Жәдігерге жаны құмар Жеңіс
Жақында жетісулық белгілі фотоотілші Жеңіс Ысқабай Алматы облысының Қарой ауылынан ағаш келі мен келсап әкеліп, Талдықорғандағы Мұхамеджан Тынышбаев атындағы музейге тапсырды. Тарихи заттың фотосын әлеуметтік желіде жария етті. Бұл ағаш келі мен келсапты жасаған Керімбек Мүсәпірұлы екенін қоса хабарлады.
Осы ақпаратты оқыған соң Жеңіспен тілдескенбіз. Алдымен оның кейінгі екі саладағы ізденістері мен табыстарынан хабардар екенімізді айттық. Бастапқыда Жеңісті кәсіпқой фототілші ретінде білетін едік. Қазақ күресі мен басқа спорт түрлерінен, табиғат тамашаларынан, қазақтың салт-дәстүрлерінен түсірген фотоларына тәнті болатынбыз. Кейінгі екі-үш жылда ол көпке ағаш шебері ретінде танылды. Әсіресе қазақтың ежелгі ағаш төсектерін жасауда оған теңдес жоқ.
Ал мына келі-келсапты қалай тапқан? Әлдебір шаруамен Балқаш ауданындағы Қаройға жолы түсіпті. Ол – жердің түбіндегі, көлдің шетіндегі ауыл. Бірер рет барғанбыз. Айналадан объективке ілігетін қызғылықты нәрсе іздейтін Жеңіс түскен үйінің қорасынан ескі келі-келсапты көреді.
– Кейінгі кезде байырғы заттар қызықтыра бастады, – деді Жеңіс. – Бұған дейін Арқарлы асуындағы жолаушылар дем алатын алаңқайда күміс белбеу буынған қартты көрдім. Не Монғолиядан, не Қытайдан оралған кісі екені бірден байқалды. Қасына жақындап "ақсақал, мына белдікті сатыңызшы" деп сұрадым. "Ескі белбеу ғой. Көзің түскен екен, ала ғой" деді ол. Қалтамдағы 9 мың теңгеден астам ақшаны шалдың қолына ұстаттым да, күміс шекілген белбеуді алдым.
Шамасы, әлгі шалдың әкесінің әкесі де буынған көне жәдігерді біздің бауырымыз Талдықорғанға келген соң Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейіне апарып өткізеді. Ол жақтан ақша алмай тегін беріпті. Басқалар мұндайда шыққан 9 мың теңгесін 90 мың етіп қайтарып алар еді. Жеңістің бойында көненің көзіне деген жанашырлық бар да, пайда тапсам деген жүлімірлік жоқ.
Оқи отырыңыз: Мешіт, мектеп және мүсін
Енді, міне, қиырдағы Қаройда қорада жатқан келі мен келсапты көріп тұр. Келсап жамалған екен. Баяғыда біздің Тарбағатай төсіндегі туған үйімізде жамалған ағаш келі мен жарқышақ түскен келсап болған. Оны жамауы – айналдыра құрсаулап қағылған қаңылтыр еді. Ал Жеңістің көрген келісі сиырдың бас терісімен қапталған екен. Мұның екеуін де қазақ байырғы сөзбен – "лекерлеген" дейтін.
Жеңіс үйге кіріп келі-келсаптың иесі Өмірбаладан:
– Апай, мынаны алайын деп едім, сатасыз ба? – деп сұрайды.
– 100 мың теңге берсең, ала ғой, – деп қалжыңдайды ол кісі.
– Талдықорғанға барған соң қызыңызға 10 мың теңге ұстатамын, – деп ағынан жарылады бұл.
Жоқ, кетерде Өмірбала Керімбекқызы келі-келсапты еш ақы алмастан Жеңіске береді. Бір апта жәдігерді үйде сақтаған фото тілші-ағаш шебері ойлана келе оны да облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырады. Қимағаны сондай, музей алдына қойып, тағы бір фотоға тартады. Бірақ, халықтың мұрасы көптің көз алдында тұруы тиіс деген тоқтаммен тағы ақысыз-пұлсыз өткізіп кетіпті.
