Тікелей эфир

Заманауи технология биігінен қарасақ Қазақстанда егіншілік "ат арба" кезеңінде қалып қойған

agro2b.ru сайтынан алынды
agro2b.ru сайтынан алынды
Еліміздегі үздік деген шаруашылық алқаптарындағы топырақтың құнары азайған. Олардың 77 пайызында азот, 88 пайызында фосфор, 50 пайызында гумус жетіспейді.

"Құнарына мән бермесек, келешекте өңделетін жерден айырылып қалуымыз мүмкін" деп ғалымдар дабыл қағып отыр.

Ескі технология – ысырап

Шаруалар топырақты байыту үшін тыңайтқыштарды қолданбайды. Қалтасы таяз, ал мемлекеттен бөлінетін қаржы тыңайтқышқа жетпейді. Мысалы, топырақтың құнарсыздығынан, "Сев-Каз Бидай" ЖШС бидайының сапасы төртінші сұрыпқа түсіп кеткен. Басқа өнімге қатысты жағдай да осындай.

Оның үстіне ескі технология қолданылады. Ол – жатқан ысырап. Арамшөп, зиянкестермен күресу үшін улы пестицидтер жаппай себіледі. Мүлдем шөп шықпайтын жерге дән егіледі. Дамыған елдерден алып келген техникаларды игеріп кететін маман тапшы.

Енді не істеу керек? Неден бастау керек? Осы мәселелер С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде еліміздің ғалымдары мен Германия мамандарымен бірлескен аграрлық форумда талқыланды.

Германия цифрландырудың екінші сатысын қарастырып жатыр

Ал, қазіргі ауыл шаруашылығы технологияларының дамуын алып қарасақ, Қазақстан әлі "ат арбамен" жүргендей.

Мысалы, Германия – цифрландыру бойынша әлемдегі көшбасшы мемлекеттің бірі. Олар қазір ауыл шаруашылығы жерін өңдеуде цифрлы технологияны қолданады. Белоруссия да ауылшаруашылық техникаларының көпшілігін Германиядан әкеліп жатыр. Олар жер қыртысының, ауа-райының жағдайына қарай жұмыс істеуге бейімделген.


Біздің ел механикаландыру сатысынан көтерілу үшін автоматтандыруға көшу керек

Қазақстан механикаланған сатыдан автоматтандыруға көшуі керек / Техника ғылымдарының докторы Йоахим Штигеманнің жеке мұрағатынан алынды


Германияның "BMEL" сандық жүйеге көшіру бөлімінің жетекшісі, техника ғылымдарының докторы Бернхард Полтеннің айтуынша, ауылшаруашылығындағы өндірістік төңкеріс төрт сатыдан тұрады.

Мысалы, механикаландырылғанда трактор атты ауыстырды. Ал автоматтандырылғанда, тіпті тыңайтқышпен өңдеуге заманауи техника қолданылды.

Төртінші сатысы – IOT (Internet of Things) өнімдері мен қызметін пайдалану. Ол арқылы жоғары дәлдікпен бар шаруаны роботты техника атқара алады. Жұмыстың барлық кезеңі толыққанды автоматты түрде басқарылады. Міне, осы желілік жүйеге өту – "цифрландыру" деп аталады. Германия осы төрт сатыдан өтіп, енді дамудың жаңа белесін қарастырып жатыр.



– Германияда егін басындағы көліктердің барлығында өзара байланыс бар, бір орталықтан басқарылады. Әрқайсысында GPS орнатылған. Қай жерде кетіп бара жатқанын, қанша уақытта, қай жерге жеткенін оп-оңай білуге болады. Космостан түсіріліп алынған кескіндеме арқылы жердің сапасы анықталады. Бұлардың бәрі ауыл тіршілігіне қанығып барып, шаруалармен ақылдаса отырып жүзеге асырылды, – дейді Бернхард Полтен.

Шаруашылықты басқару интернетке көшсе, біршама нәтижеге қол жеткізер еді

Интернеттің жылдамдығы жоғары болса, ауылда отырып-ақ кез келген ақпаратты алып, жіберіп отыруға болады. Ал күнделікті деректер мен дәйектерді тіркеп отырған дұрыс. Бұл сараптама жасау үшін керек.

Мысалы, таңғы бесте жаңбыр жауды делік. Сол сәтте тездетіп жауынның түрін анықтау керек. Себебі, жаңбыр да әртүрлі болады. Одан өнімнің де, топырақтың да құрамы өзгереді. Далада өскен қазақ та жаңбырдың түрін бөле білген.

Мысалы, ақ жаңбыр – бірқалыпта толассыз ұзақ жауатын жаңбыр.

Боз жаңбыр – жаңбырдың баяу, себелеп жауатын түрі.
Бұршақ – мұз күйінде түсетін кішкене домалақ түйіршік, атмосфералық жауын-шашын.
Бұршақ жаңбыр – атмосфералық су тамшыларының салқындықтан кішігірім бұршаққа айналып жаууы.
Қара жаңбыр – бұлт қап-қара болып торлап келіп, толассыз ұзақ жауатын күзгі қалың жаңбыр.
Қар аралас жаңбыр – алдымен жаңбыр болып жауып, күн суыта келе, арты қарға айналған жаңбыр.
Қарлы жаңбыр – ерте көктемдегі және күздегі қар аралас жауын.
Мұзақ – жаңбыр тамшыларының жерге мұз болып түсуі.
Нөсер – 1. Қатты жауатын, өткінші жаңбыр; 2. Будақ-жаңбырлы бұлттардан жауатын, қысқа мерзімді, бірақ өте карқынды, конвективтік сипаттағы (кейде бұршақ аралас жауатын) немесе дүлей желді жаңбыр.
Көк нөсер – көктемде, жазда қатты жауатын өткінші жаңбыр.
Өткінші жаңбыр – көшпелі ала бұлттанып, тез жауып өтетін жаңбыр.
Соқыр жауын – күн көзі шығып тұрғанда жауатын ұсақ тамшылы өткінші жаңбыр.
Сылбыр жаңбыр – желсіз күнгі жай жаңбыр.
Сіркіреме жаңбыр – өте ұсақ тамшы түрінде түсетін майда жауын.

Шаруа интернет арқылы бәрін бақылай алады...

– Бізде сараптамалық қосымшалар мен қолданбалы бағдарламалар ашық. Олар кез келген шаруашылықтың ерекшелігіне бейімдеуге ыңғайлы қылып жасалған. Шаруа өзіндегі мәліметтерді енгізсе болғаны. Осылай өз жеріндегі топырақтың ылғалдылығын, арамшөптің көп өскен жерін бақылап, қандай тыңайтқышты қолданатынын анықтауға болады.



Мысалы, арамшөппен күресу үшін арнайы мобильді қосымша бар. Сол арқылы жеріңіздің қай бөлігіне, қандай тыңайтқыш себу керектігіне дейін біле аласыз, – дейді доктор Бернхард Полтен.

Ал, Cemos қосымшасымен комбайнның ұңғыл-шұңғылын қарап, тексеруге болады. Балалардың сүйіп ойнайтын "Pokemon go" ойыны нақты егіншілікті үйретуге арналған.


"Әрбір аграномның қолындағы планшетте шаруашылығына қатысты бағдарламалар болу керек,"- дейді Ақылбек Күрішбаев.

"Әрбір агрономның қолындағы планшетте шаруашылығына қатысты бағдарламалар болу керек," – дейді Ақылбек Күрішбаев / deere.co.za сайтынан алынды


Келешекте ауылшаруашылығы космос арқылы басқарылуы керек

– Ол үшін алдымен ауылда интернет қосулы болу керек. Сосын бұлттық технологияны (облачный сервис) дамыту керек. Жердегі инфақұрылым, көліктер арасындағы байланыс қолға алынғаннан кейін шаруашылық интернет арқылы басқарылады. Сонда жұмыс та жеңілдейді, – дейді "BMEL" сандық жүйеге көшіру бөлімінің жетекшісі, доктор Бернхард Полтен.


Германияның ауылшаруашылығы осындай жүйеге бағынады

Германияның ауылшаруашылығы осындай жүйеге бағынады / Техника ғылымдарының докторы Йоахим Штигеманнің жеке мұрағатынан алынды


"Еуропа бір гектар емес, бір сантиметр жердің сапасын анықтап жатыр"

Ғарыштағы байланыс серігі жерді суретке түсіріп алады. Бұл "картография" деп аталады. Анықталған мәліметтерді роботты техниканың, GPS құрылғылардың, сенсорлы байланыстардың көмегімен тіркей аласыз. Қай аумақта егіннің жиналғаны, қайда жиналмағанына дейін анықтауға болады. Сонда шаруа өтірік есеп бере алмайды.

Цифрландыру толық енген кезде әлемдегі елдер арасында бәсеке пайда болады. Әрі байланыс жылдам жүзеге асады. Мысалы, шаруашылығыңызға жаңа техниканы іздесеңіз, әлемнің басқа бір бұрышынан сапалысын табуыңыз мүмкін. Өніміңізді сатамын десең де солай. Осылайша, ауылшаруашылығы мен тұтынушы арасында байланыс жеделдейді.

