Тікелей эфир

Вакцинаның бірінші компонентін алған 541, ал толық курсын алған 104 адам Covid-19 жұқтырды

Олардың барлығы инкубация кезеңінде, яғни 14 күн ішінде ауырған.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова ОКҚ брифингінде мәлімдеді. Оның айтуынша, барлық науқастар коронавирусты вакцинация кезінде жұқтырған.

"Біз вакцинациядан кейін бірінші компоненттен кейін де, екінші компоненттен кейін де сырқаттанушылыққа міндетті түрде мониторинг жүргіземіз. Бұл адамдардың барлығы инкубация кезеңінде, яғни 14 күн ішінде ауырған. Яғни, олар вирус жұқтырған кезде екпе алған", – деді журналистің сұрағына жауап бере отырып Айжан Есмағамбетова.


Оқи отырыңыз: Ұжымдық иммунитет қалыптасу үшін халықтың 60 пайызы вакцина салдыру керек 


Бұған қоса, Айжан Есмағамбетова отандастарымызды басқа вакциналарды күтпей, қазір қолда бар екпелерді салғызуға шақырды. Оның мәлімдеуінше, вирустың айналымы жалғасуда және жұқтыру қарқынын тоқтату үшін қазақстандықтар мүмкіндігінше тезірек ұжымдық иммунитетті қамтамасыз етуі керек.

"QazVac вакцинасына қолжетімділік елдің жекелеген өңірлерінде бар, Sinopharm және Спутник-V барлық жерде бар. Егер азамат отандық вакцинаны алғысы келсе, оны күтуі керек екені анық. Бірақ мен қазір бізде қолданыста бар барлық үш вакцинаның да қауіпсіз екенін еске салғым келеді. Сондықтан басқа екпені күтпеуге шақырамын: Pfizer немесе QazVac-тың барлық жерде пайда болғанын күтпей, қазір егу мүмкіндігі бар, қолжетімді екпені пайдалануға болады",– деді ол.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда вакцина алған соң 4 адам көз жұмды. Оның екеуінің екпеге қатысы жоғы анықталды


Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі елдің медициналық ұйымдарында коронавирусқа қарсы вакцина жеткілікті деп мәлімдеген болатын.

Серіктестер жаңалықтары