Абай – реалист. Жасыратыны жоқ, бізде өмірдегі бүкіл қызықты тек балаға тіреп тастайтын кез аз емес. Жоқ, өмірде қызық көп. Бірақ соның ішінде аса маңыздысы – ұрпақ, бала. Абай әр нәрсенің шынайы, нақты бағасын береді. Сондықтан да, бар қызығы демейді, бір қызығы дейді. Сөйтеді де, "баланы оқытуды жек көрмедім" дейді.
"Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Екіншісі білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен дейді". Бұл да Абайдың сөзі. Осы екі типтегі баланы қайтсек адам қылмақ керек?
"Әке – балаға сыншы". Құнанбайдың өзі Абайға сыншы болған. Абайдың ыстығы көтеріліп ауырған кезде Құнанбайдың "Абайжанның бар қуаты ішінде еді, сыртына шығыпты. Ешкімге көрсетпеңдер" деп айтатын сөзі бар. Семейдегі Ахмет Риза медресесіне оқуға бергенінде "Не күтсеңдер де, мына жаман қарадан күтіңдер" дейтіні де оның сыншылығына мысал бола алады.
Шындығында баланың мінез-құлқын, бейімін тану – үлкен іс. Бұл баланың келешектегі бағыт-бағдарын анықтамаққа керек. Біз мұны қазір туғанынан көз алдында өсіп, күнде көріп жүрген ата-ана емес, мұғаліміне немесе өмірі көрмеген, танымайтын психолог деген мамандарға тапсырып қойдық. Әрине, олардың кеңесі керек емес деген сөз жоқ. Бірақ, оны әкесі мен шешесіндей кім таниды? Ата-анасындай кімнің балаға жаны ашиды? Баланың қандай күйде жүргенін психолог білетіндей көреміз. Осы рас қой? Рас.
Сыншы дегені сынау емес, тану екені түсінікті. Баланың бейімін танымасақ, музыкаға бейім баланы спортқа, оқуға бейім баланы әнге әуес қылуға қинап, оның әуелдегі қызыққан дүниесіне ұмтылысын мұқалтып аламыз. Барлық бала оқуға бейім бола бермейді. Біреуі шаруаға, біреуі басқаға бейім болады. Кеңес кезінде бейіміне қарай кейбір жігіттерді шаруашылық басқаруға малдың айналасына жіберсе, кейбірін университетке түсіп ары қарай ғылым жолында ізденуге жағдай жасалды.
Осы тұста да Абайдың мысалын айта кету артық емес. Абай баласы Мағауияны он төртке келгенде Семейге оқуға жібергенде Ысқақтың ұлы Кәкітайды да оқытпақ болады. Сонда Ысқақтың әйелі: "Өзіңнің ел басқару жұмысынан қолың босамайды, мал мен шаруаға кім қарайды?" деп, Кәкітайды оқуға жіберткізбей қояды. Сонда Кәкітайдан үлкен үміт күткен Абай Ысқаққа ренжіп: "Сен қатыныңның тіліне еріп, мына адам болайын деп тұрған Кәкітайды оқудан қалдырдың. Енді бұл баланы мен өз тәрбиеме аламын. Сенің мұнда жұмысың болмасын" депті. Енді бұл бауырмалдық, бір жағынан, жанашырлық Абайға тән қылық. Міне, сөйткен Кәкітай Абайдың қасында 24 жыл жүріп оқыған, көп дүниені үйренген. Кейін Абайдың алғаш өмірбаянын жазып, тұңғыш жинағын жасап, қанша азапқа түсіп жүрген де – осы Кәкітай. Біздің осы күнгі оқып жүрген Абай шығармалары сол Кәкітайдың арқасында бізге жетті деуге болады. Мұны қолынан іс келерлік баланы тану дейік.
Оқи отырыңыз: Абай қандай қазақты көргісі келді?
Абай баланы қалай тәрбиеледі?
Бірінші. Балаңды тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле.
Өзің үлкен, қылығы бала-шаға,
Балаша мәз болады тамашаға,
Әкесі ұрысса балаға ол да достық,
Баласы ұрысса әкеге жараса ма?
