Прямой эфир Новости спорта

Долананың дәмі

Бұл ағаштың жемісі жүрекке пайдалы, ал дәні ғарышқа барып қайтқан.

Көшенің көркі

2020 жылғы күздің алғашқы айы аяқталып қалды. Әлдебір шаруамен Алматыдағы Нұрмақов көшесімен құлдилап келеміз. Тура орталық емес. Қаланың Тастақ аталған жағына қарай. Кезінде ең шеті еді. Содан линиямен нөмірленетін көшелерге айыптау науқанында атылып, байыптау науқанында ақталған қайраткерлердің аты берілген. Нығмет Нұрмақов – соның бірі.

Көшеге жетпісінші жылдары ірі панелді бес қабатты сұрғылт үйлер салынған. Сол қалпында тұр. Тротуар көптен жөндеу көрмеген. Оған әлдебір ұсақ жеміс шашылып түсіп жатыр.

"Нендей жеміс болды" деп жоғары жаққа қарағанбыз. Қатарлап егілген ағашты жапырағынан таныдық, кәдімгі долана. Бес қабатты үймен теңдеспесе де, біраз тұсына барып қалыпты. Түстік тұсты үй қалқалап тұрған соң жарыққа тырмысып өсе бергені байқалады. Біз көрген долананың ең биігі шығар. Алматыда егілген долананың сақталып қалғаны да осылар сияқты.


Алматының Нұрмақов көшесіндегі долана ағашы

Алматының Нұрмақов көшесіндегі долана ағашы / Автордың фотосы


Студент шағымызда Саин көшесінің ортасындағы айырыққа долана егіп қойған. Жандосов көшесінен бастап сол кезде Октябрьдің 50 жылдығы аталған, қазіргі Райымбек даңғылына дейін.

Қатарлап егілген долана қоршау қызметіне жарайды. Әрі айтарлықтай сән беріп тұрады. Қаланы батыс жағынан қаусырған Саин көшесін салғанда осыны ойласа керек. Одан бері көшені қырық құбылтты ғой. Алғашқы қайта жөндеу кезінде-ақ ортадағы үш-төрт шақырымдық жолаққа егілген долананы қопарып тастады.

Оқи отырыңыз: Сарсылған сана

Шетелде көшені қайта жөндеу тұрмақ, елсізден жол төсегенде жалғыз талды сақтауға тырысады. Бізде алдымен қолға балта мен ара алып, ағаш кесуден бастайды. Аты ұмыт бола бастаған ЭКСПО-ға дайындық барысында ел астанасындағы Қабанбай мен Мәңгілік ел даңғылдарындағы қарағашты қопарғанда қайран ағаш тұрмақ, ұялары бұзылған құстарға жанымыз ашыған. Құрылысты табиғатқа жыртқышпен, жаны ашымастықпен жүргізудің сол мысалы көкірегімізге шемен байлаған. Одан кейін биліктің "экология" деген көз жасына сенуді қойғанбыз.

Сондықтан мына биік долана қатары алдан шығып, жемісі төгіліп жатқанына ескі танысымызды көргендей қуандық. "Ескі таныс" аталатын жөні бар.

Тарбағатайдың солтүстік қойнауындағы ауылымыздан шығып, қай өзенді жағаласақ та, шатқал ішінде мойыл мен долана өсетін. Ол жақта жемісі жеуге жарайтын ағаш осылар. Жабайы алма мен өрік өспейді. Итмұрын, қарақат, тошала, таңқурай – ағаш емес, бұта. Бүлдірген болса – жидек.

Бала кезіміз осыларды жинаумен өтті. Ертеректе жазған өлеңімізде тұрмыс құра қоймаған құрбы қызды пісіп тұрған доланаға теңеп едік:

Балалығың бұл күнде бола ма аңыз?

Болашақта бақшаңа қона ма күз?

Уылжыған шағыңды көріп тұрып,

Мүмкін емес қызықпау, долана қыз.

Піскен долана май сияқты, ауызға салсаң, езіліп тұрады. Мойылды біраз жесең, тісіңді қармап қалады. Екеуінің де жемісі шоқтанып тұрады. Долананың мойылға қарағанда ерекшелігі – ұшы өткір тікені бар. Жуандығы тебен инедей. Беріде білдік, өспей қалған бұтақтары екен.

Міне, Алматыдағы Нұрмақов көшесінің төмен тұсынде тізбектеліп өскен доланаға қарап осындай ойлар келген. Жерге шашылған дәнін бірнеше қараторғай шоқып жатқанын көріп қатты қуандық.

Қазір оңтүстіктегі қала мен ауылдарға майна атты сұрғылт, сүйкімсіз құс қаптап кетті. Ол Бирма мен Үндістаннан шыққан. Адамды маңайлатпайды, бірақ, қалдықтармен күн көру үшін жақын жүреді. Басқа құстарды біртіндеп ығыстырып жатыр. Ол жайында "Кеңістік үшін күрес" деп мақала жазғанбыз. Осындай кезде қараторғайды көру – шынында, қуаныш еді.

Содан кейін тағы еске түсті. Американың Айова штатында долананы шоқып тұрған сары бауыр торғайдың үлкен суреті тұратын. Бізді қасынан бірнеше күн алай-былай алып жүрген. Билбордты не үшін жасағанын білмедік. Бірақ, долана Солтүстік Американың ең көп өсетін ағашы екен.

Оқи отырыңыз: Препарат бар, парасат жоқ

Кінәсіз "кінәлі"

Иә, Америка Құрама Штаттарының сай-саласы, өзен аңғары доланаға толы. Онымен қоймай, мұнда мәдени түрде өсіреді. Он сегізінші ғасырдан бастап долананың түр-түрін шығаруға кірісіпті. Ол жағынан раушан гүлдерін түрлендіруден кем емес. Сондықтан көше мен аулада бір-біріне ұқсамайтын түрлі долана өсіп тұрғанына таң қалмайсыз. Саржент деген ғалым ғұмырын соны зерттеуге арнаған. Біраз түрі Дуглас, Арнольд және басқа кісі аттарымен аталады.

Соңғы кезде осы елдің ғалымдары тікенексіз долана өсіру үшін зерттеу жұмыстарын бастаған. "Current Biologu" ғылыми журналындағы мақалаға қарағанда әлгі жетілмей тікен болып қалатын өскінге жауапты генді тапқан.

Жалпы, жер бетінде тікенді өсімдік баршылық. Олар мың-мыңдаған жылдар бойғы даму барысында осындай "қаруға" ие болған. Тікен – қорғаныстың амалы. "Мені жемесін", "маған жоламасын" дегеннің белгісі. Қазақ ертегісінің бірі шеңгелге қонған қотыр торғайдан басталатын. Шеңгелде кінә жоқ, қонар жерін білмеген қотыр торғайдың өзі бар пәлені бастап жүрген.

Сонымен Йель университетінің молекуляр биологтары тікені жоқ долана және цитрус өсіруге кірісіпті. "Тікеннің шығып-жетілуіне ағаштан бірқатар қуат бөлінеді. Егер ол тікенсіз өссе, өнімі бұрынғыдан мол болмақ" деген осындағы профессор Вивиан Айришпен дауласа аларсыз ба! Өнім көп болуымен бірге оны жинау бұрынғыдан жеңіл болмақ.


АҚШ-тың орта белдеудегі штаттарында өсетін алмұрт тектес долана

АҚШ-тың орта белдеудегі штаттарында өсетін алмұрт тектес долана / Сурет flower.onego.ru сайтынан алынды


Жалпы, АҚШ-та долананың жемісін көп жинайды. Түрлі дәрі жасайды. Тұнбасын ішеді. Бұрын бұл елде және көршілес Канадада долананың тұнбасын биологиялық белсенді қоспаға жатқызатын. Енді ол балама медицинаның өнімі саналады. Демек, дәрежесі бұрынғыдан бір саты көтерілген.

Соңғы уақытта АҚШ саясатшылары Ресейге байланысты бір-бірін сынағанда "долана тұнбасын ішесің" деп әжуалап жүр. Бұл арада долананың еш кінәсі жоқ. 2016 жылы Ресейдің Иркутск қаласында арсыз саудагерлер автокөлік әйнегін жуатын ерітіндіні 250 грамдық "Долана тұнбасынан" босаған құтыларға құйып сатқан.

Оны ішкен 76 адам уланып қайтыс болды, ал 123-і ауруханада емделіп шыққанымен, бауыр мен асқазаннан жарым-жартылай айырылған мүгедек болып қалды. Басында бірер ішкіштің өлгеніне билік назар аудармаған. Олар он-ондап баудай түсіп жатқанда барып мәселеге үңілді. Тергеу төрт жылға созылып, 2020 жылғы қыркүйек айында 7 адам сотталды. Айыптау қорытындысы 14 томнан тұрды. Үкім бес күн бойы оқылды. Қазір сол оқиға Американың президенттіктен үміткерлері арасында бір-бірін мазақтау үшін айтылып жүр.

Оқи отырыңыз: Жүйе мен жүйке жолыққанда

Негізі долана жемісі мен жапырағының емдік қасиеті өте құнды. Ол жүрегі ауыратындарға ем. Сондықтан жемісін спиртке тұндырып ішеді.

Биылғы коронавирус және соның кесірінен жасалған карантин қай елдің тұрғындарына болмасын оңайға соқпады. Бұл аурудың өзінен басқа талайлардың жүрегі шаншып, жүйкесі қозды. Бизнесі тоқырап, жоспары бұзылған соң оңай ма? Сондықтан Ресейдің өзінде ғана "Долананың тұнбасын" ішу бұрынғыдан 20 пайызға артқан.

Негізі бұл елдің Денсаулық сақтау министрлігі долананың жемісін спиртке салғаннан гөрі шаймен демдеп ішкен немесе езіп жеген пайдалырақ деп кеңес беріпті. Шамасы, адамдар тағы уланып жүрмесін деген сақтық шығар.

Долананың жемісі мен тұнбасын Қазақстанның дәріханалары сатады. Оған ақша шығармай-ақ, тау бөктері мен өзен аңғарынан жинап, кептіріп алудың қиындығы жоқ. Тіпті, бақшада өсіруге неге болмасын. Бала кезімізде кептіргенді, шайға қосқанды білмейміз, тек бірер апта ауыл маңынан тойғанымызша жеп қайтатын едік. Манағы өлеңіміздің басында:

Доланқара тауының бөктерінде

Долананың тоғайы мұндалайтын, –

деген жолдар бар еді.

Доланқара – шалдардың айтуынша, қалмақтан қалған атау. Долананың өзі бір ауылдың атында тұр. Алатау бөктеріндегі Доланалы ауылында белгілі әнші Нұрғали Нүсіпжанов туған. Сөйтіп бұл ағаш Қарағанды, Жуалы, Қарағайлы, Аршалы, Қайыңды, Мойылды, Жиделі, Шиелі, Теректі сияқты жер аты берілген өсімдіктердің қатарында.

Біздің өлеңге қосылғаннан басқа, бұл ағаш халық әнінде шырқалады:

Есік алды долана,

Долана ағаш бола ма? –

деп әуелеп кетеді.

Ол ағаш болмақ түгіл, қазақ даласындағы басқа ағаштардан мүлде ерекше болуы мүмкін. Оны келесі тарауда баян етеміз.

Оқи отырыңыз: Сақтағаның – сары май

Ғарыш ағашы

Иә, долана "ғарыш ағашы" атануы ғажап емес. Олай атану үшін не тамыры, не өсетін дәні Жердің тартылыс күшінен тысқары шығып келуі керек қой.

Ғарышқа ағаш тұқымын апару 1975 жылы басталған. Сол кезден ғарыш туралы мақалаларды құныға оқитынбыз. Ярослав Голованов бастаған журналистер тартымды мақала жазатын. Ол топта Ким Смирнов деген ғылыми шолушы болатын. Оның Гагаринді скафандрсыз сипаттағаны алғашқы ғарышкерге арналған еңбектер арасындағы ең құндысы дер едік.

Ким Смирнов "ғарыш ағашының" қалай өскені туралы күнделік жүргізген және кейін үлкен мақалаға айналдырған.

Сонымен 1975 жылы Кеңес Одағы мен Америка Құрама Штаттары бірлесіп ғарышқа сапар жасады. Орбитада екі елдің "Союз" бен "Аполлон" кемелері түйіскен. КСРО экипажындағы Леонов пен Кубасов өздерімен бірге самырсын мен балқарағайдың тұқымын алыпты. Бағдарлама бойынша америкалықтармен алмасуы керек. Ана жақтағылар шыршаның тұқымымен шыққан.


"Союз" бен "Аполлонның" түйісуі

"Союз" бен "Аполлонның" түйісуі / Фото bbc.com сайтынан алынды


Осы туралы ғылыми шолушы Смирнов күнделігіне бірінші жазба түсірген. 1983 жылы тұқымның тағдыры не болғанын білуге ынтығады. Сібір ағаштарының тұқымы АҚШ-тың Висконсин штатындағы Райнлэндер қорығына себіліпті. Ал ол жақтың көгілдір шыршасының тұқымы КСРО Ғылым академиясының Бас ботаникалық бағына егілген. Ғалымдар оның қасына жай тұқым қоса еккен. Тәжірибе үшін. Біріншілеріне ғарыштан келгенін аңғартатын белгі қойған. Екіншілерін кәдімгі дей салған.

Ғарышта болған тұқымның төрттен бірі көктесе, ол жақты көрмегендердің оннан бірі ғана өсіп шыққан. Ал астронавт Томас Стаффорд апарған сібір ағаштарының тұқымынан 12-сі өсіп шығыпты. Бес жылда бойлары бір метрге жеткен. Бұл туралы "Орман шаруашылығы" салалық журналына америкалық орманшы-генетик Ханс Нинстедт хабарлайды.

Жалықпайтын зерттеуші 22 жылдан соң Бас ботаникалық баққа тағы келеді. Кеңес Одағы тарқаған. Ресейдің экономикасы шатқаяқтап тұрған 1997 жыл ғой. "Ғарыш шыршаларының" алды 9 метрге жеткен. Ең кішкенесінің өзі 5 метр. Салыстыру үшін егілген кәдімгі шыршаның ең ұзын дегені 7 метрге жуықтаған. Қысқасы 3 метрден жаңа асқан. Айтпақшы, сол тұстағы Жаңа жыл қарсаңында әлдебіреулер "ғарыш шыршасының" екеуін шауып алып кетіпті. Біліп істесе де, білмей істесе де, мұны жай ағашқа емес, ғаламдық ғалымға қарсы сілтенген балта деп санау керек.

Енді 2008 жыл. Күнделіктегі төртінші жазба. "Ғарыш ағашы" тым биіктеп кетіпті. Баяғы катар өскен кәдімгі көк шырша олармен мүлде бой таластыра алмайды екен.

Қорытындысында Ким Смирнов ғарышта тұқым алмасу тәжірибесінің одан әрі жалғаспағанына өкініш білдірген. Біздің білуімізше, тұқым алмасу болмаса да, тұқымды алып бару ісі кездеседі. Самара университетінің ғалымдары ғарышқа 19 өсімдіктің тұқымын жіберіп, қайтадан жерде өсіріп отыр. Осындай "бақытқа" өзіміздің долананың тұқымы да ие болған.

Оқи отырыңыз: Жанашыр болуға жаралған

"Союз-Аполлон" бағдарламасы барысындағы оқиғадан хабардар, оны Кимнің күнделігінен оқыған қарағандылық Руслан Телегин деген азамат 2017 жылы ғарыштан оралған "Союз МС-05" эипажына жолығып, алдағы уақытта ғарышқа ұшатын ғарышкердің қазақ даласының өсімдігінің тұқымын ала кетуін сұрайды. Олар сәлемдемені келесі экипажға тапсырған.

Руслан бастапқыда қарағанның тұқымын бермек екен. "Қарағандының аты содан шықты ғой" деп ойлаған. Ақылдаса келгенде биологтар "долана дұрыс қой" депті.

Не керек, 2018 жылы сәуір айында тұқым Халықаралық ғарыш стансасына жетеді. Бері қарай америкалықтар алып қайтады. Сөйтіп, NASA – Америка ұлттық ғарыш агенттігінің Ресейдегі өкілі Чэд Роу оны қайтадан қарағандылықтарға тапсырған. Әрі тұқымға еш тәжірибе жасалмағанын, қорапқа салынған қалпы ашылмағанын ескертеді. Біздің биологтар оны қаланың екі паркіне септі. Бірнеше жылдан соң Қарағандыда жай долана мен "ғарыш доланасын" салыстыруға болады.

...Алдымыздан күзгі піскен долана шыққанда осындай ойлар санамыздан суылдап өтті.

Поделиться:

Новости партнеров