Тікелей эфир

"Жасыл аймақ". Жұмысын бастайтын кинотеатрларға қойылатын талап қандай?

Фото depositphotos.com сайтынан алынды
Фото depositphotos.com сайтынан алынды
Кинотеатрдың жұмысына "жасыл аймаққа" кіретін өңірлерде, эпидемиологиялық жағдайы тұрақты, ауру жағдайы жоқ аймақтарда ғана рұқсат беріледі.

Кинотеатрларға барғанда коронавирустың таралуын болдырмау мақсатында министрлік белгілі талаптар алгоритмін бекітті.

Олар: кіру билетін мүмкіндігінше онлайн режимде сату, залдардың толуын 30 пайыздан асырмау, сонымен бірге отырғызу кезінде әлеуметтік арақашықтық сақталуы тиіс. Сонымен қатар залдарды дезинфекциялау үшін кемінде 30 минуттық сессиялар арасында үзіліс сақталуы керек. Әлеуметтік арақашықтық пен маска режимі сақталуы тиіс.

"Нысан ашылғанға дейін дезинфекция құралдарын қолдана отырып, жалпы тазартып тұру керек. Кіреберістегі қызметкерлер келушілердің маска режимін сақтауының, дене қызуының өлшенуіне қамтамасыз етеді", – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрідеді Ажар Ғинаят.

Вице-министрдің айтуынша кинотеатрдағы желдету және ауа баптау жүйелері үздіксіз жұмыс істеуі тиіс.

"Кинотеатрлардың бәрінің жұмысын санитарлық дәрігерлер тексеріп, жекелеп рұқсат беретін болады. Егер барлық шаралар сақталса, олардың жұмыс жүргізуге рұқсат беріледі", – деді ол.

Оқи отырыңыз: Келер аптадан бастап кинотеатрлар жұмысын қайта бастайды. Елдегі эпидахуал қандай?

26 қазаннан бастап халықаралық транзиттік жүк тасымалын жүзеге асыратын жүргізушілерден коронавирусқа ПТР-тест анықтамасы талап етіледі. Бүгінге дейін індет 215 елге тараған. Әлемде коронавирус жұқтырған азаматтардың саны 41 миллионнан асып кетті. 1 миллион 128 мың 931 адам қайтыс болды.

Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова, бұрын автокөлік арқылы Қазақстан шекарасына кіретін жолаушылардан ғана ПТР-анықтама талап етіліп келгенін айтты.

"Халықаралық транзиттік жүк тасымалын жүзеге асыратын жүргізушілер ПТР-тест анықтамасыз жүре беретін. 26 қазаннан бастап ондай жүргізушілерден де ПТР-тест анықтамасы талап етілетін болады. Бұл анықтама болмаған жағдайда олар шекарада тестілеуден өтуге міндеттеледі. Егер олардың ішінен коронавирус жұқтырғаны анықталса, олар тоқтаған жеріндегі ауруханаға жатқызылады", – деді ол.

Сонымен қатар, Қазақстан 26 қазаннан бірқатар шет мемлекетке авиарейстерді қысқартады.

" 26 қазаннан бастап Украина, БАӘ, Германия, Беларусь, Түркия елдеріне мына елдерге әуе рейстерінің саны қысқартылады. Қазақстан Республикасына келетін азаматтардың міндетті түрде тапсырылғанына 72 сағаттан аспаған ПТР-тест анықтамасы болуы қажет. Егер анықтамасы болмаса, қазақстандықтар екі тәуліккекарантиндік стационарға жатқызылады. Шетелдік азаматтар еліне қайтадан департацияланады", – деді Ажар Ғиният Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Айтуынша, өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, 12 өңірдің – Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының , СҚО, БҚО, Ақмола, Маңғыстау, Алматы, Павлодар, Қостанай, ШҚО, Қарағанды, Жамбыл облыстарының әкімдіктері карантин шараларын күшейту туралы шешім қабылдады. ПТР-тест тапсырғандар қатарының көбеюіне байланысты COVID-19-ға шалдыққандар саны артуда. Қазіргі уақытта зертханалар тәулігіне 55 мыңға жуық тест жасай алады.

"Елімізде 13 355 инфекциялық төсек-орын бар. Оның 16 пайызында бүгінде науқастар жатыр – 2 мыңнан астам. Сондай-ақ 6 841 карантиндік төсек-орын дайындап қойдық. Оның 8 пайызында ғана пациенттер бар, 600-ге жуық адам. Қосымша 3 335 керует жаңа инфекциялық ауруханаларда іске қосылады", – деді вице-министр.

Жаңа оқу жылы басталғалы 250 баладан коронавирус анықталған. Кезекші сыныптарда оқитын 105 бала, олармен байланыста болған 1 426 адамның 19 жұқтырған. Қашықтан білім алатын 145 баладан коронавирус анықталып, олармен байланыста болған 345 адамның арасынан 22-сіжұқтырған .

Қазақстанға автокөлік арқылы кірген 122 адамнан коронавирус анықталды

"Бүгінге дейін 73 591 азамат (қазақстандық және шетелдік азаматтар) автокөлікті өткізу бекеттері арқылы өтті. Олардың ішіндегі жолаушылар – 21 279 адам. ПТР-анықтамасы жоқ азаматтар екі күндік карантинге жатқызылды. Ондай санаттағы жолаушылардың саны – 5967 адам болды. Олардың ішінде 122 адамнан коронавирус анықталды", – деді Айжан Есмағамбетова.

Комитет басшысы сонымен қатар халықаралық әуе рейстері арқылы Қазақстанға 34 446 жолаушы келгенін, олардың ішінде ПТР-анықтамасы жоқ 5 925 адам карантиндік стационарға жатқызылғанын айтты.

"Солардың ішінде 19 адамнан коронавирус анықталды. Коронавирус жұқтырған азаматтар Түркия, БАӘ, Беларусь, Ресей, Мысыр елінен келгендер", – деді ол.

12 облыста коронавирус жұқтыру деңгейі қайта өсіп барады

"Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайға талдау жасай отырып, соңғы аптада алдыңға аптадан қарағанда ауру жұқтыру деңгейі 1,2 есе артқанын атап өтеміз. Ауру жұқтыру деңгейі республиканың 12 өңірінде байқалады", – деді Айжан Есмағамбетова.

Комитет басшысы сонымен бірге оқушылардың коронавирус жұқтыру жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп келе жатқанын атап өтті.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары