Қазақстанда ерлер зейнетке 63 жастан шығады. 2018 жылдан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы біртіндеп 6 айға ұлғая береді. Қазір олар зейнетке 59 жастан шығып жатыр.
Мамандар зейнетке шығуға алдын ала дайындалуға кеңес береді. Халыққа қызмет көрсету орталықтарына тапсырғанға дейін құжатты жарты жыл, тіпті одан көп уақыт бұрын дайындап қою керек. Біз құжатты қалай дайындау керектігін, қайда жүгіну керектігін, сондай-ақ төлемдерді есептеп, төлеудің тәртібі туралы нұсқама әзірледік.
№1. Зейнетақы неден құралады?
Қазақстанда зейнетақының үш түрі бар:
- Базалық;
- Ынтымақтас (еңбек);
- Жинақтаушы.
Базалық зейнетақы: 2018 жылдың 1-ші шілдесінен бастап еңбек өтілі мен ең төменгі күн көріс деңгейіне қарай есептелінеді (Ең төменгі күнкөріс деңгейі 2019 жылы = 29 698 теңге). Мәселен, кімнің еңбек өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, базалық зейнетақысы 0,54 төменгі күнкөріс деңгейін құрайды = 16 037 теңге. Әрбір бір жылғы еңбек тәжірибесіне 0,02 төменгі күнкөріс деңгейі қосылады. 20 жылдық еңбек өтілі бар адамның базалық зейнетақысы 0,74 төменгі күнкөріс деңгейін құрайды = 21 977 теңге. 33 жылдан жоғары еңбек өтілі барларға – 1 төменгі күнкөріс деңгейі = 29 698 теңге. Оны ортақ немесе жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан-қатыспағанына қарамастан бәрі алады. Яғни зейнетақы жасына жеткен азаматтарға мемлекет тарапынан төленетін міндетті әлеуметтік көмек.
Ынтымақтас (еңбек) зейнетақысы: 1998 жылға дейін жұмыс істеген, сол уақықа дейін кем дегенде 6 ай еңбек өтілін жинақтағандарға төленеді. 1995 жылдың 1 қаңтарынан бастап кез келген үш жылдың орташа айлық еңбек ақысы мен 1998 жылға дейінгі еңбек тәжірибесі есепке алынады. Бұл зейнетақыны толық алу үшін еңбек өтілі ерлерде 25 жылдан кем емес, әйелдерде 20 жылдан кем болмауы тиіс. 2040 жылға қарай ынтымақтас зейнетақы беріліп бітеді, өйткені ол кезде зейнетке шығатындардың 1988 жылға дейінгі еңбек тәжірибесі болмайды.
Жинақтаушы зейнетақы кәсіби және ерікті түрдегі міндетті жарналардан құралады. Қаражат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) түседі, оның филиалдары елдің барлық аймағында бар (Мекен-жайлары мына жерде). 2040 жылдан соң зейнетке шыққандар базалық және жинақтаушы зейнетақыларын алады.
Сіз сондай-ақ өзіңіздің болашақтағы зейнетақыңызды есептеуге калькуляторды пайдалана аласыз.
№2. Құжаттарды рәсімдеу үшін қайда бару керек?
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына өтініш беру керек. Бұл – жергілікті жерлердегі Халыққа қызмет көрсету орталықтары. Оның өңірлердегі бөлімдерінің мекен-жайлары мына жерде.
Өтінішті сондай-ақ, электронды үкіметтің egov.kz онлайн-порталы арқылы беруге болады. Ол үшін электронды сандық қолтаңба болу керек (ЭСҚ). Мұны қалай істеуге болатыны және порталдың басқа да қызметтерін пайдалану туралы нұсқаулықтан оқыңыз.
Порталға тіркеліп, авторландырғаннан кейін"Азаматтарға" арналған қызметтердің ішінен "Әлеуметтік қамсыздандыру" – "Мемлекеттік базалық зейнетақыны тағайындау" – "Қызметке онлайн тапсырыс беру" басу керек. Өтінішті толтырып, қол қою ЭСҚ арқылы жүзеге асырылады. Порталдан өтініміңіздің статусын бақылап отыруға болады (мақұлдағанын немесе қызмет көрсетуден бас тартқанын).