Осыны айтып отырған Абайды баяғы советтік идеологияның екпінімен Құнанбаймен салғыластырып қоятын жағдай болды. Әрине, ол қиянат өзін-өзі ақтады. Ондай болмаған жағдайда Абайдың тұлғасы сол кездегі советтік идеологияда жалау болар ма еді, болмас па еді? Енді ол басқа сөз. Мысалы, өзі үлкен, қылығы бала-шаға әке балаға не тәрбие беріп жарытуы мүмкін? Оның "балам, өйт, бүйт" дегені оған жұға ма? Үйіңде кешкілік бір кітаптың бетін ашпасаң, өзіңнің біліммен шаруаң болмай, "балам, оқы, қазір білімнің заманы" деп көсемсігенің кімге тәрбие? Өзің бажылдап ұрсып, ақкөз боп ашуланып жатсаң, "балам, сабырлы бол, байыпты бол" деп айтқаның қандай нәриже береді?
Абай: "Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады?" дей келіп, "Артымнан құран оқысын деп тілейді" дейді. "Артымнан балам құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Егер жаманшылықты көп қылған болсаң, балаңның оқыған құраны сені неге жеткізеді? Тірлікте өзіңе-өзің қылмаған істі өлген соң саған балаң кәсіп қылып бере ала ма?" дейді. Демек, алдымен өзің жақсы болуың керек. Сонда балаң өзі-ақ жақсы болады. Бірінші өзіңді тәрбиеле. Міне, Абайдың бала тәрбиесіндегі әуелгі ұстанымы – осы. Бүкіл данаға тән, кез келген нәрсенің өзегінен дөп басатын Абайдың даналығына тәнті боласыз.
Екінші. Қызықтыр. Ғылым, білімге үйір қыл.
Абай отыз сегізінші қара сөзін бастағанда "Ей, жүрегімнің қуаты, перзенттерім! Сіздерге адам ұлының мінездері туралы біраз сөз жазып қалдырайын" дейді. Жүрегіндегі ең қымбат нәрсесін адам әдетте баласына арнайды. Өйткені, өзінің қолы жетпеген бүкіл нығмет атаулыға баласы жетсе деген ниет – кез келген әкеде болады. Ары қарай: "Әуелі Алланы таны" деп келеді де, одан кейін: "адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселермен" деп айтады. Енді соны қалай үйретеміз дегенде: "Ғылым-білімді әуел бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша" деп кеңес береді.
Біз не істейміз? Үйде айтатынымыз: "Сабағыңды оқыдың ба?", "Бар, сабағыңды оқы", "Қанша алдың бүгін?". Мектепте айтылатыны: "Балалар бүгінгі тақырып мынадай, мынадай. Үйге тапсырма мынадай, мынадай".
Енді сол бала ғылымға үйір бола ма? Біздің баланы білімге бар қызықтырғанымыз – баға. Оқысаң, бес қоямын, оқымасаң, екі қоямын. Тоқсан пайыз оқушы да, тоқсан пайыз мұғалім де сондай. Мен азайтып айтып отырмын. Ғылымға, білімге алдап, қызықтырып үйірсек қылатын мұғалімдер жоқ емес, бар. Бірақ, Абай айтпақшы, "кейбіреуі болмаса, анда-санда".
Абай балаларын молдаға оқытқан, сосын қалаға оқуға берген. Өзінің ғана емес, бауырларының балаларының оқуына себепші болған. Сол кезде Абайдың бір дағдысы – оқып жүрген балаларды жинап алып, не оқып жүргендерін сұрап, бір-бірімен білім жарыстыртып, мақтап, олардың оқу процесіне өзі араласып жүрген. Қазіргі ата-ананың оқу процесіне араласуы – қиын есебін чатқа жіберіп шығартып беруден, мұғалімнің мейрамына сыйлыққа ақша жиюдан аса алмай жүрген сияқты көрінеді.
Қызықтыру демекші, осы күні не көп, балалардың білім беру жүйесінде ақыл айтатын адам көп. Соған да үңіліп жатамыз. Көп жағдайда орыс ғалымдарының ішінде Шаталовтың, Макаренконың, кейін Эрик Эриксон, Жан Пиаже, Сухомлинскийдің сөзін айтамыз. Батыстың орта білім жүйесіндегі методикалардың бәрі ойнатып оқыту, еркін оқыту, қинамай, шаршатпай оқыту дегенге баса мән береді. Абай айтпақшы, басынан-ақ зәрезап болмай, алданып үйренсе, үйрене келе өзі ізденіп кетеді дегенді бүгінгі методистердің бәрі айтып жүр.
