Еңбектегі ерліктің табиғаты түсініксіз. Жыл соңында мемлекеттік мекемелерде жұмысты артығымен орындағандар марапатқа бөленіп жатады. Не үшін? Елдің қажеті үшін. Егер қажет жұмыс болса, неге жыл бойы жоспарға сай орындалмаған? Неге бұл жұмыс барлық жұмысшыларға теңдей бөліп берілмеген? Жалпы, елге неге үнемі ерлік керек?
Еңбектегі «ерлік» тарихының қайсына үңілсең де, ар жағынан жоспарсыздық сығалап тұрады. Бірақ, жоспардан тыс орындаудың өзінде жоспарсыздықтың басы жатыр ғой.
Міне, жыл аяғы да келіп жетті. Министрліктерден бастап, әкімдіктерге дейін шамдары түні бойы жанып тұратын уақыт. Қазір бұл мекемелердің ғимараттарында жыл аяғының ерлігі жасалып жатыр. Айнұрлар, Серіктер және басқалар тоғыз айдың жұмысын үш күнде, бір жылдың шаруасын бір аптада жапыруға бел буған. Мемлекеттік қызметкерлер Excel кестесін көруге бетінен басатын уақыт. «Сыйақым бар» деп бастығы демеп қояды. Қайтеді, мынау қағаздың иіріміне өзі түсіп кетсе, кері шыға алуы екіталай. Әрі, кезінде өзі де сөйтті ғой. Осы еңбек майданындағы ерліктің арқасында мансапқа қолы жетті. Қазір жұмысқа өзі де кірісіп кетуге білімнің жоқтығы емес, кәдімгі жиіркеніш жібермейтін болар.
Оқи отырыңыз: Үрейлі цифрлардың матрицасы
Уақыт пен кеңістікке біркелкі жайылуы тиіс жұмыс сегіз ай бойы шалажансар жанның кардиограммасындай өлімсіреп тұрып, кенет шапшитынына етіміз әбден үйренген. Айтпақшы, «болашақерлер», проджект-менеджерлер осындай қазақы «бизнес-процесті» әлемдік стандартқа бағындыра алмай әлек. Кәсіпорындағы тайм-менеджментті, проджект-менедментті батыстағыдай басқармақ болған оқымыстылар жыл өткесін енгізілген басқарудың электронды жүйесіндегі мәліметтерді көріп қайран қалады: ақыры жоспар күйі қалған жүздеген іс-шара, тапсырма, тағысы тағылар қып-қызыл үрейлі таңбалармен самсап тұрады. Тиісейін десе – бәрінің орындалмау себебі бар. Тиіспейін десе – батыстан тап осындай жүйенің жұмысын көріп келді. Қайтеді? Қайран қалады да қояды.
Жоспарды жүзеге асырмау – дәстүр. Шеті сонау совет заманына барады.
«Жоспар міндетті түрде орындалады, – дейді сонда облыстық басқарма, – жақын арадағы он күндікте бітіреміз. Жер-жерде резервтеріміз бар, қысып көреміз, талап етеміз...». Бұл – Шыңғыс Айтматовтың «Жан пидасынан» үзінді. Жоспарды орындау ауанымен жасалатын жұмыстың орнына ендігәрі ерлікті қажет етіп тұр. Үлгере алмай жатыр. «Әлімсақтан азығы болып келген бөкеннің – ет тапсыру жоспарын орындауға қажет екенін; соңғы тоқсанда облыста бесжылдық жоспардың жүзеге аспау қаупі бар екенін, содан мазасыз ахуал қалыптасып отырғанын түз тағылары қайдан білсін...» (бұл да сол шығармадан). Негізі, бес жылдық жоспарда көрсетілгені – сиыр, қой еті ғой. Бірақ, жоқ! Түсінесіз бе, жоқ! Ендеше, кезінде жоқтың орнына осылайша бөкеннің етін тапсырған.
Көтере алмайтын шоқпарды белге байлау сол жүйемен кетсе керек-ті. Болмады. Сол деңгейде етек алған десе болады. Содан ба, біз ұйымдастырудың небір хайуан пошымдары туралы естіп жатамыз. Кедейшілікті азайту керек пе? Құп. Алғашқы алты айда небір майталмандар кейде Америка үкіметінің де қолынан келе бермейтін стратегиялар жасайды. «Әр әулеттен бір жынды табылар» демекші, жарты жылдан кейін іштегі бір маман жылдың аяғына қарай көрсеткіштің орындалмауы мүмкін екенін жеткізеді. Не істеу керек? Ендігәрі кедейшілікпен күрес кедейлермен күреске айналады. Кенет біршамасының жасырын табысы табылады, болмаса, бар табысы жүрек жалғауға жетерлік деп танылады. «Малың бар» деп жәрдемақыдан қағылғандар бір кезде редактордың телефонын қып-қызыл қылған не ашқұрсақ адамды компьютер сауаты курсына жіберудің өзі неге тұрады? Әйтеуір о баста келісілген «кедей» ұғымының мағынасы түрленіп, толықтырулар мен түзетулерден көз сүрінеді.
Оқи отырыңыз: Болашақта программистер де жұмыссыз қалуы мүмкін
Сіздер ұмыта бастаған Сағадиевтің былтырғы бастамалары ше? Оның болжамы бойынша, биыл 13,5 мың мектеп мұғалімі сабақты ағылшынша өткізуі керек еді. Жай ғана сандарды бақылап отырыңыз. Ол мұғалімдердің өзі ағылшынды бір айлық (!) курста үйренеді! Мұндай қысқа уақыттың ішінде мұғалімнің ағылшыншасы ең болмаса Beginner деңгейіне жете ала ма, оның қисынын талап еткен ешкім жоқ. Дегенмен жоспар қаншалықты күлкілі болса, соншалықты қымбат болды. Қазірге дейін «ағылшынша сабақ беретін мұғалім» үшін кемінде 19 млрд теңге жұмсалды. Біз мұның алдындағы мысалдан орындалмайтын жоспар алу міндетті түрде көзбояушылыққа ұласатынын білеміз. Сондықтан, игерілген ақыға уәде етілген бірнеше мың мұғалім ағылшынға A1 деңгейінде тілі сынғанына күмән бар.
Егер жұмыс жоспарланатын дүние болса, ол жоспар өз кезегінде – уақыт пен кеңістіктегі дүние. Жыл бойына біркелкі таратып, жағып шықпасаң, міндетті түрде ерлік, қаһармандық талап етеді. Ендеше еңбектегі ерлікпен аты шыққан жерден сескенген жөн. Не жоспары қисық, не өздері.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎄Новогодние скидки: билеты на поезда по выгодным ценам распродают в Казахстане
- 5276
- 1
- 3
-
2❓День потрачен впустую: кто виноват и что делать, если доставка задерживается
- 5043
- 3
- 16
-
3⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 21 ноября
- 2818
- 0
- 7
-
4🏃♀️Семейный забег пройдёт в Астане. Победители получат телевизоры, пылесосы и планшеты
- 2773
- 1
- 21
-
5‼️К смертной казни приговорили жительницу Таиланда за серийные убийства с помощью цианида
- 2421
- 1
- 28
-
6🔥Столичные пожарные потушили горящий автомобиль
- 2388
- 0
- 11
-
7⚡️Солдат впал в кому после удара сержанта: начался суд по резонансному инциденту в воинской части Отара
- 2452
- 6
- 27
-
8⚖️ Прокуратура вернула 12,5 млн тенге предпринимателям алматинского метрополитена
- 2400
- 0
- 15
-
9☄️Продажи и прибыль Temu и Pinduoduo упали: акции рухнули на 11%
- 2407
- 0
- 5
-
10🥶Ночные морозы до -23 прогнозируют на выходных в северной половине Казахстана
- 2569
- 0
- 8