Тікелей эфир

Жаңалықтарға шолу: 02.10.2018

Әбіләзов тағы "сырттай" соттала ма? Мұнай өсті, доллар түсті. Препараттар рецептісіз сатылмайтын болады.

Қазақстанның сыртқы қарызы 2,2 млрд долларға азайды

Бұған елдегі құбылып тұрған бағам айырмасының да ықпалы бар. Ұлттық банк таратқан мәліметке сенсек, берешектің басым бөлігін фирма аралық қарыздар құрайды. 2,2 млрд доллар қарыздың 0,6 млрд-ы "Самұрық-Қазына" АҚ-ның "ҚМГ Қашаған Б.В." қомпаниясының 50% үлесін сатып алу үшін 2015 жылғы қарызын мерзімінен бұрын өтеуі есебінен азайды. Қазақстанның таза борышы 46,6 млрд АҚШ долларын құрайды.

Қыркүйекте жұмыртқа мен құс еті қымбаттады

Бір айдың ішінде жұмыртқа – 7,1 %, құс еті – 4 %, ал жылқы еті – 1,7% қымбаттады. Мал өнімдерімен бірге сүт өнімдерінің бағасы да біртіндеп өсіп жатыр. Жаздан бері қиярдың бағасы 3,1% қымбаттағаны болмаса, басқа көкөністер әзірге арзандатылған бағамен сатылуда.

Әбіләзов ісі Жамбыл облысында қаралады

Оған Ержан Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырды деген айып тағылып отыр. Тергеу амалдарына қатысу үшін БАҚ арқылы ол бірнеше мәрте Қазақстанға шақыртылды. Жауаптан жалтарғанын, елден тысқары жүргенін ескеріп, Бас прокуратура ҚПК-нің 304-бабын негізге ала отырып, М.Әбіләзовке істің сотқа жолданғанын тағы да БАҚ арқылы хабарлады.

Ресей ЕЭҚ ережелерін бұзды

Қыркүйектің соңында бақылаушы орган Ресей аумағына тасымалдауға рұқсат етілмеген деп 20 тоннадан астам картоп, қауынды кіргізбеді. ҚР Ауыл шаруашылығы Министрлігі өнімдерді бұлай қайтару ЕЭҚ ережелеріне қайшы деп бағалап, "өгіздің басына туған күн бұзауға да туатынын" ескертеді.

Фрилансерлер зейнетақы қорына табысының 10 пайызын аударатын болды

Үкіметте өткен жиын соңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова Үкімет осындай қаулы қабылдағанын айтты. Қаулы апта аяғына дейін күшіне енуі әбден мүмкін дейді министр. Жарнаны әр айдың 25-іне дейін төлеу керек.

Ермекбаев әскерилерді жемқорлықты жоюға шақырды

Қорғаныс Министрі "Жемқорлықтың әр фактісі халықтың армияға деген сенімін жоғалтады, отан қорғаудағы қабілетіне күмән туғызады. Әскери қызметкерлер үшін жемқорлыққа жол жоқ" деген үндеу жариялады Министрлік сайтында.

Қант тапшылығын жою керек

Бұл үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстық әкімдіктерге қорға 10 тонна қант сатып алуға кеңес берді. Жыл сайын осы мезгілде қант дауы туындайтынын ескеріп, Министрлік отандық өнімді дамыту жөнінде бағдарлама қабылдауды қолға алды.

Алматыда "Оңай" автобус картасы қымбаттады

Бірыңғай көлік картасының бағасы 400 теңге тұратын, енді 500 теңгеге дейін өсті. Бірден 100 теңгеге көтерілу себебін көлік холдингіндегілер картаның өзіндік құнын ақтау үшін жасалған қадам дейді. Айтуларынша, картаның өз бағасы 425 теңге тұрады, халықты картамен толық қамтамасыз еткенше шығынға жұмыс істеген. Бүгінгі таңға дейін 2 млн 11 мың карта сатылыпты.

Brent маркалы мұнайдың 1 баррелінің бағасы 85 долларға өсті

Мұнай бағасының бұлайша шарықтауы соңғы рет 2014 жылы тіркелген. Мұнай бағасы өскен соң бүгін биржада доллар бағамы түсе бастады. KASE-тің таңертеңгілік сессиясында АҚШ валютасы 359,44 теңгеге бағаланды.

Бұдан басқа біздің интернет порталда бүгін "Бозымбаев мұнай бағасына болжам жасады", "ҚР Білім министрлігі "жоғалған 12 мектеп" туралы ақпаратқа жауап берді", "Бес жас әнші Батырхан Шүкенов атындағы стипендия иесі атанды" тақырыптарда ақпараттар жазылды. Толығырақ informburo.kz жаңалықтарынан оқи аласыз.

Қазақстандық БАҚ не жазды?

Бүгін 10 млн халықтың электрондық денсаулық паспорты бар. 2020 жылға қарай халықтың 100 пайызында болады. Қазақстандықтардың электронды денсаулық паспортына толықтай көшсе азаматтың денсаулығы туралы объективті деректерге толық қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов осылай айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысын дамыту жөніндегі кеңесінде министрлер мен үкімет мүшелеріне, компания басшыларына Түркістан қаласына бір-бір нысан салу жөнінде тапсырма берді деп хабарлайды Вaq.kz . BI Group компаниясы Қазақ хандары мен билерінің, батырларының орталығын, "Хайвилл Қазақстан" тұрғын үй кешенін, "Қазақстан теміржолы" жастар сарайын , "KEGOC" Қожа Аxмет Ясауидің шағын музейін салып береді.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматы дəріханаларында психотроптық заттардың рецептсіз сатылуына қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды Baq.kz."Жағдай бойынша тексеру жүргіздік. Факті расталды. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап дәрі-дәрмектің шекті бағасы белгіленеді. Дәріхана қызметтерін бақылау механизмі күшейтіледі. Препараттарды рецептісіз сатуға тыйым салу мәселесі де бар. Қазір ақпараттық жүйе әзірленіп жатыр" деді министр.
Серіктестер жаңалықтары