Прямой эфир Новости спорта

Митинг мәдениеті

Бізге оның қандай болуы қажеттігін белорус халқы көрсетсе керек.

Жазу үлгісі

Алдымен "митинг" деп жазып алып, "осынымыз қалай" деп ойланып қалдық. Кейінгі кезде ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей аудару үрдісі қалыптасты. Бұл – өте қуанарлық жағдай. Бұрын аралықта орыс тілі болатын. Делдал іспетті. Саудада айналып келгенде сатушы мен алушының ойындағы емес, делдалдың айтқаны болатыны сияқты ағылшыннан қазақша аударылған сөздің бәрінде орыс тілінің ықпалы сақталатын. Сондықтан халықаралық терминнің көбі орысша қалай жазылса, қазақ тілінде солай жазылып жүрді.

Әрі Қазақстан отыз жыл бұрын ғана орыс тілі үстемдік еткен Кеңес Одағының құрамында болды. Көптеген терминдер сол кезде тілге орнықты. Соның бірі – митинг. Онда бұл шара коммунистік партияның әлдебір саяси бағытын, тіпті, санаға сыйымсыз қадамын қолдау үшін өткізілетін. Айталық, Кеңес Одағы өзінің іргесіндегі Ауғанстанға басып кіргенде еңбек ұжымдарында, жоғары оқу орындарында жедел митинг өтетін. "Ауғанстанды Америка Құрама Штаттарының ықпалында қалдырмау, социалистік мемлекет ету керек" деген ұранмен.

Коммунистік партия араққа қарсы науқан бастады делік. Дереу барлық жерде жұртты митингіге жинайды. Әлгі саясатты қолдаған сыңайдағы сөздер сөйленеді. Кешкілік сонда болғандардың талайы мастықтан тәлтіректеп жүргені ештеңе емес. Ең бастысы митинг өтсе болғаны.

Оқи отырыңыз: Қазаға қатысты наза

Осылайша біз қаншама жыл "митинг" деп жазып келдік. Беріде ағылшын тілінен тікелей аударма жасау басталғанда саланың мамандары тарапынан "бұл сөзді орысшаға емес, ағылшыншаға бейімдеп "митиң" деп жазған дұрыс" деген пікір естіле бастады. Сол сияқты бұрынғы "рейтинг" сөзін "рейтиң" деу жөн болады екен. Ағылшында осылай айтылады деседі.

Негізі қисынды ой екені талассыз. Алда түгелдей латынша жазуға көшсек, әрі жеріміз ғана емес, санамыз да Ресей ықпалынан толық тәуелсіз болсын десек, бұған ұсақ-түйек деп қарамау керек.

Бізге "митиң" мен "рейтиң" деп жазу мен айтудың еш қиындығы жоқ. Қайта тілімізге солай жатық сияқты. Бірақ жазу ісінде ортақ тәртіп керек. Мемлекеттік терминология комитеті, олар әлде комиссия ма екен өзі, "бұдан былай қазақ тілінде "митиң", "рейтиң" деп жазылады" деп бекітіп берсе, сәл сәтте көшпекпіз.

Бірақ, жұмысы жұмбақ, жариялығы шамалы, түрлі сөзді қалай бекіткенін мүшелерінен басқа көп ешкім біле қоймайтын терминкомның жарығы бұл сөздерге қашан түсерін қайдам? Бұрынғы, яғни әлгі кеңес заманындағы терминком тындырымды еді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылына дейін бүкіл қазақ баршаға ортақ сөздермен сөйлеп, жазып келген. Бұл – нақ сол тұстағы терминкомның табандылығының және журналистердің жауапкершілігінің арқасында.

Орыстың "холодная война" деген тұрақты тіркесін "қырғи-қабақ соғыс" деп сонда бекітіп берген. Осы аударманы жасау бүгінгінің "білгірлерінің" қолына түссе, "суық соғыс" деп сайрап отырар еді.

Абайдың ХІХ ғасырдың аяғында жазған:

Сорлы қазақ сол үшін

Алты бақан алауыз, –

дейтін өлең жолдарын ХХІ ғасырдағы қазақ тіліне қатысты қолдану керек. Абайдан әрі мен беріде "туған" деп айтылып-жазылған сөзді "туылған" деп бұрмалап алу мен онысын дұрыс деп дәлелдеуге тырысып, бетбақтық таныту – соның бір көрінісі ғана.

Оқи отырыңыз: Жанашыр болуға жаралған

Абайға дейін де, Абайдан кейін де қазақ шаңырақ құрған, отбасы болған, бірақ ешкімнің аузынан "жанұя" деген жасанды сөз шықпаған. Қара қазан, сары бала үшін күңіреніп күн астына жортқан жыраулардан бастап Махамбетке дейін қараңыз, олардан берідегі Әуезов пен Мұқановты оқыңыз. "Отбасы" мен "шаңырақ" сөзі бар, орыс тіліне жақындамақ ниеттен ғана шыққан "жанұя" сөзі жоқ.

Тіпті, орыс тілін бәрінен артық білген, қаншама жыл сол тілде қарамағындағы сарбаздар мен сардарларға команда берген Бауыржан Момышұлы орысша "Наша семья" деп жазған тамаша кітабын ана тілінде "Ұшқан ұя" деп жатық қана емес, жанға жақын атаумен шығарды ғой. Егер осы "Наша семья" кітабын қазіргі күнгі аудармашыға аудартқанда, жаны ауырмастан "Біздің жанұя" деп жазып берері хақ.

Сонымен егер ғайыптан тайып біздің терминком "митиң" мен "рейтиң" деп жазуға көшкенімізді ресми мәлімдесе, біз дереу сол сөздерді қолданамыз. Әзірге ондай шешім шықпағандықтан "митинг" деп жазуға мәжбүрміз.

Осындай ойлар – әңгіменің кіріспесі ғана. Домбыра шертердегі құлақкүйін келтірген іспетті.

Оқи отырыңыз: Препарат бар, парасат жоқ

Тарих үлгісі

Бұл тақырыпқа қалам тартуға Беларусь Республикасының астанасы Минск мен басқа қаларындағы бір апта толастамаған митингілер түрткі болды. Кеңес Одағы тарқағалы бері оның қордасынан пайда болған дербес мемлекеттердің қайсы халықтың бой көрсетуінсіз, тыныш тірлік кешіп келді дегенде алдымен үлгі ретінде айтылатын дәл осы ел еді. Енді мұның тұрғындары баяғы он бес одақтас болғандарды айтпағанда демократиясы жетілген елдердің өзіне халық көше мен алаңға қалай шығуы керек деген үлгіні көрсетті.

Ол үлгіге талдау жасаудан бұрын арғы тарихқа бір көз жүгіртіп алғанды жөн көрдік. Не нәрсені де тамырынан бастап біліп алған ләзім емес пе? Адамзат жүріп өткен жолдағы арғы-бергі митингілердің сыры мен жырына қанығып алған соң Минск мәселесіне ораламыз.

Израильге танысу сапарымен барғанымызда қазақ журналистеріне көне Кейсары қаласының орнын көрсеткен. Жамбыл облысындағы Ақыртас кешені іспетті қирандылары қалған көне мекен екен. Біздің жаңа жыл санау дәуіріміз 21 ғасырға жетті десек, бұл оның ар жағындағы 13 ғасырда қала болып тұрыпты.

Қазір мемлекет қорғауына алынған Кейсарының көне орнын көрсеткен гидіміз осы қаланың тұрғындары өз заманында әлдебір жаңа заң ұсыну әрекетіне қарсы митингіге шығыпты деді. Ол әңгіме дінге қатысты болғандықтан терең талдау жасауға өреміз жете қоймайды. Бірақ, адамзат тарихында жазба шежіреге түскен бірінші бейбіт бой көрсету осы деген тұжырым құлақта қалыпты.

Тарихтағы ең елеулі митинг туралы тұманды Альбионда білгенбіз. Осыдан екі ғасыр бұрын бұл елдің солтүстік бөлігінде сайлау хақысы болмағандар бейбіт митингіге шығыпты. Сол тұстағы деректерге қарағанда, 80 мың адам алқапқа жиналып бой көрсетсе керек. Оқиға өткен 1819 жыл тұрмақ, қазіргі заманның саяси өлшеміне салғанның өзінде өте көп қатысушы ғой. Демек, екі ғасыр бұрын бейбіт жиынға осыншама халықтың шыққаны не жағдайдың тым ауырлығынан, не ұйымдастырушылардың соншалықты шеберлігінен. Бәлкім, екі себеп біріккен шығар-ау!

Оқи отырыңыз: Жүйе мен жүйке жолыққанда

Қалай десек те, митингінің бейбіт болуы алдын ала ойластырылған екен. "Не шабуылдайтын, не қорғанатын ешқандай қару алып шықпаймыз" деген пәтуа жасалған. Әлгі 80 мың адам осы ұйғарымды тегіс ұстанған. "Біздің қаруымыз – тек өзіміздің бар екенімізді білдіру" деген ұран аясына ұйыған.

Иә, олар – аштық пен жоқшылық тырнағында қалған бір қауым жұрт бар еді, бірақ ағылшын билігі әлгілерді дауыс беруге қатыстырмайтын. Сондықтан мүдделері ескерусіз, жанайқайлары естілусіз қала берген.

Қарап отырсақ, бұл тарихи митингілердің дені сайлау, дауыс беру төңірегінен басталады екен. Екі ғасыр бұрын дүрліккен солтүстік Англиядан бүгінгі Беларусь Республикасына дейін осындай себеп халықты көше мен алаңға, алқап пен алаңқайға жинаған.

Әлгі оқиғаның одан арғы өрістеуі қалай болды десек, бой көрсетуге бейбіт адамдар шыққанымен, сол тұстағы король бұл әрекетке өшіге қарапты. Дереу Манчестердегі митингінің тас-талқанын шығару үшін атты әскерді қарсы аттандырады. Олар шауып келіп, алқапта тұрғанның бәрін қылыштайды. Бірталай адам өлген, жараланғандар 700-ге жуықтайды.

Бұл бейбіт митингі дегеніне жете алмады. Қан бостан-босқа төгілді. Ағылшын парламенті асығыс түрде кертартпа заңдар қабылдайды. Сол арқылы азаматтарды жиын өткізу хақынан айырған. Баспасөзге қосымша шектеу қойған. Бұл заңдарды жергілікті халық "бір елі ауызға – екі елі қақпақ" деп атапты. Баспасөз еркіндігін шектеудің себебі: жергілікті басылымдар қантөгіс алқабынан адамның төбе шашы тік тұратын шынайы репортаждар жариялапты.

Бейбіт митингіге халықты дайындай білу – үлкен өнер. Оның мысалын Манчестер оқиғасынан тура бір ғасыр өткендегі Үндістаннан көруге болады.

Елді алыстан билеген ағылшынның тауарын алмауға, олардың киімін кимеуге, оларға қызмет етпеуге және салық төлемеуге шақырған Гандидің бастауымен халық алып түбектің әр аймағында бейбіт түрде бой көрсетіп жатты. 1922 жылдың 4 ақпанында Чаури-Чаура ауылында осындай "ағылшындармен ауыз жаласпау" науқаны аясында жергілікті тұрғындар жиын өткізген. Осы жиынға полиция келеді де, халыққа қарсы оқ атады. Бұған ыза болған халық бүкіл полицейді қоршап, қамауға алған ғимаратты өртейді. Содан офицері бастаған 21 полицей қаза тапқан.

Жан түршігерлік оқиғадан кейін "ағылшындармен ауыз жаласпау" саясатын бастаған Ганди өз бағытынан бас тартады. Ол халық бейбіт бой көрсетуге әлі әзір емес деп тұжырған.

Міне, жұмыр жердің әр бөлігінде әр заманда болған митингілерге қысқаша шолу осындай. Ал Америкада Колумбтың бұл құрылықты ашқанының 500 жылдығы кезінде оны қолдаған және оған қарсы шыққандардың митингісі туралы бұған дейін өз мақаламызда жазғанбыз. Оны қайталап жатпайық.

Оқи отырыңыз: Сарсылған сана

Беларусь үлгісі

ХХІ ғасырдың 20 жылы митингіні қалай өткізу керектігін әлемге белорус халқы көрсетті және қайран қалдырды. Бұл оқиға ресми телеарналар мен мемлекеттік басылымдардың сараңдығына қарамастан әлеуметтік желінің мол мүмкіндігі арқасында қазақстандықтардың көз алдында өтіп жатыр.

Беларусь Республикасындағы президентті сайлау барысында бұрмалау болды ма, жоқ па; ширек ғасыр тапжылмаған Лукашенконың бағыты түзу ме, қисық па; халық қала көшелеріне өз еркімен шықты ма, әлде "сыртқы күштер" айтақтады ма – оның ешбірін талдамаймыз. Бұл – саяси шолушылардың жеп отырған наны ғой, оған ортақтаспайық.

Бізді қызықтырғаны не десек, ел тұрғындарының ішкі мәдениетінің жоғарылығы. Бұл бір күнде пайда бола салатын қасиет емес. Ондаған жылдар, бәлкім ғасырлар бойы бойда түзелетін нәрсе. Халықтың қанында қалыптасқан дағды.

Оқи отырыңыз: Өлшемдер өзгергенде

Қаншама рет сол митингілердің суреттері мен бейнежазбаларын қайталап қарадық, жергілікті адамдар бейбіт түрде бой көрсетеді. Қирап жатқан ғимарат, тоналып жатқан дүкен жоқ. Өртеніп жатқан автокөлікті де байқай қоймайсыз. Бұл – ондаған күндер бойы, ондаған қалаларға ортақ көрініс.

Демократиясы Беларусь Республикасына қарағанда анағұрлым дамыған дейтін Америка Құрама Штаттарында осы жылдың мамыр айында не болып еді? Қара түсті тұрғынды ақ нәсілді полицейдің тізеге салып тұншықтыруы қаншама дүкеннің, кафенің және басқа нысандардың қирауы мен тоналуына, ірі қалалардың өртке орануына соқтырды. Аяғы жаппай ескерткіштер мен мемориалдарды құлатуға жалғасты емес пе!

Мұнымен салыстырғанда бір аптадан аса толқып жатқан Беларусь Республикасының қалалары мен деревнялары ешқандай қара түтінге тұншыққан емес. Демек, саясаттағы демократия басқа да, тұрғындардың ішкі мәдениеті басқа. Екеуі – екі өлшем.

"Сайлауда әділдік болмады, өйткені, мемлекетте демократия жоқ" деп азаматтардың бейбіт бой көрсетуге шыққаны – белорустардың бұл демократия мәселесінде батыс шетіндегі іргелес мемлекеттерден ұтылып жатқанын байқатады. Ал ештеңені қиратпастан, өртеместен сағаттап, тәуліктеп, енді апталап алаң мен көшеде тұруға шыдамдарының жеткені – халықтың сабырлы ғана емес, өздері жасаған елді өздері қиратуға қолы бармайтын парасатты екеніне дәлел. Бұған тамсанбасқа болмайды.

Кеңес Одағы тарқағаннан беріде журналист ретінде әлгі одақтың қирандысында қалыптасқан бірқатар мемлекеттердегі биліктің ауысу барысынан хабардармыз. Түрлі атаулармен сипатталған түрлі революциялар, кейде тіпті, тура атауы бойынша төңкерістер өткенін көрдік. "Хабар" агенттігінде қызметте жүргенде Қырғыз Республикасының президентінің кабинетіне баса-көктеп кіргендердің оның тас-талқанын шығарғанын халыққа көрсеттік те! Ашынған адамдардың көзі қарауытып, қолы басына бағынбайтын кезі болатынын сол бейнежазба-ақ байқататын.

Оқи отырыңыз: Қоғамның қос шелегі

Бірақ, барлық жерде олай еместігін, олай болуы тиіс еместігін белорус халқының бейбіт бой көрсетуі жер-жаһанға аңғартты. Мыңдаған халық жиналған жерде бір тал гүлдің табанға басылмағаны керемет емес пе! Оның сыры қарапайым. Ел тұрғындары ол гүлді өз қолымен еккен. Лукашенко ма, басқасы ма, шеттен әкеліп отырғызып кеткен жоқ. Тапталып қалса, қайта егетін де халықтың өзі. Міне, осыны пайымдаған соң, ол гүлді таптап өтуге ешкімнің дәті бармайды. Жоғарыдағы саяси биліктің өзгеруін, табанын жалтыратуын талап ете отырып, жердегі бір тал гүлді аялау – ішкі мәдениеттің соншалық жоғары екенінің өлшемі. Ондай сана биігіне жеткен халыққа қалай қызыға қарамайсың!

Митингілеуші адамдар аялдама мен көшедегі сәкіге аяқ киімдерін шешіп шыққан суретті қараңыз. Бұл – нені болсын ойлап барып, не нәрсеге болсын жаны ашып барып әрекет жасайтын халықтың қолынан келер қылық. Жылдар бойы қалыптасқан қасиет.

Минскіден басталып, бүкіл елге жайылған митингілердің ықпалымен биліктегі тұлғасы кетер, тіпті кетпей қояр, бірақ жер бетінде белорус халқы бар, ол халық асқан еңбекқор ғана емес, керемет мәдениетті болғаны үшін құрметке лайық!

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Новости партнеров