Жыл сайын Америка Құрама Штаттарына жұмыс іздеп баратын студенттердің қатары көбейді. Бүгінде бір ғана "Work and travel" бағдарламасы бойынша үш ай жазғы демалысын шетелде өткізетін қазақ жастарының саны екі мың шамасында.
"Work and Travel"
Бұл – америкалықтардың тұрмыс-тіршілігі, мәдениетімен танысып, шетелден тәжірибе жинақтап, Американы көріп, ағылшын тілін жетілдіргісі келетін студенттерге арналып құрылған теңдесіз халықаралық байланыс бағдарламасы. Оның үстіне сәті түссе, жастарға қомақты қаржы табудың көзі. Бүгінде 40-тан аса елде өте танымал.
Америкаға жыл сайын жүз мыңнан астам студент уақытша жұмыс істеуге келеді. Бағдарлама АҚШ Мемлекеттік департаментінің қолдауымен жүргізіледі. Оған қатысушылар мұнда болатын мерзімінде "Exchange Visitor" мәртебесін және кез келген штатта жұмысқа тұруға рұқсат алады.
Бұл бағдарламамен студенттерді АҚШ-қа жіберетін халықаралық агенттікте Астана бойынша үйлестіруші Айнұр Қожахметова: "Бұл – жастарға арналған үлкен мүмкіндік" дейді.
Тек Америкаға ғана баруға болады
Үш ай жазғы демалыс кезіне арналған. Студенттердің сабақтарына ешқандай да кедергі келтірмейді. Бір жақсысы, жолыңа канша шығындасаң, соны еселеп қайтарып алуға болады. Айнұр Қожахметованың өзі де екі жыл қатарынан осы бағдарламамен Америкаға жұмыс істеу үшін барған екен.
– Ең алғаш рет бұл бағдарламаға 2010 жылы қатыстым. Шетелге барамын деп еш армандаған емеспін. Достарым баратын болғандықтан, маған "ағылшын тілін жақсы білесің ғой, бізбен жүр" деп ұсыныс білдірді. Сәл ойланып, ата-анамнан сұрап көрейін деп шештім. Бұл туралы бұрын тек сырттай естіген едім. Ол кезде бәрі бүгінгіге қарағанда жеңілірек болатын. Отбасыма түсіндіріп, жалақысы сағатына 8 доллардан басталады екен, көп ақша тауып келемін деп рұқсат алдым. Осылайша, Америкаға аттанатыным наурыздың 25-іне қарай нақты белгілі болды.
Бағдарламаға қатысушы АҚШ-тан өзге елде жоғарғы оқу орнының студенті болуы шарт. Сонымен қатар құжат тапсыратын кезде тым болмаса оқудың бір семестрін аяқтауы керек, ағылшын тілін жақсы меңгерген болуы тиіс.
Қайда баратынымызды ұшақта шештік
– Қазір бағдарлама біршама жетілдірілген, яғни жұмысты, тұратын үйді тауып беретін компаниялар бар. Бүгінде өзім солардың бірінде қызмет етемін. Бізде студенттің баратын үйі, сағат нешеде ұшақтан түсетіні, кімнің күтіп алатыны алдын ала белгілі болады. Ал ол кезде ондай жоқ. Біз қайда баратынымызды Америкаға жеткенде, ұшақта отырып, шешкен болатынбыз. Алғаш рет барғанда Муrtle beach қаласына тоқтадық, сол жерде student center-ге барып жөн сұрастық. Басқа елдердің студенттері бізден бұрын келіп алған екен. Мұнда жұмыс жоқ екенін айтып, қорқыта бастады. Сол жерден бір қазақ жігітін кездестіріп, 10 адам болып соның үйіне бір түнеп шықтық. Ертесіне жалдамалы үй тауып, орналастық. Жұмыла жұмыс іздеуге кірістік. Кейін 2011 жылы барғанымда Virginia beach қаласында болдым.
АҚШ-қа барған ағайыннан жергілікті халықтың мәдениетті әрі толерантты екенін жиі естиміз. Мұны Айнұр да растады.
– Америкада адамдар көмектесуге дайын тұрады, барлығы бір-біріне күлімдеп қарайды. Мысалы, біреудің аяғын басып кетсең, ол кісі сенен кешірім сұрайды. Мұндай жағдайда бір-бірімен ұрсысып жатқанын көрмейсің.
АҚШ-қа жұмыс істеуге барғысы келетін студенттер үшін
АҚШ елшілігінің сайтында "Work and travel" бағдарламасымен жұмысқа жіберетін агенттіктер көп. Америкаға жұмысқа барғысы келетіндер алдымен осындай агенттіктердің көмегіне жүгінуі қажет.
Олар:
- AirTravel International Kazakhstan;
- Avier Grand LLP;
- Columbus Exchange;
- Corvette Center;
- International Exchange Center;
- IYECNovosibirsk;
- Kazakhstan Council for Educational Travel (KCET);
- Opportunity Language School;
- United Students Company;
- Work and Study Abroad;
Бірақ та, олардың бәрінің шарттары бірдей емес. Мысалы, кейбір компаниялар құжаттарды рәсімдеп, барлығын ұйымдастырғанымен, жұмыс тауып бермейді. Ал кейбірінің ұсынатын қызметіне жұмыс, тұратын үйді тауып беру ғана кіреді.
Бағдарламаға тапсыратын құжаттар тізімі
- Туу туралы куәліктің көшірмесі;
- Жеке куәліктің көшірмесі;
- Төлқұжаттың көшірмесі;
- Ақ фонда түсірілген, көлемі 5х5 екі фотосурет;
- Оқу орнынан анықтама;
- Ағылшын тілін оқыған жерден анықтама;
- Бағдарлама демеушісінің анкетасы;
- Үлгі бойынша толтырылған түйіндеме.
Құжат қабылдау наурызға дейін жүргізіледі
Бағдарламаға құжат қабылдау жыл сайын қыркүйек айында басталады, себебі АҚШ елшілігінде бекітілген мерзім бар. Онда қыркүйектен наурызға дейін жүргізілуі тиіс деп көрсетілген.
Алайда жыл өткен сайын өтініш білдіретін студенттердің саны артып жатқандықтан, белгіленген орындар қазан, қарашаға дейін-ақ толып қалады. Сондықтан ерте қамданған жөн.
– Мысалы, былтыр біздің агенттікке берілген екі жүз орынға құжат қабылдау қазанның 25-іне дейін жүргізілді. Әлбетте, құжат тапсырғысы келетіндер саны өте көп болады. Бірақ Америкада да мемлекеттік департаменттен түрлі бағдарламаларға арналған орындар санын белгілейтін демеуші ұйымдар болады, олар DS-2019 құжатын береді.
Бұл жердегі DS-2019 – Американың халықаралық тәжірибе алмасу бағдарламаларына қатысуға және J-1 визасын алуға мүмкіндік беретін мемлекеттік департаменттен бақыланатын екі беттік құжат. Дәл осы құжат болса ғана АҚШ елшілігінде немесе оның консулдық бөлімшесінде виза алу үшін әңгімелесуден өтуге рұқсат етіледі.
Тағы бір ескеретін жайт, Қазақстан университтерінде оқитын басқа елдің азаматтарына қойылатын талаптар өзгеше. Оларды мына жерденкөруге болады.Қазір Америкаға 3500 доллармен бара аласыз
Бұрын "Work and travel" бойынша Америкаға бару үшін билет құнымен қоса есептегенде 2500 доллардай кететін еді, ал қазір бұл қаражат 3500 доллар. Мұның ішіне виза, ұшу билеті, бағдарлама, жұмыс, үй тауып беру, жеке шығындар кіреді. Бұл қаражат әр компанияда әр түрлі болуы мүмкін.
Мысалы, Айнұр қызмет ететін агенттікте компания қызметі – 100 000 теңге, бағдарлама (DS-2019 және медициналық сақтандыру) құны – 1040 доллар, жұмыс берушіні, яғни JOB OFFER тауып беру – 400 доллар, қатысушыны АҚШ-тың SEVIS, яғни F (студенттер визасы), M (кәсіби немесе басқа да академиялық емес оқу түрлеріне арналған студенттік виза) және J (халықаралық алмасу бағдарламаларының қатысушысына арналған) визасын алғандар туралы ақпарат жинау үшін жасалған Американың Ішкі қауіпсіздік департаментінің деректер базасына тіркеу – 35 доллар, билет – 500-700 доллар, үй жалдау – 300-400 доллар, визаға консулдық жинақ – 160 доллар, тамақтану – 500 доллар.
Бағдарлама құнының жартысы қазанның аяғына дейін төленеді, ал жұмыс берушіні тауып беру қызметі үшін қаңтардың соңына дейін, виза алуға наурыздың соңында, билеттің ақшасын ақпаннан сәуірге дейін төлеу қажет. Билетті осы аралықта неғұрлым ертерек сатып алатын болса, соғұрлым арзанға түсетінін ескеру керек.
JOB OFFER-де төленетін жалақы алдын ала көрсетіледі
Жоғарыда атап өткен JOB OFFER – нақты бір тұлғаға келісім шартқа отыруға бағытталған ұсыныс. Мұнда жұмыс берушінің атауы, мекен-жайы, телефоны, факс, сайты және еңбек міндеттері, жалақысы, жұмыс сағаты, демалыс уақыты жазылған болашақ жұмыстың шарттары көрсетіледі. Бұл құжатқа өкілетті тұлға қол қойып, поштамен жұмыс іздеушіге жібереді, қол қойған соң құжат өз күшіне енеді.
Бір сөзбен айтқанда JOB OFFER – сізді Америкада жұмысқа алғандығын растайтын құжат. Жұмысты өздігінен тапқандар JOB OFFER дайын формасын Халықаралық байланыс орталығына әкелуі керек, олар мұны Нью-Йорктегі кеңсеге жіберіп, жұмыс берушіге хабарласып нақтылайды да, бекітеді. Әйтпесе, алаяқтар болуы да ғажап емес.
АҚШ елшілігінде жұмысқа барғалы тұрған студенттің қолына арнайы кітапша беріледі. Онда жұмыс беруші тарапынан құқық бұзушылық орын алған жағдайда не істеу керектігі жазылған. Сонымен қатар қажет кезде хабарласуға болатын байланыс нөмірі көрсетілген. Жұмыс беруші студенттің төлқұжатын алып қойып, жалақыны 7,25 доллардан кем төлейтін болса, сол нөмірге хабарласады.
– Жыл сайын өз басым 150-200 студент жіберіп отырамын, бүгінге дейін олардың ешқайсысында мұндай жағдай тіркелген емес, – дейді Айнұр Қожахметова.
Қай жерде және қандай жұмыс істеуге болады?
Америкада студенттерге ұсынылатын жұмыс түрі көп. Маусымдық жұмысқа тұру құқығына ие студенттер мұнда көбіне қызмет көрсету саласы мен саудада жұмыс істей алады. Дүкен, мейманхана, бизнес орталықтары, қонақ үй кешені, аквапарк, аттракциондар паркі, мейрамхана, супермаркет және т.б.
Қыздарға сатушы, сондай-ақ house keeper, даяшының көмекшісі болып қонақ үйде жұмыс істеген ыңғайлы. Ал жігіттер жағы house man, bus boy болып істейді және мейрамханаларда аспаздан бастап, даяшыға дейін түрлі қызметтерді атқарады. Сонымен қатар жағажайда орналасқан дүкендерде жейделерге сурет басумен айналысуға да болады.
– Барған жылдары мен осы жұмыстарды істедім. Алғашқы жылы даяшының көмекшісі болдым, онда бұл қызметкерді bus boy немесе bus girl деп атайды. Мейрамханада жұмыс істеген кезім өте қызықты өтті, оның үстіне әріптестерім – жақсы адамдар еді. Аспаздар түрлі тағамдар дайындайтын, олардың жанында жүріп мол тәжірибе жинадым, – дейді Айнұр Қожахметова.
Жұмыс берушілер талапшыл келеді
– Жұмыс берушілер тарапынан ешқашан қысым болған емес, жұмыс болғандықтан талап бар. Алайда ол жерде тек жергілікті халық емес, әлемнің түкпір-түікпірінен келген адамдар қызмет етеді. Онда ешкім "Сен ағылшын тілін білмейсің" деп айтпайды, сырттан келгендерді кемсітпейді. Басшы, яғни жұмыс беруші америкалық азамат болса, ол әрдайым көмектеседі, жұмыстан кейін үйіңе дейін жеткізіп тастайды немесе тегін велосипед береді. Осылайша, жұмысшыларына қолайлы жағдай жасайды.
Негізінен АҚШ-та жоғарыда айтылған жол көрсететін агенттіктердің көмегінсіз барсаңыз да, өздігіңізден жұмыс табу аса қиын емес. Мысалы, жағажайда көптеген қонақ үйлер орналасқан. Соларға кіріп, бос жұмыс орнын сұрастырып жүрсең, әйтеуір біреуі міндетті түрде хабарласады.
Сағатына 8 доллар төлейді
Мұнда қанша қаражат табатыны студенттердің өзіне байланысты. Кейбіреулер ата-анасына Америкаға баруға кететін ақшаны қайтарамын деп, сонда келген күннен бастап жұмыс іздей бастайды. Ал кейбір студенттер қалтасындағы ақшасы біткеннен кейін ғана әрекет етеді.
– Жеті жылдан бері осы орталықта жұмыс істеп келе жатырмын, барлық студенттер міндетті түрде Америкаға қайтып барғысы келеді. Қазақстандық жастардың көбісінің қаржы табу мақсатында баратыны жасырын емес. Мысалы, басқа да дамыған елдерге дәл осылай жұмысқа барсаң, кеткен қаражатты қайтара алмайсың. Ал Америкада жұмыс істейтіндерге бастапқы ақшасын қайтарып қана қоймай, үстіне мол қаржы алып қайтуға болады.
Онда бір жұмыста істесе 3000 доллар, екі жұмыста қатар істесе, 5000-6000 доллар шамасында табыс табу мүмкіндігі бар. Өзім алғаш барғанымда 5000 доллар, екінші жылы барғанда 8000 доллар тауып қайттым. Студенттердің ішінде Бостонда болғандар 10 000 – 11 000 доллар алып келеді. Себебі онда жалақы көбірек төленеді. Ал шығыс жағалаудағы орташа жалақы – сағатына 8 доллар. АҚШ-та жұмыс істеуге аптасына 40 сағат беріледі. Егер студент 40 сағаттан көп еңбектенетін болса, ол over time болып есептеледі, яғни бұл жұмысы үшін оған жұмыс беруші 1,5 есе көп ақша төлейді, – дейді Айнұр Қожахметова.
Америкада төлем картасынсыз жүру мүмкін емес
Мұнда жалақы пейчекпен төленеді, яғни қағаз түрінде аласыз. Соны төлем картаға аударып алу керек. Америкада төлем картасын ашу тегін. Елден апарған қосымша қаржыны да соған салып қойған жөн. Себебі, онда барлық қызметтер картамен төленеді. Тағы бір айта кетерлігі, төлемдер үшін ешқандай комиссия алынбайды.
