Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен шетелдік журналистер де осы мәселемен Қазақстанда жүр.
Ал "хуачиау" (хуацяо) деген кімдер? Онда қазақтар неғып жүр? Бұл туралы әлеуметтік желіде кең талқыға түсіп жатыр. Осыған орай жазушы, аудармашы (қытай тілі) Қалбан Ынтыханұлымен сұхбаттастық.
Оқи отырыңыз: Қытайдың "әлемді жаулау" идеясы қалай жүзеге асырылып жатыр?
Қазақстанда "хуачиау" болып жүргендер бар
– Дәл қазіргі таңда Қытайдан келген қазақтар екіге жарылып, бірі: "Біз – хуачиаумыз, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарды жақсартушылармыз", – деп Қытай мәдениетін дәріптеп жүргендерін алға тартса, енді бірі: "Біз – қазақпыз, Қазақстанға мәңгі қазақ болу үшін келдік", – деп қазақтың қамын жеп, қазақ қуанса қуанып, қазақ қамықса қамығып, жарғақ құлақтары жастыққа тимей зыр жүгіріп жүрген жайы бар.
Қазақтың кім екенін, қандай болатынын бәріміз білеміз, түсінбейтін ештеңесі жоқ. Ал "хуачиау" дегеніміз кім? Қазақстандағы барлық қазақтардың біле алмай, түбіне жетіп түсіне алмай жүрген мәселесі – міне, осы. Сондықтан бүкіл әлеуметтік желілерді қыздырып тұрған бұл мәселеге жауап ретінде "хуачиау" сөзін қытайлардың өздері түсіндіріп бергені бойынша өз жанымыздан ештеме қоспай талдасақ, түпкі жағын жұрттың өзі айтқызбай-ақ аңғарар деп ойлаймыз, – дейді Қалбан Ынтыханұлы.
Оқи отырыңыз: Қытай қаупі әлемдік тақырыпқа айналды. "Барлық бәле Қытайдан" деу дұрыс па?
Иероглиф (华) "хуа" – этникалық қытайлардың ежелден түпкі атауы
Қалбан Ынтыханұлы:
– Әуелі "хуа" – иероглифі оңайластырылған нұсқасы бойынша 华, көнеден келе жатқан нұсқасы бойынша 華 болып жазылады, транскрипциясы "hua".
Қытайдың "Сөз теңізі" (辞海 ci hai) атты түсіндірме сөздігінде бұл – "古代汉族自称华夏,中国因称中华,省称华" деп түсіндіріледі, аудармасы– "Ежелгі қытайлар өздерін хуа-шия деп атаған, Қытай мемлекеті сол себепті Жоң-хуа атанды, ол қысқартылып хуа деп айтылады немесе жазылады" (辞海" 上海辞书出版社2002年,693页).
Осы түсіндірмеден кейін "хуа" сөзін этникалық қытай деп тәржімалаудан басқа амалымыз жоқ.
Оқи отырыңыз: Ақпараттық соғыста Қытай неге ұтылып жатыр? Қазақстанға одан пайда бар ма?
Тағы да, сол "хуа" сөзі қашаннан бастап әдебиеттерде көріле бастады дегенге келетін болсақ, Қытайдың алғашқы жылнамасы, жыл санаудан бұрын жазылған "Зуо-жуанда" кездеседі. Онда "我諸戎飲食,衣服不與華同" (《左傳∙襄公十四年》) деп жазылған. Аудармасы: "Роңдардың тамақ ішісі, киім киісі хуаларға ұқсамайды. Осындағы роң – ежелгі заманда Қытай Орта Жазығының (中原) батысындағы ұлттардың ортақ атауы, ал "хуа" болса, Орта Жазықтағы этникалық қытайлар".
Қытайдың "хуа" түбірлі сөздері және Хуа Вэй (HUA WEI) туралы
Қалбан ағамыз 华 хуа иероглифі – ежелден этникалық қытайлардың түп атауы екенін төмендегі мысалдармен де келтіреді.
– Қытай тілінде осы 华 хуамен тіркеліп жасалған көп сөз бар. Мысалы:
- 华夷 хуа-ии, аудармасы – қытайлар мен өзге ұлттар, ежелден Қытай қорғанының сыртында тұратын ұлттарға қатысты айтылып келді;
- 华风 хуа-фэң, аудармасы – қытай дәстүрі;
- 华语 хуа-үй, аудармасы – қытай тілі;
- 华人 хуа-рэн, аудармасы – этникалық қытай;
- 华侨 хуа-чиау, аудармасы – шетелде тұратын қытай;
- 华裔 хуа-ии, аудармасы – шетелде тұрған қытайдың шетелде туып-өскен ұрпағы;
- 华化 хуа-хуа, аудармасы – қытайландыру.
- 华为 хуа-вей (Huawei), аудармасы – Қытай үшін. Айтпақшы, бірнеше жылдан бері бүкіл дүниежүзіндегі сауда базарын жаулап жатқан Хуа Вэй смартфонының атауы осы сөзден тұрады.
"Хуачиау" сөзіне Қытай мемлекетінің берген анықтамасы
Қалбан Ынтыханұлы:
– Орыстар "хуачиауды" – хуацяо деп жазады. Қытайдан келген қазақтардың ішінде сол қытайшасынан гөрі орысшасын жанына жақын тартып, өздерін орысшалап хуацяомыз деп жүргендер де баршылық.
Ал Қытай мемлекетінің үкімет тараулары мен Бүкіл Мемлекеттік Халық Құрылтайы шығарған заңдары мен ережелерінде де хуа-чиауға нақты анықтама берілген. Қараңыз, "Қытай Халық Республикасы шеделден оралғандардың, шетелде туысы барлардың құқық-мүддесін қорғау заңының" (2000 жылы 31 қазаннан бастап атқарылған) екінші бабында:
Ал Чиаужуан (侨眷) тағы бір ұғым бар – Хуачиау мен Гуйчиаудың яғни Шетелде тұратын хуачиаулар мен шетелден оралған хуачиаулардың қытайдағы туыстары."Гүйчиау (归侨) – гуичиау дегеніміз шеделден оралушы, елге қайта келіп тұрақтап қоныстанған хуачиау.
Хуачиау (华侨) дегеніміз шетелдерде тұрақтап тұрып қалған Қытай елінің азаматы" деп көрсетілген. (《中华人民共和国归侨侨眷权益保护法》第二条 , 归侨是指回国定居的华侨。华侨是指定居在国外的中国公民), – дейді Қалбан мырза.
Хуачиаулар Қытайдың түрлі көмектері мен қолдауларына ие бола алады
– Қазақстанда тұрып жатқан этникалық қытайлар Қазақстан азаматтығын алмаған болса, Қытай азаматтығын сақтаса, олардың "хуачиау" болуға құқығы бар, оның мағынасын жоғарыда түсіндірдік.
Хуачиаулар үшін Қытай мемлекеті жан-жақты қолайлы жағдайлар қарастырған, шетелдерде кәсіп ашқандарына түрлі қоғамдық қорлар арқылы көмек көрсетеді.
Дінін, тілін, салт дәстүрін жалғастырса, Қытай үкіметі тарабынан қолдау табады, еліне қайта барса, 归侨 – гуи-чиау (шетелден қайтып келуші) мәртебесі беріледі және алдарынан көптеген жеңілдіктер күтіп тұрады.
Мысалы, Қазақстанда тұрақты тұрып жатқан Қытай азаматтары да осы жеңілдіктерді пайдаланады. Қазақтар да.
Қазақтар неге "хуачиау" аталып жүр?
Қалбан Ынтыханұлы:
– Жоғарыда айтылған заңға негізделетін болсақ, Қытай елінің азаматтығынан бас тартқандар "хуачиау" санатына кірмей қалады екен.
Ал "елім, жерім, тарихи отаным" деп келіп, қазақ ұлтының өкілі екендігін дәлелдей отырып, "Оралман" мәртебесін алып, артынша Қазақстан Республикасының азаматы болған Қытайдан келген кей қазақтардың әлі күнге "хуачиау" болып алғанын қалай ойласақ та түсіне алмадық.
Мысалы, Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ықтиярхаты бар адамның "Оралман" мәртебесі жойылатыны секілді, Қытайда да шетел азаматтығын алған қытай азаматтары "хуачиау" мәртебесінен айырылады. Олар – енді шетелдегі қытайлар немесе қытай тектілер (外籍华人) делінеді.
Бәлкім олар қытайша білмейтін шығар, ауылдан келген аңқау қазақтар шығар. Бірақ, Пекиннен, Шаңхайдан оқыдық деп дөңайбат көрсетіп жүретін кей қазақ өзін Қазақстан Республикасының азаматымын деп санайды. Сонымен қоса тағы "хуачиау", бұл қалай?
Қытайдың түрлі көмектері мен қолдаулары үшін "хуачиау" болып жүр ме? Мүмкін Қытай билігі оларды мақсатты түрде пайдаланып отыр ма деген ойға келдік, – дейді Қалбан ағамыз.
Хуачиау сөзінің мағынасын бұрып идеалогияға пайдалану
– Осы арада оқырмандарымыз: "Бұл сөздерді неге осынша көп түсіндірдің?" деп сұрақ қоюы мүмкін.
Себебі: Қытайға "туысшылап" барып-келіп жүретіндердің арасында кейбіреулер осы "хуа" сөзін мақсатты түрде бұрмалап, "Бұл – бұрын қытайда жоқ сөз еді, Сұн Жоңшан (Сунь Ятсен), Мау Зыдоң (Мао Цзедонь) сияқты мемлекет құрушылар ойлап шығарды, ол Қытайдағы барлық ұлттың ортақ атауы" дегенді жарнамалап, "хуачиау" сөзінің түпкі мәнін жасыру үшін және халықты адастыру үшін жанталасып жүргенін көріп жүрміз. Бұл мақсатты түрде жүргізіліп жатқан идеология болуы мүмкін.
Сондықтан да халыққа егжей-тегжейлі түсіндіруге қақылымыз. Әзір көк тиын құны жоқ сөз болып көрінгенімен 100 жылдан соң оның зардабының қандай болатынын өткен тарихтағы трагедиялардан аңғаруға болады.
Мұхажир – хуачиаудың теріс аудармасы
Қалбан ағамыздың айтуынша Қытай қазақтары көптен бері "хуачиау" сөзін – "мұхажир" деп қазақшалап келеді екен.
– Бұл – өте қате және теріс аударма. "Мұхажир" арабша сөз, Мұхаммед (с.а.с) пайғамбар Меккеден Мединеге қоныс аударғанда оған ілесе барып, дін жолын таңдаған көп мұсылман – мұхажир атанған. Мұхаммед (с.а.с) пайғамбар өзінің қоштасу құтпасында мұхажир туралы былай айтады: "Сіздерге кімнің мұхажир екенін айтайын ба? Нағыз мұхажир – қателікті және күнә істерді тәрк еткен кісі..." деген. Сонда екі мемлекетте екі түрлі сөз сөйлеп, қызыл күлгін немесе көкала түсті құнды қағаздарға сатылып жүрген кісі қалай өзін мұхажирмін деп айта алады?! – дейді Қалбан аға.
Дүниежүзіндегі көптеген елдерде хуачиаулар тұрады
Қалбан ағамыздың айтуынша дүниежүзіндегі көптеген елдерде хуачиаулар тұрады.
– Тек Қазақстанға келіп, өзін "хуачиау" көрсетіп жүрген қазақтар болмаса, өзге елдерде тұратын хучиаулар – таза этникалық қытайлар.
Хуачиаулар тұратын әр елде "Қытайлық сауда ұйымы" (华人商会) бар, олардың барлығы сол тұрған елдерінің заң талаптарына сай қатысты орындарға тіркелген.
Солардың ішінде ең әйгілісі – бас штабы АҚШ-ның Лос-Анджелес қаласына орналасқан "АҚШ қытайлықтар сауда ұйымы" (美国华人商会). Бұл сауда ұйымының дүниежүзі бойынша ықпалы ең зор. Олардың жарғысында: "Америкадағы және дүниежүзіндегі қытайлық саудагерлерге қызмет көрсету, қытайлық саудагерлердің құқық-мүдделерін қорғау, оларға сауда орындарын ашып беру, арасында байланысшы болу, Қытай мен Америка арасындағы сауда істерін ілгерілету және кәсіпорындар арасында байланыс орнату" деп жазылған.
– Көптеген елдердегі хуачиаулар және тегі қытайлар осы бір қоғамдық ұйымның көмегін алып отыр. Жуықтағы бір санаққа негізделетін болсақ, дүниежүзінде 6 миллионнан астам хуачиау және 50 миллионнан астам өзге ел азаматтығын алған қытайлықтар бар, – дейді Қалбан мырза.
Қазақстан қытайлықтар сауда ұйымы 2017 жылы 25 сәуірде ресми құрылған болатын. Ашылу салтанатына Қытайдың Қазақстандағы елшісі Жаң Ханхұй (张汉晖) бастаған Қытай дипломаттары мен Қазақстандағы қытай іскер топтары, қазақстандық қытайлар қатысты.
Хуачиаулардың құрылтайы мен түрлі жиналыстары жиі өткізіліп тұрады
Қытай Халық Республикасы Конституциясының 50 бабында: "Қытай Халық Республикасы хуачиаулардың орынды құқығы мен мүддесін қорғайды" деп көрсетілген.
– Шетелден оралған, шетелде туысы барлар өкілдерінің бүкіл мемлекеттік құрылтайы ("全国归侨侨眷代表大会") Қытайда өткізіліп отырады. Бұл жиынды Қытайдағы Бүкіл мемлекеттік саясат және келісім мәжілісі ұйымдастырады.
Шетелден оралғандардың, шетелде туысы барлардың өкілдерінің бүкіл мемлекеттік Х жиналысы Бейжің халық құрылтайы сарайында тамыз айының 29 күні басталып, 1 қыркүйекте аяқталды.
Жиында Коммунистік Партияның тәртіпті тексеру комитетінің хатшысы Жау Лежи мырза сөз сөйледі.
Хуа, хуачиау және мұхажир сөздеріне қолымызда бар барлық ақпарттар бойынша түсіндірме бердік. Мақсатымыз – ұлтымызға, отанымызға адал болайық, екі жүзділік қазақ баласына жараспайды дегенді айту. Білмей "хуачиау" болып алғандар ескерсін деп сөзімізді тамамдаймыз, – дейді Қалбан аға.
Қытайдағы Хуачиау құрылтайына қазақстандық қазақ та қатысуға шақырту алған
Аталмыш Қытай мемлекеттік саясат және келісім мәжілісі (中国人民政治协商会议( 简称人民政协,英文:the Chinese People's Political Consultative Conference,缩写:CPPCC) құрамына кіретін шетелден оралған қытайлықтар (хуачиаулар) қауымдастығының (中华全国归国华侨联合会) ұйымдастыруымен әр бес жылда бір рет өткізіледі.
Осы жолғы Құрылтайға 109 мемлекеттен 543 делегат қатысқан. Қазақстаннан үш адам шақырылыпты. Біреуі – қазақстандық дұнған диаспорасы, екеуі – қазақстандық қазақтар.
Қазақстанда Хуачиаулар мектебі ашылды
2018 жылдың 2 қыркүйегінде Қытайдың Алматыдағы бас консулының орынбасары Го Шинчиау (郭心桥) Алматыда "Үміт" қытайлар мен хуаучиаулардың ұл-қыздарының қытай тілі мектебінің жаңа оқу маусымының ашылуына қатысқан.
Мектептің бір жылдан бергі жұмыстарына көңілі толатынын білдірген Го мырза Алматыдағы Қытай консулдығының қолдауымен Алматыда тұрып жатқан хуачиаулар мен қазақстандық қытайлардың бастамасымен құрылған мектепке зор үміт артатынын жеткізді. Бұл – қытайлық мекемелер мен кәсіпорындардың, Қазақстанда тұратын хуачиаулар және Қазақстан азаматы саналатын қытайлықтардың балаларына арналған Қазақстандағы алғашқы қытай мектебі.
Қазақ диаспорасы және шетелдегі қазақтар туралы ұғым екі басқа
Диаспора (гр. διασπορά – шашыраңқы) – әлеуметтік ғылымдарда ұлттық ата-жұрты болып табылатын елден тысқары өмір сүретін халықтың бір бөлігі.
Диаспора күштеп көшірудің, геноцид қатерінің, экономикалық және географиялық факторлардың әсері салдарынан пайда болды. Диаспора термині алгаш рет еврейлердің Палестинадан тысқары жерлерде тұруына қатысты пайда болған.
Қалбан Ынтыханұлы:
– Бір жерде тұрғанына 100 жылдан асқан, тарихи мекенінде өмір сүріп жатқан халық диаспора саналмайды. Сол себепті, Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі, Моңғолиядағы Баянөлгей аймағындағы, Ресейдің Орынбор облысы қатарлы жерлердегі қазақтар өздерінің тарихи ата мекендерінде тұрып жатқандықтан диаспора саналмайды. Ал, Қытайдың Гансу провинциясындағы Ақсай қазақ автономиялы ауданындағы, Түркия мен Еуропадағылар босып барғандықтан қазақ диаспорасы болып есептеледі, – дейді.
Қытайдан делагация келе жатыр
Қытайдағы қазақ мәселесі БҰҰ мен АҚШ бастаған демократиялық елдердің билігін, түрлі халықаралық қауымдастықтарды тіксіндіріп отырғаны белгілі. Қазірше Қазақстан билігі ашық емеуірін танытпағанмен Қазақстандағы Қытайға қарсы пиғылдың қатты белең алуы Қытай тарапына қысым түсіргені белгілі.
Қытайдағы қазақтардың "жазықсыз жапа шегіп, адамдық құқымыз тапталды" деп жазған арыздары (бейненұсқамен де) әлеуметтік желіні жаулап алды. Әлемдік қауымдастықтарды назар аударуға шақырып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтан көмек сұрап хат жолдап келеді. Осыған орай Қытайдың Шыңжаң өлкесінен делегация келгені мәлім болды.
Естеріңізге сала кетейік, бұл туралы 24 тамызда өткен Қытайға барып келген делегацияның баспасөз мәслихатында да айтылған болатын. Қазақстандағы Қытай елшілігі ұйымдастырған делегация 12-19 тамызда Қытайда кездесулер өткізгені туралы бұрын да жазғанбыз.
Делегацияны Қытайдың Шыңжаң өлкесінің Саяси мәслихат кеңесінің төрағасы Нұрлан Әбілмәжін бастап келіп, 11 қыркүйекте Астана қаласының Бейжің сарайында кездесу өткізбек. 13-14 күндері Алматыда болады деп отыр.
Делегация не үшін келді?
Делегацияның белгілі болған жоспарына қарағанда Қытайда зардап шегіп жатқан туыстарына араша сұраған Қазақстан азаматтарының арыздарымен таныспақ.
Алайда, бұл – Шыңжаң делегациясының осы мәселе бойынша екінші рет келуі.
Бірінші жолы делегация 2017 жылдың мамыр айының соңында келген. Онда да Қытайда туыстары қиянат көрді делінген адамдармен кездескен болатын. Оны Қытайдың Қазақстандағы елшілігімен бірлесе отырып "Жебеу" республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері ұйымдастырған.
Кездесулерде Қытайдағы қазақтарға жасалып жатқан қысым мен отбасы екіге бөлінген азаматтардың, Қазақстан азаматтығын алғандығы үшін зейнетақысы тоқтатылған азаматтардың мәселесі көтерілген.
Былтыр келген делегациямен кездесе алмадық, ештеңе де шешпеген
– Онда Қытайдың Шыңжаң өлкесінен 12 адамдық делегация келген. Өкініштісі, Қытайда әке-шешесі, туыстары қамалған, отбасы екіге бөлінген адамдардың арызын алып барып, кезіге алмадық. Олар өздерінің алын ала келісіп қойған адамдарымен ғана кездесті. Кездесулерінің барлығы жабық түрде өтті, – дейді "Атажұрт еріктілері" атты тіркелмеген ұйымның белсендісі Қыдырәлі Оразұлы.
Атажұрт жастарының ФБ парақшасында төмендегідей хабарлама таратылды. Онда: "Бұлар былтыр өтірік уəдесін үйіп-төгіп, біреуін де орындамады, керісінше 500 мың қазақты қамады. Сондықтан бұл кездесуге бармаймыз? Себебі:
Қытай қазағының мəселесі тек бүгін ғана туылған жоқ, 2 жыл болайын деді. Шешкісі келсе кінəсіз жатқан бар қазақты босатсын, Лагерлерді жапсын, оған Қазақстанға келудің еш қатысы жоқ.
Бұл кездесуге əлдеқашан өздерінің қуыршақ адамдарын сайлап қойған, соларға өздері дайындаған сөздерді сөйлетіп, өздері дайындаған жауапты айтады да бəрі дұрыс, бəрі жақсы деп театр ойнайды.
Делегацияны Қазақстан шақырған жоқ. Олар осындағы белсенді арыз берушілердің аузын жабу жəне бұл істі бұқараға жеткізбеуге барынша кедергі жасау үшін келе жатыр. Бірақ олар кеш қалды. Қандастарыңды қамап, отбасын ойрандап жатқан Қытайды көріп тұрып жəне де соларға бағынып, олардан үміт күтіп отыра беру бұл келер ұрпақ алдында орны толмас өкініш болатынын сезінетін күн жетті" – делінген.
Қытайдан келген делегация ештеңе бітірмейді
Айдос Сарым, саясаткер:
– Қытайдағы қазақтардың мәселесі Қытайда шешіледі. Ал олардың делегациясы Қазақстанға келгенде не бітіреді? Олардың Қазақстанда үлкен мүддесі бар. Сол үшін, халықтың наразылығын аз да болса басу үшін жұмыс жасап жатқан секілді көріну үшін мақсатты түрде қойылып жатқан спектакль, – дейді.
Делегация ашық түрде кездесуге шақырса, барамыз
Қыдырәлі Оразұлы:
– Егер делегация ашық түрде кездесу жасаса, баруға болады. Алайда тағы бір күмәнданатын нәрсе. Қытай кездесулер арқылы арызданып отырған адамдардың аты-жөнін, халықтың көзқарасын білу үшін келген болуы да мүмкін. Тіптен, сол Қазақстанда қабылдаған арыздардың ғана дұрыс шешілуіне ықпал жасаса, басқа сұраушысы жоқ түрмеде жатқан қазақтарды кім жоқтайды? Оның үстіне қазір көптеген саяси тәрбиелеу лагерлеріндегі қазақтарды ішкі Қытайдағы түрмелерге жөнелтіп жатыр деген ақпар бар.
Сондықтан, әркімге сене беру қиын. Ал біз халықтың арызын қабылдап, қиындық көрген азаматтарға көмектесуді жалғастыра береміз. Қазір видеоарыздарды ағылшын, қытай және қазақ тілдерінде жариялап жатырмыз, – дейді.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының тілшілері мен сарапшылары Алматыда жүр
Бұл туралы да Қыдырәлі Оразұлы хабарлады. Мысалы, біраздан бері Біріккен ұлттар ұйымы жанындағы адам құқықтарын қорғау мекемесінің мамандары, Amnesty international халықаралық ұйымының тілшісі әрі сарапшысы Патрик Поон (Patrck Poon), The Guardian газетінің сарапшылары, Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының Еуропа және Орта Азия бойынша өкілі Mihra Rirttmann келді.
Одан бұрын әлемге әйгілі Әл-Жазира телеарнасының, Еуропаның тілшілері келіп тустары мен әке-шешелері Қытайда қиянат көріп жатқан қазақстандықтармен арнайы кездесіп, сұхбат алған.
2 қыркүйекте Қытайдың Шиаңгаң (Hong kong) қаласында 16 құқық қорғау ұйымы жергілікті үкімет ғимараты алдында наразылық білдірді. Олар Шыңжаңдағы этникалық топтарға жасалып жатқан қысымды тоқтатуды, жазықсыз түрмеде отырған жүз мыңдаған азаматты босатуды, жалпыға бірдей адамдық құқықты таптамауды талап етті.
6 қыркүйекте BBC телеарнасының тілшісі John Sweeney Шыңжаңдағы қиын жағдай туралы мақаласын жариялап, халықаралық құқық қорғау ұйымдарының назар аударуын сұраған болатын.
Ал ФБ әлеуметтік желіде Шыңжаңдағы бір кішкене ауылдан бір күнде 30 қазақ жігітті қытай сақшылары ұстап әкеткенін хабарлаған видеомәлімдеме ағылшан, қытай және қазақ тілдерінде тарады.
Қытай мәселені оңтайлы шешіп, екі елдің достығын бекемдеуі керек
Қалбан Ынтыханұлы:
– Біз үшін екі елдің достығы өте маңызды. Алайда Қытайдағы қазақ мәселесі оңтайлы шешілмесе, мәселе ушығып кетуі мүмкін. Сондықтан Қытайдан келген делегация тек хуачиаулармен ғана кездесіп, халықпен кездеспесе үлкен қателік жасайды, – дейді.