Тікелей эфир

Жалпыға міндетті оқу қоры дегеніміз не? Оның есебінен кімдерге көмек беріледі?

tumba.kz сайтынан алынды
tumba.kz сайтынан алынды
Жалпыға міндетті оқу қорына (фонд всеобуча) мектеп бюджетінің бір пайыздан кем емес қаражаты аударылады. Не үшін? Ол қаржы қайда жұмсалып жатыр?

Жалпыға міндетті оқу қоры жөнінде естігеніңіз бар ма?

Атауын білмесеңіз де, қызметінен құлағдар болуыңыз мүмкін. Мектепте кейбір балаларға ыстық тамақ беріліп, кейбірін жаздық лагерге жіберіп жататын еді ғой. Ауылды өңірлерде тұратын, жағдайы төмен отбасынан шыққан, сабақты үздік оқитын оқушы президент шыршасына баратын.

Міне, осының барлығы жалпыға міндетті оқу қоры есебінен жасалады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин informburo.kz тілшісіне толығырақ түсіндіріп берді.

№1. Жалпыға міндетті оқу қорынан қандай көмек көрсетіледі?

Егер материалдық жағдайға байланысты сабаққа келе алмаған оқушыға мектеп жалпыға міндетті оқу қорынан (всеобуч) көмек ретінде:

  1. Күніне бір рет ыстық тамақ береді;;
  2. Мектеп формасы мен спорттық киім, аяқ киіммен қамтамасыз етеді;
  3. Жағдайы төмен отбасыларға қыстық киім қарастырады;
  4. Мектепке қажетті құрал-саймандар, оқу құралдары (дәптер, қаламсап, т.б.) ұсынады ;
  5. Жаздық лагерлерге кезекпен жібереді;
  6. Мәдениет пен спорт іс-шараларына қатысуға мүмкіндік береді;
  7. Нұр-Сұлтан қаласында қосымша көмек ретінде қалалық мәслихаттың шешімі негізінде жолақы карточкасы толтырылады.

№2. Оны кімдер ала алады?

Біріншіден, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар;

Екіншіден, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балалар;

Үшіншіден, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, қамқорлыққа алған отбасыларда тұратын балалар;

Төртіншіден, төтенше жағдайға тап болғандықтан шұғыл көмек керек отбасы балаларына.

Егер, жоғарыда көрсетілген санаттарға кірмей, бірақ көмекке мұқтаж болсаңыз, онда сізге мектепке барып өтініш қалдыруға болады. Оны білім беру ұйымының алқалы басқару органы қарастырып, шешім қабылдайды.

Жалпыға міндетті білім қорынан көмек тиісті деңгейде көрсетілмесе, онда Білім басқармасына келіп арыз қалдыру қажет. Тиісті шаралар қолданылатын болады.

Көпбалалы отбасыдан шыққан балалар жоғарыда аталған санатқа кірсе ғана осы көмекті ала алады.

№3. Қаржылай көмек қандай жағдайда беріледі?

Әрбір балаға 48 АЕК, яғни 121 200 теңгеден берілуі керектігі жөнінде даурықпа әңгімелер өріп жүр. Бұл ақпарат шындыққа сай келмейді. Аталған сома мен сан ешбір заңнамамен реттелмеген.

ҚР "Білім туралы" Заңының 49-бабына, ҚР Үкіметінің №64 қаулысына үңіліп қарасаңыздар, жалпыға міндетті оқу қорына бөлінген қаржыны жұмсау міндетінің ата-анаға емес, мектеп басшылығы мен қаржы қызметіне жүктелгені анықталады. Сондықтан, әр мектеп берілген қаражатты ата-ана қалдырған өтінішке сай жұмсайды, яғни қажетті заттарды сатып алып, балаларды қамтамасыз етуі тиіс.

Есіңізде болсын! Қаржылай көмек тек апаттық жағдайға тап болған отбасыларға беріледі. Мысалы, өрт болғанда, топан су басқанда т.б. Мұндай кезде Төтенше жағдай департаменті оқиғаның болғанын растайтын құжат береді. Соны мектепке тапсыру керек.

Ескерту! Жалпыға міндетті оқу қорынан берілетін көмекті алу үшін ата-ана әлеуметтік мұғалімге келіп, өтініш жазуы керек. Әйтпесе, оларға "осы көмекті алуға тиістісің" деп арнайы келіп, ешкім айтпайды.

№4. Жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз отбасы екенін анықтау үшін қандай құжат тапсыру керек?

Әлі күнге дейін бірыңғай база арқылы құжаттарды шығарып алу мүмкіндігі болмағандықтан, ата-ананың өздері жинап, тапсырады. Бұл мәселе қарастырылып жатыр.

  • Өтініш;
  • Отбасы мүшелерінің тапқан табысы туралы мәліметтер;
  • Балалардың туу туралы куәліктері;
  • Тұрғын жайы туралы акті т.б.

Кейбір ата-ана әлеуметтік мұғалімнің түсіндіргеніне қанағаттанбаса, мектеп директорына жүгіне алады. Содан кейін қабылдап алынған құжат мектептің комиссиясына жіберіледі.

Есіңізде болсын! Құжатты жыл бойы жаңарту қажеттілігін ұмытпау керек. Өйткені кейбір анықтамалар жыл ішінде ескіріп қалуы мүмкін, мысалы атаулы әлеуметтік көмектің шартты немесе шартсыз түріне байланысты.

№5. Көмек қай уақытта көрсетіледі?

Қазір жазғы демалыс орындарына оқушыларды жіберу үшін құжаттар дайындалып жатыр. Мектеп байқау арқылы қай лагерге жолдаманы ұтып алса,балаларды соған жібереді.

Жазда мектепке, оқушыларға қажетті құралдарды алу үшін "мемлекеттік сатып алу" процесі жүреді. Сол кезде ата-аналардың қалдырған өтініштеріне сай сұраулары қаралады, оқу жылының басында беріледі.

Өтінішті сабақ басталып кеткеннен кейін тапсырғандардың да мәселесі қарастырылады. Жалпыға міндетті оқу қорынан берілетін көмекті алудың қатып қалған мерзімі жоқ.

Бірақ, көмектің барлығы бірден, бір мезгілде берілмейтінін ескерген жөн. Кезең-кезеңімен жүзеге асады. Мысалы, қыстық киімдер күн суыта бастағанда, жаздық лагердің жолдамасы жазда беріледі.

№6. Өтініш тапсырғандардың барлығына бірдей киім-кешек беріле ме?

Мектептің бюджетіне байланысты киім-кешекпен (мектеп формасы, спорттық киім, аяқ киім, қыстық киім)қамту мәселесі қарастырылады. Өтініш білдіргендердің ішіндегі мұқтаждарына беріледі. Өтінішке қоса өзіңізге қажет нәрсенің тізімін бересіз. Балаға киім-кешек керек болса, өлшемі де қоса көрсетіледі.

№7. Сатып алынған заттың сапасы бағасына сәйкестігі қалай анықталады?

Сапасына байланысты кейбір мектептерде наразылық туындайтыны түсінікті. Бұл мәселе қалай шешілгелі жатыр? "Мемлекеттік сатып алу" кезінде қабылдау комиссиясына белсенді ата-аналар кіреді.

Тауарды қабылдайтын кезде сапасының бағасына сай, сай екендігіне, пішіміне, түсіне дейін мән беріледі.

Серіктестер жаңалықтары