Тікелей эфир

Соңғы көрсеткіштер бойынша Өзбекстан халқы 32,6 миллионға жетті

Сурет theweek.uz сайтынан алынды
Сурет theweek.uz сайтынан алынды
Бұл туралы Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік Статистика комитеті жариялады. Осылайша олар халық саны бойынша Орталық Азия мемлекеттерінің көшін бастап тұр.

тәуелсіздік алған тұста Өзбекстан халқының саны 20 миллионның айналасында болса, бүгінге дейін 55,9%-ға артқан. Ал есеп бойынша 2050 жылы 40 миллионнан асады.

Халықтың ұдайы өсіміне мемлекеттің экономикалық жағдайы ғана емес, ұлттық құндылықтары, отбасы беріктігі, тұрғындардың әлеуметтік ахуалы да оң әсер ететіндігі белгілі. Осы тұста, өзбектердің салт-дәстүрге беріктігін айрықша айта кету қажет.

БҰҰ Орталық Азиядағы демографиялық ахуалға қандай баға берді? Өзбек ұлтының отбасы құндылықтары нені насихаттайды? Бүгінгі әңгімеміз осы тұрғысында.

Халықтың табиғи қозғалысы қандай?

Табиғи өсім – белгілі бір уақыт аралығында туылғандар мен қайтыс болғандардың айырмасы. Осыны ескеретін болсақ, көрші елдің көрсеткіштері бүгінге дейін оң өсімді көрсетіп келеді екен.

Мәселен, 1991 жылы Өзбекстанда 723,4 мың бала туылып, 130,3 мың адам қайтыс болыпты. Нәтижесінде халықтың табиғи өсімі 593,1 мың болған.

Бұл көрсеткіштердің ширек ғасырда аса үлкен өзгеріске ұшырамағандығына былтырғы деректер дәлел. Атап айтар болсақ, елдегі туылғандардың жалпы саны 715,5 мың.

Дегенмен о дүниелік болғандардың саны тәуелсіздік жылдарымен салыстырғанда біршама өскендігін аңғаруға болады. Соңғы статистикада 161,5 мың адамның қайтыс болғандығы көрсетілген. Яғни, халықтың табиғи өсімі 533,4 мыңды құрап отыр.

Осы тұста ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің жариялаған соңғы деректеріне де тоқталуды жөн санадық. Көрсеткіштер бойынша біздің елдегі халықтың табиғи өсімі 239,8 мың болған. Салыстырар болсақ, Өзбекстан халқы соңғы бір жылда 1,7%-ға артқан. Қазақстанның көрсеткіштері біршама төмен – 1,3% шамасында.

Өзбекстан халқы 5,2 жасқа қартайған

Дегенмен көрші халықтың ұлттық құрамының көрсеткіштері 1991 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріске ұшыраған.

Мәселен, тәуесіздік алған тұста, елдегі өзбектердің үлесі 72,8%-ды құраған болса, соңғы жылдары бұл көрсеткіш 83,8%-ға дейін артыпты. Қазіргі таңда көрші елдегі ірі этностардың қатарына тәжіктер, қазақтар, орыстар, қарақалпақтар жатады.

Соңғы деректер бойынша, қала халқының үлесі 50,6%-ға жеткен. Елдегі ірі қалалардың қатарына Ташкент, Самарқанд, Әндіжан, Ферғана жатады. Бүгінде ел астанасы тұрғындарының саны 2,5 миллионға жуықтаған.

Өзбекстан халқының жас құрамына келсек, балалар мен жасөспірімдер – 27,1%, ересектер – 60,5%, егде жастағылар – 9,4%-ды құрап отыр.

Айта кетерлігі, мұнда да әлемдегі үрдістей егде жастағылардың үлесі жыл сайын артып келеді екен. Тәуелсіздік тұсында орташа жас – 23,3 жасты құраса, соңғы жылдары 28,5 жасқа дейін көтерілген.

Ал әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы – 76,2 жасты, ерлерде – 71,4 жасты құрайды. Орташа көрсеткіш – 73,8 жас болып отыр. Қазақстан халқының орташа өмір ұзақтығы – қазіргі таңда 72,3 жасқа ғана жетті.

Өзбекстан экономикасында да оң өзгерістер байқалуда

Өткен жылы көрші елдің экономикалық және саяси өмірінде біршама өзгерістер болды. Ел президенті Шавкат Мирзиёев билікке келгеннен бастап, ішкі саясаттағы басты бағыттардың бірі ретінде экономиканы либерализациялауды қолға алды. Нәтиже де жоқ емес. Былтырғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Өзбекстанның жалпы ішкі өнімі 20,86 млрд доллар көлемінде болды. Бұл көрсеткішті 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, 5,3%-ға артқандығын көруге болады.

Өсім байқалған басты салалардың қатарына ауыл шаруашылығы, құрылыс, орман және балық шаруашылығы, сауда, өндіріс жатады.

Өзбекстан соңғы жылдары экономика саласындағы реформаларды жоғары деңгейде жүзеге асырғандығының арқасында қарқынды түрде дамып келе жатқан елдердің қатарына енді. Осы тұста, былтырғы жылы Қазақстан мен Өзбекстанның тауар айналымы 2 млрд долларға жуықтағанын айта кету қажет.

Өзбекстан АҚШ-тың The Heritage Foundation фонды тарапынан жыл сайын жарияланатын Жаһандық Экономикалық еркіндік индексінің қорытындысы бойынша 186 елдің ішінде 152-ші орынға лайықты деп табылған. Дегенмен экономикасындағы оң өзгерістер жақын жылдарда Өзбекстанды жаңа деңгейге көтеретінін көрсетті.

Өзбекстанда отбасылар сирек ажырасады

Елдің демографиялық ахуалына неке мен ажырасу санының да әсер ететіні белгілі. Некені былай қойғанда, ажырасудың жоғары болуы көптеген елдерде басты мәселеге айналып отыр. Отбасындағы түсініспеушілік, ұрыс-керіс, оның үстіне мансап қуған әйелдердің көбеюі ахуалды қиындатып жатыр.

Көптеген елдер, соның ішінде Қазақстан да бар, осы мәселені шешуде түрлі бастамаларды қолға алды. Дегенмен ажырасу санының артуы тоқтар емес. Ал ала шапанды ағайынның жағдайы бізбен салыстырғанда әлдеқайда жақсы.

Сандарды сөйлетіп көрейік. Өзбекстанда соңғы мәліметтер бойынша, бір жылда тіркелген неке саны – 306 мыңды құраған. Ал ажырасу – 31,9 мың шамасында екен. Ел тәуелсіздігі тұсындағы көрсеткіштермен салыстырсақ, неке саны 35,7 мыңға артса, ажырасу 1400-ге кеміген.

Қос елдің көрсеткіштеріне тоқталсақ, бұл тұрғыдан қарағанда, Қазақстанда жағдай қүрделі. Өзбекстан халқының саны бізден әлдеқайда жоғары болғандықтан, неке саны бойынша үлкен айырмашылықтың жоқ екендігі белгілі. Әйтсе де, ажырасу саны бойынша әлдеқайда артта келе жатырмыз.

Мысалы, 2016 жылы елімізде 141,7 мың неке тіркеліпті. Ал ажырасу саны 54,9 мыңнан асып жығылған. Демек, жыл сайынғы ажырасу саны тіркелетін некенің үштен бірін құрап отыр.

Сөйтіп, небәрі 18 миллион халқы бар біздің елдегі ажырасу саны 31 миллион тұрғыны бар Өзбекстанның көрсеткішінен 1,72 есеге жоғары болып отыр.