Осымен әңгіме бітуі керек еді. Жоқ, бұл – хикаяның басы ғана екен.
Оқи отырыңыз: Жойқын қарудан – жәдігер
Өзі көрік басқан Өмірбала
Қаройда тұратын Өмірбала – белгілі суретші, журналист Жанұзақ Мүсәпірдің туған апайы. Екеуі де Керімбектің кіндігінен тарайды.
– Біздің атамыз Мүсәпір де, әкеміз Керімбек те – аймаққа даңқы шыққан ағаш шеберлері еді, – деп алыстан сыр шертті Жанұзақ. – Ол кісілердің жасаған бұйымдары Бақанас пен Қарой арасында әлі кездесіп жатса, таң қалуға болмайды.
Іле өзенінің төменгі оң жағасындағы, Қарой мен Бақанас арасындағы құмды даланың қазақтары ежелден мал баққан. Ал өзен аңғарындағы құнарлы алқапқа бидай мен тары еккен. Күрішті мұнда беріде – Қазақстан одақтас республика ретінде аяғынан қаз тұрып, оны басқарған Дінмұхамед Қонаев аймақты дамыту үшін жаңа жоспар жасағанда, канал тартқызып, иен даланы танап-танапқа бөлгізгенде өсіре бастады.
Ал, бидай, арпа және тары – көшпелі халыққа таныс дәнді дақылдар. Оны егіп, орып-бастырып, қапқа салып, қамбаға сақтап азық ететін. Бидайды қол диірменге тартып, ұнынан күлше пісірсе, тарыдан талқан жасады. Балалар үшін бидайды қуырып берді. Ер Төстік өз ағалары туралы шындықты айтқызуы үшін шешесінің қуырған ыстық бидайға толы алақанын қысып қалатыны есте шығар.
Біздіңше, қуырған бидай қазіргі жастар киносеансқа кірер алдында қағаз қалтаға толтырып алатын қытырлақ жүгеріден гөрі құнарлы да пайдалы. Бірақ, оны кімге дәлелдейсің?!
Аптап ыстық пен аязды суықта қанша тұрса да бұзылмайтын талқан елді аштықтан сақтады. Қазақ өмірден өткен адамды "талқаны таусылды" десе, ол тегін сөз емес. Осыдан-ақ талқанның қаншалықты маңызды болғанын байқайсың.
Оны айшылық алыс сапарға алып шығатын. Өте нәрлі, құнарлы азық. Бірақ құрғақ болғандықтан табылса сары май мен қаймаққа, болмаса қара суға шылап жейді. Құрғақтай асаған адамды бірден қақалдырады. Адам тұрмақ тышқанға солай болса керек.
Бала кезімізде әжеміз қаптесер туралы:
"Шалапқа түсіп шашалдың, мырзам,
Талқанға түсіп қақалдың, мырзам!" – деп өлеңдетіп отыратын.
Енді тары мен бидайдан талқанды қалай жасайды? Алдымен дәнді сыртқы қауызынан аршып алу керек. Қазақ оны "ақтау" дейтін. Ол үшін бидайды немесе тарыны ағаш келіге салып, келсаппен түйеді.
Келі түю де – күбі пісу сияқты ұзақ әрі аз-маз қолдың қаруымен істелетін шаруа. Мұнда ең маңыздысы – келіні аударып алмау. Келсап бір ырғақпен, келінің ішкі түбіне дәл тиіп тұруы керек. Бала кезімізде талай рет бидай түйдік. Мұны ересек адамның қара күшімен істеуге болмайды. Келсап өте қатты соғылса, ағаш келінің түбін жарып тастауы мүмкін. Әрі келінің ішіндегі бидай жан-жаққа шашырайды. Не келі аударылып, ішіндегі бидай төгіледі. Осыны ескергенде келі түю де – өнер болатын.
Оқи отырыңыз: Тұман тұралатқандар
Ерте кезде келі-келсапты әркім қолынан келсе өзі жасайды, не малға айырбастап алады. Ауыл-аймақта ондай ағаш шеберлері болған. Істеген жұмысымен, жасаған бұйымымен бала-шағасын асыраған.
– Менің әкемнің қолынан кем дегенде жүзге жуық келі-келсап шыққан. Ал музейге қойылған мына бұйымның өз тарихы бар, – дейді Жанұзақ Керімбекұлы.
Иә, Керімбек әке бұл келіні жасаған кезде 6-сыныпта оқитын қызы Өмірбала көрік басып тұрған. Көрік сексеуілдің көмірін, көмір ортада жатқан сом темірді қыздырады. Ал қызған темірмен тораңғының жуан түбірін ортасынан күйдірген. Сөйтіп келінің ішін ұңғып шыққан. Байырғы технология.
Осылай өзінің де маңдай тері сіңген келі-келсапты кейін Қарой ауылына күйеуге шыққан Өмірбала алып кеткен.
Оқи отырыңыз: Аралға араша сұрағандар не үшін жазаланды?
Жадысы мықты Жанұзақ
– Бұл – әкеміз жасаған сансыз келі мен келсаптың бірі. Басқаларынан еш айырмасы жоқ. Аман сақталып қалғаны ғана оны құнды етіп тұр, – деді одан әрі Жанұзақ Керімбекұлы. – Ал атамыздың жасаған ер-тоқымының тарихы ерекше. Әрі оны әлі күнге сақтап келемін.
Иә, Керімбектің әкесі, мына Жанұзақтың атасы Мүсәпір ағаштан шауып, қайысын өгіздің терісінен илеп, алдыңғы қасын күміспен шекіп, үзенгі мен айылбасын темірден соғып ер-тоқым жасайтын. Соның бірін ұлы Керімбек аса қиын жағдайда сақтап қалған.
Не болған дейсіз ғой? Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін аяқ астынан осы өңірде Мүсәпір – Керімбек – Жанұзақтың ата мекені Көкжиде ауылынан оба шығады. Жұқпалы ауру лезде үйден үйге тарап, баршаны обып-жалмап жатты. Бастапқыда тышқаннан түйеге, одан түйенің иесіне жұқса керек.
Жалпы, құм мен сексеуілді Балқаш өңірі, Жәркент аймағы, Арал маңайы, Нарынның шөлі – қазақ даласындағы оба ауруының ошағы саналады. Кеңес Одағы кезінде обамен күрес – медицинаның ең маңызды ісі еді. Қатерлі аймақтарда жаз шыға обаға қарсы күрес институтының мамандары індерді дәрілеп жүретін. Ол туралы Жұмекен Нәжімеденовтің "Кішкентай" романында қызықты эпизод бар: "Дәрі сасыған қара комбинезондылардың қаптағанына он ай. Тіліне нан қыстырылған бір-бір тізбек ағаш қақпандарды иықтарынан асыра тастап, кез-келген іннің аузын аңдиды". Солардың әйелдерінің бірі Әжімгерейдің орысша бір сөз білмейтін кемпіріне жас баласын көрсетіп сүт алады. Кейін кемпір шалына осы оқиғаны: "Орыс келіншек келіп сүт сұрады, мен бердім. "Қанша ақша аласың" дегенде "керегі жоқ" дедім", – деп әңгімелейді. Қуақы шал "апыр-ай, қалай сөйлестіңдер" деп қалжыңдағанда кемпірі қатты ашуланып, үйдегі бірдеңені бүлдіріп тынады. Мінез бен тіл жағын қайдам, жомарттығы біздің Жеңіс бауырымызға жұғыпты.
Сонымен "Кішкентай" көркем кітап болса, өмірде Балқаш өңірінде қатерлі оба шығып, Көкжидені баудай түсіреді. Ауыл тұрғындары қырыла бастаған.
Әңгіменің осы тұсында біздің ойымызға ақын Гүлнар Салықбайдың :
"Біз де келдік,
Байқаусыз келіп қалдық,
Келтірмеске қоймадық, ерікті алдық.
Келісіне түйіліп келешектің,
Тоз-тоз күйде ұзамай өліп қалдық", – деген өлең шумағы оралды.
Дереу Мәскеуден дәрігерлер мен әскерилер келіп, карантин жарияланған. Керімбектің әйелі бірнеше ай ғана болған төртінші баласын емізіп отырып сол аурудан өліп кеткен. Оба одан әрі тарамауы үшін адамдарды дезинфекциядан өткізіп, ауылдағы үйлерді дүние-мүлкімен өртеуге шешім қабылданған.
Оқи отырыңыз: Қадыр мен Тұманбай
Осы кезде Керімбек киіз үйдің маңдайшасы мен босағасын киізге орап көмеді. Қасына әкесінен қалған ер-тоқымды жасырады. Жерді ешкім білмейтіндей тегістейді. Содан кейін балаларын алып карантиннен өтуге келіпті. Ыстық су мен будан өткізіп, бұларды жаңа киіммен киіндіріпті. Оба жайлаған ауылдан тірі шыққандарды бірер ай оңаша ұстап, шұғыл салынған мекенге көшіреді. Осылай жаңа ауыл пайда болады. Ал дүние-мүлік, киім-кешекпен өртеуге тура келген ескі Көкжиденің орнын жергілікті тұрғындар Қырғынқыстақ атап кетіпті.
– Арада бірталай жыл өтіп, обаның ошағы басылған соң, ел оқиғаны ұмыта бастағанда әкем баяғы жерге келеді, – деп бұл әңгімені жалғаған Жанұзақ досымыз. – Айналаға қалың шөп пен бұта өсіп кеткен. Әкем зерделі кісі ғой, көмген тұсын тауып, маңдайша мен ертоқымды қазып алыпты.
Осылай сақталған ер-тоқым – қазір суретші-журналист Жанұзақ Мүсәпірдің үйіндегі құнды зат. Жанұзақтың өзіне ата мен әкенің өнері дарып, соның бір саласы суретшіліктің етегінен ұстады. Салған картиналары ауыл тірлігіне арналды. Ұршық иірген әже, өреге құрт жайған келіншек, арба жөндеген ақсақал, ертегі тыңдап отырған қыз сияқты тақырыптар оның қылқаламының өзегі болып келеді.
Оқи отырыңыз: Толағайлардың тосын тағдыры
Өнеге көрсеткен Өзбекәлі
Өмірбала апасының қорасындағы келі-келсапты музей төріне жеткізген Жеңіс Ысқабай бауырға ықыласымызды айта отырып, Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың өміріндегі бір керемет жәйтті еске алдық. "Ол қандай әңгіме, Қайнар аға?" деп Жеңістің өзі елең ете қалған.
Көненің көзін іздеп, оны қастерлеудің ғажап үлгісі былай. Орталығы Арқалық қаласы болған Торғай облысы ашылған кез. Оның алдында Қазақстанның комсомол ұйымын басқарған Өзбекәлі Жәнібековты жаңа облысқа партиялық қызметке жіберген. Мұнда идеологиялық салаға жауап беруі керек.
Өзекең Торғайдағы мәденит пен өнерге тың серпіліс жасады. Облыс орталығы Арқалықта қазақ театрын ашты. Аудан-ауданда халық театрлары құрылды. Этнографиялық ансамбльдер ұйымдастырылды.
Бұл өзі – қазақ тарихына ерекше үлес қосқан аймақ. Коммунистік заманда аттарын айтуға тыйым салынған, қазақты азаттыққа бастаған Алаш көсемдері Міржақып пен Ахметтің туған жері. Атын атауға болмайтын тағы бір тұлға – орыс жаулаушыларынан оғын аямаған Кейкі батырдың ата мекені. Амангелдінің аты ол заманда онсыз да құрметті, ескерткіші орнатылған.
Тарихи өңірде өткеннің шежіресін шертетін мекен-жай жоғын байқаған Өзбекәлі ағамыз дереу облыстық тарихи-өлкетану музейін ашуға кіріседі. Ғимарат салатын, оның ішін қажеттікке қарай бейімдейтін және мамандарға жалақыға төленетін қаржыдан қиындық жоқ. Облыс басшылығы оны шешеді. Ал өлкетану музейі үшін ең алдымен экспонаттар керек емес пе. Оны қайдан таппақ?
Бұл – алпысыншы жылдар соңы, жетпісінші жылдар басы. Бұрын болмаған электр үтік, радиола, теледидар, кір жуатын машина, сапалы ыдыс-аяқ, кілем мен палас, сырт киімдер және басқа тауарлар ел ішіне енді келе бастаған. Сондықтан ескі заттар ысырылып жатыр. Кейкінің кезіндегі шиті мылтық, ескі ұсталар соққан қақпан мен сақпан, көне домбыра мен қобыз, ескі шапан, саптама етік сияқты тұрмыстық заттарды, Ыбырай мектеп ашқан кезден бергі қалам, сиясауыт, ХХ ғасыр басында түрлі баспалардан шыққан кітап сияқты ағарту құралдарын Өзбекәлі мұқият жинаттырған. Өзі де облысты аралағанда айналаға жіті көз салатын.
Бірде Өзекең алыс ауылдағы үйлердің бірінде итке тамақ құйылған ыдысқа, былай айтқанда итаяққа көзі түседі. Басқа ешкім қарамас еді. Облыс басқарып жүрген адам тіпті, көз салуға намыстануы мүмкін.
Бұл кісі қараған. Жай ыдыс еместігін бірден көрген. Үйдің иесінен итаяқты өзіне беруін сұраған. Бұған ауыл адамы да, аудан басшылары да қатты ыңғайсызданса керек. Облыстан келген басшының итаяқты сұрап түұрғаны несі?
Оқи отырыңыз: Жармақ жыныстылар
Сөйтсе, бұл бір замандарда сыйлы кісілердің алдына тартылып, кәделі мүшелер салынып келген ағаш табақ екен. Беріде эмаль жалатылған бояулы табақ пайда болған соң дастарханнан ысырылған. Одан басқа ыдыстар көбейген соң ас үйден шығып қораға тасталған. Ақыры қорадан да қуыс орын табылмай, иттің алдына ас құятын ыдысқа айналған. Өзбекәлі аға ғана оны аңғарып, бірнеше ғасыр бойы мың-мыңдаған қасиетті адамдардың алдын көрген ағаш табақты өзіне лайық орын – музейге қойғызған.
Жеңіс Ысқабайға осы әңгімені айтып беріп, "міне, бауырым, сен де біртіндеп Өзбекәлі атаңа ұқсап келесің" деп бағаладық. Оған бауырымыздың марқайып қалған. "Өткенде Өзбекәлі атамның зиратына арнайы барып, Құран бағыштап қайтып едім" деді. Бәрекелді! Өмірден өткен жақсыларының ізін жалғаған ұрпағы бар халық қой, қазақ деген!
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🛍Сельскохозяйственная ярмарка пройдёт в Астане в выходные
- 4779
- 0
- 6
-
2⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 25 ноября
- 2857
- 1
- 4
-
3❗️ Политиков Казахстана будут наказывать за неисполнение поручений президента
- 2721
- 8
- 62
-
4⚡️ Токаев сменил главнокомандующего сухопутными войсками
- 2681
- 1
- 55
-
5❗️Топ-10 советов от Forte: как защитить себя от мошенников
- 2721
- 2
- 7
-
6🇰🇳 Ещё одна страна ввела безвизовый режим для Казахстана
- 2751
- 2
- 114
-
7🗓 До старта первого этапа Кубка Мира по биатлону остаётся 5 дней
- 2405
- 0
- 5
-
8💵 Забирал премии сотрудников: суд вынес приговор главе ветеринарной службы Туркестанской области
- 2462
- 1
- 22
-
9👨⚖️ Дело против Трампа после его победы на выборах решили закрыть
- 2437
- 0
- 39
-
10🤩 Инфаркт миокарда: как распознать и оказать первую помощь
- 2410
- 1
- 11