Тікелей эфир

Жастар тәжірибесіне қатысушылар 69 450 теңге еңбекақы алады. Оған қатысудың жолы қандай?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
29 жасқа толмаған, соңғы үш жылда өз мамандығы бойынша жұмыс таппаған жастар "Еңбек" бағдарламасы арқылы ақы төленетін тәжірибеден өте алады.

Диплом алып, жұмыс таппай жүрген жастарға биыл 69 450 теңге төленеді. Бірақ, қаражат кез-келген адамға бұйырмайды. Ол үшін алған мамандығы бойынша мемлекеттік "Еңбек" бағдарламасы арқылы 6 ай көлемінде тәжірибеден өтуі керек. Соның арқасында тәжірибеден өтуші түлектің мамандығы бойынша бейімделіп, сол жұмыс орнында қалуына мүмкіндігі болады.

Оқи отырыңыз: 200 отбасыға – 25 мың теңгеден. Assyltas қорының көмегін кімдер алады?

Жобаға қатысушы жастың шығынын мемлекет қаржыландырып, оған 6 ай бойы 25 АЕК (69 450 теңге) көлемінде еңбекақы төлейді. Биыл Алматы бойынша жастар тәжірибесіне 1 618 адамға жолдама беру жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа 703 млн 118 мың теңге көлемінде қаражат бөлінген.

"Жұмыс берушілер үміткерді жұмысқа қабылдағанда тәжірибесін сұрайды. Алайда, жоғарғы немесе орта білім беру мекемесін енді бітірген адамда еш тәжірибе болмайтыны бәрімізге мәлім. Сол себептен, "Еңбек" бағдарламасы жастардың тәжірибеден өтуіне бағытталған. Яғни, түлек мамандығы бойынша бұл бағдарлама арқылы алты ай ішінде кез-келген ұйымға барып практикадан өтеді. Егер ол өз тарапынан кәсіби біліктілігін көрсете алса, сол мекемеге тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндігі бар", – деді Алматы Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Диляра Иманқұлова.

Оқи отырыңыз: 50 мың теңге көмек кімдерге беріледі? Оны алу үшін құжат тапсыру қажет пе?

Алматыда бұл бағдарламаға қатысқысы келетіндер қалада тұрақты немесе 1 жылдық уақытша тіркеуде тұруы қажет. Дипломды қай өңірде алғаны маңызды емес.

Тәжірибеге қатысушыларға қойылатын басты шарттар:

  • жасы 29-ға толмауы;
  • соңғы 3 жылда диплом алған, бірақ өз мамандығы бойынша еңбек өтілі жоқ болуы шарт.

Үміткер жастар тәжірибесінен өтуге өтінішті egov.kz порталы арқылы немесе жеке куәлігімен жұмыспен қамту орталығына келіп бере алады. Ары қарай мекемелер тізімін қарап, өзі таңдаған кәсіпорынға мамандығы бойынша жолдама алады.

"Жұмыс беруші, жас маманды біліктілігіне қарап таңдауға құқығы бар. Бірақ, оның жолдама алған жас маманнан себепсіз бас тартуына болмайды. Жұмыс берушілер жастарды тәжірибеден өткізуге міндеттелмейді, жергілікті жұмыспен қамту орталығы мекемесімен жасалған келісім шарт негізінде қабылдайды. Практикадан өткен түлектердің көпшілігі тәжірибе өткен мекемеде тұрақты жұмысқа орналасып жатады. Егер, тұрақты жұмысқа орналаспаған жағдайда жас маман өз қалауы бойынша басқа да мекемеге жұмысқа тұра алады. Ал еңбекке араласпаса, мемлекет төлеген ақысын қайтармайды", – деді Алматы Әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы.

Оқи отырыңыз: 42 500 теңге: екінші айдың әлеуметтік төлемі қашан беріледі?

Былтыр Алматы бойынша жастар іс-тәжірибесінен 1 142 жас маман өткен. Олардың 897-сі тұрақты жұмысқа орналасқан.

Жұмыс берушілер тарапынан сұранысқа ие мамандар тізімі:

  • экономика және бизнес саласының мамандары;
  • бағдарламашылар;
  • заңгерлер;
  • педагогтер;
  • туризм саласының мамандары;
  • технологтар;
  • тігіншілер.

Оқи отырыңыз: Білім беру несиесі: қарызын өтемегендерге қандай шаралар қолданылады?

Жұмыспен қамту орталығы арқылы жастар іс-тәжірибесі 2011 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Ал нәтижелі еңбекпен қамту және кәсіпкерлікті жаппай қолдау аясында "Еңбек" бағдарламасы арқылы ақы төленетін жастар тәжірибесі жүргізілуде. Бұл жоба 2017-2021 жылдарға жоспарланған.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары