Тікелей эфир

"Жастарға – жаңа тұрғын үй бағдарламасы". Алматы әкімінің тұрғындармен кездесуінен репортаж

Суретті Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынды
Суретті Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынды
"Алматы жастары 3.0" тұрғын үй бағдарламасы 5 пайыздық несиемен баспана алуға мүмкіндік береді.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарына есеп берді. Қала басшылары халықпен кездесуін әдетте Республика сарайында өткізетін. Сағынтаев бұл дәстүрді бұзып, биыл жұртты 3 200 орындық Halyk Arena көпсалалы орталығына жинады. Кездесу форматында да өзгеріс бар. Әкім атқарған жұмыстары мен қаланың дамуына қатысты жоспарын қысқаша баяндап, уақыттың басым бөлігін тұрғындармен ашық диалог жүргізіп, сұрақтарға жауап беруге арнады.

Informburo.kz кездесу барысынан арнайы репортаж әзірледі.

Оқи отырыңыз: Болашақта Алматы үздік жүздікке кіреді. Қала әкімі тағы қандай жаңалықтарды айтты?

"Алматы жастары 3.0" жаңа тұрғын үй бағдарламасы

Былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Жастар жылы болып жарияланған еді. Соның аясында Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға 1 050 жалдамалы пәтер берілді. Бақытжан Сағынтаев биыл қалада бұл бағдарлама жалғасатынын хабарлады. Одан бөлек, әкімдік тарапынан алматылық жастар үшін жаңа тұрғын үй бағдарламасы әзірленген. Оған 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар қатыса алады.

"Бұл бағдарлама төмен пайызымен ерекше. Яғни, 13 млн теңгеге дейінгі тұрғын үй несиесі жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен беріледі", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Бағдарлама бойынша несиені қайтару мерзімі 3 жылдан 25 жылға дейін, ол несие алушының төлем қабілетіне қарай жеке-жеке есептеледі. Бастапқы жарна – 10 пайыз. Бұл бағдарламаға әкімдік 10 млрд теңге, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 3 млрд теңге бөлді. Қатысушыларға жаңа және екінші нарықтағы баспананы да сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.

Бұл бағдарламамен келесі топтарға жататын адамдар пәтер ала алады:

  • Бюджеттік саланың жас қызметкерлері;
  • Мұғалімдер;
  • Дәрігерлер;
  • ЖОО оқытушылары;
  • Мәдениет, спорт саласының өкілдері;
  • Журналистер;
  • Ғалымдар.
Оқи отырыңыз: 2020 жылы Алматы түгел жарықтандырылады. Қаланы тағы қандай өзгеріс күтіп тұр?

Биыл қалада 3 мыңнан астам отбасы қоныс тойын тойлайды

Алматыда 8,4 мың көппәтерлі тұрғын үй бар. Десе де, халқы жыл санап өсіп келе жатқан мегаполисте баспанаға сұраныс төмендеудің орнына артып келеді. Бүгінгі таңда тұрғын үй кезегінде 25 533 азамат тұр. Өткен жылмен салыстырғанда 4,5 мың адамға артық. Былтыр 3 162 мұқтаж тұрғын үймен қамтамасыз етілген болатын. Оның ішінде:

  • көпбалалы 520 отбасы;
  • балалар үйінің 114 түлегі бар.

Биыл қалада 3 810 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған. Оның ішінде:

  • 1 000-ға жуық пәтер "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша;
  • 1 300-ден астамы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, 81 ескі үйді бұзып, онда тұратын 700-ге жуық отбасын жаңа пәтерге қоныстандыру туралы келісімге қол қойылған.

Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі

Әкімдік жекеменшік балабақшалардағы қосымша секциялар мен үйірмелерді субсидиялайды

Бақытжан Сағынтаев мектепке дейінгі біліммен қамтуды жетілдіру жоспары туралы айтты. Бүгінде балабақшадағы орын тапшылығы 18 мыңды құрайды.

"Қазіргі таңда балабақшаларда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша негізгі төлемақы жабылады. Алайда ата-аналар ақы төлеп отырған қосымша секциялар мен үйірмелерге қолжетімділікті арттыру қажет. Осыған байланысты біз Білім және ғылым министрлігіне қосымша білім беру бойынша шығынды әкімдік құзырына алуды ұсындық. Нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес өзгерістер енгізілген жағдайда біз бұл бағыттағы жұмыстарға шамамен 3 млрд теңге бөлеміз. Мен кеше министрмен сөйлесіп, ол ұсынысты қолдады. Бұйрық шыққаннан кейін жекеменшік балабақшаларда қосымша қызметтерге мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бере аламыз", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Қала басшысының айтуынша, мұндай шара мемлекеттік және жекеменшік балабақшалардың төлемақысының бірдей болуына мүмкіндік береді.

Бүгінде балабақшаларға кезекті қысқарту мақсатында 790 орындық мемлекеттік 5 мектепке дейінгі ұйымның құрылысы аяқталуда.

Оқи отырыңыз: «Алматы-2050»: алғашқы бес жылдықта қанша қаражат жұмсалады?


Кездесуге жиналған қала тұрғындары

Кездесуге жиналған қала тұрғындары / Суретті Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынды


Екі жылда 13 мың орындық 8 мектеп салынады

Алматылықтарды алаңдатқан мәселе – мектептегі орын тапшылығы. Орта есеппен алғанда оқушылар саны жылына 12 мың балаға артып келеді. Бүгінде қалада 30 мыңнан астам оқушыға білім беру ошағында орын жетпейді. Бақытжан Сағынтаевқа қойылған сұрақтардың дені осы мәселеге қатысты болды.

"Алматы аумағына 2014 жылы қосылған "Рахат" шағын ауданында жалғыз мектеп бар. Ол өткен ғасырдың 50-жылдары салынған және 90 балаға ғана арналған. Бірақ онда қазір 550-ден астам оқушы білім алуда. Біздің шағын ауданда қашан мектеп салынады?"


Жұмағали Бейбітқұлов, Алатау ауданы "Рахат" шағын ауданының тұрғыны

Бақытжан Сағынтаев бұл мәселеден хабардар екенін және ескірген мектепті өз көзімен көргенін айтты. Сондай-ақ, орын тапшылығын жою үшін биыл қалада 12 900 орындық 8 мектеп салу жоспарланғанын жеткізді.

"Қазіргі шешім бойынша қалада мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 8 мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Соның біреуі "Рахат" шағын ауданында болады. Бірақ "Рахаттағы" балалардың саны салынатын мектептегі орын санына жетпейді. Десе де, біз артығымен салғалы отырмыз, өйткені ауданда халық өсімі бар. Құрылысты биыл бастасақ, 2021 жылы жаңа оқу жылына дейін бітіруге тырысамыз. Бұл сөз барлық 8 мектепке қатысты", – деп жауап берді қала басшысы.

Биыл қолданыстағы мектептерге 2 017 орындық 5 қосымша ғимарат салынады. Ал 2020-2022 жылы жеке инвестициялар есебінен 2 240 орындық 4 мектеп, 8 000 орындық 300 балабақша ашу көзделген.

"Қызыл сызықтағы" үйлерді заңдастыру үшін қала жоспарына өзгерістер енгізіледі

Мегаполис тұрғындары жер учаскелері мен жеке тұрғын үйлерді заңдастыру мәселесін көтерді. Қазір қалада 200-ден астам учаске су қорғау аймағында немесе қызыл сызықта орналасқан. Сондықтан, оларды рәсімдеу қиынға соғып тұрған көрінеді.

"Қалаға қосылмай тұрған кезде біздің жер телімдерімізде қызыл сызық болмаған. Қарасай ауданынан Алматыға ауысқанда қызыл сызық пайда болды. Қазір соның кесірінен үйімізді заңдастыра алмай отырмыз. Осы мәселе қалай шешілер екен?"