Үшінші. Балаңды бұзба. "Десін десін" деп, "демесінді" ұмытпа.
Баланың бұзық, сотқар, өтірікші, қу, сұм болуы неден? Тәрбиеде ағаттық жіберген тұсымызды тапсақ, орнын түзей салу оңай сияқты көрінеді. Ал егер қателік о баста кеткен болса ше? Анау қайнар көзінен кетсе, оның орнын толтыруға бола ма? Абай айтады: "Әуелі балаңды өзің алдайсың: "Әне, оны берем, міне, мұны берем" деп. Басында балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің?". Өтірікші мен сужұқпастың пайда болуының түптамыры қайда жатқанын осыдан аңғара беріңіз. Бала не білер дейсің деп, оған өтірік айта салуға болмайды. Ол кейін мінезінен бұлтиып шығып тұрады. Міне, тәрбиенің көкесі. Ұсақ-түйек секілді, бірақ, бәрімізде бар кемшілік. Абай бейне бір біздің "ұрлығымыздың" үстінен түскендей боп тұрады.
Әрі қарайғысы тіпті қызық. Қызық емес, қиын: "Боқта!" деп, біреуді боқтатып, "кәпір, қияңқы, осыған тимеңдерші!" деп, оны масаттандырып, әбден тентектікке үйретіп қоясыңдар" дейді.
Қазіргі психология не дейді? Дискурс деген ұғым бар: сөз арқылы әсер ету. Мысалы, бір үйде екі бала болып, бірінің мінезі сәл ауырлау болса, тумысынан оны "бұл момын, жуас, бос" деп айта бересің, анау түбегейлі сондай сылбыр, босбелбеу боп өседі. Екінші бала пысықтау болса, "бұл клоун, тентек, оқымайды, бұл әртіс" деп айта бересің, анау шынында "мен бұзық екенмін" деп бұзықтығы тереңдей береді. Сол үшін баланың кемшілігін оның лақабы қылып, негізгі сипаты қылып таңба дейді. Абайдың "Кәпір, қияңқы, осыған тимеңдерші деп, оны әбден масаттандырып, тентектікке үйретіп қоясыңдар" дегені сол дискурспен үндесіп жатыр. Қазіргі заманауи ғалымдардың Абайдың айтқанынан асып жатқан ештеңесі жоқ.
"Боқта!" деп біреуді боқтатып" деген жері тіпті сұмдық. Кейде бір аулаға шығасың. Аузынан анасының сүті кеппеген балалар орысша-қазақша айтуға ауыз түгіл, естуге құлақ ұялатын сөздер айтып жүреді. Осылардың үйінде әке-шешесі бар ма өзі деп ойлайсың осындайда. Әке-шешесі бар болса, баласының не сөйлеп жүргенін білмей ме? Әлде өздері үйрете ме, Абай айтқандай. Әсілі, сөз – мінезге, мінез – тағдырға айналады. Әрбір боқтампаз адам – жауапсыз, сосын орысша айтқанда, наглый келеді. Боқтампаз адам бір ортада боқтап сөйлеп, бір ортада сыпайы сөйлеп, біраздан соң екіжүзділікке бейімделеді. Ауыздың ластығы деген – жанның ластығына апарады. Сондықтан, балаңыз аулада, өз қатарының ортасында қалай сөйлейді – әр ата-ана оны да қадағалауы керек.
Абай ары қарай "Қу, сұм бол деп, "пәленшенің баласы сені сыртыңнан сатып кетеді" деп, тірі жанға сендірмей жат мінез қылып, осы ма берген тәлімің? Осы баладан қайыр күтесің бе?" дейді. Бір сөзбен айтқанда, бесіктен белі шықпаған балаға беретін тағылымымызға сақ болуға шақырады. Бала есейген соң тым кеш болады.
Абайдың "десін-десін деп, демесінді ұмытып кетеді" дегеніндей, бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін деп жүріп, надан, пасық, залым, өтірікші, өсекші, алаяқ демесін дегенді назардан тыс қалдырып қоятынымыз өтірік емес.
Төртінші. Балаға білімді не үшін береміз?
