Зейнетақы қорындағы қаражатының бір бөлігін алатын 3 cанатқа кімдер кіреді?
Министрдің айтуынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржысының бір бөлігін мына азаматтар ала алады:
- Зейнетақы қорында жинағы бар, жұмыс істеп жүрген азаматтар (жинағы жеткілікті мөлшер шегінен асқан жағдайда). Қазір Қазақстанда мұндай 529,7 мың азамат бар. Зейнетақы қорында жиналған қаражаттың негізгі мақсаты – азаматтарды зейнет жасына жеткен кезде қаржымен қамтамасыз ету. Сол себепті, зейнетақы қорындағы жинақты түгелімен алуға болмайды, қаржының бір бөлігі міндетті түрде қорда қалуы тиіс.
- БЖЗҚ-да жинағы бар, зейнет жасына жеткен кісілер қордағы қаражатының 50 пайызына дейін пайдалана алады. Қазір Қазақстанда 178,4 мың зейнеткердің жинағын пайдалануға мүмкіндігі бар. Бұл санатқа құқық қорғау саласының зейнеткерлері де кіреді. Бұл санаттағы азаматтардың мемлекеттен алып отырған зейнетақысы, базалық зейнетақы және БЖЗҚ алып отырған төлемдерді қосқан кезде оның зейнетке шыққан кездегі табысының кемінде 40 пайызынан төмен болмауы керек. Қазір Қазақстанда бұл көрсеткіш 63 пайызға жетіп отыр.
- Зейнетақылық аннуитетті рәсімдеген және сақтандыру қорына аударғаннан кейін БЖЗҚ-да жинағы қалған азаматтар (шамамен 13,3 мың адам).
"Осылайша, қазіргі уақытта 721 мың азамат зейнетақы қорындағы жинағының бір бөлігін мақсатты түрде пайдалана алады", – деді Біржан Нұрымбетов.
Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын кімдер мерзімінен бұрын ала алады? Үкімет пен Ұлттық банк ұсыныстары қандай?
Жеткілікті мөлшер шегі қалай есептеледі?
Министрдің сөзінше, бұл – азамат зейнет жасына дейін жарналарды тұрақты түрде кемінде ең төменгі жалақы мөлшерінде аударып отырған жағдайда, зейнетке шыққаннан кейін 82 жасқа дейін кемінде ең төменгі зейнетақы мөлшерін алуға мүмкіндік беретін сома.
Жеткілікті мөлшер шегінің негізгі сипаттамасы:
- ерлер мен әйелдерге көрсеткіш бірдей белгіленген;
- жеткілікті мөлшер шегі жыл сайын есептеліп отырады (кіріс көлемі, инфляция деңгейі және ең төменгі төлем мөлшеріне қарай);
- жеткілікті мөлшер шегі әр жасқа бөлек белгіленеді (20 жастан бастап).
Алдын-ала болжам бойынша, зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін пайдалану үшін:
- 30 жастағы азаматтың шотында – 2 518 000 теңге
- 35 жастағы азаматтың шотында – 2 961 000 теңге
- 40 жастағы азаматтың шотында – 3 437 000 теңге
- 45 жастағы азаматтың шотында – 3 947 000 теңге
- 50 жастағы азаматтың шотында – 4 495 000 теңге
- 55 жастағы азаматтың шотында – 5 084 000 теңге
- 59 жастағы азаматтың шотында – 5 586 000 теңге болуы тиіс.
"Еліміздегі орташа жалақы көлемінде табыс тауып жүрген, тұрақты жұмысы бар азаматтардың жеткілікті мөлшер шегіне жететін қаражатты жинауға толық мүмкіндігі бар",– деді министр.
Сондай-ақ, аталған азаматтар жинақтан алған қаражатты өзі, жұбайы және жақын туыстарына баспана алуға не ем-домға жұмсауға пайдалана алады. Заңнама бойынша, жақын туыстар қатарына ата-әжесі, ата-анасы, балалары, немерелері және бауырлары жатады. Министрлік отбасын мүшелерінің қаражатын мақсатты түрде пайдалану үшін біріктіру мүмкіндігін де қарастырмақшы.
Оқи отырыңыз: Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы"Барлық талаптарға сәйкес келген жағдайда азаматтардың зейнетақы қорындағы жинағынан бірнеше рет қаражат алу мүмкіндігі бар", – деді Біржан Нұрымбетов.
Зейнетақы қорынан алған қаражатқа қандай тұрғын үй алуға болады?
Министрдің айтуынша, қордағы жинақтан алған қаражатты
- жер учаскесін сатып алуға;
- қайталама нарықтан үй алуға;
- ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру немесе өтеуге (кез келген екінші деңгейлі банкте, кез келген бағдарлама бойынша);
- тұрғын үй салу, жөндеу немесе кеңейтуге жұмсауға болады.
Тұрғын үйге қатысты бір ғана шектеу қарастырылуы мүмкін: зейнетақы қорынан алынған қаржыға сатып алынған үйді 5 жыл ішінде қайтадан сатып жіберуге болмайды.
Зейнетақы қорындағы қаражатты тұрғын үй мәселелерін шешуге жұмсау процесін қадағалайтын уәкілетті оператор Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ("Отбасы" банкі) болмақшы. Ал, қандай құжаттар тапсыру керектігі туралы ережелерді Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі белгілейді.
Оқи отырыңыз: "Нұрлы жер" бағдарламасы мен зейнетақы жинақтары. Баспана мәселесі қалай шешіледі?
Зейнетақы қорынан алған қаражатты емделуге жұмсаудың тәртібі қандай?
Осы мәселені қадағалау мақсатында денсаулық сақтау басқармалары жанынан арнайы комиссиялар құрылады деп болжанып отыр. Олар ем-дом қажеттілігін айқындайды. Азаматтар емделетін клиниканы таңдаған соң, өзінің өтінішін уәкілетті операторға тапсырады. Ал, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті операторды алдағы уақытта Үкімет белгілейді. Жалпы, зейнетақы жинағын емделуге жарату тәртібін, қағидаларын Денсаулық сақтау министрлігі айқындайды.
Оқи отырыңыз: Еңбекақыдан жеке табыс салығын төлемеу үшін не істеу керек?
Зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігі басқа қаржылық компанияларға қалай ауыстырылады?
Салымшы өзінің БЖЗҚ-дағы зейнетақы қорын басқару үшін басқа қаржылық компанияларға ауыстыру үшін зейнетақы қорына өтініш беруі тиіс. Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындайды.
Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілері жыл соңына дейін қабылданады. Ал, жоғарыда аталған санаттарға кіретін азаматтар зейнетақы қорындағы жинағының бір бөлігін 2021 жылдан бастап мақсатты пайдалану мүмкіндігіне ие болады.