Қазақ баланы санамайды, санын айтпайтын еді. Қазір "неше балаңыз бар?" деген сұрақты жиі еститін болдық. Одан ары қарай әңгіме қалай асырап отырғанына ұласады.
Кез келген жан бәсекеге төтеп бере алатын саналы ұрпақ тәрбиелегісі келеді. Баласын қосымша сабақ, үйірмелерге берейін десе, жүгенсіз нарықтағы қымбатшылық алқымнан қысады. Жүдеу халықтың запыранға толы ащы дауысының арасында Сәуле Әліптікі де бар еді. Өзі де "өмірім – тартысқа толы роман" дейді.
Сарсаңға салған "квотадан" еш нәтиже шықпады
– 2005 жылы Қытайдан Өскеменге көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын қабылдадық. Бір жылдан кейін Ақмола облысының Ерейментау ауданындағы Еркіншілік ауылына қоныс аудардық. Мұнда келгеннен кейін, квотаға үміткер ретінде тіркелген едім. Бірақ, сол бойы көшіп келу қаржысын ала алмадым. Ол кезде орысша сауатымыз болмағандықтан, ақыл айтқыштар жолдасыма "қол қой" десе, "құп болады" деп орындай берген. Білместіктің кесірінен квотаны өзге біреу иеленіп кетіпті. Оны Зайсанның әкімдігіне құжаттарымды өткізуге барғанда бір-ақ білдім. Қызметкерлер "дәл солай" маған айтқан болатын.
Ал Көкшетау қаласының әкімдігіне барып, құжаттарымды өткізгенде мүлдем басқа жауап алдым. Онда оралман мәртебесінің тоқтатылуына байланысты берілмегендігін айтты. Ол кезде отбасымызда үш адам болғандықтан, 300 мың теңге берілуі керек еді. Оған ауылдан үй алуға болатын еді, – деп күрсінді Сәуле Әліп.
Вагонда жеті жыл тұрса да, сағы сынбады
Сәуле Әліп отбасымен Астана қаласындағы АҚШ елшілігінің маңайында "Нұрмат" құрылыс компаниясының контейнерінде жеті жыл тұрған. Сол маңайдың тұрғындарының көбісі танығаннан кейде тамағын, кейде киімін әкеліп қол ұшын берген. Ол арқасын аяздай қарыған қиыншылықты еске алып, көз жасына ерік берді.
– Менің осы кездердегі құлазыған көңіл-күйімді кез келген жан түсінбейтін шығар. Бастан өтпегесін өзгелерге ертегі болып көрінер. Жолдасымның тапқаны бірде бар, бірде жоқ. Төрт баламен баратын жерім болмаған соң, құрылыс компаниясының басшысына жағдайымды айттым. Олар қыстыгүні контейнерге тұруға рұқсат берді. Оның қабырғасына пластмасса жапсырылған еді.
Астына темір қойып, қызыл кірпіштен пеш жасадым. Сөйтсем, пластмасса өртеніп жатыр. Жүрегім зу ете қалғаны-ай. Сосын оны жұлып алып тастадым. Құрылыстың маңайынан ағаштарды теріп алып келіп, пеш жақтым. Қалтама бес-он тиын түскен күні дереу көмір сатып алатын едім. Сол сәттердегі қуанғанымды көрсеңіз. Адам төзгісіз вагонда ұлымды жеті айында шала тудым. Барлығы да оңай болған жоқ, – деп үнсіз қалды Сәуле.
Атаман Анненковтың "азап вагоны" еске түсті
Құдды "Тар жол, тайғақ кешу" кітабындағы ақын отырған қапас вагон секілді. Арқаның қақаған қысында көрген теперішін Сәкен Сейфуллин былай суреттейді:
"Вагонның халқы бір қалыпта, нашар. Қырау, мұз, дым, су, ызғар. Уілдеген суық. Пешке от жақсақ, қайнап ысып кетеді. Тұс-тұстан су ағады. Пеш сөнсе, айнала қырау, мұз қатады. Ызғарлы суық аңырайды. Вагонның қасында түрме – ұжмақ тәрізді. Вагон – дозақ".
Сәуленің де жеті жыл өмірі тура осылай өтті. Төрт бала да осыны сезініп өсті.
10 жұмыртқа мен бір нанды бір апта талғажау еткен кезіміз де болды
– 2009 жылы үшінші қызыма аяғым ауыр еді. Қарнымыз аш. Ондай кезде күн де ұзарып кетеді. Құрсағымдағы бала тыпырлап жатыр. Жолдасым күзетте, айлығы – 30 мың теңге ғана. Екі қызымның көзі жәудіреп, қарындарының ашқанын айтқан сайын өзімді қоярға жер таппаймын. Бір кезде жолдасым кетіп қалды. Дүкеншіге барып жеке куәлігін қалдырып азық-түлік сұраған екен. 10 жұмыртқа мен бір нан беріпті. Соны бір апта талғажау еттік. Екі жұмыртқа қалған күні толғаттым. Күйеуім дереу "сәл де болса күш болады" деп қуырып беріп жатыр.
Жедел жәрдем келгенде жолдасым қолыма сылдыр етіп тиын-тебен ұстатты. Өзім қиналып жатсам да, әлгі тиынды уысыма қысып ұстап алыппын. Босанған кезде де қолымнан тиынды тастағаным жоқ. Сөйтсем, 150 теңгені көп көрген екенмін, – дейді Сәуле.
"Елбасы хатыма жауап бергенімен ішіндегі нұсқаулықтар орындалмады"
– Әуреге түсірген "квота" мәселесімен бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Елбасына бар мұңымды хат арқылы да жеткіздім. "ҚР-ның барлық тиімділіктерін пайдалана аласыз" деген жауап келді. Хаттың басында "тұрғын үймен қамтамасыз етілесіз" деп көрсетілген.
Ұлымды босанатын кезде жертөледе тұрдық. "Қырсыққанда қымыран іриді" демекші, жауапхатты әкімдікке өткіземін деп жүргенде жертөлені су басып кетті ғой. Ол құжат мұрағатта бар шығар. Бірақ, оны қайтадан қолға түсіре алмадым, – дейді Сәуле.
Жертөледе нәжістерді ағызып әкететін құбыр жарылды
– Контейнер жаздыгүні тез ысып, қыстыгүні жылдам суып кетеді. Одан кейін "Байқоңыр" тұрғын-үй кешенінің жертөлесінде тұрдық. Үстімізден құбыр арқылы сарылдап су өтіп жататын. Күйеуімнен "Бұл не нәрсе?" деп сұрасам, "Бұлақ қой" деп әзілдейтін. Сөйтсем, кәріз құбыры екен ғой. Бір күні шәй ішіп отырсақ, нәжістерді ағызып әкететін құбыр жарылды. Азын-аулақ дүниеміз де, алып үлгермеген құжаттарымыз да қалды. Жоғарыда айтқан Президенттің жауапхаты да сол құжаттардың қатарында кетті. Әйтпесе, бүгінде баспаналы болуыма бір септігі тиіп қалар еді.
Осындай қиындықты бастан кешкен кезде көмек сұрап барған жерлердің көбісі "саған берер ештеңеміз жоқ" деп шығарып салды , – дейді көзінің жасын сүртіп.
Жоқшылық жомарт ердің қолын байлар
Жігітке кедейшілік үлкен салмақ қой. Соның кесірінен күйеуі мен Сәуленің жолы екіге айырылды. Қазір бес баламен жалғыз өзі күн көрмек болып, бес қабатты үйдің шатырын паналап отыр. Содан бері бақандай алты жыл өтіпті. Сәуле бұрынғы өмірімен салыстырғанда бүгінгісіне шүкіршілік етеді.
– Соңғы үш жыл аралығында күйеуім екеуміз қайтадан басымызды құруға ниетенгенбіз, алтыншы ұлым дүниеге келді. Амал нешік, қайтейін? Екеуміз қайтадан ажырасып кеттік. Арагідік балалары үшін келіп, көмектесіп тұрады. Бірақ, осы туралы жұртқа жайып салуға жүрексінемін. Балаларымның алды өсіп қалғандықтан, намысына тиіп кетемін бе деп қорқамын. Олар бұл туралы айтқанымды құптамайды. Үлкен қызым тоғызыншы сыныпты оқып отыр, – деп бізге өтінішін білдірген еді.
Сәуленің тағдырындағы бүкпесіз шындықты көрсету үшін айтпақ болып бекіндік. Тауқыметтің азабының ащы болатыны да шындық.
Үйдің шатыры әу баста темекі тартатын орын болыпты
– Бұл жерде тұрып жатқаным – көршілерімнің арқасы. Бүкіл тұрғындардан рұқсат алғандығымнан шатырды паналап отырмын. Осындай мүмкіндікті сыйлағаны үшін барлығына алғысымды білдіремін.
Бұл жерге келгенде қабырғаларына темекінің иісі сіңіп ыстанып кеткен болатын. Тіпті үйді жылытатын құбыр да жоқ еді. Көріп тұрғандарыңыздай сығырайған терезе ғана бар.
"Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" дейді ғой. Менің жағдайымнан хабардар бір-екі бақуатты адамдар осының бәрін орналастырып беріп кетті.
Сәулені "Тұрмыс" ЖШС бірнеше рет сотқа берген
– "Тұрмыс" пәтер иелері кооперативі осы жерден қуып шықпақ болып бір емес, бірнеше рет сотқа берді. Әкімшілік, полиция қызметкерлері жағдайымды сұраудың орнына "үйден шық!" деумен болды. Шарқайрақты (болгарка) дарылдатып, есігімді кеспек болған кездерді де бастан өткердік. Ол кезде ағаш есік еді. "Ал, енді кесіп көр!" деп бір аға келіп, темір есікке ауыстырып берді. Есімін атамауын сұраған соң, істеген ісін мақтанышпен айтамын, – дейді Сәуле Әліп.
"Баламның нақты диагнозын дәрігерлер әлі таппай отыр"
– Осы үйде бес жасар ұлым жеті рет талып қалды. Үйде терезе болмаған соң, оттегі жетіспейді. Соның салдарынан екі ортада балам қиналып жүр. Келген жедел жәрдемнің барлығы "мына жерде неге отырсың?" деп ұрсып кетеді. Невропатолог баламның басын ақылы түрде түсіруге қайта-қайта жібереді. Бір тексерткенім – 17-18 мың теңге. Ақыры дәрігерлер нақты диагноз қоя алмаған соң, банктен үш млн теңге несие алдым.
Қалай дейсіз бе? 2014, 2015, 2016 жылдары ауруханада санитар болып істегенімнің пайдасы тиіп, бір млн теңге несиені өзім алдым. Бауырларымның атынан тағы екі млн алып, бір жарым ай бойы Қытайдағы Үрімшіге апарып емдеттім. Содан бері ұлым ауырмап еді. Міне, бір ай бұрын тағы талып қалды. Аспанға көтеріліп, аузынан көбік ақты. Айқайлаған жан даусымнан бүкіл көршім жүгіріп келді. Бұрын дәрі ішкізіп тұратын едім. Соңғы кездері дәрі қымбат болған соң, Үрімшіден алдыру қиынға соқты.
"Ұлыма Қытайда қойған диагноз біздің елде жоқ"
– Соңғы талған сәтінде біздің дәрігерлер "алқымның ісуінен температура көтерілген" деген диагноз қойды. Оның үстіне астма ауруы ретінде есепке алған. Бірақ, ешқандай тегін дәрі берген де жоқ. Алайда осы жолы ауырғанда демікпе болған жоқ. Ал Қытайда "асқазанында ыстық жоғары" деген болатын.
Қытайға барып келіп, невропатологқа кіргенімде "Үш жасқа дейін балалардың елу пайызында талып қалу болады. Одан кейін көбісі жазылып кетеді. Сондықтан, ұлыңның денсаулығы жақсарады" дегенде жағамды ұстадым. Бір ай бұрын талғанда "Сіз осылай айтып едіңіз ғой?" деп барсам, "12-13 жасқа дейін созылады" деп тайқып шыға келді. Бала талған сайын мидағы ұсақ жүйке талшықтарының өлетінін білемін. Енді не істерімді білмей отырмын, – дейді.
Қытайда тұрғанында 14-15 сиыры болған
– Кейде үлкен қызым "Қытайдан бізді қаңғыртып алып келдің" деп күйінеді. Ол жақта біздің жағдайымыз жақсы еді. "Қазақстанға барсаңдар, үй аласыңдар" деп бар мал-мүлкімізді Үкімет тәркілеп алып қалды. Мына жерден қуып шықса, далада қаламыз ғой. Бір-екі күн бұрын Рахымжан Қошқарбаев көшесіндегі тұрғын үй басқармасына барып келдім. Көпбалалы ана ретінде 2016 жылы тіркелген едім. 16 220 адамға пәтер берілгенше, қызым он сегізге толып қалады. Әр жыл сайын 700-800 адамға беріліп отыр. Басшылық "күтесіз" деумен шектеледі. Алты баламен пәтер іздеген кездеріміз де болды. "Ренжімеңіз!" деп тұтқаны қоя салады.
Бала – ата-ананың қолындағы аманат
– Бірде балам ауырып, инфекциялық ауруханаға түстік. 1800 теңгеге анализ тапсыру керек болғанда, қалтамда бір тиын болған жоқ. Сонда меңгеруші әйелдің "асырай алмасаң балаларыңды неге туасың?" деген сөзі сай-сүйегімді сырқыратып еді.
"Нұр Отанның" табалдырығын тоздырып жүріп, атаулы әлеуметтік көмекті алып жүрмін. Балам бір жасқа толғанша отыз мың теңге еді. Екі айдан бері алпыс мың теңгеге күн көріп отырмыз. Басқа ешқандай табыс көзі жоқ. Ең төменгі күнкөріс деңгейімен, ең төменгі жалақы мөлшерімен есептелсе де съезде айтылған көмекті алатын шығармыз деп үміттенеміз. Алты балама 120 мың теңге берсе, қуанып қалатын едік. Әйтпесе шатырда тегін тұрсақ та, коммуналдық төлем 20 мыңнан асады. Екі балам спортпен айналысады. Әрқайсысына он мың теңгеден төлеймін. Үлкен қыздарым ағылшын курсына барғысы келеді. Олардың тамағы мен киімін қосыңыз.
"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" арқылы 2-3 пайызбен несие берсе, балаларым аяқтан тұрғанда жұмысқа шығамын. Басыңда баспанаң болса, жаныңа медет қой. Қазір-ақ жұмысқа шығып кетейін десем, балаларымды қалдырып кететін ешкімім жоқ. Үйде жүргеннің өзінде кенжем үш моншақты жұтып қойып, тамағына тұрып қалған кездері де болды. Содан бері оларды жалғыз қалдыруға жүрегім дауаламайды, – дейді көз жасын сыққан ана.