Прямой эфир Новости спорта

Пайда, мақтан, әуесқой – шайтан ісі

Абай "Адам баласының мақтаннан аман болуы – қиын іс" деген.

Демек, әр адам әртүрлі дәрежеде және әртүрлі тәсілмен мақтанады. Біреу білдіріп, ал біреу білдірмей мақтанады. Қысқасы, бұл мақтаннан аман болу қиын.

Абай ең көп сынаған қасиеттің бірі де – сол мақтан, ол мақтаннан ада қазақты көргісі келді.

Біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді "енеңді ұрайын, кең қолтық, шүлдіреген тәжік, Арқадан үй төбесіне саламын деп, қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде "әке-үке" десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, "сарт-сұрт деген осы" деп. Ноғайды көрсе, оны да боқтап күлуші еді: "түйеден қорыққан ноғай, атқа мінсе шаршап, жаяу жүрсе демін алады, ноғай дегенше, ноқай десеңші, түкке ыңғайы келмейді, солдат ноғай, қашқын ноғай, башалшік ноғай" деп. Орысқа да күлуші еді: "ауылды көрсе шапқан, жаман сасыр бас орыс"

Орыс ойына келгенін қылады деген... не айтса соған нанады, "ұзын құлақты тауып бар депті" деп. Сонда мен ойлаушы едім: ей, құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп, әлгі айтылмыш сөздерді бір үлкен қызық көріп, қуанып күлуші едім.

(Абайдың екінші қара сөзінен үзінді)

Абай осы ойын әрі қарай тарқатады: "Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ... Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды... Орысқа айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі құрлы да жоқпыз. Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?"

Абай осылай дейді де, бізге сауал тастайды. Рас, бағанағы мақтан қайда? Жарытып жауап таба алмай қаласың. Ананы андай, мынаны мұндай деп мұқатып отыратын мінез қазақтың бойында әлі бар. Олар қай жағынан озық, қай жағынан бізден қалып қойды деп бұтарласақ, бәрі өзі-ақ айқындалып шыға келеді.

Оқи отырыңыз: Абай қандай қазақты көргісі келді?

Өзге жұрт біз туралы жаман ойламасын, қайта мақтасын деп өзің ғана емес, жұртыңның атынан кейде бір мақтанға лайық ұсақ іс істеуің мүмкін.

Мысалы, менің бір бауырымның айтатын сөзі бар: "Жолда келе жатсам, бір машина тұр екен. Жанай келіп қарасам, түр сипаты шетелдік азаматқа келеді. Сосын Қазақстанда жүр ғой, қазақты қайырымды жұрт екен деп мақтап кетсін деп, тоқтай қалып, жік-жаппар болып мәшинесімен алысып көмектестім. Құдай оңдағанда ылғи жаман машина айдап, бәрін көріп алған басым кілтипанын бірден тауып, машинасын жөндеп бердім. Шетелдігім мәз. Ақша берді, әдейі алмай қойдым. Шала тіліммен "қазақтар жолда қалған кісіге көмектесуден ақша алмайды" деп түсіндіріп едім, одан сайын риза болды. Ол енді мұны ұмытпайды. Міне, мұндай қазақты мақтаса болады.

Біз де осы күні "қазақпыз" деп мақтанамыз. Қазақпыз дегенді мақтан үшін айтамыз. Ата-бабамыздың батыр, дана болғанын айтамыз. Тап қазір аштан бұралып жатып, он күн бұрын қазы-қарта, қара икра жеп едім деп мақтанғаның қисынға келе ме? Тура сол сияқты, қазір қазақпын деп кеуде соғарлық, мақтанарлық сипатымыз бар ма?

Жалпы, "қазақпын деу" сөз жауапкершілік үшін айтылса керек. "Қазақпын ғой, демек кең, дархан болуым керек, ұлтыма сөз келтірмеуім керек, қазақ дейтін қастерлі атты былғамауым керек. Қазақтар туралы жаман сөз айтқызбауым керек". Жауапкершілік осындай болса керек-ті.

Біз америкалық не батыстық саясат бізге жат болған соң, жақтыра бермейміз. Бірақ, ондағы қарапайым адамдарға "сен америкалықсың, сен барша адамзат үшін жауаптысың" деп үйретеді. Сондықтан, Американың қаласында көлігің бұзылып тұрса, адасып кетсең не сырқаттанып тұрсаң, көрген адам жетіп келіп, жағдайыңды сұрап, көмектесіп жіберуге тырысады. Өйткені, оларда "америкалық" деген жауапкершілік бар.

Бізде сондай жауапкершілік бар ма? "Мені көріп, қазақты жаман демесін" деген пиғыл бар ма? Осы пиғылды ту ете аламыз ба?

Оқи отырыңыз: Абай баланы қалай тәрбиеледі?

Қазақпын дегенді құр мақтан үшін айтатынымыз өтірік емес. Әйтпесе, жауапкершіліктен жалтару үшін айта саламыз. Кешіксек, "қазақпыз ғой" дейміз. Дарақылансақ, тағы да "қазақпыз ғой" дейміз. Абайша айтсақ, жаңағы мақтаның қайда қалды сонда?

Адамның ұлтымен, тегімен, жерімен мақтануы өз алдына, жеке бастың мақтаны да болады. Абай оны "бос, күпілдек мақтан" дейді. Осы күннің тіліне түсірсек, "Понт, тыраш мақтан".

Абай: "Бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, әрдайым не түрлі болса да, "десін" деп азаптанып жүріп, "демесінді" ұмытып кетеді. Ұмытпақ түгіл, әуелі іс екен деп ескермейді" дейді.

Бұған мысал ретінде жұртқа керемет болып көріну үшін жан аямайтындарды алып қарауға болады. Ол – "жұрт мені керемет десе екен" дегеннен туатын әрекет.

Өзінің өзгеден артықтығын астын сызып көрсету, артықтығы болмаса, болдыру үшін барын салып, сосын соны жария ету, "көрдіңдер ме мені" деген сияқты масаттану, білдірмей мақтану, біреуді тұқырта отырып өзін көтеру... осының бәрінің түп атасы – тәкаппарлық.

"Өзіне ерекшелік беруге ұмтылмақ – адам баласын бұзатын іс" дейді Абай. Ол Лермонтовтан аудармасында "Мұңлы шайтан – Құдайдың қуған жаны" демеді ме? Шайтан неге шайтан болды? Баяғыда қариялар: "Аадамзатты топырақтан жаратқаннан кейін бүкіл жаратылғандардың бәріне Адам баласына құрмет қыл деді, содан бәрі сәжде қылып еді, шайтан сәжде қылмады. Сөйтіп Алланың қарғысына ұшырады. Сонда "неге менің бұйрығымнан шықтың?" деген кезде шайтан: "Мына топырақтан жаратылған мақұлыққа мен оттан жаратылған басыммен бас имекпін бе? Бұл менің қасымда кім?" дейді. Сөйтті де, құдайдың қарғысына ұшырады" деп айтып отырушы еді. Сонда өзінің тегімен мақтану, мен оттан жаратылдым, бұл топырақтан жаратылған деп тапсыну тәкәппарлану емес пе?

Сол секілді өзгеден артық болдың, оған мақтандың. Сені жұрт та жабыла мақтады делік. Бұдан тапқан пайда қандай? Бар тапқанымыз нәпсімізді тойдыру екен. Мұны Абай: "Пайда, мақтан, әуесқой – шайтан ісі, Кәне біздің нәпсіні тыйғанымыз?" деп тұжырымдайды.

Менің бір бай танысым бар. Мал да, дүниесі де жетеді. Енді әкім болсам деп әр жерге пара сұғып жанталасып жүр. "Мұншама ақшаңды шығын қылып, неменеге әкім боласың? Кәсіпке салып, шетінен жұмса да, жат. Әкімнің жұмысы қиын, жауапкершілігі мол" десе, ол "Жоқ, ел ішінде отырған соң бәленбай жердің әкімі деп топтың, елдің алдына шыққанда тост бермеген соң несі абырой. Ақша деген әркімде бар" дейді. Сонда ол әкім болған кезде елді жарылқайын, қолымнан іс келеді, халыққа бір жақсылық жасайын дегеннен гөрі, әкім деген аты үшін болғысы келеді. Бұл да мақтанның кесірі. Енді сол адам әкім болса, әрине, жұмыс істеп қатырмайтыны анық, сонымен залалы елге тиеді. Ол берген парасын өндіріп аламын деп, жемқорлыққа барады.

Абай мұндайды: "Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ, иттей қор боп өзіне сөз келтірмек" дейді. Дәп-дәл. Не деген ескірмейтін сөз? Міне, Абайға таңырқай беретініміз де осы.

Біреу той жасаса, "Тойға 600-700 адам келді", "Той зор болды, бес жылқы сойыпты", "Тамадасы пәленше екен, әншісі түгенше екен" деген секілді мақтауды күтеді. Жарыспайтын нәрсемен жарысады. Миллиондаған теңгені айналасы 2-3 сағатта ішіп-жеп, дәретханаға ағызып жібереді. Осы мақтанның кімге қандай пайдасы бар?

"Пәленше дәулетті екен", "құдамыздың қолы ашық екен", "көршіміз бұрын соңды болмаған сауық жасады", "қалың малға пәленбай беріпті". Осы 2-3 ауыз мақтау сөзд табан ақы, маңдай теріңмен тапқан ақшаны пәлен жыл банкке еселеп құюыңа тұра ма сол?

Мысал үшін, кредит алып той жасап, сосын несиеге телефон алатындар бар. Кредит алады да, соған смартфон сатып алады. Бәрінің қолында қымбат бағалы айфон, самсунг. Өздері тағы жылап жүреді. Ал соңғы телефондар компьютерге бергісіз ғой қазір. Соның қадіріне жетіп, мүмкіндігін толық пайдаланып, білім алуға, ақша табуға жұмсаса бір сәрі, уатсап пен ютубқа бола жүз мыңдаған ақша тұратын телефонды мақтан үшін ғана ұстап жүрміз. Телефон деген жай ғана мысал. Оның орнында көлік не плазмалық теледидар болуы мүмкін.

Өзбек ағайындар мен оңтүстіктегі біздің кейбір бауырларымыз несие алса, оны құрал-сайман, тыңайтқыш алуға жұмсайды. Ал біз түкке пайдасы жоққа шашамыз. Міне, бұл да мақтанның кесірі.

Абай: "жуас мін де, айран іш" дейді. "Көрпеңе қарай көсіл" деген сөз бұл. Жоқ, біз көрпеміздің қысқалығын ар көреміз, аяқты соза түскіміз келеді.

Оқи отырыңыз: Ұят туралы. Ұятмен қайдан шықты?

Мақтанның тағы бір түрі – әлеуметтік желідегі мақтан

Көптің жазбасына қарасаң, бейкүнй кейіпте жай бір ақпарат беріп жатқан сияқты: "Міне, мен мұнда қыдырып жүрмін". "Міне, мен мынаны жеп отырмын". "Міне, менің үйім мынадай".

Абайдың: "Өзіңде бармен көзге ұрып, Артылам деме өзгеден. Күндестігін қоздырып, Азапқа қалма езбеден" деген сөзі бар. Адамның өзінде жоқ нәрсені көргенде қызғанышы, күндестігі қозып кетуі мүмкін. Сосын азапқа қаласың. Абайдың осы сөзі тура осындайларға арналған сияқты.

Өзара мақтанысу

Біреу екінші адамның жақсылығын алға тартып мақтап жатса, жақсы ғой. "Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" дейді қазақ. Ал өзіңді өзгеге мақтауды қалай ақтап аласыз?

Тұрсынжан Шапайдың: "Мақтанатын жерін, мөлшерін білмейтін парықсыздарға немесе татымсыз кісінің орынсыз мақтаншақтығына айтылған үкім" деген сөзі бар. Мақтанудың өзі уақыт өткен сайын заманауиланып, бұл да бір күрделеніп, өз бейнесін тауып келе жатыр. Бұрын құр сөзбен мақтанатын болса, қоғам қазір әлеуметтік желі, фото, видео деген секілді "озық үлгідегі" білдірмей мақтанға салынатын жағдайға жетті.

Сенің жеп отырған тамағыңның, барған кафеңнің, мінген көлігіңнің, танымал адаммен түскен суретіңнің, инстаграмға салған кездегі мақсатың не? "Басына һәм бір өзіне өзгешелік бермек – адам ұлын бір бұзатын іс" дейді Абай. Қазірде бір үзім нан демегенмен, бір асым етке зар болып отырған адамдар қаншама? Ал сіз қазы-қарта толы дастарқаныңызды мақтанып желіге жүктеп саласыз. Мұндай мақтануларды көргенде Абайдың: "Бойы бұлғаң, Сөзі жылмаң Кімді көрсем, мен сонан Бетті бастым, Қатты састым, Тұра қаштым жалма-жан" дегені еске түседі.

Талай адам әлеуметтік желіде бай, дәулетті, әдемі, кісілікті болып көрінуге тырысады. Бірақ көбі өмірде ондай емес. Тек солай көріну үшін желіні жылтырақтармен толтырып қояды. Осындайда Абайдың тағы бір сөзі бар: "Өңкей жалған мақтанмен, шынның жүзін бояйды".

Мақтану деген – көп жағдайда, басқа біреудің жүйкесіне тию болып келеді. Абай: "Мал жияды мақтанып білдірмекке, Малмен шұқып, көзіңе күйдірмекке. Өзі шошқа, басқаны "ит" деп ойлар, Сорпа-сумен, сүйекпен сүйдірмекке" дейді. Мұндай мақтанның салдары да айқын. Көре алмаушылық, араздық, ғайбат, өсек. Осыған апаратын төте жол.

Төртінші мақтан – өзін зор, өзгені қор тұтатын мақтан

Ештеңеге көңілі толмайтын мақтаншақтың түрі бар Ондай адам болмайтын жерден сынайды да жүреді, "анау дұрыс емес, мынауың қате" деп жұртқа маза бермейді. Бір қарағанда жұртқа мықты сыншы сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ, түбінде "мен болсам, бүйтер едім" деген мақтан сөз ол. Ал қолына іс тапсырсаң, түк істей алмайды. Құр ауызбен орақ орған өңкей қыртың. Абайдың "Сыпыра жылмаң желбуаз" дейтіні де сол.

Тұрсынжан Шапайдың: "Адамшылығы аздаудың кісілікті болып көрінгісі келетіні болады, өнерсіздің өнерпаз боп, берекесіздің тиянақты болып танылғысы келетіні болады, сараңның мырзасып, әлсіздің мықтысынуы, шала сауаттың білгірсіп көлбеңдеуі" деген тағы бір сөзі бар. Тура осы жерге дәл келеді.

Сонымен, біз өзі қазақпыз деп мақтанамыз. Бірақ, сол қазақтың несіне мақтанамыз? Қазақ деген атына ғана ма, жоқ, әлде затына мақтанамыз ба? Иә, ата-бабамыздың кісілігіне, батыр, ақын болғанына мақтанамыз. Тектілігін айтамыз. Егер осы секілді біраз сипаттарын алып тастаса, расында ар жағында мақтанатын ештеңе қалмауы мүмкін өзі. Абай айтпақшы, адам баласы адам баласынан ар, ұят, ғылым дегендермен артылады.

Фашистік Германияны мысалға алайық. Немістер "бізден мықты халық жоқ, біз әлемнің алдындамыз" деп мақтанды. Мықты халық екені өтірік емес, рас. Әлемге үлгі боларлық жағдайы бар. Моцарт, Бетховен, Гегель, Фейербахтың отаны. Мерседесті ойлап тапқан ел. Адамзаттың техникалық дамуына орасан зор үлес қосқан ел. Азаматтары өте тиянақты, әрбір секундтың қадірін біледі. Бірақ мен басқадан артықпын дегеннің аяғы неге апарды? Фашизмге ұрындырды. Ең соңында абыройдан адамзат алдында жұрдай болды.

Абай: "Ғылым таппай мақтанба" дейді. Ғылымды тапқан адамның өзі мақтанға салынбайды. Ғылымды түсінген адам Құдайдың құдіретін түсінеді. Ол кезде мақтанбайды. Сократтың "менің бір білетін нәрсем бар – түк білмейтінім" деген сөзі бар. Сол секілді ғылымды игеріп, білімі артқан сайын білмейтініңнің өте көп екенін түсінесің. "Білгенім бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз" дейді қазақ.

"Алдадым, ұрдым, қырдым деп
Шалықтап-шалқып шатпай ма,
Қапысын тауып тұрдым деп
Қулығын бұлдап сатпай ма.
Момыннан жаман қорқақ жоқ
"Қу ,пысық" деген ат қайда,
Арсыз болмай атақ жоқ
Алдамшы болмай бақ қайда".
(Абайдың "Қарашада өмір тұр" өлеңінен үзінді)

Өзі мақтана білудің де жолы болады. Біреудің қаңсығы біреуге таңсық" деген сияқты, "Біздің Бурабай, шіркін, Швейцария ғой" деп жатамыз. Анығында, Швейцария – Швейцария да, Бурабай – Бурабай. "Біздің Әнуарбек Байжанбаев – қазақтың Левитаны". Жоқ, Борисович Левитан өзінің Левитаны, ал Әнуарбек Байжанбаев өзіңнің Байжанбаевың. Я болмаса "Сәбит Мұқанов – қазақтың Шолоховы, я болмаса Түркістан – екінші Мекке" дегенді естіп қаламыз. Түркістан – Түркістан, Мұқанов – Мұқанов. Әр адам өзінің сипатымен ерекше. Осыған өзіміз зерделеп қарауымыз керек.

"Өкінішті көп өмір кеткен өтіп,
Өткіздік бір нәрсеге болмай жетік.
Ойшылдың мен де санды бірімін деп,
Талап, ойсыз, мақтанды қалдым күтіп" дейді Абай. Өкініп жатыр. "Өмірім өкінішпен өтіп кетті, Талап, ойсыз, мақтанды күтіп қалдым" дейді. Абайдан кейін, Абайды оқығаннан кейін тәпсірлену – тыңдаушыға міндет. Өзі айтпақшы, жә, бұдан не инандық?


Абайдың жолы. Бекболат Тілеухан. Өзі шошқа өзгені ит деп ойлар


Поделиться:

Новости партнеров