Тікелей эфир

"Жошы Ханды зерттеу кезек күттірмейтін маңызды жұмыс". Алтын Орда тарихы жаңадан зерттеледі

Сурет informburo.kz
Сурет informburo.kz
Қазақ, татар және басқа ел ғалымдары қатысқан талқыда Алтын Орда тарихын зерттеудің Кеңес Одағы кезінде идеология үшін шектелгені айтылды.

Әлемдік экономика және саясат иниституты (ӘЭСИ) астанада Алтын Орда тарихына арналған дөңгелек үстел өткізді.

"Кеңес Одағы Алтын Орда туралы айтуды шектеген болатын"

ҚР Мемлекеттік тарих иниститутының директоры, тарихшы Бүркіт Аяған Алтын Орда тарихына арналған талқыда осылай деді.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Ұлытау – 2019" халықаралық туристік форумында сөйлеген сөзінде Қазақстанда Алтын Орданың 750-жылдық мерейтойын тойлау қажеттігін атап өткен болатын.


Талқыға АҚШ, Ресей, Татарстан ғалымдары қатысты

Талқыға АҚШ, Ресей, Татарстан ғалымдары қатысты / Сурет informburo.kz


"Кеңес одағы кезінде, әсіресе Кеңес Одағы енді құрыла бастағанда Алтын Орда туралы айтуды шектеді. Бірақ батыс ғалымдары зерттеуді тоқтатпады.

Шын мәнінде, Алтын Орда Рим империясы, Осман империясы, Цин империясы секілді ірі империя болған. Орыс кінәздіктері, Ноғай ордасы, көшпелі Өзбек мемлекеті, Моғолстан секілді елдер осы Алтын Ордадан бөлініп шыққаны белгілі.

Сондықтан Кеңес Одағы идеалогиялық мақсатта Алтын Орданы шапқыншы, қараңғы көшпелілер елі ретінде көрсетті.

Алтын Ордада жүйелі мемлекеттік құрылым болды. Онда ең алғашқы салық, әскер бөліністерін, пошталық жеткізу, мемлекеттік басқару жүйесі жұмыс істеп тұрды.

Сондықтан, Алтын Орданың тарихын зерттеу, Жошы Ханды зерттеу кезек күттірмейтін маңызды жұмыс", – деді Бүркіт Аяған.

Ал, АҚШ тарихшысы, Назарбаев университетінің профессоры Юлай Шамильоғлу:

"Мен АҚШ-та тұратын татар текті азаматпын. Жалпы Кеңес Одағының "Моңғол-татар шапқыншылығы туралы аңыз" деген баяндамамда Алтын Орданың иделогиялық саясаттың құрбаны болғанын айттым", – дейді.

Ол, Алтын Орда мемлекеттінің шығыс Еуропаға дейін жеткен ықпалын әңгімеледі.

Татарстан тарихшысы, этнограф Дамир Исхақов та Кеңес Одағы құрылған кезде Татарстанда "Алтын Орда туралы айтпау, жазбау" туралы арнайы қаулы болғанын алға тартты. Бұндай қаулы кейін Қазақстанда алашордалықтарға қатысты шыққаны белгілі.

Алтын Ордаға қатысты мұрағаттар қайдан табылды?

Осыған орай тарихшы, профессор Марат Әбсәметов пікір білдірді.

"Кеңес Одағы кезінде Алаш Орданы, Алтын Орданы, Кенесарыны айтуды шектеді. Сонымен бірге Алтын Орданың мұрағаттарын жойып жіберуге тырысты. Алайда, өз шіркеулерінде сақталып қалған мұрағаттар сол кемдіктің орнын толтырды. Ондағы басты себеп, Алтын Орда билігі діни орындарға тиіспеген.

Мен Алтын Орданың салық саясаты мен салық түрлері туралы кітап жазғанмын. Тіптен салық органдарына барып, лекцияда оқыдым. Сонда салық алудың 150-ден астам түрі болғанын зерттеп шықтық. Алтын Орданы зерттеу мұнымен шектеліп қалмайды", – дейді ғалым.

Қазақ хандары Жошы ұлысының билеушілері

– Егер қазақ хандарын еске алатын болсақ, олар өздерін ешқашан жекелемеген. Оның үстіне жаңа бір мемлекеттің билеушісі санамаған. Олардың пайымынша, арғы бабалары сынды олар да Жошы ұлысының билеушілері еді, – деді дөңгелек үстел модераторы, тарихшы және Әлемдік экономика және саясат иниституты (ӘЭСИ) сарапшысы Радик Темирғалиев.

Шара кезінде сөз алған ғалымдар күллі түркі дүниесін – Дешті Қыпшақ даласында болған тарихи оқиғаларды тізбелеп берді. Сонымен бірге, қазақ мемлекеттігі мен қазіргі Ресейдің тарихындағы маңызына тоқталды. Осылайша, заманның өзгеруіне орай, Алтын Ордаға қатысты халық танымы мен ғылыми көзқарастың өзгеретінін сөз етті.

Тарихи жады сауалнамасының нәтижесі

Шарада Тұңғыш Президент Қоры жанындағы ӘЭСИ жүргізген қазіргі заманғы қазақстандық қоғамның тарихи жадысы және кеңестік кезеңге дейінгі тарихи кезеңді қабылдауға арналған әлеуметтік зерттеу жұмысының қорытындысы жарияланды. Оған 14 облыстан (қалалық және ауылдық елді-мекендер) және республикалық маңыздағы 3 қаладан 2500 адам, бұдан бөлек еліміздің түрлі өңірлерінде 8 топ сауалнамаға қатысты.

Қазақ тарихына деген қызығушылық зор. Әлеуметтік зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша, қазақстандықтардың үштен бір бөлігін тарихи тақырыптар қызықтырады екен.

Қазақстандықтар тарихи тақырып бойынша білімдерін мектеп пен ЖОО бағдарламасынан (68%), көркем фильмдер мен сериалдардан (37%) және деректі фильмдер мен телебағдарламалардан (31%) алатыны анықталды.

Сауалнамаға қатысушылар Қазақ хандығы кезеңін – 29,6%, Алтын Орда дәуірін – 25%, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан тарихын (1941-1945 ж.ж.) – 21,8% тарих жылнамасындағы ең қызықты кезең деп есептейді.

Сұралғандардың төрттен бірі қазақ мемлекеттілігінің бастауын 1991 жылы тәуелсіздік алған сәттен бастаса (23,9%), аз бөлігі XV ғасырдағы Қазақ хандығының құрылуымен (20,5%) байланыстырады.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қатысушылардың белгілеуінше, Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі танымал тарихи қайраткерлер үштігіне Шыңғыс хан (98,2%), әл-Фараби (94,6%) және Томирис (82,5) кіреді.

Қазақстандықтардың Алтын Ордаға көзқарасы тұтастай алғанда оң (44,8) және бейтарап (28,9%).

Дөңгелек үстелге қатысқандар Алтын Орданың 750- жылдығын мерекелеу – мемлекеттік идеалогиямыз үшін өте маңызды екенін қостап, бабалар тарихын зерттеу үшін жаңа белестің басталғанына қуаныштарын білдірді.

Серіктестер жаңалықтары