Бүгінде ата-аналар баланың білімді болуына көп көңіл бөлетін сияқты. Анда да, мында да, шетел асырып та оқытады. Баланың оқығаны жақсы, дегенмен біздің ішіміздегі ниет қайсы өзі? Мойындап көрейікші. Білімді болсын, көңіл көкжиегі кеңісін, өз саласының майталманы болсын деп оқытамыз ба екен? Әй, қайдам. Бір жерде креслода отырсын, ақша көп табатын қызметте болсын, бізді үлде мен бүлдеге орасын деген ниет көбіміздегі.
Абай да оқытты балаларын. Бірақ, "Баламды медресеге біл деп бердім,Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім" дейді. Көп әке мен шеше осы жерден ұсталатын шығар.
Ал егер нан тапсын, жанын бақсын деген ниет болса, кәдімгі қасқырдың өзінің бөлтірігіне қойды қалай ұстауды үйреткенінен еш айырмасы жоқ. Керек десең, ол бізден артық үйретеді. Перзентті оқытудағы басты нәрсе – біздің ішіміздегі ниетіміз екен.
Ата-ана басында баласын мақтан үшін оқытады. "Жұрттың баласының алдын орап кетсін" дей ме, атымды шығарсын дей ме, ит-сілікпесін шығарып, анда-мында сүйрелей береді. Баланы құрдымға жіберетін нәрсе – сол. Әке мен шешенің даңққұмарлығы көп жағдайда балаға кесірін тигізіп жатады.
11-12 жасқа дейінгі баланы қазақ ойын баласы деп атайды. Оның хақысы – ойын. Өйткені, бала әлі физиологиялық тұрғыда жетіліп болған жоқ: бал таңын жазу керек, жүгіру керек, ойнау керек. Сондықтан да ол ойын баласы.
Ломоносовты мектепке 11 жасында берген екен. Ол ғылымға ойыны қанғаннан кейін барып кірісті. Бірақ ғылымда қаншама нәтиже шығарғанына біразымыз куәміз. Ондай нәтиже көп-ақ. Қазіргі біздің қатарымыздағы адамдар баласынан сол ойынын тартып алып, жаңа ғана памперсін шешкен баланы алып барып, ағылшынға апарады, одан шыққан соң пианиноға, одан күреске, одан шығарып вокалға қатыстырып, өлең айтқызады. Соңында бала соның бәрінен зәрезап болады, сынып қалуы кәдік. Ал арғы жағындағы түпкі мақсаты әке-шешенің "әйтеуір қалай болғанда да, жұрттың алдына түссін" деген ойы. Баламен санаспайды. Содан келіп, ұстазға "концертте балама ән айтқызбадың", "ана балаға 5, менің балама 4 қойдың", "менің балам неге екінші орын алды?", "балабақшаның "инстаграмына" неге менің баламды шығармайсың" деп сын айтады. Осы даңққұмарлық, осы өлермендік балаға әсер етпейді дейсіз бе? Әрине, әсер етеді. Жоқ жерден кінә артатын ата-аналар пайда болып жатыр. Яғни, тәрбиелеуші мен ата-ананың арасындағы келісімнің өзі – үлкен процес, машақат, ауыр жұмыс.
Жақсы. Бала өйтіп-бүйтіп мектеп бітірді делік. Оны жоғары оқу орнына жіберді. Арысы қызмет қылсын, шен алсын деп жібереді. Берісі бір жапырақ қағаз алып алсаң, ел қатарлы күніңді көріп кетесің деген ниет.
Абайдың тағы бір айтатыны бар:
Балам закон білді деп,
Қуанар ата-анасы,
Ойында жоқ олардың
Шариғатқа шаласы.
Абайдың шариғатқа шала деп қауіптенуінің ар жағында не жатыр? Шариғатқа шала болған адам адамгершіліктен азғындайды. Шариғатты білмеген, Құдайдан қорықпаған адам қанша жерден білім алса да, бәрібір қоғамға қауіпті деп отыр. әл-Фарабимен үндесетін жері де осында.
Қарапайым бұқараны былай қояйық, біздің талай бай-бағланның баласы шетелде оқиды. Абай да баласы Әбдірахманды шетелге жіберді. Біздің байлар балаларына не деп тәрбие береді? Ретін тапсаң, сонда қалып қал. Елге келме. Мына жерде түк жоқ. Сол жақта күніңді көр. Сол жердің жалақысы көп.
Осы елдің зиялысы болып жүрген, ел, жер деп аттандап жүрген бір кісіні білемін. Қызын шетелге жіберіп, үгіттеп, сонда қалдырды. Елдің келешегін солар көтермесе, сол алған Еуропаның білімімен осы Қазақстанның көсегесін солар көгертпесе, кім көгертеді? Тағы да Абайдың талабының үдесінен шықпай отырмыз. Тіпті, шетелге жіберген қызы бір шетелдіктің етегінен ұстаса да, қарсы емес. "Елге кел, үйренгеніңді осында жүзеге асырып көр, мыңға болмаса да, бірге пайдаң тисін" деген азаматтық ұстаным, жай халық былай тұрсын, әлгі зиялылардың өзінде жоқ. Біреулердің көңіліне келер, келмес, бірақ бұл – айтуға тиісті мәселе.
Ал Абай Әбдірахман туралы не дейді? Әбдірахман өлгенде :
"Ел ішіне сау келсең,
Тағылым айтпас ер ме едің?
Жол көрсетіп сонда өлсең,
Арманым бар дер ме едім?" дейді.
Міне, Абайлық арман. Перзенті туған еліне қызмет етсе деген тілек, ниет. Сол өзге жұрттан керектісін алып, оның қаңсығын таңсық көріп кетпегеніне бек риза болады.
"Орынсызды айтпаған, Түзу жолдан қайтпаған, Ортасында кәпірдің, Арамынан татпаған" дейді. Петерборда жүрген кезде арақ ішпеген, шошқаның етін жемеген деп айта салу емес, бұл жерде мүлдем басқа тағам тұр. Абай Әбдірахманды жібергенде жүрегіне мықтап тұрып иммунитетті салып жіберіп отыр.
Сонымен баланы білімге баули отыра тәрбиелеудің Абай айтқан жолдары қайсы?
- Балаңды емес, әуелі балаңды адам қылғың келсе, ата-ана, өзіңді тәрбиеле. Абай айтып отырған бірінші нұсқа осы.
- Баланы еркін ұста, қорқытып, жекіп бірдеңе үйретем деу – бос әуре. Қызықтырып, ындынын ашып, ыждаһатын маздатып үйрет дейді Абай.
- Жастайынан баланы бұзатын, ойын қулық-сұмдыққа жетелейтін сөз бен іске ықтияр берме. "Осы кәпір қияңқыны қойыңдаршы" деген нәрсеге жеткізбе дейді.
- Баланы білімді қылам десең, жақсы адам қылам десең, Абайша айтқанда "толық адам" қылам десең, әуелі ниетіңді түзе дейді. "Итжүрексіз ердің айтпа сөзін, көлегейлеп көрсетпес шынның жүзін" деп айтатын жері бар ғой. Баланы білімді қылам десек, әуелі ниетімізді түзеу керек екен.
Абай көрсеткен жол осы. Енді осыны қаншалықты түсінеміз, қаншалықты іске асырамыз? Ол Абайдың емес, біздің міндетіміз.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎄Новогодние скидки: билеты на поезда по выгодным ценам распродают в Казахстане
- 5276
- 1
- 3
-
2❓День потрачен впустую: кто виноват и что делать, если доставка задерживается
- 5043
- 3
- 16
-
3⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 21 ноября
- 2818
- 0
- 7
-
4🏃♀️Семейный забег пройдёт в Астане. Победители получат телевизоры, пылесосы и планшеты
- 2773
- 1
- 21
-
5‼️К смертной казни приговорили жительницу Таиланда за серийные убийства с помощью цианида
- 2421
- 1
- 28
-
6🔥Столичные пожарные потушили горящий автомобиль
- 2388
- 0
- 11
-
7⚡️Солдат впал в кому после удара сержанта: начался суд по резонансному инциденту в воинской части Отара
- 2452
- 6
- 27
-
8⚖️ Прокуратура вернула 12,5 млн тенге предпринимателям алматинского метрополитена
- 2400
- 0
- 15
-
9☄️Продажи и прибыль Temu и Pinduoduo упали: акции рухнули на 11%
- 2407
- 0
- 5
-
10🥶Ночные морозы до -23 прогнозируют на выходных в северной половине Казахстана
- 2569
- 0
- 8