– Мысалы, бізде де алғашында роботтардың егістікте жүргені күлкілі болып көрінгені рас. Соған қарамай шаруалар оның болашағына сенген, келісім-шартқа отырып, сатып алған. Нәтижесінде 20 гектар жерден алатын өнімді 10 гектардан алған, – дейді Ганс Грипенторг.

Германияның егіншілігінде де қордаланған мәселелер бар

– Германияда азотты мөлшерден көп пайдаланады. Бізде бұл бүгінгі күннің басты мәселесіне айналып отыр. Сіздердегі жағдай керісінше, – дейді доктор Бернхард Полтен.

Ал Хоэнхайм университетінің докторы Ганс Грипенторг Германияда бау-бақша индустриалды өндірісінің көпшілікке ұнай бермейтінін айтады. Өйткені, кәсіпорындарда бірдей температурада үнемі жарық қосулы тұрады. Яғни, өнімнің басым бөлігі жылыжайда өсіріледі. Ойлап қарасаңыз, қаншама шығын.

Ал Қазақстанның жері ұланғайыр. Сондықтан, ауылшаруашылығын дамытуға мүмкіндіктер жетерлік. Бос жатқан жерлерді игеріп, қолға алу керек.

Күтпесең құнарлы жер де тақырға айналады

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті техника факультетінің деканы, техника ғылымдарының докторы Саяхат Оразұлының пікірінше, немістер ұсынып жатқан технология сол күйінде біздің жерге сәйкес келмейді. Өйткені біздегі топырақтың сапасы, ондағы қоректік элементтердің құрамы, ауа-райы, өсімдік түрлері Еуропадан бөлек.

Бірақ, бұл технологияны өзіміздің климатқа, жер жағдайына қарай бейімдесек, қазіргіден екі есе жоғары өнім алуымыз әбден мүмкін. Сондықтан, бәрі есепке алынып, зерттелуі керек. Алдымен ауыл шаруашылығы жерлері космостағы байланыс серіктері арқылы кескіндемеге түсіріліп, арнайы бағдарламаларға салынады. Содан кейін ғана қажетті мәліметтерге қол жетеді.

– Қорқудың қажеті жоқ. Шаруаның қаражаты болса, әп-сәтте шаруашылығын түрлендіріп, сапалы өнім алуына болады. Алынған картограмманы қарап отырсақ, цифрландырайын деп отырған тоғыз шаруашылықтағы әр гектарға 500 келі тыңайтқыш керек екен. Оны шаруа өз қалтасынан сатып алайын десе, тыңайтқыш қымбат. Қазір оған жағдайы да жоқ. Сондықтан көпшілігі топыраққа тыңайтқыш сеппейді. Соның салдарынан азот пен фосфордың мөлшері тым төмендеп кеткен. Ал мемлекет көмек ретінде 1 га жерге 46 келі ғана тыңайтқышқа субсидия беріп отыр. Ол ештеңеге жетпейді. Бірінші мемлекетке осыны ескеру керек. Ең болмағанда бір жыл 1 га жерге 500 келі тыңайтқыш берсе, топырақтың жағдайы жақсарып қалар еді.

Осы зерттеулерге дейін шаруалар "бәрі жақсы" деп жүрген. Нәтижесін көргеннен кейін жағаларын ұстады. Топырақ тақырға айналды деген осы. Фосфор мен азот болмаса да өнім жап-жасыл болып өсіп тұрады. Бірақ, піспейді. Осылай жалғаса берсе, мүлдем өнім алынбайды. Бұл дегеніңіз – жерден айырылу деген сөз, – дейді Саяхат Оразұлы.


Бұл – картограмма. Колифорнияның "UC DAVIC" университетіндегі ғарыш айлағымен бірлесе анықтаған мәлімет

Бұл – картограмма. Колифорнияның "UC DAVIC" университетіндегі ғарыш спутниктерімен бірлесе анықталған мәлімет / С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің жеке мұрағатынан алынды


Тізім жасалып жатыр

– Еліміздің ауыл шаруашылығын дамытсақ, халықтың әлеуеті жақсарар еді. Осыдан 20 жыл бұрын АҚШ пен Канадада GPS құрылғылар комбайнға орнатылып, компьютер арқылы басқарыла бастады. Егіннің қашан жиналатынын, жұмыстың қалай жүргізілуі керектігін алдын ала біліп отырды. Біз бұны енді қолға алып отырмыз, – дейді Ауылшаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев.

Оның айтуынша қазір Қазақстанда:

  • Шаруашылықтардың тізімі жасалды;
  • Жер қыртысына агрохимиялық тексеріс жүргізілді;
  • 18,3 млн гектар жердің 77,8% цифрландырылады (бұл туралы "Цифрландырудың ғылыми методикалық орталығы құрылды" тақырыбында толығырақ айтылады);
  • 2018-2021 жылдар аралығында төрт облыста тоғыз шаруашылық цифрландырылады;
  • Ақмола мен Қарағанды облысында ауа-райы мен климатты бақылайтын 10 метеостанция салынғалы жатыр.

Цифрландырудың ғылыми методикалық орталығы құрылды

Ол ауылшаруашылық министрі Өмірзақ Шүкеевтің бастамасымен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде ашылып отыр. Онда ғалымдар мен студенттер бірлесіп, шаруашылықты зерттейді.

Бидай өсетін алқаптар Калифорниядағы Дэвис университетінің ғарыштағы спутниктері арқылы кескіндемеге түсірілген. Арнайы бағдарламалармен өнімнің толыққанды жиналған, жиналмағанын анықтапты.

Сонымен қатар ғалымдар бірлесіп ойлап тапқан құрылғыны әрбір шаруа комбайнға орнатып, топырағының сапасын, қай жерлерге дән себу керектігін біле алады. Ол үшін шаруа С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне келіп, мән-жаймен толыққанды таныса алады.

Отандық құрылғыны немесе немістің техникасын сатып алатын қаржысы болса, ғалымдар кеңес беруге сақадай сай. Басты мәселе – жерінің сапасын анықтап алу. Содан кейін электронды карталарды, нақты метеодеректерді, ғарыш мониторингісін және басқа да шешімдерді пайдалана отырып, нақты технологияны енгізуге болады. Астық көлемі электронды түрде бақыланып, есебі жүргізіледі.

Ауыл шаруашылығына IT мамандарды шақырады

– Қазір қандай өнімнің қанша тұратыны жөнінде сараптама жасалынбайды. Әрбір шаруа өз шаруашылығының дамыту жолдарын қарастыратын болса, бұл өзгерер еді. Әлемде жаңа технологиялар көп. Төрт облыстағы (көбінесе СҚО) тоғыз шаруашылықтың 30 га алқабын цифрландыратын боламыз. Шығынды жауып, еселенген пайда әкелетін болса, өзге шаруашылықтар бұл жүйеге көше бастайды.

Өзіндік идеяларын ұсынатын IT мамандарды осы мәселелерді бірлесе шешуге шақырамыз. Олар С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне келіп, жобаларын ұсына алады, – деді Арман Евниев.

"Дамыған елдермен иық тірестіру үшін бізге "жүгіру" керек"

– Біз цифрландыруды жаңадан бастап жатқан жоқпыз. Осы күнге дейін түрлі бағдарламаларды енгізіп көрдік. Әлемдегі тенденцияға ілесу үшін цифрландыруға саты-сатымен көтерілуіміз керек. Оны қалай жүзеге асыратынымызды жоспарлап қойдық.

Алдағы бес жылдың ішінде еңбек өнімділігін және экспортты 2,5 есеге арттыру көзделді. Діттеген межеге тек цифрландыру арқылы жете аламыз. Цифрландыруға интернет керек. Ал бізде, кейбір өңірлерде ол тіпті жоқ та.

Шаруалар да цифрландыруға көшуге құлықсыз. Сенбейді. Ал жастарды ауылшаруашылыққа деген көзқарасты өзгерту арқылы осы салаға тарта аламыз.

Интернет, қашықтықтан жерді бақылау, ,"Big Date", роботтар және мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алсақ, дамыған елдерді өкшелейміз, – дейді Арман Евниев.

Цифрландырылатын 9 шаруашылықтың тізімі:

  • Ақмола облысы: "Ақмола-Феникс" АО (Целининград ауданы), "Дихан-Агро" ЖШС (Зеренді ауданы), "Логос-Трейд" ЖШС (Журавлевка1) (Бұланды ауданы);
  • Қарағанды облысы: "Шахтерское" ЖШС (Нұра ауданы), "Найдоровское" (Осакаровка ауданы);
  • Қостанай облысы: "Трояна" ЖШС (Федер ауданы), "Садчиковское" ЖШС (Қостанай ауданы);
  • СҚО: "Петерфельд Агро" ЖШС (Қызылжар ауданы), "Шағала Агро" ЖШС (Қызылжар ауданы).
Серіктестер жаңалықтары