Қазір қысқа кірпік, жіңішке (жалпақ) қас, ұйысқақ шаш пен жуан тырнақ сияқты дегендер ақшасы бар қыздарға проблема емес. "Табиғатынан бұйырмағанды" қолдан жасатып алады. Проблема – олардың "бояусыздық фобиясы" мен өздеріне деген сенімнің жоқтығында сияқты.
Түрді әдемілейтіндер дәрігерлерден өзін мықты сезінеді
Қазақстанда мемлекеттік ауруханада жұмыс істейтін жоғары білімді медбике 60 мың теңге, орта білімді медбике 49 мыңнан сәл көп, санитар қызметкер 43-45 мың теңге жалақы алады. Жекеменшік ауруханаға орналасса шамамен екі есе көп – жалақы 90 мың теңгеден бастап, 120 мың теңгеге дейіны.
24 сағат кезекшілікте тұратын жауапты мамандыққа алатын айлығы, әрине, өте аз. Есесіне, бізде жарты сағатта жасанды кірпік жабыстырып, екі сағатта қас пен шашты түзетіп, медбикенің бір айлық жалақысын бір күнде табатын "мамандар" бар. Себебі – өте жоғары сұраныс бар.
Жасанды сұлулық арқылы бойында сенімділік пайда болған ондай арулар да жалақысы жоғары бұл жаңа қызмет иелері – тырнақ өсіріп, бет сәндеушілер де медбикелер мен санитар қызметкерлерге мұрнын шүйіре қарайды.
Оқушы қыздарды аналары ертіп келеді
Астаналық бойжеткен Парасат сегіз-тоғыз жылдан бері қыз-келіншектердің кірпігін "ұзартып" жүр. Оның мамандығы – лешмейкер деп аталады. Көргені де, тиісінше, айтары да көп.
– Кірпік ұзартуды 18 жасымда үйреніп, 19 жасымнан бастап тұрақты жұмыс істей бастадым. Қазір жасым 26-да. Алғаш жұмысқа кіріскенде, неге екенін білмеймін, көбіне жасы үлкен, отыз жастан қырық бес жас аралығындағы әйелдер кірпік ұзартатын. Ал, қазір 15-16 жастағы мектеп оқушыларынан бастап,кейде 80 жастағы әжелерге дейін кірпік ұзартуға келеді. Оқушы қыздарды аналары ертіп келеді. Менің клиенттерімнің арасындағы ең үлкені – 77-дегі апа. Қазір қыз-келіншектер расымен жасанды кірпікке тәуелді болып қалған. Есірткі сияқты, – дейді Парасат.
"Көзге демалыс керек, ал әйелдер оны түсінбейді"
Сапалы материалдармен жұмыс істесе де, Парасат жасанды кірпік химиялық желіммен жабыстырылатындықтан, "көзді кемінде үш айда бір рет жасанды кірпіктен демалдыру керек" дейді.
– Кірпікті "ламинаттап", ботокс арқылы емдеу керек. Бірақ, клиенттерімді емдеуге әрең көндіремін. Олар үздіксіз, ұзартқан кірпігі түсе сала, келесі айда тағы жалғап алғысы келеді. Арасында әрине, витамин жағып, өз кірпігіне бірнеше ай демалыс беретін қыз-келіншектер де бар. Сол сияқты кірпіксіз бір күн жүре алмайтын адамдар бар. Шолпан деген бір тұтынушым 7 жылдан бері үзіліссіз жасанды кірпік жалғап жүр, – деді Парасат.
Ұзын кірпіктің құны қанша?
Тоғыз жыл тәжірибесі бар Парасаттың клиенттер базасы да үлкен. Таңертеңнен кешке дейін жазылу кестесі толып тұрады. Ұзындығына қарай кірпік жабыстырудың бағасы – 7 000 мен 13 000 теңге аралығында.
Ол қызмет түрінің бағасы пайдаланатын материалдардың қымбаттауына байланысты дейді.
– Менің бағам нарықтағы орташа бағадан қымбат. Өйткені, мен барынша сапалы, қымбат материалдармен жұмыс істеймін және тәжірибем де мол. Жалпы, егер кірпікті сапалы ұзартамын дегендер, бір ретінде 8-9 мың теңгеге шығындалады, одан төмен ақшаға сапасыз, арзан кірпік жабыстырады деген сөз, – дейді ол.
Клиенттерінің арасында табиғатынан сұлу қыздар да көп. "Өте сұлу қыздар бар, арасында әншілер, модельдер, "инстаграм жұлдыздары" да бар. Қазір бәрі-бәрі жаппай кірпік жабыстырады, – дейді ол.
"Қазақ қыздары Еуропа мен Америкаға қарағанда, қатты күтінеді"
Қыздардың құмары артып тұратын тағы бір қызмет түрі – макияж. Визажист Жадыра Тұтанова қазір неге бет әдемілейтін курстар мен боянуды үйрететін курстардың көбейіп кеткеніне қатысты өз ойын айтты. Оның пікірінше, инстаграм сияқты әлеуметтік желінің дамуымен тек визажист мамандығы ғана емес, фотограф, видеограф, тырнақ әдемілейтін мамандық, жалпы, шығармашылық мамандықтар қатты көбейген.
– Макияж бен вижазист курстарының неге күрт артып кеткенін мен былай түсіндірер едім. Бет әрлеуге деген сұраныс артты – бұл қызмет түрінің қол жетімді бола бастағанымен байланысты деп ойлаймын, яғни, жұрттың материалдық жағдайы жақсарған, Сондықтан, біраз ақша тұратын қызметке көп жүгінеді, – дейді ол.
Оның айтуынша, қазір нарықта әдемі макияжды 5 мың теңгеден бастап 15-20 мың теңге аралығында жасатады. Баға визажистің тәжірибесіне, басқа қандай визажистерден білім алғанына және қандай брендтегі косметикамен жұмыс істейтініне байланысты құбылады.
"Өз-өзіңе визажист бол" немесе қарапайым тілмен айтсақ, боянып әдемі көрінуге үйрететін курстардың көбеюіне тоқталсам, қыз-келіншектер әртүрлі шараларға боянып барады. Бұл – қыздарымыз әдемі емес деген сөз емес. Бұл – Қазақстанның қыздары Еуропа мен Америкадағы қыздардан қарағанда, өздерін қатты күтеді дегенге саятын сияқты. Ресей қыздары да біздің арулар сияқты күтініп, боянып жүргенді жақсы көреді. Менің ойымша, бұның себебі – ер адам саны аз, әйел көп. Сондықтан, қыздар жақсы жар тауып, тұрмысқа шығу үшін өзін әдемі ұстайды" дейді Жадыра.
Екі шет тілі (ағылшын және француз тілдері) бойынша жоғары білімі бар Жадыра да қазір осындай курстар өткізеді.
– Макияж үйрететін курстардың бағасы визажистің тәжірибесі мен неше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандығына байланысты. Біреуге енді үйрете бастаған визажист аз ақша алады, тәжірибесі көп, тұрақты клиент жинап алған визажист көп ақша алады, – дейді ол. Елордадағы ондай курстардың орташа бағасы – 25-30 мың теңге.
Жасанды сұлулық – сенімсіздік фобиясы
Көп жылдан бері Америка Құрама Штаттарында тұратын Айжан Есболатова қазақ қыздары мен америкалық аруларды салыстыра отырып, "жасанды сұлулықтан қарағанда өзін-өзі рухани дамытқан адам ғана сенімді, белсенді бола алады" дейді.
– Штатта ұзақ жыл өмір сүрген соң, мұнда келгенімде, мені таң қалдырып, тіпті, састырғаны – Қазақстанда әдемі қыз-келіншектердің көптігі. Шынымды айтайын, тура бір сұлулық конкурсына тап болғандай әсерде болдым. Таң атпай автобус аялдамасына биік өкше, тап-таза, жып-жылтыр шаштарын жайып, мінсіз макияжбен келіп тұрған қыздарды көріп тіпті ұялдым. Ал, кеш бата дәмханаларға кіргенде, бұл сұлулық тіпті еселене түсті, – дейді ол
Қазақ қыздарының өте ұқыпты, күтініп жүргеніне таңдай қаққан Айжан өзі тұратын Нью-Йорктегі қыздарды мысалға алды.
– Нью-Йорктегі кәдімгі қыз-келіншектерді алайық. Таңертең аялдамада шашын жаңа жуып шыққан, кептіріп те үлгермеген, макияж атаулы мүлде жоқ, қасы өскен, аяғында ыңғайлы кроссовка, кигені – джинсы мен бір жейде, арқасында ауыр рюкзак немесе ноутбук салынған ауыр сөмке. Өз-өзіне қарағаны – таңертең суға түсіп шыққаны. Мүмкін, кейбіреуінде тырнағы әдеміленген шығар, – дейді ол.
Айжан "Қазақстаннан басқа елде макияж үйрететін курстардың саны осындай көп емес шығар" дей келе, елімізде "әдемі боянып, қасын сызып, кірпік жабыстыру үшін жалақысының жартысын беруге дайын" қыздардың көбейгенін айтады.
"Бірақ, бұндай нью-йорктік қыз-келіншектің кез келгенін ер-азамат қатты құрметтеп тұрады, оларды қалайды. Неге? Себебі, олар өз-өзіне сенеді және өзінің қадірін біледі. Қазақстандық қыздар әдемі болу үшін ақылға қонымсыз ақша жұмсап жатқанда, америкалық ару мінсіз болуға тырыспайды. Мінсіз бола да алмайды. Оның есесіне, өз-өзін дамытатын сан түрлі курстарға, йогаға барады. Өйткені, оған миы үшін сол керек".
"Қыздар өз-өзін карикатураға айналдырады"
– Әр адам ерекше, қайталанбас тұлға, сол өзгешелігін сақтай алу керек. Қазір жаппай кірпік жабыстырып, қасын татуаждап жатқан қыздар өз-өзін карикатураға айналдырып жібергендей көрінеді,– деген пікірін айтты ақын, журналист Оңайгүл Тұржан.
– Қарап отырсаңыз, қазір расымен қыздардың бәрінің түрі бірдей болып кеткендей. Боялған қастарының пішіні, қайқиған кірпіктері бірдей болған соң, түрлері бір-бірінен тіпті аумайды. Бұл, біріншіден, әрбір қыздың бірегейлігін жойып тұр. Табиғат адамның түрлерін бір-біріне ұқсатпай, ерекше шеберлікпен жасайды. Табиғат қалай өрнектейді, адам сол келбетімен өмірге келеді. Әрине, қазір бет-аузыңа ештеме жолатпа деп ешкімге ештеңе айта алмайсың. Жақсын, бірақ оның да шегі бар деп ойлаймын.
Бірақ, жасанды кірпік, бояма қас сырт көзге оғаш. Жалпы, жасандылықтың бағасы төмен. Түрі бір соншалықты қорқынышты, адам шошитындай болмаса, келбетіне соншама түзетуді енгізу керек емес. Өз-өзін карикатураға айналдыратын қыздар өз басыма ерсі көрінеді" дейді журналист.