Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы аграрлық университетте Өмірзақ Сұлтанов деген доцент, ғылым кандидаты бар. Өте жан-жақты адам. Еңбек жолын ауыл зоотехнигінен бастап, қой шаруашылығын зерттейтін ғылым саласына келген. Мәскеудегі Тимирязев атындағы академияда оқыған. Әлихан Бөкейхановтың қазақ тұрмысындағы қой шаруашылығының маңызы туралы тұжырымдарын тиянақтап, мәнді монография жазған. Демек, Өмекең өз саласын айтпағанда алаштанушылардың қатарында тұруға хақылы. Оның үстіне бұл кісі спорт журналистері арасындағы Сейдахмед Бердіқұлов атындағы сыйлыққа ие болған.
Өмірзақ Сұлтановтың Семей қаласындағы "Интеллект" баспа үйінен 2013 жылы шыққан "Шабыт қайнары" кітабының электронды нұсқасымен таныса отырып, талай танымдық жәйттерге қанықтық. Ағамыздың білім мен ғылым және журналистикадағы ізденістері мен ой-толғамдарынан тұратын кітаптағы әрбір мақала ой салған. Соның ішіндегі біреуі ерекше назарымызды аударды. Автор кезінде Брежневпен, Горбачевпен, атақты ғалым Алферовпен кездескен Семей қаласының тұрғындары туралы жазыпты. Осының алдында Горбачев туралы белгілі тарихшы-жазушы Николай Зеньковичтің "Жизнь до Кремля" атты кітабын оқып шыққанбыз. Николай Александровичтің өзімен 2017 жылы танысып, бір кітабын қазақшаға аударғанбыз. Мына "Жизнь до Кремля" кітабын қолға енді ұстадық. Зенькович бұл еңбегінде Кеңес Одағы деген алып кеменің штурвалын ұстап тұрып, оны суға батырған Михаил Горбачевтің КПСС Орталық Комитетінің хатшысы болып өсіп кеткенге дейін Ставрополь өлкесін қалай басқарғанын зерттеген. Екі кітаптың ортақ тұсы бар. Қазаққа жақын қой саласын Горбачевтің қалай құрдымға батырғаны туралы. Иә, Қеңес Одағын құрдымға кетірерден бұрын.
Сонымен екі кітаптағы үзінділерге өз пайымымызды қоса өріп көрелік.
"Шабыт қайнары" кітабынан:М.С.Горбачевпен кездескен адам – Семейдің тұрғыны Жанат Нұқышев қаладағы жоғары оқу орындарында сабақ берген. Бүгінде қалалық әкімдікте мемлекеттік қызметкер. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент атағы бар. Енді Жанат Нығметұлына сөз берейік:
– Мен ғылым жолын қуып, 1976-1978 жылдары Ставрополь қаласында орналасқан Бүкілодақтық қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында оқыдым. Сол кездегі Ставрополь өлкесі қой саны жағынан Совет Одағында бірінші орын алатын. Өнімділігі жоғары асыл тұқымды қой өсіретін шаруашылықтары да көп болатын. Сондай бір үлкен өнеркәсіптік кешендегі қой зауытында мен ғылыми жұмыстарға қатыстым. Одақ ғалымдары алғаш рет жаңа туған төлді жасанды сүтпен асырау технологиясын жүзеге асыру тәжірибесін бастаған кез еді. Мені жетекші профессорым осы жұмыстарға жұмылдырды. Бұған менен басқа Чехословакия, Болгария, Венгрия сияқты елдерден келген аспиранттар да қатысты.
Біздің пайымдауымыздан:Бүкілодақтық қой мен ешкі ғылыми-зерттеу институты 1932 жылы құрылған. Оның алдында Мәскеуде Жоғары зоотехникалық институт және Алматыда Азиялық қой шаруашылығы, осы Ставропольде Еуропалық қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттары болды. Осыларды үлкен ғылыми орталыққа біріктіреді. Бірақ ол Қазақстан мен Орта Азиядағы қой өсіруді зерттеген емес. Одақтың еуропалық бөлігіне орналасқан республикалардың қой-ешкісінен аспады. Сөйтіп, 1933 жылы енді Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты құрылды. Алматының іргесіндегі Мыңбаев ауылы солай пайда болды. Институтқа академик Кәрім Мыңбаев есімі ғалым өз әріптестерімен бірге әуе апатынан қаза болған соң берілді. Оның сыртында осы институттың бөлімшесі негізінде Шымкентте Қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ашылды. Сондықтан біздің республика бұл орайда Ставропольге иек артпай, өз қотырын өзі қасыды.
Әрі Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институты ет пен қаракөл терісін емес, жүнді көп өндіруге ден қойды. Сондықтан биязы жүнді қой мен түбіт жүнді ешкі шаруашылығын дамытуға қатысты ғылыми ұсыныстар беретін. 1969 жылы мұнда Экономикалық Өзара көмек кеңесіне мүше елдердің жиыны шақырылды. 1971 жылы оларға қоса Азия, Африка, Таяу Шығыстың 18 мемлекетінің ғалымдары қатысқан қой өсіру туралы семинар өткен. Одақ құрамында болғандықтан қазақ ғалымдарының Ставропольге жиі барып, тәжірибеден өтуі заңдылық.
"Жизнь до Кремля" кітабынан (авторлық ескерту – біз бұған дейін Н.Зеньковичтің бір кітабын қазақ тіліне аудардық, сондықтан мына кітаптың үзінділерін де аударып бергенді жөн санаймыз):
"Ставрополь өлкесі ежелден биязы жүнді қой өсіруден даңқын асырған. Бұл халық шаруашылығы үшін маңызды. Өлке Ресей Федерациясында дайындалатын жүннің 15 пайызын береді. Бұл саланы одан әрі жетілдіру үшін өндірістік негізге көшіру ұйғарылды. Сондықтан саулықты жайылымға шығармай, кешенді механикаландырылған фермада бағуға көшті. Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Михаил Горбачев КПСС Орталық Комитетіне қой шаруашылығын дамытудың дұрыс жолы табылғанын баяндады. Жаңа технология бұрынғы жайылымды енді шөп егілген шабындыққа айналдырады, шопандардың жұмыс күнін реттейді, олардың тұрмысын жақсартып, сол арқылы кадр тапшылығын шешеді деп сендірді. Горбачевтің бастамасын Орталық Комитет хатшысы Ф.Кулаков бірден қолдайды. Себебі, Кулаков соның алдында осы Ставрополь өлкесін басқарудан өскен еді. Шамалауымызша, бұл бастама арқылы М.С.Горбачев бір оқпен екі қоян атып алмақ болды. Біріншісі – Одақтық аренаға шығу болса, екіншісі – бағалы тәжірибе үшін қаржыны қамтып қалу."
Біздің пайымдауымыздан:Иә, Горбачевтің Бүкілодақтық саяси кеңістікке көтерілуі өте тез жүзеге асты. Карпат тауы мен Тынық мұхит, Памир тауы мен Солтүстік мұзды мұхит арасындағы алып мемлекеттің халқы оның қайдан, қалай пайда болғанын аңғармай қалды. Ал Горбачев өзін танытудың барлық тетіктерін құр жібермеген. Николай Зеньковичтің кітабында оның Ставрополь өлкесінің сан саласындағы құйтырқылары сипатталған. Мелиорацияға қатысты науқаны өз алдына бір төбе. Біз тек қой өсіруге қатыстысын қозғап отырмыз.
"Шабыт қайнары" кітабынан:"Бір күні үлкен әбігерге түстік. Күткен қонағымыз Ставрополь өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы М.С.Горбачев болып шықты. Оның келгендегі негізгі мақсатының бірі – біз айналысып жатқан жаңа технологияның барысымен танысу екен. Кешен басшылары мен профессор ғалымдарымыз жағдайды айтудай айтып-ақ жатыр. Бірақ ол оған қанағаттанбай, жас ғалымдар, аспиранттар не дейді дегендей, біздің қасымызға келді. Жетекшіміз әрқайсымызды таныстырып, қай республикадан келгенімізді де айтып жатыр. Мені: "Қазақстаннан келген, Семей облысынан" дегенде елең етіп, содан сөйлей жөнелді. Сондағы айтқаны: "Ставрополь өлкесі қой санынан елімізде бірінші орын алса, осы саладағы біздің басты бәсекелесіміз – сендер. Сондықтан тәжірибе жинақтап, еліңе барғанда пайдаланасың ғой" дегендей сөздер айтты. Жалпы, сондағы менің байқағаным – М.С.Горбачевтің көбінесе өзі сөйлеп, өзін қой саласының да білгірі ретінде көрсетпек ойы бар адам сияқты көрінді.
Біздің пайымдауымыздан:Қойды жүні үшін өсіретін өлке мен ет өндіруге маманданған облысты бір-біріне бәсекелес санау білікті басшының сөзі болмаса керек. Жалғыз мысал айталық. Сол тұстағы Семей облысының біз тұратын шалғайдағы Ақсуат аудандарына тегі Ставропольден шыққан қойды өсіруге әкелді. Терісі жұқа болғанмен, жүні қалың меринос қойы Қазақстан бойынша суық нүктенің бірі Зайсан ойпатының аязына төтеп береді деп тұжырыпты. Бірақ, пәле басқа жақтан келерін ешкім ойламапты. Біз жетінші класта оқитын жылғы қыста мектепте бір ай сабаққа бармадық. Себебі, шаруашылыққа әкелінген бірнеше отар меринос қойдың терісіне селеу кіріп кетіпті. Содан қой жүдеген, енді қырылып қалмақ. Бүкіл мектептің қойға шамасы келетін оқушылары жабылып теріден селеу тергенбіз. Қойды жығып аласың. Аяғын буасың да, жүнін ақтарып, теріге кірген селеудің ұшын алып шығасың. Көбінесе селеу кірген жері іріңдеп кеткен. Ал тазала. Үсті-басымыз шуаш сасып, бір ай әуре болдық.
"Жизнь до Кремля" кітабынан:
"Ақыры 1970 жылы Ставрополь өлкесінде КПСС ОК ұйымдастыруымен Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының көшпелі пленумы өтті. Ол қой шаруашылығындағы өнім өндірудің жаңа технологиясына арналды. Баяндаманы өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Горбачев жасады. Алғаш рет "қайта құру" деген сөзді айтты, әзірге ол қой шаруашылығына қатысты еді. Жиыннан кейін өлкеге қосымша 470 миллион кеңес сомы мөлшерінде қаржы бөлінді. Резервтен тракторлар мен автомашиналар, қой кешендері мен тұрғын үй материалдары жөнелтілді. Қой мұнда 6,3 миллион басқа жетті. Бәрібір кешенді механикаландырылған ферма тәжірибесі кең қанат жая қоймады. Өйткені, оны салу мен онда қойды жыл бойы ұстап тұру шығыны ақталмайтын. 1973 жылы өлкелік партия комитетінің бюросында бұл мәселе бойынша арнайы қаулы қабылданды. Үш жыл ішінде бар болғаны 117 мың қойға арналған 27 кешенді-механикаланған ферма салыныпты. Бүкілодақтық қой мен ешкі шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қарамағындағы "Темнолес" совхозының тәжірибелік фермасының өзінде өнімнің өзіндік құны тым жоғары болған. Бір қойдан қырқылатын жүн байырғы тәсілмен, яғни жайылымды пайдаланатын фермалардан төмен еді. Соған қарамастан Горбачев әлгі кешендерді салуды жалғастыра берді. 1977 жылы олардың қатары 43-ке жетті, ал шығыны ересен еді. Әрбірінің құны – 3 миллион кеңес рублі."
Біздің пайымдауымыздан:
Горбачев өзі басқарған өлкені дүрліктіріп жатқан жетіпісінші жылдардың екінші жартысында университетте оқыдық. Журналистиканы. Соның өзінде "Экономика" деген пән болды. Леонид Борисович Горенман деген ғалым сабақ беріп, "шаруашылық есеп" деген ұғымды сонда миымызға шегеледі. Бар болғаны: өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына кеткен шығынды өнімнен түскен пайда есебінен ақтап алу. Қазір үлкен шаруашылық тұрмақ шағын асхана иесі осы тәсілмен жұмыс істейді. Сол Горенман дәріс барысында Мәскеуде шыққан кітаптарға сілтеме жасайтын. П.Бунич, А.Сибиров дегендердің еңбектері есте қалыпты. Алматыдағы қарапайым доцент білгенді КСРО-ның ең ірі өлкесін басқарып отырған Горбачевтің қалай түсінбегеніне қайранбыз. Әрі алпысыншы жылдардың соңынан партия мен үкімет жаппай шаруашылық есепті еңгізу жөнінде бірқатар қаулы қабылдапты. Сексенінші жылдары жастар газетінің тілшісі болғанда Целиноград облысында тұтас совхозды шаруашылық есеппен жұмыс істеуге көшірген экономист туралы жиі жазғанбыз. Сонда Михаил Сергеевичтің әрекеті "қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақтың" өзі болып шығады екен.
"Жизнь до Кремля" кітабынан:
"Әңкиген алып кешендер табыс әкелу тұрмақ саулық қой ұстауға қолайсыз болып шықты. Төбесі өте биік, қабырғасы бетон болғандықтан аңыраған суық. Мемлекеттік комиссия қабылдаған механикалық кешеннің ешқайсында жаңа технология жұмыс істемеді. Бірінде іші қажетінше бөлінбеген. Екіншісінде мал суаратын құбыр істелмеген. Үшіншісінде шөпті турап беретін цех іске қосылмаған. Ең бастысы – мұндай үлкен кешендерге жем-шөп әзірлейтін мәдени шабындықтар жеткіліксіз еді. Қорыта келгенде қой шаруашылығын өндірістік негізге көшіру деген байқұс жануарларды табиғи жайылымнан айырып, темір-бетон "молаға" қамау болып шықты. Горбачев қанша жерден "қой шаруашылығын түбегейлі қайта құрдық" деп жар салса да, бұл қойды жаппай өлім-жітімге ұшырату болатын. Тек 1976 жылы қаңтар айында 620 мың қой қырылды. Сол жылы мамыр айында Горбачевтің жаңа технологиясымен күзде себілген 442 мың гектар қара бидай үсікке шалынғаны анықталды. Аса зор адам, қаржы және материалдық ресурстар жұмсалған қой өсіру саласындағы бұл технология ставрополдықтар санасында Горбачев басқарған жылдардағы өлке үшін ең қымбатқа түскен қисынсыз "ескерткіш" болып қалды."
Біздің пайымдауымыздан:
Егер Қазақстанның кез-келген облысында, айталық Горбачев өзі сырттай жарыстық дейтін Семей облысында бір айда осыншама қой қырылсыншы, не болар еді? Облыс басшыларынан бастап тегіс қызметтерінен кетері анық. Шаруашылық директорлары мен мамандары, қатардағы шопандары көзінен тізіп сотталары даусыз. Ал, Ставрополь өлкесін басқарған Михаил Сергеевич үшін "Сырдың суы сирағынан келмеген" жағдай көрінеді. Бұрынғыға қосымша 470 миллион сом бөлінген салада бір айда 620 мың бас қой шығын болуы Кремльді де ойландыра қоймағаны өкінішті. Оған қой шаруашылығындағы "қайта құруды" бүкіл ел шаруашылығында жалғастыруға мүмкіндік берілгені ең өкініштісі еді.
"Шабыт қайнары" кітабынан:
"Келесі жылы біздің кешенге ол тағы да соқты. Бұл Мәскеуге ауысып, Орталық Комитеттің ауыл шаруашылығы жөніндегі хатшысы болған кезі-тін. Кейін оның мемлекетті басқарып, қайта құру атты науқанды бастап, ақыры Совет Одағының күйреуіне әкеліп соғатынын, әрине, біз ол кезде қайдан білейік?"
Сөз соңы:
Өмірзақ ағамыздың кітабынан осы жәйтті оқыған соң Жанат Нығметұлын іздестірдік. "Ол ағаң қазір зейнеткер, Семей мен Астана арасынан табасың" деді телефонын берген бір туысқан.
Иә, телефон арқылы таптық. Астанада екен. Журналист екенімізді жеткізіп, Горбачевпен қалай жолыққаны туралы бізге де жан-жақты айтып беруін сұрадық.
– Горбачев туралы енді ешкімге ештеңе айтпаймын. Журналистер бұл туралы мені мазаламасын, – деді Жанат Нұқышев ағамыз үзілді-кесілді.
– Аға, басқасы керегі жоқ, әлгі қой өсірудегі қателіктерін айтсаңыз жетер еді...
– Айтпаймын! Қойың не, ол бүкіл қоғамды құртқан адам!
Бізге ағамыздың осы бір ауыз сөзі жететін еді. Тақырыпқа шығарғанға!
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎄Новогодние скидки: билеты на поезда по выгодным ценам распродают в Казахстане
- 5714
- 1
- 4
-
2❓День потрачен впустую: кто виноват и что делать, если доставка задерживается
- 5503
- 3
- 18
-
3⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 21 ноября
- 2903
- 0
- 7
-
4🏃♀️Семейный забег пройдёт в Астане. Победители получат телевизоры, пылесосы и планшеты
- 2847
- 1
- 22
-
5🥶Ночные морозы до -23 прогнозируют на выходных в северной половине Казахстана
- 2721
- 0
- 8
-
6‼️К смертной казни приговорили жительницу Таиланда за серийные убийства с помощью цианида
- 2492
- 1
- 28
-
7🔥Столичные пожарные потушили горящий автомобиль
- 2460
- 0
- 11
-
8⚡️Солдат впал в кому после удара сержанта: начался суд по резонансному инциденту в воинской части Отара
- 2537
- 6
- 27
-
9⚖️ Прокуратура вернула 12,5 млн тенге предпринимателям алматинского метрополитена
- 2499
- 0
- 15
-
10🔥 Полицейские эвакуировали 20 человек из горящей многоэтажки в Кокшетау
- 2451
- 0
- 20