Бренд – бұл сауда белгісі ғана емес, бұл тұтынушыға берілетін уәде және сол уәдені орындау.
Ежелгі заманнан бері адамдар қарым-қатынас жасауды, таңбалар арқылы белгілі бір сезімді немесе ақпаратты беруді қажет етті. Бұл таңбалар бір идеяны жақтаушыларды өздерінің бәсекелестерінен өзгеше етіп көрсетті. таңбалар адамның немесе топтың даралығын көрсетуге, өзінің мақтанышын немесе белгілі бір қасиеттерді иеленетіндігін көрсетуге мүмкіндік береді. Адамдар өз идеалдарын қорғай отырып, белгілі бір тудың астына жиналған.
Википедия
Қазақ халқы жеке ел болып, өзінің туын көтерген күннен бастап, басқалардан ерекше, айрықша ел, өзіндік белгісі, өзгеше мәдениетіміздің бар екендігін көрсету мақсатында "Біз ешкімнен кем емеспіз!" деген табиғи намыс та өмірге келді.
Шынымды айтсам, Кеңес заманында да өзбектің тақиясы мен ала шапанына қызыға қарайтынмын (әрқашан бәсекелес елміз ғой...), біздің ұлтымыздың елдің есінде қалатындай ерекше киімі болмағанына өкінетінмін, намыстанатынмын. Біздің шалдардың басындағы айыр қалпақтың қырғыз ақсақалдарының қалпағынан көш төмен тұратыны да қытығыма тиетін.
Кейін келе "бренд" деген сөз пайда болып, қымызға, қараша үйге, ет пен құртқа, бауырсақ пен талқанға таластық. "Ойбай, аналар алып қойыпты!", "Ойбай, қырғыздар өзінікі етіп тіркеп алыпты" деген сөздерді естіп, шынында да, намысымыз қозып, өзімізді далада қалып қойғандай немесе біздің ұлттық құндылықтарымызды біреулер ұрлап алып қойғандай ашуланатынбыз.
Ұйқыда жатқан үкіметке әлемдік деңгейге құлаш ұрудан көрі өзара дау-дамайды жақсы көретін ғалымдар мен жазушыларға, бір ауыз сөзбен айтқанда, зиялы қауымға ренжитінмін. 300-ден асатын батырларымыздың атақ-даңқы алақандай қырғыздың Манасына жете алмайтындығына қарнымыз ашатын.
Қазір сол ашуым басылып, ұлттың атын шығарудың осындай бір "шоу" деңгейіндегі көрінісіне көңіл бөлмейтын болдым. Әрине, Америкада не Германияда жүргенде супермаркеттерден "Қазақтың қымызы" деген сусынды көріп қалғанда көңіліміз көтеріліп қалатынына дау жоқ, бірақ, өз басым "айран" деген жазуды (Германияның дүкендерінде көп кездеседі) көргенде, ол сөздің түрік бауырлар арқылы келгеніне өкініп, "қазақ бейшара қолындағысынан айрылып қалады" деп санымды соқпаймын.
Меніңше, ұлттық ерекшелік киім, тағам не спорт түрлерімен (әлі де өздерінің "сумосын" сол күйінде сақтап, әлемге жайып келе жатқан жапондықтар, не өздерінің күрестерін ғасырлар бойы өзгертпеген моңғолдарға басымды иемін. Ал біздер "қазақ күресін" жасаймыз деп, "жауырыны жер иіскемеген палуан" деген сөзді айта алмайтын күйге жеттік...) ғана шектелмейді, ұлтты әлемге танытар ең басты "бренд" – ұлттық мінез бен ұлттық дәстүр деп ойлаймын.
Қазақтың мінезі – шыдамдылығының шегі жоқ, бірақ әділетсіздікке көздері жеткенде кез келген қамалды бұзатын ерекше мінез. Меніңше, біздің бірінші "брендіміз" – Желтоқсан көтерілісі. Бұған дейін билікке қарсы бір шықса адуынды кавказ халқы немесе сырттай берілсе де, іштерінде ит өліп жатқан балтық жағалауындағы ұлттар шығатын болар деп ойлайтын Кеңес Одағының халқы меймандос, қонақжай қазақтың тоталитарлық жүйеге ашық көтерілгенінің куәсі болды.
Сол уақытта, шынында да, "Желтоқсан" деген атау қазақтың брендіне айналды. Басқа республикаларды былай қойғанда, Мәскеу мен Ленинградтың өзінде саналы азаматтар біздерге құрмет көрсетіп, "Жарайсыңдар, қазақтар!" дейтін. Демек ұлттық мінез – қымыз бен бауырсақтан мың есе артық бренд болады екен.
Алайда, менің айтайын дегенім ол емес. Кеше ғана Димаш бауырымыз әлемдік ән жарысында басқалардан оқ бойы озып келе жатып, өзінің жарыстан шығатынын мәлімдеп бәрімізді таң қалдырды. Біреулер "Бұнысы несі, бірінші орын алып, әлемді өзінің өнеріне бас игізіп, қазақтың атын шығарып, байлық пен беделге бөленіп жүретін еді ғой" деп қабақтарын шытса, екінші біреулері "Дұрыс істеді, өзімен бірге жарыс жолында жүрген балдырғандарға жолын берді, бәйгеге аттар мен құнанды қатар салмайды ғой" деп, құптап та жатты.
Ең қызығы, қазылардың бірі "Сіз шоудың ержесін бұздыңыз" деп ренішін де білдірді. Ол бейшара азамат қазақтың мінезі мен сан ғасырлар бойы қалыптасқан салт-санамыздың өзінен кішілермен жарысудың әділетсіздік деп бағалайтынын қайдан білсін. Әрине, Димаштың өзі – бренд! Алайда, оның жасаған бұл қадамы – нағыз қазақ бренді.
Ұлттық мінездің, салтымыздың байлық бен беделден жоғары тұруы – міне, "қазақ бренді" осы. Оны (қазіргі материалдық байлық бірінші орынға шыққан "шоудың" заманында) адамдардың барлығының түсінбеуі де мүмкін. Бірақ саналы азаматтардың түсінетіндігіне және қолдайтындықтарына ешқандай шүбә келтірмеймін. Себебі, қазақтың мінезі, ерекшелігі – әділеттілік пен қарапайым өмірдің заңдарына негізделген. Оны біреулер қабылдамайтын да шығар, бірақ түсінбедім деп айта алмайды.
Демек "Димаш" дегенде жұмыр жердің сан түкпірінде өмір сүріп жүргендер "Қазақ" деген сондай мықты ұлт бар деп біздерді есіне түсіреді. Алайда, Димаш осы қадамға қазақтың атын шығару үшін барды деп ойлайтындар да оңбай қателеседі. Бұл – арнайы жасалатын тәсіл емес, бабаларымыздың өсиеті мен ана-анамыздың тәрбиесі арқылы қанымызға сіңген қасиет.
Айпақшы, осыдан екі-үш жыл бұрын Қытайдағы "Ережесіз жекпе-жекте" финалға екі қазақ жігіті шығып қалып, "мыналардың көзінше бір-біріміздің мұрнымызды бұзып жатқанымыз жараспас" деп, төбелескен сыңай білдіріп, бірін-бірі ұрған сияқты кейіпте жүріп, бірнеше ескерту алып, аяғында "шын төбелестен бас тартты" деген айыппен рингтен қуылғандарын естідік. Көрдік.
Ең қызығы, екеуі қуылып (финалға тіккен ақшадан айрылып, бірнеше жылға дейін жарысқа қатыспайтындай жаза алып) жатса да, өңдерінен өкіну белгісі сезілмеді. Көрермендерге ғана "Сіздерді қызықтан құр қалдырғанымызға кешірім сұраймыз!" дегендей ыңғайсыздық сезімі ғана бар. Меніңше, осы оқиғаны естігендер, көргендер үшін бұл да – қазақтың ерекшелігін есте қалдыратын нақты дерек. Бұл да барып тұрған – бренд!
Қымыз бен айран бұлардың қасында жер тістеп қалады.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.