Дәулет Ахметов, Алатау ауданының тұрғыны

Бақытжан Сағынтаев мұндай жер телімдерінің мәселесін жеке тәртіппен қарау керектігін айтты. Оның сөзінше, қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы кейбір шағын аудандардағы қызыл сызықтарға түзету жүргізуі мүмкін.

"Алатау ауданында заңдастырылмаған 923 жер телімі бар, соның 700-ден астамын рәсімдеп бердік. Қалғаны "қызыл сызықта" және судан қорғау аймағында орналасқан. Қызыл сызық мәселесі жалғыз Алатау ауданында емес, басқа жерлерде де бар. Ол жеке шешіммен қаралады. Кезінде жер алып, үй салдыңыздар. Кейіннен қаланың жоспарына сәйкес, ол жерлерге көше салынатыны анықталды. Біз ол жерлерді сіздерге қазір заңдастырып берсек, ертең көше түсетін кезде телімдерді қайтадан сатып алу керек боламыз. Сондықтан, қаланың жоспарына өзгерістер енгізуді көздеп отырмыз", – деді Сағынтаев.

Оқи отырыңыз: Алматының құрылысын жоспарлау кезінде қателіктер кеткен. Тоқаев кімдерге сөгіс жариялады, қандай тыйым салды?

Метроның екі бекеті 2021 жылы қолданысқа беріледі

Алматының маршруттық желісі 5 мыңнан астам шақырымды құрайды. Былтыр қалада 14 жаңа бағыт ашылса, оның 8-і қала сыртына бағытталған. Әкім қаланың автопаркін жаңарту жұмыстарын жалғастыратынын айтты. Сөзінше, былтыр тозығы жеткен 700 қоғамдық көлік қолданыстан алынған. Олардың орнына биыл су жаңа 400 автобус сатып алынады.

"Біздің ауданның тұрғындарының барлығы қала орталығына қарай жұмысқа, оқуға қатынайды. Бірақ, қоғамдық көлік өте аз, екі-үш автобуспен қатынауға мәжбүрміз. Қазіргі қоғамдық көліктердің интервалдары өте ұзақ, көп тосамыз. Осы мәселені шешіп, автобус санын көбейтіп берсеңіздер?"


Наурызбай ауданы "Ақжар" ықшамаудының тұрғыны

Сағынтаев биыл күнделікті жолға 291 автобус шығатындай 24 қалалық және қала маңындағы маршрут ашу жоспарланып отырғанын айтты. Бұл ретте газбен жүретін электроавтобустарды сатып алуға көңіл бөлінбек. Әкім жолақы құнын өсірмеу үшін қоғамдық көлік бағыттарын субсидиялауға да тоқталды.

"Біздің субсидиялаудағы басты мақсатымыз – жол жүру тарифтерінің өсуіне жол бермеу. Сондықтан, 2021-2022 жылдарға біз ұсынған есеп бойынша орташа тарифпен 154 әлеуметтік бағытқа 47,4 млрд теңге субсидия қарастырылған. Биыл тасымалдаушыларды субсидиялауға 24,2 млрд теңге бөлінді", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Оқи отырыңыз: "Сарыарқа" және "Достық" метро бекеттерін аяқтау мерзімі шегеріледі. Оның басты себептері қандай?

Алматы – Қапшағай қала маңы маршрутын ұйымдастыру мәселесі қарастырылып жатыр. Қазақстан темір жолы компаниясымен Алматы облысының жақын қалаларына электр пойыздарын іске қосу жобасы әзірленуде. Бұл қаладағы кіріс жолдарына түсетін жүктемені азайтуға, қала маңындағы елді мекен тұрғындарының мобильділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ал құрылысы ұзаққа созылған "Сарыарқа" және "Достық" станцияларын 2021 жылдың соңына қарай пайдалануға беру жоспарланған.

Қара түтінімен ауаны ластайтын көліктер айып тұрағына жөнелтіледі

Алматылықтар Бақытжан Сағынтаевтан мегаполистегі экологиялық жағдайды жақсарту туралы да сұрақтар қойды.

"Қаланы газдандыру қашан аяқталады және қара түтіннен қашан құтыламыз? Жылу қазандықтары газға көше ме?"


Қала тұрғыны

"2-ЖЭО-н газға ауыстыру жұмысына кірістік. Қазір техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Оны наурыз-сәуір айларында тұрғындармен талқылаймыз және бірігіп шешім шығаратын боламыз. Мамандар газға өту – тарифтердің өсуіне және субсидиялау қажет болатынын ескертті. Егер қажет болса, тұрғындарға салмақ түсірмеу үшін бюджеттен қаржы бөлеміз. Адамдардың денсаулығы маңыздырақ", – деді Сағынтаев.

Шаһар басшысы жекеменшік секторды көмірден газға ауыстыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ал, қара түтін шығарып, ауаны екі есе ластайтын көліктердің мәселесі бұдан былай қатаң қадағаланады. Енді Алматының орталығына ақылы келу, айдың жұп және тақ күндері көліктердің қалаға тиісті нөмірлермен кіруі сияқты шараларды қабылдау қарастырылмақ. Ал ауаны ластайтын көліктерді арнайы жабдықталған шағын автобустар анықтайды.

"Қазір 10 шағын автобус сатып алуға тапсырыс жүргізілуде. Оларды жолдарда ауа ластайтын автомобильдерді анықтауға қажетті барлық құралдармен жабдықтаймыз. Экологияға зиян тигізген көліктерді бірден айып тұрағына жөнелтеміз. Ол көлік дүкенге азық-түлік немесе құрылыс материалдарын апара жатыр ма, әлде адам тасып жүр ме – маңызды емес. Жолаушылары түсіріліп, бағыттан шығарылады. Діттеген жеріне уақытында жетпегені үшін тапсырыс берушіге көлік иелері өздері жауапты болады. Біздің мақсат – экологияны сақтау", – деді әкім.

Оқи отырыңыз: Алматы автобустары неге кешігеді? Көлік холдингі түсініктеме берді


Қала әкіміне тұрғындардың сұрақ қою сәті

Қала әкіміне тұрғындардың сұрақ қою сәті / Суретті Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынды


Жер үйлерді газға қосу үшін 1 жылға пайызсыз несие беріледі

Алматыдағы экологиялық ахуалды шешудің тағы бір жолы жекеменшік секторды газға көшіру. Әкімдіктің мәліметінше, бүгінде қала аумағында 3 000 үй көгілдір отынға қосылмаған. Тұрғындардың көбінің газ желісіне қосылмауының себебі – қызмет құнының қымбаттығында.

"Алатау ауданы тұрғындарының атынан келіп отырмын, газ құбырларына қосылу үшін 300 мың теңге қажет. Бұл қаржыны бөліп төлеу мүмкіндігін берсеңіз?"


Дәурен Сартаев, қала тұрғыны

Қала әкімі Халық банкімен бірлесіп, мегаполис тұрғындарының газбен жылыту және үйішілік жабдықтарға қосылуы үшін 0 пайызбен несие беру мүмкіндігі туралы келісімге қол жеткізгенін хабарлады. Қазіргі уақытта несие беру мерзімі анықталып жатыр. Сондай-ақ, Халық банкінің аз қамтылған азаматтарды көгілдір отынға өтеусіз негізде субсидиялау мәселесі қарастырылуда.

"Пайызсыз несие адамдарға газға қосылуға қаражат алуға мүмкіндік береді. Өсімпұлсыз несиені 1 жылға рәсімдеуге болады", – деді Сағынтаев.

