүйіріп, оның орнына емдеудегі ықпалы тиімді емес Ресей мен АҚШ дәрілеріне жүгініп отырғанына ашыныпты. Осы хатында Зұлқайыр Аймұхамбетұлы "өз отанында пайғамбар жоқ" деген белгілі тіркесті қолдана кетіпті. Рас, орысша нұсқасында "нет пророков в своем отечестве" деп жазыпты.
Дәл осы хат біздің ойымызға талай жәйтті оралтқан. Алдымен әлгі белгілі тіркестен бастайық. Отыз жылдай бұрын енді ғана "Егемен Қазақстан" атанған газетте қызмет істедік. Бас редакторымыз Шерхан Мұртаза. Қалай ел боламыз, кімнен үйреніп, қайда үлгі аламыз деген сансыз сұрақ алдан шыққан заман еді.
Бір күні газетке Шерхан Мұртазаның "Жат жұрттан іздемейік пайғамбарды" атты мақаласы шықты. Өз барымызды мәпелеу, өзгенің қаңсығына қызықпау жайында жазылған еді. Саясатта, экономикада, мәдениетте. Әсіресе, рухани салада. Ел елең етті. Ел дегеніміз – оқырмандар.
Оқи отырыңыз: Жүйе мен жүйке жолыққанда
Ал билік былқ етпеді. Сол кездегі Бэнгтен бастап бергі уақытта кеңесші болған Тони Блэрге дейін сырттан келіп жатты. Британдық "Daily Mail" басылымы Блэрдің кеңестері үшін Қазақстан үкіметі 29,1 миллион доллар төлегенін жазған. Мұның сыртында Британияның бұрынғы премьер-министрінің өзіне ғана емес, тұтас командасына авиабилет, жатын орны мен тамағы біздің мемлекеттің мойнында болды.
Оның кеңесінен өсіп, өркендеп кеткеніміз шамалы. Қайта сол тұстағы бардың өзінен айырылыппыз. "Дәл Блэр кеңес берген тұста Қазақстан Республикасы баспасөз бостандығы индексінде 8 сатыға, ал коррупцияға қарсы тұру индексінде 18 сатыға төмендеді" деп жазған тағы бір шетелдік "Diplomat" басылымы.
Осылайша кезінде Шерхан Мұртаза "жат жұрттан іздемейік пайғамбарды" деп қанша шырылдағанымен, оның есіл сөзі қор болғаны анық. Мына коронавируспен қызу майдандасып жатқан қазіргі уақытта өзіміздікін елемей, өзгенікіне жүгіру мен жүгіну жаппай орын алып жатыр. Ғалым Зұлқайыр Аймұхаметұлының хаты сол туралы еді.
Оқи отырыңыз: Сарсылған сана
Топырағы құнарлы әулеттегі тұлға
Онда жастар газетінде қызмет істейміз. Секретариатта отырамыз, келесі нөмірдің макетін сызуымыз керек. Түнгі кезекші жаңа басылған нөмірден корректорлар бюросына жиырма-отыз дана қалдырып кетеді. Біз соны секретариатқа әкелеміз. Одан әрі әр бөлімнің қызметкерлері бір-екіден өздеріне алатын.
Осы жаңа нөмірдің бір данасын тура сағат 9.00-де келіп алатын тағы бір кісі бар. Сырттан кіреді. Жаздың күнінде бәрібір кигені костюм. Галстук тағып алады. Мерекелік күн болмаса да, кеуденің сол жағына орден-медальдарын тағады. Есіктен кіргенде онысы сыңғырлайды. Кім кіріп келе жатқанын бірден білеміз. Қатарды бастап тұрған алғашқы екеуі Ленин ордені. Ары қарай жалғаса береді. Жартысы – бейбіт еңбектен, жартысы – қанды соғыстан.
Оқи отырыңыз: Өлшемдер өзгергенде
Бұл кісі бұған дейін ұзақ жыл Алматы облысының Жамбыл ауданын басқарып, зейнет демалысына шыққан Аймұхамет Мансұров еді. Біздің редакторымыз сол Жамбыл ауданының тумасы ғой. Содан бір-бірін жақсы білетін болуы керек, партия ардагері біздің редакцияда еркін жүретін. Тіпті, сол кездегі партиялық газеттің және "Ара" журналының қызметкерлері жақсы танып, сәлем беріп жататын.