"Өзбек ұлты отбасы құндылықтарына айрықша назар аударады"

Отбасының шаңырағы шайқалмай, берік болуына сол елдегі қоғамдық көзқарас ерекше әсер етеді. Қыздың ар-ұяты мен жігіттің намысы, жауапкершілігі – отбасы тұтастығын сақтайтын басты көрсеткіш. Ал батыстық идеологияның санаға мықтап сіңуі ер мен әйел арасындағы қатынасты күрделендіріп жібергені жасырын емес.


"Астана қаласының Өзбек этномәдени орталығы" қоғамдық бірлестігің төрағасы Пулатов Шерзод Аббозович

"Астана қаласының Өзбек этномәдени орталығы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шерзод Пулатов / Сурет жеке мұрағаттан алынды


"Астана қаласының Өзбек этномәдени орталығы" қоғамдық бірлестігі Қазақстандағы Өзбекстан Республикасы елшілігімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Оның төрағасы Пулатов Шерзод Аббозович көрші елдегі отбасы институтының дамуын ұлттық құндылықтарымен байланыстырады:

– Отбасы – қоғамның ажырамас бөлігі. Шаңырақтағы тыныштыққа қарап, ұлттың мәдениетін, тәрбиесін білуге болады деп есептеймін. Өзбек ұлты отбасы құндылықтарына айрықша назар аударады. Мәселен, қарапайым ғана келіннің шәй ұсынуын алайық. Әрбір келін қонаққа яки отбасы мүшелеріне бір қолын жүрегіне қойып, шәй ұсынып жатады. Мұның өзі – өзбек ұлтында келіннің сыпайылығын, ұятын, ибасын көрсететін басты тәсілдердің бірі болып табылады. Меніңше, мұның астарында қонаққа деген зор құрмет те жатыр. Осындай қарапайым салт-дәстүрлер қыз балаға тұрмысқа шықпас бұрын, отбасының өзіндік жауапкершіліктерінің бар екендігін ұғындыра түседі, – дейді ол.

"Қыздың ар-ұятына өзі ғана емес, бүкіл әулеті жауап береді"

Өзбек ұлтының келін таңдаудағы ұстанымы Әмір Темірдің "Ұрпағыма ақылды, парасатты, ибалы келін таңдауды салтанат, саясат жұмыстарымен бірдей көрдім" деген ұлағатты сөзімен үндес келеді деуге болады. Сондықтан әрбір отбасы келін түсірмес бұрын, құда тараптың тегі, адамгершілігі, ел ішінде тараған игі істері жайлы сұрастырады.

Әсіресе әулет әйелдерінің тәрбие ісіне ерекше мән береді. Себебі парасатты, ибалы, қолы шебер аналары бар отбасында тыныштық, бақ-береке орнап, балалары жақсы тәрбие алады деп есептеледі. "Анасын көріп, қызын ал" деген сөз де осыдан шыққан. Сондықтан қыздың ар-ұятына өзі ғана емес, бүкіл әулеті жауап береді.


"Келін сәлем" дәстүрі

"Келін сәлем" дәстүрі / Сурет lolakarimova.com сайтынан алынды


Осы тұста өзбек мәдениетіндегі үйлену тойына байланысты өткізілетін салт-дәстүрлерді де айта кету қажет. Мәселен, тойдан бұрын "Келін танысу", "Пәтір сындыру" салт-дәстүрлері өткізілсе, үйлену тойында "Жар-жар", "Келін сәлем" сынды әдет-ғұрыптар болады. Жаңа түскен келін шымылдыққа кірген сәттен бастап орамал тағады.

Дәстүрлер легі мұнымен тоқтамайды. Тойдан кейін "Чаллари", жас жұбайлардың шілде күні біткенде "Шымылдық шешу" салт-дәстүрлері өткізіледі. Мұның барлығының өзіндік мағынасы бар.

Әрбір әдет-ғұрыптың өткізілуі жас жұбайларға отбасының құндылығын, шаңырақтың қасиетін ұқтыра түседі. Өзбек қызының қоғамдағы абыройы ар-ұятымен, тәрбиесімен өлшенетіндігі де сондықтан.

