- Біз осы кімге нені дәлелдеу үшін өмір сүріп жүрміз?
- Әрбір іс-әрекетіміздегі шынайылық пен жасандылықтың ара-жігін білеміз бе?
- Өзгенің ойы мен пікірінен қаншалықты азатпыз?
Шыны керек, біз қандай киім кисек те, қандай зат тұтынсақ та, "бұл туралы жұрт не ойлайды?" деген сұрақ көкейімізде жаңғырып тұрады. Мұны ғылымда "демонстративті тұтыну" деген ұғыммен сипаттайды. Яғни, адам белгілі бір тауар не қызметті пайдаланғанда өзінің байлығын не бар нәрсесін өзгелерге көз қылу үшін ауқымды қаражат жұмсайды. Демонстративті тұтынуды алғаш байқап, ғылыми айналымға енгізген ХІХ ғасырда өмір сүрген америкалық экономист-әлеуметтанушы ғалым Торстейн Веблен болатын.
ХІХ ғасырдың жартысында Еуропадағы екінші ғылыми революциядан кейін өндіріс пен еңбек қатынастарындағы өзгерістер белгілі бір қоғамның бөлігінде капиталдың көбірек жинақталуына алып келді. Сондықтан өзінің "Әл-ауқатты тап теориясы" кітабында Веблен осы жоғары таптың өзінің үстемдігін, байлығын көрсету үшін барынша бағалы тауарларды тұтынуын қарастырған болатын.
Оқи отырыңыз: Смартфон, 4G һәм әлеуметтік желілер немесе соңғы 10 жылдағы технологиялық құбылыстар туралы
Алайда ХХ ғасырда халықтың жағдайы жақсарып, "орта тап" деген ұғым қалыптаса бастады. Аталмыш тап өкілдері де өздерінің әлеуметтік статусын бекіту үшін жағдайының төменгі тап-кедейлерге қарағанда жақсы екенін жарнамалау мақсатында қажеттілігінен гөрі көрнекі тауарларды тұтынатын болды. Осылайша капиталистік және индустриалды қоғамның дамуы адамдардың өмір сүру салтынан бөлек, тауарларды тұтыну мәдениетіне де айтарлықтай өзгерістер алып келді. Мұндай өмір салтын ұстану негізінен жағдайы бар адамдардың машығы болуы керек еді.
Алайда, Чикаго университетінің экономистері Кэрвин К. Чарльз бен Эрик Херст 7 жыл бойы АҚШ-тағы ақ және қара нәсілді америкалықтар арасында зерттеу жүргізеді. Афроамерикалықтар ақ нәсілділерге қарағанда көлік, киім, зергерлік бұйымдарға әлдеқайда көбірек қаражат жұмсайтын болып шықты. Мысалы, қара нәсілді отбасылардың аталмыш тауарларға жылдық шығыны 40 мың доллар болса, бұл ақ нәсілділерге қарағанда 1 900 долларға көп. Ал табыстары олардан еселеп аз. Сәйкесінше афроамерикалықтар білім алу, денсаулық сақтау, көңіл көтеру және үй бұйымдарына тіпті аз қаражат жұмсайды. Тауарлар мен қызметтерді демонстративті тұтыну аталмыш топтарда қымбат заттарды көз қылу, өздерінің төменгі жағдайын жоққа шығаруға, кедеймін деген ұғымнан арылуға ұмтылуымен сипатталады.
Бір жағынан бағасы жоғары заттарды тұтыну адамның сапалы өмір сүруіне стимул болуы да мүмкін. Екінші жағынан тұтыну тауарларының құны емес, оның адамға қажеттілігі, өзінің табысымен сәйкестілігі және өзге де тұстары есепке алынып барып, заттар не қызметтер тұтынылатын болса, сапалы өмір сүруге тезірек қол жеткізуге болады. Осы тұста қазақтың "көрпеңе қарай көсіл" деген мақалында үлкен философия жатқанын аңғаруға болады. Себебі, дәл бүгінгі қазақ қоғамы сол АҚШ пен Еуропада ХІХ ғасырдың жартысы мен ХХ ғасырда орын алған демонстративті тұтынуды бастан өткеріп жатқан сыңайлы. Алған айлығын қолындағы телефон не бір бұйымның кредитіне құйып отырады. Егер көп адамның бүгінгі табысы мен шығысын есепке алсақ, онда олардың қымбат емес, орташа бағалы телефон ұстауы керектігін аңғарамыз.
Оқи отырыңыз: Қазақтан өзге ешкім неге билеріне ескерткіш қоймаған?
Бірақ, өзін "жұрттан кем сезінбеуі", "жұртқа көрсетіп мақтануы" секілді саналы және бейсаналы ойлар жетегінде шамасы жетпесе де, кредитке айфон алуы немесе қымбат тон киюі керек. "Жұрт не ойлайды, адамдар күледі-ау" деген оймен көл-көсір той жасау да қазір індетке айналған. Шындығына келгенде, бүгінгі таңда жұрттың өзге адамдармен шаруасы жоқ. Бір күнде бар жиған-тергеніңізді шашқаныңызбен, тойға келген қауым оның қалай өткенін ертесіне-ақ ұмытып кетеді. Ал той иелері болса, бірнеше жыл бойы несие төлейді. Егер сол "жұрт не ойлайды", "пәленше үлкен той жасады" деген дақпырт сөздерді ойламайтын болсақ, онда шағын, ысырапсыз ғана той жасап, шығынға батпауға болар еді. Міне, осы – ақылға сыйымды, рационалды мінез-құлық.
"Бай байлығын шашады" дейміз, алайда Стэнли Томас пен Данко Уильямның 1998 жылы жарыққа шыққан "Менің көршім – миллионер" атты кітабында керісінше бай адамдардың кедейлерге қарағанда тұтыну мәдениетінде асқан ұқыптылықтың бары жазылады. Батыста сән-салтанатқа арнайы салық бар. Артық, көп, кымбат тұтынғаның үшін де салық төлейсің. Р. Алан Принц және Льюис Шиф "Орта тап миллионері" кітабында тұрмыстары жақсы және жеке капиталы 1-10 млн доллар аралығындағы 8,4 млн отбасыны зерттейді. Бұл отбасылар байлығын өзгелерге "көрінбейтін" тауарлар мен қызметтерге көбірек жұмсайтын көрінеді. Мәселен, денсаулығын жақсарту, үйін жөндеу, жеке қабілеттерін дамытатын тренингтерге қатысу және отбасылық демалыс ұйымдастыру. Егер олар үй, ұшақ, яхта сияқты дәстүрлі байлықтарға ақша салатын болса, онда көбіне үлестік қатынаста болады. Осылайша, дамыған елдерден гөрі дамушы елдердің нарығы сауданың қызу нүктелеріне жатады.
Оқи отырыңыз: Блокчейн архитекторы болуды армандап па едіңіз?
Біздің қоғамда да "өзіңде бармен көзге ұру" әрекеттері тым көп. Бай-манаптардың хан сарайындай үйлері мен қымбат көліктерін есептемегенде, қарапайым халықтың да мінез-құлқында бәсекелесі жоқ майданда жарысу байқалады. Айтпақшы, жол талғамайтын қымбат көліктер міну де – нақ осы демонстративтіліктің белгісі. Себебі, біз Катар халқы секілді құмды өлкеде тұрмаймыз, қала жолдары тегіс, шағын көлік жүргізуге әбден қолайлы. Жоқ. Біз олай жасай алмаймыз. Себебі, біз барымызды көрсетуіміз керек. Ағылшын тілінде "keeping up with the Joneses", яғни, "өзгеден кем болмау" деген ұғым бар, біздің тілде "жұрттан қалмау" дегенге саяды. Сонымен қатар, "invidious consumption", яғни, біреудің қызғанышын туғызу үшін тұтыну деген де термин бар. Демек, көп жағдайда біздің әрекеттеріміздің астарында жұрттың көзіне түсу ниеті жатады. Бұл психологиялық аурудың белгісі болып табылады: адам белгілі бір комплекстері болғанда не көңіл бөлушілік жетіспеушілігін сезінгенде, өзгелердің назарын өзіне аударумен "ауырады", яғни, көптің көзіне түскісі келіп тұрады.
Адамның тұтыну мәдениеті оның өмір салтын құрайды. Өмір салты оның өмір сүру сапасына әсер етеді. Жалпы тұтыну тек демонстративтілікпен шектелмейді, оның құндылықты, жинақтық, рационалды, геоденистік (қанағаттану) сынды модельдері көп-ақ. Мен бұл жазбада тек қоғамда тенденцияға айналып, тіпті, қалыпты құбылысқа айналып бара жатқан адамдардың тұтыну мәдениетіндегі көзбояушылыққа тоқталдым.
Оқи отырыңыз: Google, Facebook, Netflix – уақыт машинасы, ал кедейлер мен сауаты төмендер қайтпек?
Жасампаздыққа ұмтылу
Жеке адамнан қоғамдық-саяси деңгейге көшетін болсақ, еліміз де көбіне демонстративтілікке көп мән береді, яғни, біз қаптаған рейтингтерге қол жеткізуге ұмтыламыз. Мысалы, бизнесті жүргізудің Doing business рейтингі бойынша Қазақстан 50-орында, бұл – осы көрсеткішке қол жеткізуге мүмкіндік беретін кейбір статистикалық көрсеткіштерді жақсартудың нәтижесі ғана. Ал сапалық тұрғыда елімізде кәсіпкерлікті дамытуды жолға қойдық деп айта алмаймыз. Сонымен қатар, жан басына шаққандағы жалпы ішкі көлемді арттыруды да біз елдің дамуы деп көрсетеміз. Бұл дұрыс десек те, екінші жағынан бұл бар адамның өмір сапасы жақсарып кетті дегенді білдірмейді. Себебі, қоғамымыздың күнкөрісі ең төменгі және жоғарғы бөлігі мен аймақтардағы тұрғындардың тұрмысындағы айырмашылық жер мен көктей. Бұл тап арасындағы қайшылық, әлеуметтік толқуларға алып келуі мүмкін. Сондықтан, мемлекеттің шынайы дамуы мен халықтың әл-ауқатының жақсаруын бағалауда сандық емес, сапалық көрсеткіштерге үңілген әлдеқайда маңыздырақ.
Демонстративтілік демекші, Қазақстанның ішкі әлеуметтік мәселелері шешілмей жатқанда, жаһандық тақырыптарды өзек еткен көп шығынды шараларды өткізуге де біздің қоғам әбден үйреніп алды. Елдің саяси имиджі үшін керек-ақ дүние. Алайда Қазақстан өзгеден бұрын өзіне-өзі өзін дәлелдей алмай жүргендей сезіледі. Жеке адамның немесе мемлекеттің деңгейінде де жасандылыққа емес, жасампаздыққа ұмтылғанымыз дұрыс-ақ.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎄Новогодние скидки: билеты на поезда по выгодным ценам распродают в Казахстане
- 5258
- 1
- 3
-
2❓День потрачен впустую: кто виноват и что делать, если доставка задерживается
- 5021
- 3
- 16
-
3⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 21 ноября
- 2816
- 0
- 7
-
4🏃♀️Семейный забег пройдёт в Астане. Победители получат телевизоры, пылесосы и планшеты
- 2771
- 1
- 21
-
5‼️К смертной казни приговорили жительницу Таиланда за серийные убийства с помощью цианида
- 2420
- 1
- 28
-
6⚡️Солдат впал в кому после удара сержанта: начался суд по резонансному инциденту в воинской части Отара
- 2451
- 6
- 27
-
7⚖️ Прокуратура вернула 12,5 млн тенге предпринимателям алматинского метрополитена
- 2399
- 0
- 15
-
8☄️Продажи и прибыль Temu и Pinduoduo упали: акции рухнули на 11%
- 2406
- 0
- 5
-
9🥶Ночные морозы до -23 прогнозируют на выходных в северной половине Казахстана
- 2567
- 0
- 8
-
10🔥Столичные пожарные потушили горящий автомобиль
- 2387
- 0
- 11