Бірде газеттің жаңа нөмірін алып жатып:
– Айналайын, атың кім? – деген.
– Қайнар.
– Қайнар! – деп қайталады да, – қай жерде тудың? – деп сұрады.
– Семей облысында.
– Мен де Семейдің Қайнарында тудым, екеуміз жерлес болдық, – деп арқамыздан қаққан.
Ғалым Зұлқайыр Мансұров – осы ақсақалдың төрт ұлының бірі. Одан үлкен Тайыр Мансұровты республика сонау тоқсаныншы жылдар ортасынан білуі керек.
Біз Зұлқайырды тоқсаныншы жылдар басынан білетінбіз. Кеңес Одағы тарқамай тұрғанда капиталистік аталатын елдерде оқыған, тәжірибеден өткен қазақ ғалымдары санаулы еді. Тегі белгілі Дамитов, Балғынбаев әулеттерінің өкілдерімен бірге Мансұровтар атынан химик ғалым Зұлқайыр Ұлыбританияда тәжірибеден өткен. Ол туралы кезінде газетімізде ақпарат берілген.
Міне, Зұлқайыр Мансұровтың коронавирусқа қатысты пікірін оқып отырғанда осындай жәйттер көз алдымыздан киноның лентасындай сырғып өткен.
Оқи отырыңыз: Қоғамның қос шелегі
"Қуырылған картопты ұнатушылармен" қатарлас
Химия ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Зұлқайыр Аймұхаметұлы бұл хатта өзінің жаңалығын тықпаламайды. Бұл кісі коронавирусқа қатысы жоқ химияның басқа саласымен айналысады. Қазір Жану мәселелері аталатын салалық институтты басқарады. Ал көтеріп отырған тақырыбы Алматы қаласындағы Жұқпалы ауруларға қарсы препараттар ғылыми орталығының жаңалығына қатысты.
Иә, кезіндегі іргелі ғылыми-зерттеу институттарының көбі шағын ғылыми орталық, тіпті ЖШС болып қалды. Бірталайын Қазақ-Британ университеті, біразын Назарбаев университеті қол астына алды. Қалғандарын Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті басқаратын сияқты. Не керек, кезіндегі жұдырықтай жұмылған Ұлттық ғылым академиясына қарасты 24 ғылыми-зерттеу институтының, 140 ғылыми мекеменің түте-түтесі шықты.
1996 жылы Ұлттық ғылым академиясын, Қазақ ауыл шаруашылық ғылымдары академиясын министрлікке қосып, Ғылым министрлігі – Ғылым академиясы құрылды. Ешкімге түсініксіз реформа жасалғанда Ұлттық ғылым академиясын Кенжеғали Сағадиев басқарып тұрды. Жарықтық тек академияны емес, бүкіл ғылым саласын министрлікке ұстата салған үкімет мәжілісінде кезінде Қаныш Сәтбаев құрған шаңырақты шайқалудан сақтай алмады. Бірақ, кейін өзі екі рет парламент депутаты болды, баласы Ерлан Сағадиев бірде индустрияға, енді бірде инвестицияға қатысты министрлікте орынбасар, одан Білім және ғылым министрі болып тағайындалды.
Оқи отырыңыз: Табынған мен таптаған
Кіші Сағадиевтің аты ілім-білім тарихында кезінде Байтұрсынов ұлттың қолына ұстатып кеткен "Әліппені" жер аударған адам ретінде қалса, үлкен Сағадиев 2020 жылы шілде айында қалың қазақты жайпаған коронавирус дертінен көз жұмды. Отандық ғылым ол кісіні де, тағы басқа ондаған атақты ғалымдар мен дәрігерлерді төтенше аурудан сақтап қалуға дәрменсіз болды.
Жоқ жерден құрылған Ғылым министрлігі – Ғылым академиясы деген қосақтың болашағы бұлдыр да тұманды, әрекеті баянсыз да табыссыз болды. Ақыры 1999 жылы ғылым әдеттегідей білімге қосылып, қайта бір министрлік құрылды. Ғылыми институттар министрлікте қалды да, Ұлттық ғылым академиясы ішінде дән жоқ құр қауашақ сынды болып қалды.
2003 жылы оны қоғамдық бірлестік санатына қосты. Иә, "қуырылған картопты ұнатушылар" немесе "бұралқы итті қорғаушылар" және тағы басқа осындай ынталы топтар құрып, қиындықсыз тіркеле алатын ұйымдарымен бір қатарда. Ал кезінде оған қараған іргелі ғылыми-зерттеу институттары жоғарыда жазғанымыздай ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті.
Тағдыры осындай болған отандық ғылым қазақтың "жыланды үш кессең де, кесірткелік әлі бар" деген сөздің растығын дәлелдейді. Ұлыстың ұлы даласын жаппай жайлаған тосын дерт – коронавирус кезінде отандық ғалымдар өздерінің осы жұқпалы аурудан жазылуға көмектесетін дәрілерін жасауға талпынған. Талпыныс сәтсіз емес еді. Бірақ сол баяғы бюрократияның берік шеменнен құйылған дуалын бұза алмай шерменде болған. Зұлқайыр Мансұровтың хаты дәл осы мәселе жайында еді.
Оқи отырыңыз: Жасыл жоқ, қара қалың
Өзекке тебілген өз табысың
Елді Дінмұхамед Қонаев басқарып, Алматы республика астанасы болып тұрғанда әл-Фараби даңғылының бойында академиялық қалашық салына бастады. Оған бірнеше іргелі ғылыми-зерттеу институттары көшіп келді. Осы үрдіс жылдар бойы жалғасын тапқанда мұнда қазақ елінің өз "силикон алқабы" пайда болуы мүмкін еді. Оған қайда?
Көшіп келген институттар жоғарыдағы науқан кезінде жабылды. Кейбірінің орнына ғылыми орталықтар құрылды. Соның бірі Жұқпалы ауруларға қарсы препараттар ғылыми орталығының ғалымдары соңғы жылы өкпе ауруына қарсы ФС-1 атты препарат жасады. Оның қалың елге қасірет әкелген коронавируске шалдыққандарды емдеуде тиімділігі байқалған.
Бірақ, республиканың Денсаулық сақтау министрлігі оны қолдануға рұқсат берер емес. Осы мәселені өзі химияның басқа саласында жүрсе де Зұлқайыр Мансұров көтерген екен. Ғалымның жоғарыдағы хатында бұл ФС-1 препаратының барлық клиникалық сынақтардан өткені көрсетілген. Оның нақты құжаттары бар. Бірақ, аталмыш министрлік отандық ғалымдар ұсынған ФС-1 препаратына көңіл бөлер емес. Есесіне коронавирусты емдеуде әлі жақсы нәтиже бермеген шетелдік, оның ішінде ресейлік дәрілерді сатып алу бағытын ұстанып отыр. "Өз отанында пайғамбар жоқ" деген ежелгі әрі өкінішті тұрақты тіркесті ғалым осы жерде қисынды жазған. Әрі бұл препаратқа Иранның қызығушылық танытып отырғанын айтады.
Дәрі таппай жаны қысылып отырған халыққа ФС-1 пайдасын берер еді. Өйткені, қос өкпесі бірдей қатты қабынған, өте ауыр жағдайға түскен академик М. Бүркітбаев пен аспирант Б. Қайдар осы препарат арқылы кешенді емделіп, сауығып шығыпты. Ғалымның өз шәкірті Б. Қайдардың өкпесінің жартысы істемей қалған, ал әлгі препараттың арқасында 7 күнде сол өкпе толық тазарып, қалпына келген.
Оқи отырыңыз: Теңдік жолындағы текетірес
Өзінің жанайқай іспетті хатын ғалым былай аяқтаған екен: "министрліктің басшылығында кездейсоқ адамдар болуы мүмкін, бірақ бүкіл ғұмырын ғылымға арнаған адамдар кездейсоқ емес!" Отыз жылғы көкпарда серкенің орнына сүйреліп келген отандық ғылымда жаны сірі болып жүргендер туралы бұдан артық айту мүмкін бе!
Біздің елдің министрлігі жаңалыққа теріс қарап отырғанда әлемдік ғылыми орта коронавирустан сақтану мен емделу жолдарын жанталаса іздеп жатыр. Ұлыбританиядағы Оксфорд университетінде "Oxford adenovirus Covid-19" вакцинасы жасалған. 5 зерттеу орталығында 1 077 ерікті арқылы сынақтан өткен. Вакцина егілген соң вирусқа қарсыласу 28 күнде пайда болып, екі айға сақталады. Әзірге мұны да табыс санайды.
Гарвардтың Медицина мектебі Covid-19-ға қарсы күрес үшін ДНК вакциналарын жасау үстінде. Әзірге оны бенгал маймылдарына сынап жатыр.
Вандербилт университетінің медициналық орталығы мен Солтүстік Каролина университеті бірлесіп коронавирусқа қарсы ремдесивир препаратын жетілдіруге кірісті. Ол әзірге зертханадағы тышқандарға егілген көрінеді.
Францияның Ұлттық денсаулық сақтау және медициналық зерттеулер институты "DisCoVery" деген атпен клиникалық зерттеулерді бастады. Онда аталмыш ауруды 4 экспериментальді тәсілмен емдеп жатыр. Инновациялық медицина бастамалары (IMI) сайтының жазуынша, "DisCoVery" аясында вирусқа қарсы үш түрлі емдеу әдісі және "интерферон бета 1а" препараты сынақтан өтуде.
Оқи отырыңыз: Ғарыштағы жарыс
Қытайда кронавирусты зерттеген 106 хаттама белсенді деп саналса, АҚШ-та мұндай белсенді хаттаманың саны – 68. Бүкіл Еуропа елдері 86 зерттеудің белсенді хаттамасын ұсынып отыр. Еуропа Одағы коронавирус пандемиясын ауыздықтау, оған қарсы заттар табу үшін "COMBACTE-NET" бағдарламасына қаржы бөлді. Жоба бүкіл Еуропадағы клиникалар мен зертханаларды бір желіге біріктіреді. Сол арқылы бұл ауруға шалдыққан адамдардың емделу ақпараттарын стандарттайды. Бізде бұл кезде адамдар ауруханадан төсек таппай, дәліз бен аулада күтіп жатқан. Көбі үйінде емделген. Олардың ақпаратын стандарттау аспандағы бұлтты ұстаумен бірдей шығар. Еуропа Одағы болса "COMBACTE-NET" бағдарламасымен қатар "PREPARE" және "RECoVER" жобаларына демеушілік етеді.
Жер жүзі осылай жанталаса ізденіп жатқанда біздің үкіметтік орган клиникалық сынақтан сәтті өткен препараттың жолын бөгеп отыр. Сол арқылы мыңдаған адамды тез сауығып кету мүмкіндігінен айырып отыр деп тұжыруға болар.
Ғалым Зұлқайыр Мансұров жазғандай, өз ғылыми табыстарыңның өзекке тебілгені өкінішті. Әсіресе, мынандай алмағайып шақта!
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎄Новогодние скидки: билеты на поезда по выгодным ценам распродают в Казахстане
- 5565
- 1
- 3
-
2❓День потрачен впустую: кто виноват и что делать, если доставка задерживается
- 5368
- 3
- 18
-
3⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 21 ноября
- 2890
- 0
- 7
-
4🏃♀️Семейный забег пройдёт в Астане. Победители получат телевизоры, пылесосы и планшеты
- 2803
- 1
- 21
-
5‼️К смертной казни приговорили жительницу Таиланда за серийные убийства с помощью цианида
- 2478
- 1
- 28
-
6🔥Столичные пожарные потушили горящий автомобиль
- 2446
- 0
- 11
-
7⚡️Солдат впал в кому после удара сержанта: начался суд по резонансному инциденту в воинской части Отара
- 2524
- 6
- 27
-
8⚖️ Прокуратура вернула 12,5 млн тенге предпринимателям алматинского метрополитена
- 2458
- 0
- 15
-
9🔥 Полицейские эвакуировали 20 человек из горящей многоэтажки в Кокшетау
- 2405
- 0
- 20
-
10☄️Продажи и прибыль Temu и Pinduoduo упали: акции рухнули на 11%
- 2486
- 0
- 5