"Махалля" ұғымы туралы не білеміз?

"Аталар сөзі – ақылдың кені" деген ұлағатты сөздің қоғамдағы көрінісін көрші елдегі махалля құрылымынан көруге болады.

Махалля – көнеден келе жатқан тәрбие ошағы десек те болады. Бұл дегеніңіз – белгілі бір аумақтағы отбасылардың тұрмыстық мәселелерін шешу міндетін мойнына алған ақсақалдардан тұратын құрам.

"Бір қызға жеті махалля жауапты", "Көршің тыныш болса – үйің тыныш" деген сынды мақалдарды махалляның негізгі ұстанымы ретінде есептеуге болады. Ауыл-аймаққа аты белгілі ақсақалдар әрбір үйді аралап, ақыл-кеңесін айтып отырады.

Өзбек отбасылары қартқа қазынасы ретінде қарап, құрметтеп, сөзін жерге тастамайды. Ақсақалдардың берген тәлімі, бағдары – еңбектеген баладан бастап, биліктегі басшыларға дейін өмірлік азық бола алады деп есептеймін. Сондықтан өзбек ұлтында шаңырақтың шайқалуы сирек кездеседі, – дейді Шерзод Пулатов.


Ақсақалдар жиыны

Ақсақалдар жиыны / Сурет 1news.uz сайтынан алынды


Тағы бір айта кетерлігі, ақсақалдар салт-дәстүрлердің сақталуын қадағалап отырады. Әсіресе бала тәрбиесіне баса назар аударады.

Бүгінгі өскелең ұрпақ – ертеңгі елдің болашағы екендігі айтпаса да белгілі ғой. Сондықтан әрбір бүлдіршін жеті атасын білуі шарт. Оны әкесі жаттатады. Тіпті жеті атасына қатысты тарихи оқиғаларды айтып беріп, артынан ерген ұрпағын бабаларының бейітіне алып барады.

Аталарының есімін балаларына қайталап қою да жиі кездеседі. Бұл, өзіндік тұрғыда, ата-бабасының есімінің ұмытылмауына әкеледі. Әрі өз тарихын біліп өскен ұрпақ елдің ертеңіне қызмет етіп, болашағының жарқын болуы жолында еңбектенеді.

Ала шапанды ағайынның дәстүрге беріктігінің арқасында шетте жүрген әрбір өзбек ел экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосып жатыр. Осы тұста, былтырғы жылы Ресейдің ең бай адамдарының қатарына кіретін миллиардер, ұлты өзбек – Алишер Усмановтың бар жиғанын Өзбекстан экономикасына салатындығы жайындағы мәлімдемесі еске түседі.

Мұның өзі Шерзод Пулатовтың жоғарыдағы пікірін қуаттайды. Рас, дәстүрдің озығы мен тозығы қатар жүреді, бірақ заман ағымына бейімдеп, қайта түлеткен ұстанымдардың нәтижесін көрші халық көрсетіп отыр.

Махалляның дамыған формасы бізде де болған

Ала шапанды ағайынның отбасы мәселелерін шешуде жетекші рөл атқарып жатқан махалля қызметінің дамыған формасы біздің өткенімізде де кездеседі. Тарихты тінтіп қарасақ, хандық дәуірден бастау алған ақсақалдардың қызметі ұсақ-түйек түйткілдердің түйінін ағытуды былай қойғанда, ел мен елді бітістіру, ру арасындағы қайшылықтарды шешу сынды маңызды мәселелерде көрініс тауып жатқан.

Байқасаңыз, қазіргі уақытта демократиялық ұстанымдарды ту етіп отырған қарт құрлықтың өзі құлдық дәуірден бастап айыптыны жазалау үшін абақты тұрғызған. Ал қазақтың арғы-бергі тарихында телі-тентегін сөз құдыретімен тезге салған ақсақалдардың қызметі зындан мен түрмеге қажеттілік тудырмады. Дауласқан қос тараптың сөзіне құлақ асып, бітістіре білген ақсақалдарды ел құрметтеген, сөзін жерге тастамаған. Әрине, мұның өзі оларға үлкен жауапкершілік артқандығы белгілі. Қарияның барлығы ақсақал атына лайық болуға тырысты.