Оқи отырыңыз: Алматыда электр энергиясы 4,6 пайызға қымбаттады. Қалада коммуналдық төлемдер құны қандай?

Кәсіпкерлер арасында халықты газға қосу бойынша челлендж басталды

Кездесу кезінде бизнес-қауымдастықтың өкілі Сергей Спицын Медеу ауданындағы 50 отбасына газ қосып беруді қаржыландыруға дайын екенін айтып, бастама көтерді. Ол басқа да қалталы азаматтарды осы бастаманы қолдауға шақырды.

"Мен кәсіпкер достарымды және қаладағы барлық компанияларды осы челленджді қолдауға шақырамын. Әсіресе, Думан шағын ауданындағы отбасылардың 300 мың теңгеге газға қосылуға шамалары жетпейді. Біз, кәсіпкерлер үшін бұл түк емес. Ал олардың бүкіл отбасының табысы 300 мың теңге. Бұл отбасылар осы ақшаны бірнеше жыл бойы қайтаратын болады. Егер барлық кәсіпкерлер қолдау көрсетсе, біз қаламызды тезірек тазалаймыз".


Сергей Спицын, бизнес-қауымдастықтың өкілі

Ақсай және Аюсай өзеніне селге тосқауыл болатын бөгет салынады

Екі мәрте селден зардап шеккен Наурызбай ауданының тұрғындары қауіпсіздік мәселесін көтерді. Олар әкімнен тасқыннан қорғану үшін қандай жоспары барын сұрады. Сағынтаевтың айтуынша, Ақсай және Аюсай өзендеріне екі бөгет салуға арналған дайындық жұмыстары біткен. Құрылыс аяқталғанда 35 мың адамның қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

"Селден сақтану үшін жоғарыдан бөгет салуымыз керек. Бөгет болмай, сел жүретін болса, өткен жылдардағыдай қауіп төндіреді. Сол себептен қазір мамандармен бірге бөгет қою жобалары жасалды. Былтыр жазда премьер-министр келген кезде оны сол жерге апарып, көрсеттік", деді Сағынтаев.

Ішкі істер және Қаржы министрлігіне екі бөгеттің құрылысын қаржыландыру мәселесі бойынша тапсырма берілген. "Қазір жобалық-сметалық құжаттар дайын. Алдағы уақытта құрылыс басталады", деді әкім.

Оқушылар сарайы күрделі жөндеуден өтіп, талантты балаларды қолдау бағдарламасы бекітіледі

Бақытжан Сағынтаев қаладағы білім басқармасына талантты балаларды қолдау жөнінде арнайы бағдарлама бекітуді тапсырды. Сондай-ақ, биыл 1983 жылы салынған Республикалық оқушылар сарайы күрделі жөндеуден өтетінін хабарлады. Бұл жұмыстар тұрғындармен ақылдаса отырып жүргізіледі. Яғни, алматылықтар мекемеде қандай үйірмелер ашылып, қандай құрал-жабдықтармен қамтылатынын өздері шешетін болады. Осы тұста шет ауданның тұрғындары оқушылар үйінің жоқтығынан қиналып отырғанын айтты.

"Біздің ауданның балалары мектептен тыс уақытын тиімсіз өткізеді. Үйде қамалып отыруға мәжбүр. Өйткені, оқушылар және мәдениет үйі жоқ. Ал қаланың орталығына күнделікті балаларымызды тасуға мүмкіндігіміз болмайды. Бізге оқушылар үйі қажет. Осы мәселе шешіле ме?"


Гүлнұр Санбаева, қала тұрғыны

Сағынтаев аталған ауданда жаңа үлгідегі оқушылар үйі салынатын жер белгіленіп, жоба жасалғанын айтты. Оның құрылыс жұмысы биыл басталады.

Алматылықтар қаладағы мәселелерді шешуге I-Azamat платформасы арқылы қатысады

Алматыны абаттандыруға қатысты шешімдер тұрғындардың тілектері ескеріліп, қабылданады. Ол үшін әкімдік жақын арада І-Azamat цифрлы жобасын іске қосады. Аталған алаңда жобаларды бекіту бойынша дауыс беру жүйесі жұмыс істейді.

"Сұрақтар халыққа қолжетімді болу үшін біз I-Azamat "ақпараттық азамат" немесе "белсенді азамат" цифрлы платформасын әзірлеудеміз, – деді әкім.

Алматыда былтыр 2 191 аула абаттандырылған болса, ағымдағы жылы 700-ін жөндеу жоспарланған.

Оқи отырыңыз: Құрылысы үш жылда бітпеген үш жолайрық: 145 жер телімі әлі босатылмаған

Алматыны дамытуға бағытталған ұзақ және орта мерзімді 4 құжат қабылданды

Халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және экономиканы дамытуға бағытталған төрт маңызды құжат келесі міндеттерді қамтиды:

№1. "Алматы-2050" даму стратегиясы

Стратегияны жүзеге асыру шеңберінде қаланың төменгі бөлігінде жаңа іскерлік орталық, ІТ және креативтік воркаут, рекреациялық аймақ құрылады.

№2. 2020-2024 жылдарға арналған "Жаңа Алматы" құжаты

Бұл құжатта шет аймақтарды дамытудың кешенді жоспары құрылған. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет қаулысымен қабылданды. 2024 жылға қарай қала халқы ауыз сумен 100 пайыз қамтылады, газдандырылады және шет аймақтағы көшелер толықтай жарықтандырылады. 350 шақырым жол, 4 жолайрық, айналманы кесіп өтетін 6 жол мен 19 медициналық нысан салынады. Мектептерде оқушы орнының жетіспеушілігі 50 мың орынға азаяды. Алдағы уақытта мектепке дейінгі балаларға 20 мыңнан астам орын ашылады. Жаңа Алматыны дамыту жоспарына сәйкес, алдағы 5 жылда қаланың инфрақұрылымына жалпы құны 940 млрд теңгеден астам инвестиция тартылады.

№3. "Үлкен Алматы" немесе Алматы агломерациясын дамытудың өңірлік жоспары

Бұл құжатта қамтылған басты мәселе – көліктік инфрақұрылымды реттеу. Бүгінде Алматы мен қала маңын қоса алғанда 3 млн адам мекендейді. 2030 жылы қала халқының саны 5 миллионға жетеді деген болжам бар. Бұл жұрттың қатынауына қиындықтар туғызары сөзсіз. Шаһарға күндіз келіп-кететіндердің саны 500 мыңнан асады, ал күн сайын мегаполиске 250 мың көлік кіріп-шығады. Осы жоба шеңберінде қала маңындағы Қапшағай, Қаскелең, Талғар қалаларының дамуына байланысты әлеуметтік және көші-қон мәселелері шешіледі. Үлкен Алматы автокөліктік айналма жолына 6 көшені қосу көзделген. Қала аумағында 3 көлік торабының құрылысы мен облыстың 5 елді мекенінде автобекеттер салу жоспарлануда. Ұзынағаш, Қаскелең, Талғар және Есік елді мекендеріне дейін қалааралық электр пойызының қозғалысын ұйымдастыру көзделген. Агломерация шеңберінде азық-түлік белдеуін ұйымдастыру жоспарлануда. Қала айналасында 4 көтерме-үлестіру орталығы, 2 ет комбинаты, 7 жылыжай, 2 сүт фермасы салынады.

№4. "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" заң

Бұл заң жұмыспен қамту саясаты, медициналық қызмет сапасын арттыру, қала ішінде қолайлы орта қалыптастыру, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру және бизнесті дамыту салаларына серпін береді.

Бақытжан Сағынтаевтың халықпен ашық диалогы 5 сағатқа созылды. Осы уақыт аралығында алматылықтар әкімге 80-ге жуық сауал қойып үлгерді.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары