Тікелей эфир

Вакцинацияға қарсылардың саны 17 мыңға жуықтады. Бас тарту себептері қандай?

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Дәрігерлер қазақстандықтардың вакцина салдыруға қарсылық білдіргеніне алаңдаушылық танытып отыр. Вакцина салдырмаған тұрғындар саны жыл санап артуда.

Екпеден бас тартқандардың саны қанша?

Мамандардың айтуынша, тұрғындардың вакцина салдырмауына негізгі үш себеп бар:

  • Жеке бас себебі;
  • Діни көзқарас;
  • Екпе жасау қажеттілігіне мән бермеу.

Бұл туралы Алматыда өткен инфекция және вакцинациялау жөніндегі сарапшылар конференциясында айтылды.

Оқи отырыңыз: Елдің батысы екпеге қарсы. Вакцинацияны міндеттеу кімнің құқығын шектейді?

2019 жылы 17 мыңға жуық адам өз балаларына вакцина салдыруға қарсылық танытқан.

"Көбіне балалары бір жасқа толмаған ата-аналар екпеден бас тартады. Олар шамамен 65 пайыз. Соңғы жылдары діни көзқарасы бойынша бас тартатындар саны біршама азайды. Бұрын діни себеп бойынша екпе салдырмайтындар саны барлық қарсылық танытушылардың 50 пайыздан астамын құраса, қазір олардың саны 30 пайыз шамасында", – дейді Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының бөлім бастығы Айнагүл Қуатбаева.

Үш жыл бұрын екпеден бас тартушылар саны 12 мың адам болса, қазір 16 998 адамға жеткен. Көбі интернетте, әлеуметтік желіде жазылған вакцина туралы жағымсыз ақпараттарды оқып, сосын салдыруға қарсы болады

Вакцинациялау ережесі қалай өзгермек?

Осыған дейін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов: "Егер вакцинацияны міндеттемейтін болсақ, онда бас тарту саны өсіп кетеді. Қазірдің өзінде салдырғысы келмейтіндер жетіп артылады", – деген болатын.

  • Қазақстанда жыл сайын 4,5 млн екпе салынады.
  • Әртүрлі ауруларға қарсы 21 вакцина қолданылады.
  • Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакетінде 225 дәрі-дәрмек тізімі бар.
  • Оның 161-і – ересектерге, 192-сі – балаларға арналған.

Сарапшылардың сөзінше, вакцинация мәселесі егжей-тегжейлі талқыланып, Халықты вакцинациялау және Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске ұтымды өзгерістер енгізілуі тиіс. Жаңа кодексте ата-аналар жауапкершілігі де қарастырылады. Яғни, ата-ана баласының қандай аллергиясы бар, қандай аурумен ауырғанын және отбасылық тұқым қуалайтын аурулары туралы ақпарат беруі тиіс.

Вакцина қайдан әкелінеді?

Мамандар елімізге әкелінген вакцина сапасы қатаң тексерілетінін айтады. Сарапшы Айнагүл Қуатбаеваның айтуынша, ең басты талап – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан алынған сертификат болуы тиіс.

"Вакцина иммунологиялық лаборатория базасында мұқият тексеруден өткізіледі. Елімізге әкелінген барлық вакцина төрт орталықта сақталып, сол жерден өңірлерге таратылады. Әрине, оған дейін вакциналардың бәрін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының эксперттері де қатаң сүзгіден өткізеді. Бір елден бір елге жеткізілемін дегенше бақыланады. Олар сақталатын арнайы қоймалар, температуралық режимдер бар. Екпе бізге негізінен Франция, Бельгия, Оңтүстік Корея, АҚШ және Үндістан елдерінен әкелінеді. Үндістаннан біз қызылшаға қарсы вакцина аламыз. Ал туберкулезге қарсы екпені Жапония тасымалдайды", – дейді Айнагүл Қуатбаева.

Серіктестер жаңалықтары