Бедерден беделге дейін
2020 жылғы қыркүйек айының соңында Мыңарал ауылындағы көше атауына қатысты қоғам ішінде қызу талқы өтті. Алдымен экс-депутаттың бірі мұндағы Сәкен Сейфуллин көшесін өзгертіп, жергілікті әкім өз әкесінің атымен ауыстырыпты деп қоңырау қақты. Артынан Жамбыл облысы әкімдігінің мамандары жағдайды анықтап, "ХХІ ғасыр басында қызмет еткен әкімнің өз әкесінің атына көше бергізгені рас екен, бірақ, оның ақынға қатысы жоқ, Мыңаралда Сәкен Сейфуллин көшесі әлі бар" десті. Сонымен әңгіме тынса керек. Ал бізге осы оқиға ой салып, жер мен су, ауыл мен қала, көше мен саябақ атаулары деген тақырыпты қаузауға ниет еттік.
Жер атауы ықылым заманнан бар. Қазақ қайда баратынын, қалай көшерін, қай тұсты мекен етерін белгілеу үшін алдымен ол жерге ат қойған. Бүкіл қауым одан әрі атауды айтып, заң тілімен жазғанда мойындауы тиіс болған.
Көптеген жер-су атаулары бағзыдан жетті. Оның әу бастағы мағынасын ешкім түсіндіріп бере алмайды. Бірақ, тегіннен тегін қойылмағаны талассыз. Тұран, Ертіс, Созақ, Талғар, Жайық, Балқаш, Ырғыз, Нұра, Қорғалжың, Торғай, Қалба, Тобыл сынды атаулар тобықтай жер емес, тұтас өңірге немесе сол өңірмен созыла аққан өзенге, шалқып жатқан көлге, асқақтап тұрған тауға қойылған. Енді талайының солай аталу сырын таппайсыз.
Әдетте жерге лайық ат қоятын бірнеше негіз болған. Алдымен, ол жердің жаратылысы, бедері, реңкі қарастырылған. Бетпақдала, Маңғыстау, Шұбартау, Сарыөзек, Алакөл, Көкшетау, Қаражыра, Ақтөбе, Қаратау, Қоңырөлең, Қызылқоға, Күреңбел, тағы басқасы осының мысалы. Кейде бұл ерекшелік сан қосып айтумен сипатталған. Қосқұдық, Жаңғызтөбе, Жетіген, Үшқоңыр, Қырықоба, Екіаша, Бестөбе, Тоғызбұлақ және басқасы есте шығар. Әңгіменің тиегі болған Мыңаралыңыз осы топқа жатады.
Оқи отырыңыз: Даулы Қарабақ
Тағы бір атаулар тобы өңірдегі өсімдік пен аң мен құсқа қатысты пайда болған. Қарағанды қаласынан бастап, Мойылды шипажайы, Шортанды, Бұланды аудандары, Арқарлы асуы, Киік стансасы дегендей, оларды бірнеше ондап санауға болар. Содан кейін бұған анықтауыш қосып айтылатын атаулар бар. Семізбұғы, Бурылбайтал, Көкалат, Қараайғыр, Биесимасты мысалға келтірсек жетер.
Белгілі кісінің атымен аталатын жерлер тағы бір топты құрайды. Әулиеата қаласы, Бектауата тауы, Қошқарата өзені, Баршын, Сұлу Мәдине ауылы, Малайсары асуы және басқалары бар. Абай дананың еліне барар жолаушының алдынан Күшікбай бұлағы шығады.
Жерге ат қоюдың келесі тобы түрлі оқиғаларға қатысты шыққан: Қалмаққырылған, Тайсойған, Жезқазған, Қарауылкелді, Ешкіөлмес, Екібастұз. Оралхан Бөкейдің бір әңгімесінде Салықсалған деген жер атауы кездеседі. Оған берідегі оқиға себепкер болды. Большевиктік билік орныққан алғашқы жылдары байларға тиіспеген. "Азық-түлік салғырты" деген саясат бойынша 1928 жылға дейін оларға тек салық салған. Сондай салыққа ұшыраған байдың жұрты болуы керек. Салықсалғаннан берідегі Қызылкесік ауылының атауы да осы саясатты аңғартады. Қызыл өкіметтің жергілікті дәулетті адамдардан салыққа – қазақ оны "кесік" деп орынды атаған – алынған малды жинаған жер. Мұндай атаулар "Қазақтың ауызша тарихы" атты ғылыми саланы құрайды. Тек оны жүйелеп зерттеу керек.
Жерге ат берілген соң оның үстінде тіршілік болды ғой. Қыстауда отырды, көктеу мен күзеуге көшті, жайлауды жайлады дегендей. Демек, жер атауына қоса шаруашылық жүргізуге орай Ақанбайдың ауылы, Қасқырбайдың қыстауы, Жылқыбайдың жайлауы, Қойлыбайдың қорасы, тіпті Пәленшенің моласы дегендей жанама аттар жолығатын. Жидебайды қыстаған ақын бабаның тірі кезінде талайлар "қайда барасың" деген сұраққа "Абайдың қыстауына" деп жөнін айтқан шығар. Олардың кейбірі уақытша сақталса, кейбірі сол бойы тұрақты атауға айналып кетті.
Оқи отырыңыз: Долананың дәмі
Буденныйдан Брежневке дейін
Осылай орныққан, қалыптасқан ұғымға алдымен отарлаушы патшалық, кейін мүлде ойрандаушы коммунистік билік сұрапыл ықпал етті. Патша заманында қазақ даласына орыс деревнялары мен бекіністері салынғанда жаңа атаулар пайда болды. Сергиополь, Перовскіден бастап жүздеген Алексеевка, Николаевканың дәурені басталды. Бірақ, ол тұстағы уез бен болыс атауында негізінен қазақтың сөзі сақталды. Мәселен, Зайсан уезін Маңырақ, Шілікті, Қара Ертіс және Кендірлі болыстары құраған. Бұл атаулардың бәрі біздің дәуірге дейін жетті.
Бәрібір түрлі құжаттарда орыс тілінде бұрмалап жазу етек алды. Көптеген жер атауы түпнұсқадан өзгерді. Біртіндеп қазақ тілінің өзінде олар өзгеше айтылып-жазыла бастады. Жем аймағын жаулаушылар Эмба деп, оны бірнеше ондаған жылдан соң қазақтың кезекті ұрпағы Ембі деп атағаны мәлім. Ғарифолла Құрманғалиев екпіндете шырқаған:
Ойыл қайда, Жем қайда, Сағыз қайда?
Өткір қылыш, жүйрік ат жанға пайда!
Ат сабылтып алыстан келгенімде
Қарсы алатын құрметтеп сәулем қайда? –
дейтін өлеңде ғана жанын сақтаған сияқты Жем жарықтық.
Жеммен қатарлас атау Дендеріңіз осылайша Индерге айналып кетті. Оны беріде "бұл аймақта тышқан көп, соған байланысты Індер деп атаған" түсіндіретіндер шықты.
Аздап бүлдіргенімен қазақы жер атауларына түпкілікті ықпал ете алмаған патша дәуірін ұраншыл қызыл билік алмастырды. Даланың өмірі ғана емес, атауларына да сойқан зұлымдық жасалды. Қала мен ауылдарға осы билікті айқындайтын атау беріле бастады. Ақмешіт патша губернаторының құрметіне Перовск болып еді, оны Қызылордаға айналдырды. Енді құрылған колхоздардан бастап аудандарға Сталин, Молотов, Буденный, Ворошилов, Калинин, Киров және басқа большевик көсемдері мен қызыл армия қолбасшыларының аттары қойылды.
Оқи отырыңыз: Қамбаш
Ақмешіт тап болған кепке ежегі Әулиеата да түсті. Қазақстанды Мирзоян басқарып тұрғанда осы қайраткердің аты берілді. Ал аяқ астынан оны "халық жауы" деп Мәскеуге бара жатқан пойызда тұтқындап, атып тастаған соң қаланы тағы өзгертті. Жамбыл аталды. Қарт жыраудың:
Атыңнан айналайын, Әулиеата,
Атымды ап қойды деп болма қапа, –
деп толғанатыны содан.
