1986 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың орнына Геннадий Колбиннің тағайындалуы жастардың наразылығын туғызды. Жетім баланың күйін кешіп, өз ана тілінде сөйлеуге мұң болған, сол үшін де қазақ тілінің мәселесіне алаңдап жүрген жастарға бұл хабар жығылған үстіне жұдырық болып тиген.
Жастардың мақсаты бейбіт шеру ұйымдастыру ғана еді
Өздерінің талап-тілектерін басшылыққа жеткіземіз деген ниет қана болатын.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, 16 желтоқсан күні алаңға жастар көп жинала қоймаған. 17 желтоқсан күні ғана жастар бір-бірінен естіп, топ-топ болып келе бастаған. Жастардың жиналып жатқанын ести сала, алаңға жеткеннің бірі сол кезде 22 жасар бойжеткен Нұрзия Мұханбеталиева еді.
– Мен ол кезде Айнабұлақ ықшам ауданындағы орыс мектебі ішінен ашылған қазақ сыныбына музыкадан сабақ беретінмін. Жетінші сабағымды өткізе салысымен ешкімге айтпастан алаңға бардым. Өйткені ұлтымыздың көрген зәбірі, теңсіздік, қазақ тілінің мүшкіл хәлі, құжаттардың тек орысша толтырылуы, қазақтарды кемсіту – міне осылардың барлығын күнде көріп жүріп, іштей наразы болып жүретінмін. Бірақ сыртқа шығаруға дәрмен жоқ еді. Тіпті автобуста қазақша сөйлеген адамды кездестірмейсің. Ал орыс тілін білмесең көп жерде жұмысқа да алмайтын.
Тек театрлардан қазақтың иісі аңқып тұратын
– Қазақ жастары сол уақытта таза қазақша сөйлейтін ортаны іздеп, Мұхтар Әуезов театрына жиі баратын едік, – дейді Нұрзия. – Қазақстанда тұрсақ та тілімізге құрметтің жоғы жанымды жегідей жейтін. Сондықтан алаңға қарай мені жылдар бойы жиналған ашу-ыза жетектеген болар деп ойлаймын. Әйтпесе, мені ешкім үгіттеген жоқ. Сондықтан мен нені талап ететінімді білдім, мақсатым да айқын болатын.
Кешкі сағат сегізге қарай алаң жастарға толып кетті. Олар "Менің Қазақстаным" және "Атамекен" әнін орындады. Оларды трибунаға жақындатпады. Біраз зиялы қауым өкілдері келіп, жастардың қайтуын сұрады. Солардың ішінде Роза Бағланова да бар болатын. Ол жылап тұрып, "Қарақтарым, босқа қырылып қаласыңдар, тараңдар!" деді. Бірақ оған жастар көнбеді. Олар "Бір күнде ұлттың тағдырын неге шеше салады, Қонаевтың өзі шығып айтсын, өз аузынан естиміз, демократия қайда?" деп айғайлай бастады. Бірақ жастардың талап, тілектеріне құлақ асқан ешкім болмады. Қонаевты да ешкім көре алмады.
"Бас жарылса, бөрік ішінде"
Қарусыз бейбіт шеруге шыққан жастар жазалаушы отрядтың күннің батқанын күткенін, сөйтіп өздеріне қарсы қарумен, итпен лап беретінін күтпеген еді. Басында ештеңеге түсінбей абдырап қалды. Құқық қорғау қызметкерлері ұрып-соғып, суық су шашып, есінен танып қалғанын сүйреп, автокөліктерге тией бастаған.
Куәгерлердің көбі бастарына тиген соққыдан естерінен танып құлағанын айтады. Демек, жазалаушылар бастан ұрып құлата беруді көздеген тәрізді. Нұрзияның айтуынша, топтан бөлініп қалған жастарды да шетінен сүйреп әкете бастаған.
"Солдаттардың сазарған түрі әлі көз алдымда..."
– Мен айқай-шу басталғанда мұздай киінген, түрлері сұсты, барлығы да еңгезердей қолдарына қалқан ұстаған солдаттардың дәл алдында тұрған болатынмын. Қандарын ішіне тартып, сазарып тұрған түрлері әлі көз алдымда. Менің де басыма таяқ сарт ете қалды. Иығымнан, жамбастан тиген соққы есеңгіретіп жіберді. Талып қалыппын.
"Форма киген бір өзге ұлт өкілі, орнымнан тұрып, қашып кетуіме көмектесті"
Үйге түнгі сағат ондар шамасында келдім. Жарылған басымды пәтерде бірге тұратын бір қыз таңып берді. Тымақтың ішіне жарылған басымды жасырып, аяғымды ақсай басып ертесіне жұмысқа шықтым. Өйткені біреу біліп қойса, жұмыстан шығып қалар едім. Осылайша жұмыста бір ай тымақ киіп жүрдім. Көпке дейін шашымды да тарай алмадым.
"Басым жарылса да, алаңға барғаныма ешқашан өкінген емеспін"
– Өйткені саналы түрде қатыстым. Бұғып қалмай, қайта қазақ қыздарының рухы биік екенін көрсеттік. Ортамызда қарны ашып, тамақ іздеп кеткен болмаса, тоңған адам болған жоқ. Бәрінің бойындағы қанды намыс қыздырды. Рас, аяғымыз малмандай су болды. Бірақ шыдадық. Арақ ішіп, есірткі қолданған жастар болған жоқ. Арамызда адасып жүргендер болды деп те айта алмаймын. Өйткені олар неге келгенін жақсы түсінді. Сол себептен бір-бірімізді танымасақ та, ауызбіршілігіміз мықты болды, – дейді Нұрзия.
Желтоқсан жаңғырығы Жезқазғанға да жеткен
Желтоқсан көтерілісі тек Алматы қаласында болған жоқ. Өзге облыс орталықтарында да жастар өз талаптарын қойып, бас көтерді. Жезқазған қаласының жастары Қонаевтың орнына басқа басшының келгенін тек 18 желтоқсан күні кешке естіген. Ертесіне алаңға шыққан 2000 жастың ішінде Тараздың тумасы Марат Ақжігітов те болыпты.
– Мен Қарағанды педагогикалық институтының Жезқазған қаласындағы бөлімінде оқып жүргенмін. 18 желтоқсан күні кешке жатақханада жиналыс болды. Онда алаңға 400-дей адам барамыз деп шештік. Ертесіне таңғы сағат онда шығып, алаңға қарай бағыт түзедік. Алаңға жақын кішкене көшелердің бірінен өтіп бара жатқанымызда солдаттар бізді тосып алып, соққының астына алды. Ештеңе түсіндірген де жоқ. Ал жастар болса, бас сауғалап қаша бастады. .
Алаңда таңғы тоғызда барлық күштік құрылымдардың жиналысы болған екен
– Біз осыны ескермеппіз. Бір ғана бұйрықпен жастарды алаңнан қуып шығып, түрмеге жапты. Қарусыз жастарға қарай қолдарында қысқа сапты сапер күрегін ұстаған солдаттар жолындағыларды аямай жаншып келеді. Сөзге келместен ұра бастағандықтан, қарсыласуға да шама келмеді. Кезек маған да келіп жетті. Басымнан тиген соққыдан есімнен танып қалдым.
Есімді жисам, милиция автокөлігінің ішінде екенмін. Жанымда форма киген жас жігіт отыр. Менің ес жиғанымды көріп, "тез қаш" деді. Мен де жарылған басымды қолыммен ұстап, сүйретіле қаша жөнелдім. Жолда жатақханада тұратын қыздар кездесіп қалып, көмектесіп, жарамды таңып берді.
"Мүгедек болып қалдым"
– Бізді бірнеше күн бойы жатақханадан шығармай қойды. Басқан ізімізді аңдыды. Ақыры сұрақ-жауап кезі келді. Оқудан да, комсомол ұйымынан да шығарды. Ал комсомол билетінен айрылсаң жұмыс табу қиын. Әупірімдеп жүріп, бір жыл жұмыс істеп, сосын қайта кешкі ауысымдағы оқуға қабылдандым. Бітірген соң туған жерім Жамбыл облысына қайтып кеттім. Алайда сол жеген таяқтың салдарынан үшінші топтағы мүгедек болып қалдым, – деп есіне алады Марат Ақжігітов.
Жастарды арандатушылар да болған
Сондай топқа ілесіп, бір өлімнен қалған Асылзат Шадыбаева адамды жігерлендіретін сөздерді естігенде, еріксіз автобусқа келіп отырдым дейді.
– Бізге алаңда не сұмдық болып жатқанын айтқан адам болған жоқ. Тек институтқа келген галстук таққан, сөйлеуге шебер бір аға Қонаевтың орнына Колбинді тағайындағанын жеткізді. Ал бізге Алматыдағы алаңға жиналған жастарға барып, қолдау көрсету қажеттігін айтты. Өйткені Колбиннің сайлануына жастар түгел қарсы, – деді.
– Тараз қаласының алаңында күтіп тұрған автобусқа міндім. Іші толы өзім сияқты жастар екен. Сол күйі бір-бірімізбен тіл қатыспастан Алматыға келдік.
Жолда сол институтқа келген кісі ғана қазақ тілінің мүшкіл хәлі мен қазақты тек қазақ басқару керектігін айтып келді. Алайда шын мәнінде не болып жатқанын айтқан жоқ. Бізге тек көпшілікпен талап қоя біліңдер деп үйретті. Алматыға мен сол жолы бірінші рет келген едім.
Бізді алаңның жанына түсіріп кетті. Ал жол бойы сөйлеп, намысымызды қайрап келген кісі бізге "алаңға қарай жүре беріңдер" деді де, өзі қалып қойды. Біз алаңдағы жастардың ішіне кіріп кеттік. Солдаттардың қолына түскендерді ұрып-соғып жатқанын көріп, мен біреуінің жанына жетіп бардым. Ештеңе айтып үлгердім. Басыма таяқ сарт ете қалды. Одан кейін не болғанын білмеймін. Есімді түрменің ішінде бір-ақ жинадым. Қатты шөлдеп су сұрап, есікті қағып едім, келіп, одан сайын соққыға алды. Тағы есімнен танып қалдым.
"Тірідей көмілген шұңқырдан қашып шықтық"
– Естерін мен сияқты бірде жинап, бірде жоғалтқандарды бір машинаға тиеп, қаланың сыртында шұңқырға әкеліп тастады. Арамызда кімнің тірі екенін ажырату қиын. Ыңырсып, қиналған дауыстар. Бағымызға қарай, шұңқыр терең болған жоқ. Тырмысып жүріп, үш қыз шұңқырдан шықтық. Сол маңайдан бір кісі кездесіп, үйіне алып барып, жарамызды таңып, екі-үш күн қарады.
Шынымды айтсам, шұңқырдан шыққан соң аты-жөнімізді де сұраған жоқпыз. Әбден қорқып қалғанбыз. Құтқарған кісі де сұрған жоқ. Тек үшінші күні қайда тұратынымызды білген соң, мені Тараз қаласына билет алып, салып жіберді.
Мен көрген түстей күндерімді үйге келген соң, ата-анама айтып бердім. Анам бірден "бұл туралы ешкімге тіс жармаймын де" деп ант-су ішкізді. Мен өзім де қорқып қалғандықтан болар көп уақытқа дейін айтпадым. Сөйтсем өткен жылы Желтоқсан құрбандарының көп екенін көріп, еріксіз, ішіме түйген сырымды ақтардым, – дейді Асылзат.
"Мен тек қазақ тілінің мәселесін ғана көтердім"
Аманғазы Кәріпжан желтоқсан оқиғасы кезінде белсенділерінің бірі болған. Басшылармен бетпе-бет сөйлесіп, талап та қойған. Оның айтуынша, алаңға жиналған жастардың басты талабы – тіл мәселесі екен.
– Қазақ тілінің қолдану аясының тар болуы, тек орысша сөйлеуді талап ететін жағдайлар жастардың намысына тие бастаған кез. Мен ҚазҰУ-нің екінші курс студентімін. Таңертең оқуға келсем, алаңға жастар жиналып жатқанын естіп, 10-15 студент болып бардық. Солдаттар алаңды қоршауға алған. Ешкімді кіргізбей қойды. Гүлнар Әшімова деген курстас қыз екеуміз мінбе жаққа қарай өтіп кеттік. Ол жерде жоғары оқу орындарының ректорлары жүр екен. Біз оларға қазақ тілінің мүшкіл хәлін айтып, қолданыстан шығудың аз-ақ алдында тұрғанын жеткізуге тырыстық. Ал зиялы қауым өкілдерін бастап келген біраз адамдар жастарға алаңнан кетуін сұрады.
Жастардың ашуын келтіргені қыздардың таяққа жығылуы болды
– Сосын жастар сол жерде жүріп жатқан құрылыс алаңындағы ағаштарды суырып алып, бұрынғы өкімет үйіне қарай бас салды. Бірін-бірі итеріп, толқып тұрған жастар алға қарай жүріп, бастықтардың мініп жүрген "Волга" машиналарын аударып тастай бастады. Алайда ешкімге қол көтерген жоқпыз.
Ал барлық республикалық газеттер бізді ұр да жық, сауатсыз, ұлтшыл, бүлікшіл етіп көрсетеуге тырысып, әртүрлі мақалаларды жарысып жаза бастады, – дейді Аманғазы.
Сол көтерілістен кейін комсомол билетінен айырылып, жұмыс таппай екі жыл қаңғыған Аманғазы талай қыспақты бастан өткердік дейді.
Бейбіт шеруге шықан жастарды түрмеге қамап, олардың лайықты жазасын алғаны жайлы бұқаралы ақпарат құралдары жарыса жазған болатын. 1986 жылы "КазТАГ" агенттігі де көштен қалмай "Қоғамға қарсы әрекеттер жасаған, азаматтық жауапсыздық пен саяси таяздық көрсеткен нашақор, бұзық жастар жауапқа тартылып жатыр" деген ақпаратты асыға тартқан болатын.
Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастар таяқ жеп, жазықсыз қамалса да ешқашан өкінбейтінін айтады. Өйткені болашақтың қамы үшін бастарын бәйгеге тіккен. Олардың қынжылатыны 30 жылдан асса да желтоқсан көтерілісінің нақты бағасын ала алмай отырғаны.