Тіл үйрену адамның өзіне байланысты
Бұл бағдарламамен тіл дамыту мүмкіндігіне келсек, тілді тұрмыста қолдануды өте жақсы деңгейде үйреніп келуге болады. Бұған адамның жұмысы да тікелей әсер етеді.
Адамдармен қарым-қатынасқа көп түсетін жұмыс болса, мысалы сатушы болып істесең, тіл жетілдіру мүмкіндігің жоғары. Ал жаныңда өзіңмен бірге барған тілді жақсы меңгерген адам болса, онда тіл үйрену қиындау болмақ. Негізі қиналғаннан көп нәрсе үйренесің. Сондықтан шетте жүргенде тілді дамытуға барынша тырысу керек.
Қазақ жастары елге оралудан бірінші орында тұр
"Work and travel" бағдарламасымен барған студенттер 25 мамырдан 1 қыркүйекке дейін жұмыс істеп, күзгі семестр басталғанша елге келуі тиіс. Америкада қалып қоятындар да кездеседі. Жыл сайынғы статистика бойынша біздің студенттер елге қайтып келу жағынан бірінші орында тұр деп айтуға болады.
– Менің Америкада қалу туралы ойымда болған да жоқ. Ал жалпы АҚШ-қа барған студенттердің арасында сонда өмір сүруге қалғысы келетіндер көп. Сондықтан жұмыс беруші тарап кей ел студенттерінің көпшілігіне J-1 визасын бермей, өтініштерін кері қайтарып жатады. Бізде өтініш бергендердің 90-98 пайызына виза беріледі. Себебі, студенттер көп жағдайда елге қайтып оралады. Негізінен ол жақта тұру үшін басқа визаларды алу өте қиын.
Жалғыз әрі алғаш рет баратын студент нені білуі қажет
Бұл бағдарлама бойынша алғаш рет Америкаға баратындардың алаңдауына еш негіз жоқ. Бастысы, ағылшын тілін меңгеру деңгейі жақсы болуы тиіс. Сонымен қатар студент жұмыс берушімен, демеушімен және елшілікпен әңгімелесуден міндетті түрде өтуі керек.
Айнұр Қожахметованың айтуынша, агенттіктер бірге баратын танысы жоқ, жалғыз өзі баратын студенттерді елден кеткенше сол қалаға баратын өзге де қазақстандық студенттермен таныстырып жібереді.
Сонымен қатар бірінші рет баратын жастар мынаны мұқият жадында сақтағаны жөн:
McDonalds, Burger King, Wendy's сияқты мейрамхана мен кафелерде тамақтанып, ақшаңызды бекер құртпаңыз. Біріншіден, бұл өте қымбатқа түседі, екіншіден денсаулыққа зиян. Мүмкіндігінше үйде әзірлеп ішіңіз. Қазақстанда қалай тамақтансаңыз, онда да сол режіммен ауытқымаған жөн. Әйтпесе, фаст-фудты көп тұтынғаннан елге салмақ қосып оралатындар қатары мол.
Америкаға аттанар шақта олардың электр желісіне жалғайтын розеткаларына жалпақ штепсель вилканы ғана қолдануға болатынын ұмытпаңыз. Сондықтан қалтафон қуаттандырғышыңызды жалғастырғыш тетікті (переходник) қоса алып барған дұрыс.
Велосипедпен және жаяу жүрген ыңғайлы әрі арзан. Барғанда велосипедті жалға немесе сатып алуға болады. Алайда кейбір қалаларда қауіпсіздік мақсатында әр түрлі жерлерден жаяу өтуге тыйым салынған. Сондықтан барған кезде қаланың картасын сатып алып, жұмысқа баратын жолды нақтылап қарап алу қажет. Адасып қалған жағдайда адамдардан жөн сұрауға ұялмаңыз.
Сақтандыру полисіңіздің нөмірін жаттап алыңыз не жазып алып жаныңызда ұстаңыз. Осы нөмір арқылы, яғни медициналық сақтандыру қағазынсыз көмек ала аласыз.