Сталин кетіп, Хрущев келген соң мұртты көсем мен оның серіктеріне қойылған атауларды қайта өзгерту басталды. Каганович колхозы енді Октябрьдің 40 жылдығы деп аталды. Ақмоланың Целиноградқа өзгеретін тұсы – осы. Жаңа өндірісті қалалардың аттары отарлаушы тілінде қойылды. Рудный, Степногорск, Лисаковск, Серебрянск, Никольск, Курчатов, Ленинск және басқасы сөзімізге дәлел. Нұртас Оңдасынов қана Теміртауды қазақша атап, азаматтық істеді. Бір түбекте Шевченко және Форт-Шевченко қатар пайда болды.
Тың игеру науқаны қазақы атауларды ұлттық зердеден өшіруге бағытталған жойқын жорық іспетті. Қазақы ауылдың іргесі мен орнына жаңа совхоз пайда болса бітті, ол Ресей, Украин және Белорус республикаларының қалаларымен аталатын. Одан қалды, сол тұстағы партия съездерінің, көсемдерінің аты қойылды. Тарихи атауын сақтаған шаруашылық саусақпен санарлық еді. Осы аттаныс барысында солтүстік, орталық аймақ қана емес, оңтүстіктегі Шымкент пен Жамбылдың айналасындағы ауыл мен аудан орталықтарының атауы орысша болып кетті. Бұдан кейін көшелерге кеңес ғарышкерлерінің аты берілетін кезекті алашапқын басталды. Аядай Аягөзде оннан астам көшеге ғарышкерлердің аты берілді.
Ақыр аяғында Кеңес Одағының Ленин, Сталин, Хрущевтен кейінгі елеулі көсемі Брежнев өмірден өткенде Алматыдағы жаңа алаң мен үлкен сарайға сол жарықтықтың аты берілді. Билік мұнымен тынбады. Келесі көсем Черненко ұзақ басқара алмай өлгенде шекарадағы Қорғас заставасына аты берілді. Отызыншы жылдары осында отряд командирі болып, аштықтан қашып Қытайдан пана іздемек болған қазақтарды қынадай қырыпты. Әкең мен атаңды өлтіреді, ал сен оның атын ардақтауың керек. Сұмдық қой! Кеңес заманында атауға қатысты осындай сұмдықтар орын алған.
Оқи отырыңыз: Жалғасқан жағалар
Сәбиттен сәбиге дейін
Одан топ етіп тәуелсіздік заманына түсе қалдық. Атау өзгертудің кезекті аттанысы басталды. Бұл жолғысы орынды еді. Отаршылдық және коммунистік уағыздан сананы сейілту үшін ең алдымен жер мен су, қала мен ауыл, көше мен мекеменің атауы ұлттық ұғымға сай қайтарылуы керек.
Алғаш Алматыдағы Октябрьдің 50 жылдығы атындағы спорт сарайын Балуан Шолақ атына ауыстырғанда бөркімізді аспанға атқанбыз.
Мұндай атауларды ауыстыру үшін алдымен заң қажет еді. Алғаш рет оның тәртібі 1993 жылы 8 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес қабылдаған "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы" заңда көрсетілді. Соған орай, облыс, аудан, қала атауын өзгерту және дұрыстап жазу жөніндегі мәселені үкімет қарастырып, Президенттің бекітуіне жолдайтын.
Бүгінгі жас ұрпақ білмеуі мүмкін, Шевченко мен Гурьев атауы дереу Ақтау мен Атырау болып өзгерді. Никольскіден құтылдық. Сарыарқаның қазынасын табуда маңдай тері төгілген Сәтбаев аты берілді.
Ертіс бойындағы Ермак қаласын Ақсу деп өзгерту үшін "Егемен Қазақстан" газетіне бірнеше материалды өз қолымызбен әзірлеп едік. Оның ішінде сол өңірдің тумасы қаламгер, майдангер Қалмұқан Исабаевтың зерттеу мақаласы есте қалыпты.
Тағы есімізде қалғаны – Павлодар мен Патропавлды өзгерту жайындағы мақалалар. Сәбит Мұқановтың кітабынан жас кезінде Петропавлды Қызылжар атайтындары туралы үзінді жарияладық. Әттең, бұл екі қаланың атын ауыстыру туралы төмендегінің талабы жоғары жақтан қолдау таппады.
Есесіне Целиноградқа Ақмола деген байырғы аты берілгенде газет оқырмандарынан сүйінші сұрағанбыз. Кейін бұл қала тағы екі рет құбылғанын ел біледі. Бұл – тым берідегі, су бетінде көрініп тұрған тарих. Оны талдап уақыт жоғалтпайық.
Оқи отырыңыз: У шығарған шу
Ленинск қаласын Байқоңыр деп атау қиынға түспеген. Себебі: оның аумағындағы ғарыш айлағы бұрыннан осылай аталатын. Бұл жерде Ресейдің мүддесі тұрса да, оны кеңқолтық Ельцин басқарған заман еді. Қазақстанды айтпағанда өз ішіндегі автономияларға "қанша еркіндік құшақтарыңа сыяды, соншасын алыңдар" деген кісі ғой.
Екінші Ленин есімі бар Лениногорскіге Қонаев ақсақалдың атын беру туралы бірнеше ұсыныс айтылған. Бірақ, билік пе, жергілікті тұрғындар ма, кім білген, қалаға бұрынғы Риддер атын қолайлы көріпті.
Осы науқаннан Курчатов қаласы аман қалды. Бізге салса, оны Дегелең дер едік. Бірақ, кезінде Абайдың қолында болмаған заң-законды қарапайым журналиске кім берер дейсің...
Аудан аттары көп өзгерді. Біз 1986-1988 жылдары Қарағанды, Жезқазған және Целиноград облыстары бойынша жастар газетінің тілшісі болдық. Айына бір апта Целинорад облысын аралайтынбыз. Сондағы мақалаларымызды қазір қайта қарасақ, аудан аттары мүлде басқаша. Әлбетте, қуанышты жағына қарай.
Манағы заң бойынша көшенің атын өзгерту-өзгертпеуді қаланың өкілетті органы шешетін. Өзгеріс жеткілікті. Жалғыз мысалмен шектелейік: біз дүниеге келер тұста Сталин аты Коммунистік болып өзгерген Алматының ең ортасындағы даңғыл енді Абылай хан атымен аталған.
Ауыл, селоға келсек, тоқсаныншы жылдар басында оның атауының тағдыры облыстық өкілетті органның құзырына тапсырылған. Бірден шаруашылықтар мен кәсіпорындар коммунизм, партсъезд, Ленин, октябрь, комсомол сынды саяси жабыспақтан құтылып дүр сілкінген. Тың игеру мен басқа науқандар тұсында орысша аталып кеткен ауылдардың байырғы аты қайтарылған.
Ең төмендегі жергілікті атқарушы билікке село мен ауылдағы көше атауын өзгерту хақысы ғана бұйырды. Әлгі Мыңаралдағы әкім хақысын пайдаланған екен. Заң рұқсат етсе, несі бар дейсің.
Айтпақшы, соңғы тарауды заңға жүгінуге арнаған екенбіз, 2011 жылы нысандардың, әкімшілік-аумақтық бөліністердің және олардың бөліктерінің атауын өзгертуді 2016 жылға дейін тоқтату туралы нұсқау түсті. Бұл заң емес, үкімет ережесі емес, Президент әкімшілігінің арнайы тапсырмасы деседі білетіндер. Өтті-кетті, негізі оның өзінің қаншалықты заңды екенін таразылау артық болмас еді.
Екі арада 2014 жылғы 24 ақпанда Үкімет қаулысы қабылданды. Ол атау өзгертуде тұрғындар пікірін ескеруге арналды. Құжатқа сәйкес, қала, облыс атауын өзгерту қажет болса, оның мәслихаты тұрғындар пікірін жинап, есептеуі керек. Ауылдағы көшеге, паркке атау берерде әкім жергілікті тұрғындардың не дерін бағамдайды.
Мыңаралдағы бұрынғы әкімнің көшеге әкесінің атын беруі бұл тәртіп қабылданардан бұрын болған сияқты. Оны енді қоңыраулатып жату қисынсыз. Заң артқа шегінбейді. Ал сол қаулыға қарағанда қазаққа әзірге Петропавл мен Павлодардың атын ауыстырудан Арал мен Арқалықтың атын ауыстыру оңай сияқты ма?..