№3. Зейнетақы рәсімдеуге қандай құжаттар қажет:
- Жеке басын куәландыратын құжат;
- Мекен-жай анықтамасы;
- Банк шотының нөмірі;
- Жұмыс орнынан табысы туралы және міндетті зейнетақы жарналары туралы анықтамалар;
- Еңбек кітапшасы;
- Білімі туралы диплом;
- Әскери билет (Қорғаныс ісі жөніндегі жергілікті басқармадан алынады);
- Неке туралы куәлік (егер тегі әр түрлі болса әйелі мен балаларының құжаттары қоса беріледі);
- Балалардың туу туралы куәліктері.
Егер еңбек өтілін растайтын құжат болмаса, мұрағаттық анықтаманы мен сот шешімін ұсынуға болады, толығырақ №4 кәртішкеде жазылған.
Егер туу туралы куәліктер болмаса, акт жазбасынан үзінді көшірме немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама ұсынуға болады.
Маңызды: Халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандарының тізімде көрсетілмеген құжаттарды талап етуге құқы жоқ.
№4. Егер еңбек кітапшам жоқ болса не істеймін?
Мұрағаттық анықтаманы немесе сот шешімін ұсынуыңыз керек. Мұрағаттық анықтаманы жұмыс орнынан сұрауға тура келеді. Егер кәсіпорын жойылып кеткен болса, қалалық мұрағат бөліміне жүгіну қажет. Компаниялар жабылатын кезде барлық құжаттарын сонда тапсырады.
Еңбек кітапшасы бар, бірақ онда жұмыс істеген жерлердің бәрі көрсетілмесе, еңбек өтіліңізді кәсіпорыннан анықтама әкеле отырып, дәлелдей аласыз. Еңбек кітапшасы жоқ болған жағдайда да осылай істеу керек.
Егер қалалық мұрағат бөлімінде қандайма бір себептермен қажетті құжаттар болмаса, сотқа жүгіну керек. Еңбек өтілін дәлелдеуге бұрынғы әріптестеріңіз куәгер бола алады (кем дегенде екеу болуы тиіс). Олар шын мәнінде сол компанияда жұмыс істегеніңізді дәлелдейді.
Еңбек өтілін дәлелдеуге сондай-ақ:
- Жұмыс берушімен жасалған еңбек келісім-шарты мен оны бұзу туралы негіздер;
- Келісім-шарт негізінде еңбек қатынастарының құрылғанын және бұзылғанын растайын жұмыс берушінің актілерінен үзінділер;
- Жұмысшыларға берілген жалақысының тізімдемесінен үзінділер;
- Жұмыс беруші қол қойған, ұйымның мөрімен куәландырылған (бар болса) қызмет тізімі (жұмыс, жұмысшының еқызметі туралы сипаттамалар тізбесі);
- Аударылған зейнетақы жарналары туралы БЖЗҚ-дан үзінді көшірмелері;
- Жүргізілген әлеуметтік аударымдар турады Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының мәліметтері.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарының еңбек кітапшаларынан мүлдем бас тартатын мерзімі әзірге белгісіз.
№5. Құжаттарымды тапсырдым, әрі қарай не болады?
Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Как правильно собрать документы для выхода на пенсию
№6.Ең төменгі зейнетақыны кім алады?
Мемлекеттің кепілдендірілген базалық зейнетақысының ең төменгі шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ы көлемінде тағайындалады (Төменгі күнкөріс деңгейі 2019 жылы = 29 698 теңге). Оны 0-ден 10 жылға дейін еңбек өтілі барлар ала алады (16 037 теңге). 10 жылдан көп еңбек өтілі болса, әр жылға 2% қосылады.
Егер 1998 жылға дейін жарты жылдан көп уақыт жұмыс істеген болсаңыз, сіз онда ең төменгі ынтымақтастық зейнетақысын да ала аласыз (2019 жылы – 36 108 теңге). Екі талапқа жауап беретін болсаңыз, зейнетақыңыздың көлемі 52 145 теңгені құрайды (16 037 + 36 108 теңге). Ешқашан жұмыс істемеген адам ынтымақтастық зейнетақысы ала алмайды.
2040 жылдан бастап Қазақстанда ынтымақтастық зейнетақысын алып тастауды жоспарлап отыр. Мұндай жағдайда тек 16 037 теңгелік базалық зейнетақы қалады. Алайда ынтымақтастық пен базалық зейнетақының орнын ең төменгі кепілдендірілген зейнетақынымен алмастыру мәселесі де қарастырылып жатыр.
№7. Зейнетке кім ерте шыға алады?
1. Бес және одан да көп бала туған немесе асырап алған және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жастан зейнетке шыға алады.
Қосымша төмендегі құжаттар талап етіледі:
- Балалардың туу туралы куәліктері;
- Балалардың жеке куәліктері;
- Балалардың оқу орындарында оқығаны туралы құжат;
- Балалардың мекен-жай анықтамасы;
- Неке қию туралы немесе неке бұзу туралы куәлік;
- Балалардың қайтыс болғаны туралы куәлік (бар болған жағдайда);
- Бала асырап алу, тәрбиесіне алу туралы сот шешімі.
2. 1949-1963 жылдар аралығында Семей ядролық сынағы алаңында тұрған қазақстандықтар. Мұндай жағдайда ерлер 50 жастан, әйелдер 45 жастан зейнетке шығады.
Зейнетақыны тағайындау үшін 1949 жылдың 29 тамызынан 1963 жылдың 5 шілдесіне дейін 5 жыл ішінде радиациялық қауіпті және төтенше аймақта тұрғанын растайтын құжат ұсыну керек.
Шотында жеткілікті сомасы бар болса, өмірін сақтандыратын компаниялармен зейнетақы аннуитеті туралы келісім-шартқа отырған азаматтар да мерзімінен бұрын зейнетке (50 жаста) шыға алады. 2019 жылы әйелдерге бұл сома 13 млн 296 мың теңгені, ерлерге 9 млн 710 мың теңге болып белгіленді.
№8. Егер мен шетелдік болсам немесе ҚР азаматтығым болмаса, зейнетақы ала аламын ба?
Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар ҚР азаматтарымен бірдей зейнетақы жүйесіне қатысуға құқылы.
Мәселен, сіз қазақстандық компания жалдап алған шетелдіксіз делік. Қазақстанда жұмыс істеп жатқанда жұмыс беруші сізге басқа да қызметкерлермен бірге зейнетақы жарнасын аударады. Қазақстаннан кеткен жағдайда сіз жинақталған соманы алып кете аласыз. Оны құжаттарды қабылдағаннан кейін 10 күн ішінде төлеу керек. Қазақстандықтар сияқты зейнетақыны әр ай сайын алып тұру мүмкін емес. Азаматтығы жоқтарға да солай.
Сізге Халыққа қызмет көрсету орталықтарының көші-қон қызметіне жүгініп, шетелдік төлқұжатты көрсете отырып, арыз жазу керек. Шет тіліндегі барлық құжаттарды мемлекеттік немесе орыс тіліне аудару қажет. Азаматтығы жоқ тұлғаларға аттас куәлікті ұсыну керек. Толығырақ мына жерде.
№9. Егер БЖЗҚ-ның салымшысы қайтыс болса, жинақтарын кім алады?
Жеке зейнетақы шотындағы қаражат салымшының меншікті ақшалары болып саналады және ол қорда тіпті қайтыс болған жағдайда да мерзімсіз сақталады. Салымшы қайтыс болған жағдайда оның жинақтарын мұрагерлері ала алады. Толығырақ мына жерден оқуға болады.
№10.Азаматтығымды ауыстырып, шетелге көшкім келетін болса, не істеймін?
БЖЗҚ-дағы өз қаражатыңызды алып кетуге құқылысыз. Толығырақ мына жерден оқуға болады. Бастысы тұрақты тұруға көшу құжаттарын дұрыс рәсімдеу керек. Бұл әлемнің түкпір-түкпіріне көшетіндердің бәріне қатысты.
Барлық сұрақтар бойынша"Азамттарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының 1411 бірыңғай байланыс нөміріне қоңырау шалуға болады (Сенбі, жексенбі және мереке күндерінен басқа күндері күн сайын сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін. Қоңырау шалу тегін).
Авторы Зарина Жақыпова.
Аударған Мәншүк Шапхатқызы.