ХІХ ғасырдың басына дейін ең төменгі бұқаралық билікті уысында ұстап, ауыл-аймақтың тыныштығына жауап берген ақсақалдардың беделі патшалы Ресейдің отарлау кезеңінен бастап төмендей берді. Аймақтарды басқарудағы жаңа құрылымдардың қолданысқа енуі бірте-бірте оларға артылар жауапкершілікті төмендетті. Ел тәуелсіздігі тұсында да аталмыш бұл жайтты ешкім ескермеді. Сондықтан ауыл-аймақты аузына қаратып, даналық пен ақылдың кені саналған ақсақалдардың бүгінгі кей буыны қариялықтан аса алмай жүр. Алжығандық та айыпталып, қарттар үйінің есігін жағалағандардың саны да артып келеді.

Қазіргі әлемдік ахуал мен ел ішіндегі оқиғалар қазақ қоғамына ақсақалдар қызметінің қажеттігін ұқтырып отыр. Дін мен тіл, дәстүр мен тәрбие сынды өзекті мәселелерді шешудегі басты бағыттың бірі – ақсақалдың абыройын арттырып, беделін биіктету арқылы тарихтағы қызметін қайта тіктеу.

Тарихтың да айтары бар...

Архивті ақтарып қарасақ, өткен ғасырдың екінші жартысында халық саны бойынша Орталық Азия мемлекеттерінің көшін Қазақстан бастаған екен. 1959 жылғы статистикаға сүйенсек, республикамыздың халқы тоғыз миллионнан асып жығылыпты. Ал сол жылы көрші мемлекеттің тұрғындарының саны 8,1 миллион шамасында болған.

Дегенмен Қазақстан халқының өзге халықтардың тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңі мен өнеркәсіп нысандарын қарқынды салу жылдарында көп мөлшерде көшіп келуімен артқандығын да ескеру қажет.

1960 жылдардан бастап Қазақстанға шеттен көшіп келушілердің саны біршама кеміген. Сондықтан 1979 жылғы көрсеткіштерде Өзбекстанның халқы 15,3 миллионға жетіп, халық саны бойынша Орталық Азия мемлекеттерінің арасында көшбасшылықты қолға алады. Ал Қазақстан 14,6 миллион тұрғынымен екінші орынға жайғасқан.

1980 жылдардың екінші жартысы мен тәуелсіздік жылдарында Қазақстанды мекендеген өзге ұлт өкілдерінің атажұртына үдере көшуі – Қазақстанның демографиялық ахуалына кері әсер етсе, ала шапанды ағайынның саны қарқынды түрде өскен.

2050 жылы өзбекстандықтар Орталық Азия халқының 43,3%-ын құрайды

БҰҰ соңғы мәліметтеріне сүйенсек, көрші елдің халық саны 2050 жылы 40,9 миллионның шамасында болады екен. Осылайша өзбекстандықтар Орталық Азиядағы 5 мемлекетте өмір сүретін халықтың 43,3%-ын құрайды. Ал Қазақстанның бүгінгі демографиялық ахуалын сараптаған мамандар аталмыш кезеңде халықтың жалпы саны – 22,9 миллионның шамасында болатындығын болжап отыр.

Сонымен қатар аталмыш мәлімдемеде XXI ғасырдың екінші жартысында Өзбекстандағы демографиялық өсімнің тоқтайтындығы айтылған. Ал Қазақстан халқының жалпы өсімі төмендегенімен, 2100 жылға қарай 25 миллионнан асатындығы болжанған. Қорыта келгенде, БҰҰ болжамдары Қазақстанның халық саны бойынша Өзбекстанды жақын арада басып оза алмайтындығын көрсетіп отыр.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары