Қазақстан Ұлттық банкі төрағасы Ерболат Досаев бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында 2019 жылғы 15 шілдеде берген тапсырмаларына сәйкес қаржы реттеушісінің қандай жұмыстар жүргізетінін айтып берді.
Е.Досаев экономиканың нақты секторындағы бірқатар кәсіпорындардың шектен тыс кредиттелуі және төлем жасау қабілетсіздігі бизнесті одан әрі кредиттеуді тежеп тұрғанын атап өтті.
Кешірілетін айыппұлдар мен өсімпұлдардың 30% берешегін кім, қалай өтейді?
Досаев кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдарды ағымдағы жылғы 30 шілдеге дейін есептен шығару механизміне сәйкес банктер мен микроқаржы ұйымдары есептелген тұрақсыздық айыбы бойынша берешекті де кешіретінін хабарлады.
– Банктер, микроқаржы ұйымдары және Проблемалы кредиттер қоры (бұдан әрі – ПКҚ) арасында есептен шығарылған айыппұлдар мен өсімпұлдардың бір бөлігін өтеу туралы келісім жасалған соң 20 тамызға дейін ПКҚ банктерге және микроқаржы ұйымдарына айыппұлдар мен өсімпұлдар бойынша кешірілген берешектің 30%-ын өтейді, – деді Ерболат Досаев.
Кредиторлар мен тұрақсыздық айыбына қатысты заң актілері қабылданып жатыр
– Осыдан кейін, Ұлттық банк өзінің бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру шеңберінде есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдарды кешіру бойынша банктер мен микроқаржы ұйымдары жүргізген рәсімдерді тексереді. Жүйелік проблемаларды және болашақта азаматтардың берешегінің бақылаусыз өсуін шектеу мақсатында осы жылдың соңына дейін Ұлттық банк кредиттеу субъектілерін, оның ішінде онлайн-кредиторларды, кредиттік серіктестіктер мен ломбард жұмыстарын реттеу мәселелері бойынша қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылдайды, – деп түсіндірді Ұлттық банк төрағасы.
Ол банктер мен банктік қызмет туралы заңға және Микроқаржылық ұйымдар туралы заңға 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздарға тұрақсыздық айыбын, комиссияларды және өзге де төлемдер есептеуге тыйым белгілеу бойынша түзетулер енгізілетінін айтты.
Бұл түзетулерді Ұлттық банк Парламенттің қарауына биылғы қыркүйекте енгізеді.
"Шектен тыс несие берудің алдын аламыз"
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, азаматтардың борыштық жүктемесінің коэффициентін есептеу кезінде және қарыз бергенде қарыз алушының барлық міндеттемелері, оның төлем қабілеттілігі және әлеуметтік мәртебесі есепке алынатын болады.
Мәселен, борыштық жүктеме коэффициентінің шекті мөлшерін есептеу кезінде отбасының кәмелеттік жасқа толмаған әрбір мүшесіне тиесілі ең төменгі күнкөріс мөлшері шегерілетін болады. Пруденциялық реттеу шеңберінде кепілсіз тұтынушылық кредиттер беру кезіндегі банктердің меншік капиталына қойылатын талаптар күшейеді. Бұл шектен тыс кредит беру саясатының алдын алуға бағытталған.
2019 жылғы 1 шілдеден бастап KASE Қазақстан қор биржасына сауда күнін ұзарту және қатысушылар үшін сауда-саттықтың қолжетімділігін арттыру мақсатында өтпелі валюталық сессия енгізілгенін, алдағы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімін жақсарту үшін валюта нарығындағы квазимемлекеттік сектор компанияларының іс-қимыл үйлесімін және келісімділігін арттыру шаралары қабылдап жатқаны да айтылды.
Кепілсіз тұтынушылық қарыз 5 қыркүйекке дейін төлеп беріледі
Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, Үкімет 2019 жылғы 1 маусымдағы мәліметке сай қиын жағдайға тап болған азаматтар санаты үшін екінші деңгейдегі банктерде және микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша берешекті өтеп беру қағидаларын қабылдады.
Осы мақсатқа 2019 жылға арналған республикалық бюджетте 89,2 млрд теңге көзделген. Қарызды жабу ағымдағы жылдың 5 қыркүйегіне дейін жүргізу жоспарланып отыр.
Конференция, дөңгелек үстел өткізуге бей-берекет жұмсалатын шығындар шектеледі
– Бюджет қаражатын сапалы пайдалануды арттыру мақсатында Министрлік бюджеттік өтінімдерді қарау кезінде, ең алдымен, әлеуметтік-экономикалық тиімділікті ескереді. Сондай-ақ көрмелер, конференциялар және дөңгелек үстелдер өткізу шығындарына талдау жүргізіледі, – деді Әлихан Смайылов.
Биыл өткізілген мемлекеттік сатып алу мониторингісіне сүйенсек, жергілікті бюджетте имидждік іс-шараларға ең көп қаржы бөлінген. Жақын арада жол картасын әзірлеу аяқталады және республикалық және жергілікті бюджет құрамында осы шығыстарды оңтайландыру бойынша қажетті іс-қимылр алгоритмі анықталады.
Мемлекеттік басқаруды оңтайландырылмақ
– Жыл соңына дейін мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасының жобасы әзірленетін болады. Онда мемлекеттік аппаратты онтайландыру, кадрлық жоспарлау және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мәселелері көрініс табады.
Бюджеттік жоспарлау мен мемлекеттік қаржыны пайдалану тиімділігін арттырудың жүйелі мәселелерін шешу үшін Парламент пен Есеп комитетінің ұсынымдары бойынша тиісті жол картасы бекітілді, – деді Әлихан Смайылов.
Қаржы бөлуде қажеттілікті дәлелдеу талап етіліп, үйлестіру кеңесі құрылады
Бұл туралы Әлихан Смайылов хабарлады.
Сонымен бірге бюджеттік өтінімдерді қарау кезінде ең алдымен әлеуметтік-экономикалық әсері ескеріледі. Әрі көрмелер, конференциялар және дөңгелек үстелдер өткізуге арналған шығыстарға талдау жүргізіліліп жатыр.
– Мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру өнім берушілердің біліктілігін арттыруға, отандық тауар өндірушілерді қолдауға, сондай-ақ рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
Мемлекеттік сатып алуды орталықтандыру моделін енгізу, интернет – дүкендер арқылы сатып алу тәсілдерін енгізу және негіздемелік келісімдерді қолдану пысықталуда, – деді Әлихан Смайылов.
Жері сату, жалға беру мәселесі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде қаралады
– Ауыл шаруашылығы министрлігінің алаңында заң жобасының тұжырымдамасы таныстырылды. Сондай-ақ, ауылдарға жер учаскелерін сату мен жалға беру мораторий мәселесі бойынша өңірлерге кесте бекітілді. Енді бұл мәселе 2019 жылдың соңына қарай, ҚР Президентінің жанынан құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне ұсынылады, – деді Жеңіс Қасымбек.
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың мамыр айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Жер туралы кодекске" енгізілген өзгерістерге байланысты жерді сатуға 5 жылға мораторий жариялаған болатын.
Өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "жер шетелдіктерге сатылмайды" деп мәлімдеген. Алайда қазіргі заңға сәйкес 2021 жылдан бастап ауыл шаруашылығы жерін сату және жалға беруге салынған тыйым күшін жояды.
Үкіметтің жаңа күн тәртібі әзірленді
– Инвестицияларды белсенді тартуға, өнімді жұмыс орындарын құруға, экономиканы әртараптандыруға, өнімділікті арттыруға және экспортты жылжытуға бағытталған жүйелі және құрылымдық шаралар кешенін қамтитын 7 басым бағыт анықтап, жаңа күн тәртібін қабылдаған.Оны іс жүзінде жүзеге асыру үшін 14 жұмыс тобы құрылды, оның құрамына мемлекеттік органдар, бизнес және эксперт қауымдастық өкілдері кірді, – деді Әлихан Смайылов.
Бүгінгі таңда іс-қимылдың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеу жүргізілуде.
Нақты мерзімде нысаналы индикаторлар мен қол жеткізу құралдары көрсетілген, жауапты тұлғалары тіркелген 180 іс-шара әзірленді.
Жеңіл рельсті трамвай (LRT) құрылысы келесі жылы бітеді
Бұл туралы вице-премьер Жеңіс Қасымбек хабарлады.
– Нұр-Сұлтан қаласында әр күні 700 мың жолаушы тасымалданады. Ал президенттің 70 мың дегені темір жол вокзалы мен әуежай аралығында әр күні тасымалданатын жолаушылар саны.
Оның үсіне қазір қалада халық саны өсіп жатыр. Жұмыс кезінде көлік кептелісі көбейіп келеді. Алдағы жылдар да көбейе береді. Сол үшін ЛРТ жасалуы керек.
Ал негізгі мәселе 24 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласын дамыту бойынша өтетін комиссия отырысында қаралатынын, құрылыс жұмыстары келесі жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс екенін жеткізді.
– Оның проблемасы – "Астана банкіндегі" қаражат. Бүгін әкімдік Ұлттық банкпен, Қаржы министрлігімен бірігіп, осы қаражатты өндіріп алу шараларын қабылдап жатыр. Қаржы бұғатталған. Ол – 80 млрд теңге. Бұл – займ бойынша бірінші транш еді. Осыған байланысты құрылыс уақытша тоқтаған болатын. Президенттің тапсырмасы – осы нысанды аяқтау. Енді әкімдік бұл жобаны жүзеге асыру механизмінің нұсқаларын ұсынады. Біз мемлекеттік комиссия отырысының нәтижесінде ғана сіздерге толық ақпарат бере аламыз, – деді Жеңіс Қасымбек.
LRT акциялары сатылымға шығарылды
– 1,4 миллиард теңге ЛРТ акциясы 3% тиімділікпен сатылымға шығады. Әдетте оның банктерде 1% болатын білесіздер. Сондықтан бұл өте үлкен пайда береді. Оның үстіне толықтай мемлекеттік кепілдік берілген. Оны кімнің сатып алатынын алда көреміз, – деді Әлихан Смайылов.
Вице-премьердің айтуынша, оны кімдердің сатып алатынын ешкім әлі білмейді. Ал жинақтаушы зейнетақы қорының сатып алу және алмау мәселесін Ұлттық банк қадағалайды.
Коттеджде тұрғандар атаулы әлеуметтік көмек алған
Бұл туралы вице-премьер Гүлшара Әбдіхалықова айтып берді.
– Олардың үйлері өздерінің атында болса да құжатты қабылдаған кезде ешқандай кірісі көрсетілмегендіктен аталған көмекті алуға мүмкіндігі болды. Оны өздері де мойындады. Кейбірінің үйі басқа адамның атында болған. Алайда үйіне тексеруге барғанда бәрі белгілі болды.
Осы жағдай Түркістан, Шымкент және Қызылорда өңірлерінде көп кездесті, – деді Әбдіхалықова.
Гүлшара ханым туындаған осы сияқты түрлі мәселелерді шешу үшін біртұтас автоматты базалық желі жасалып жатқанын айтты
Кепілсіз тұтынушылық қандай қарызды мемлекет төлеп бермейді?
Бұл туралы Әлихан Смайлылов айтты:
– Барлық азаматтардың өсімпұлы мен айыппұлы кешіріледі. Кепілсіз тұтыну несиесі бойынша тек банктер мен микронесиелік ұйымдарда қарызы бар тұлғаларға 300 мың теңге дейінгі қарызы төленеді. Ал несиені коллекторлық ұйымдарға сатылып кеткен болса, онда қарызы мемлекет тарапынан өтелмейді, – деді.
"ҚазАгро" тағдыры не болады?
Осыған дейін 400 млрд теңге қаржыны құртты деп саналған "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы енді тағы да Біртұтас жинақтаушы зейнетақы қорынан қаржы алуы мүмкін деген сыбыс шыққан болатын. Осыған орай журналистің сұрағына Жеңіс Қасымбеков жауап берді.
– Мен оны білмеймін. Ал "ҚазАгро" жабылмайды, – деді.
Вице-премьер мәселенің қаралып жатқанын жеткізді.
"Қауіпсіздік сертификатын орнату міндетті емес"
Бұл туралы 23 шілдеде Үкімет отырысына қатысқан Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мәлімдеді.
Журналистер интернеттің жиі бұғатталатынын айтып, бұған "қауіпсіздік сертификатын орнатпаудың" әсер еткен-етпегенін, азаматтардың жеке ақпаратын бақылауға алуы мүмкін екенін айтып, жауап беруін өтінген болатын. Министрдің айтуынша, "заң бойынша байланыс операторлары абоненттерге қауіпсіздік сертификатын орнату туралы ұсыныс жасауы тиіс" екен. Ал аталған сертификатты орнату-орнатпау – азаматтардың өз еркі.
Естеріңізге сала кетейік, бір аптадан бері азаматтар ұялы байланыс операторларынан интернетке кіргенде мәселе туындамауы және түрлі шабуылдардан зардап шекпеу үшін арнайы қауіпсіздік сертификатын орнатуды ұсынған болатын. Ал кейбір мамандар "аталған сертификат арқылы әркімнің жеке ақпаратын бақылап отыруы мүмкін" деген болжамдар айтып, дабыл қақты.
Арыстағы құрылыстарды жөндеу бір ай ішінде аяқталады
Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек хабарлады
– Қазір Арыста 250-ден астам құрылыс компаниясы жұмыс істеп жатыр. Техника, бәрі жеткілікті. Керек қаражат толығымен бөлінді. Үкімет, Түркістан облысы әкімдігі және үлкен компаниялар, бизнес өкілдері – бәрі көмектесіп жатыр. Қазір Арыста 10 мыңнан астам құрылысшы жұмыс істейді.
Жұмыстың сапасы жақсы. Белгіленген мерзімде яғни, бір айдың ішінде жұмыс толығымен аяқталады. Біріншіден, ол – тұрғын үйлер. Тек қана тұрғын үй емес, бизнес объектілері, әлеуметтік нысандар – ауруханалар, мектептер, бала бақшалар, жолдар, инфрақұрылым бар. Бұның бәрі толығымен бір айдың ішінде аяқталады, – деді Жеңіс Қасымбек.