Тікелей эфир

Әулие, бақсы-балгер және тылсым күш туралы алып-қашпа әңгімелер қаншалықты шын?

Иллюстрацияны жасаған Алмас Сырғабаев
Иллюстрацияны жасаған Алмас Сырғабаев
Әулие, бақсы-балгер, көріпкел, құмалақшы, емшілердің ғажайып қасиеттері мен тылсым күштері туралы әңгіме қазақ арасында кең тараған. Олар қалай пайда болады?

Әулие деп қазақы ұғымда ерекше қасиеттері бар және тылсым күшті бағындырып, небір таңғажайып істерді жасауымен халық сеніміне ие болған, діни және пәни білімді жетік меңгерген ғұлама адамдарды айтады. Діни түсінікте жаратушының досы, сүйіктісі саналады. Олар дұғамен не басқа да амалдармен түрлі ауруларға дауа дарытқан, болашақты болжаған, қауым арасында рухани тәрбие жұмыстарын жүргізген.

Барлық ұлттарда әулиелер бар. Мысалы, тәңіршілдікті, шамандықты ұстанғандар арасында олар бақсы-балгер деп аталған.

Қазақ ұғымындағы киелі жаратылыстар (бейнелер)

  • Періште – Құдайдың әмірін әлемге жеткізуші, қанатты көмекшілері, пәк жаратылыс. Төрт періште бар.
  • Пір – адамзатты қолдап-қорғаушы рух, адам сыйынатын аруақ. Қасиетті дін басшыларына сыйынғанда айтылаты ұғым.
  • Ғайып ерен қырық шілтен – мұсылмандарды жебеп-желеп, қолдап жүретін, көзге көрінбейтін киелі жаратылыс.
  • Қыдыр – ел аралап жүретін адам кейпіндегі әулие, адамға бақыт, ырыс, дәулет әкелуші.
  • Әулие-әмбие – қасиетті киелі жандар, пайғамбарлар, шадиярлар.
  • Сәруәр – пір, қожа, ие, жолбастаушы, көсем.
  • Пірадар – тақуа діндар адам, сопы.
  • Дәруіш – дүние қызығынан безген діндар.
  • Диуана (дуана) – ырзығын көптен тілеп, кәсіпсіз қаңғырған діндар, тақуа.
  • Шайқы – ел, халықты күлкіге қарық қылып, көңіл көтеруші кезбе. киелі адам.

Қазақ ұғымындағы жағымсыз жаратылыстар

  • Шайтан (сайтан) – әртүрлі бейнеде көрінетін, адамды азғырып, ақ жолдан тайдырамын және күнәға батырамын деген серті бар құбыжық.
  • Малғұн – шайтанның бір түрі, опасыздық бейнесі.
  • Әзәзіл – адамды бір-біріне айдап салып, өзара жауықтыратын шайтан.
  • Ібіліс – адамды пәле, күнә жасауға азғырушы пері.
  • Әбілет – адамды қылғындырып тұншықтыратын кесапат, қара күш.
  • Албасты – босанар не босанған әйелдің өкпесін ұрлап, тұшықтыратын әйел бейнесіндегі әбілет.
  • Монтаны – адамды айкезбе (лунатик) қылып, жетектеп кететін жын-пері.
  • Жын-пері – аспанда және су ішінде жүретін жаратылыс.
  • Перизат – періден туған, пері тектес бейне. Жағымды және жағымсыз бейне түрлерінде халық түсінігіне сіңген.
  • Жын – бақсы-балгерлерге, диуаналарға қызмет ететін, көзге көрінбейтін жаратылыс. Бақсылар жынды шақыра да, аластай да алады. Жын мұсылман және кәпір деп бөлінеді.
  • Дию – алып тұлғалы, күшті жаратылыс.

Бұл қандай жанр? Әдебиетші, мифология зерттеушілері не дейді?

Қазір әулие-әмбие, бақсы-балгер, ғажайып құдіретті күштер туралы әңгімелер өте көп. Адамдар оларды қызыға оқиды. Бұны қандай жанрға жатқызуға болады?

Айнұр Төлеу, әдебиеттанушы, мистик, ақын:

– Бұл – бұрынғы фольклорлық әдебиеттің жалғасы. Хикаят жанры ретінде қаралып келген болатын. Яғни, аталарымыз "Мен бір хикая айтып берейін" деп бастап, елге белгілі адамның не жаратылыстың ғажайып құдіреті мен ісі туралы әңгімелеп береді.

Мұндай әңгімелер бір кезде мистика, одан мифтік әдебиет, хикаят деп танылғанымен қазіргі әдебиетте фэнтэзи жанрына жатқызылатын болды. Ол – ғылым мен мистикамен бірігіп, киберкейіпкерді тудыруына байланысты қалыптасты. Себебі, бұл әңгімелердің дәлелдемесі бар таңғажайыпты ғылым тұрғысынан зерттеп, дәйектеуге тырысудан шықты. Өмірде болған кей нақты оқиғаларға қарап, кейде оған сенесің, кейде миға қнбайтын қиял-ғажайыпқа, тіпті оған сену қиын болады, – дейді.

Адамдар мұндай әңгімеге неге құмар?

– Адам баласы жаңалыққа, таң қаларлық ғажайып дүниелерге құмар. Мұндай әңгімелер адам психологиясына тез әсер етеді. Оның себебі, біз, адамзат қанша білімдіміз десек те, әлемдегі небір жаратылыс жүйесіің сырлары мен қырларын жете зерттеп, түсіне алатын жағдайға әлі жеткен жоқпыз. Жете қоймаймыз да. Достаевскийдің сөзімен айтқанда "Ұлы үйлесім иесі қалыптастырған жүйені түсінген кезде, бұған дейінгі талай жүйелердің қайталаушысы екенімізге көзімізді жеткіземіз". Сондықтан да көкірек көзі ояу адамның осындай таңғажайып дүниелерге, тылсымдарға таңырқап, тамсана қарауы жалғаса береді, – дейді Айнұр Төлеу.

Жалған әулиелер де бар

Шөптібай Байділдин, оюшы, этнограф, өлкетанушы:

– Жалпы адамзат қауымында жын, пері, әулие-әмбие туралы ұғым бар. Мысалы, осы туралы Шоқан Уәлиханов: "Әулие-әмбие, жын-пері, малғұн, мәжүн, ібіліс және басқалар адаммен қатар өмір сүреді. Оны тек ерекше қасиеті барлар ғана көреді" деп айтқан екен. Біз кей адамдардың ғылым түсіндірмеген, әншейін адам қолынан келмейтін істерді істегенін көзіміз көрді. Мысалы, атақты Кәтен дамолла кез келген адамның ойын оқып отырған. Дәрігер жаза алмаған аурудың бетін бақсылар қайтарған, – дейді.

Шөптібай ағамыздың айтуынша, кей адамдардың ақша үшін өтірік әулие не емші болатындығы да кездеседі екен. Әулиелік – кез келген адамның бойына берілетін қасиет емес.

Төменде Шөптібай аға мен Ерлан Меркіт айтып берген бірнеше хикаяны келтірсек.

Шөптібайдың бірінші әңгімесі. Бала әулиенің 3 кереметі

XVIII ғасырдың алғашқы жартысы. Данышпан, сайыпқыран батыр Шақшақ Жәнібек Қошқарұлына бірде Бұхардан Хайшы абыз (діни және пәни ілімді бірдей меңгерген ғұлама, ақылман) бастаған молда-қожалар келіпті. Қайтар кезінде Шақшақ Жәнібек Хайшы абызға "Арғын-қыпшаққа пір болар, мұсылмандықты орнықтырып, дінді жарқыратар адам бер" деп қолқа салады. Хайшы бабамыз өзінің ажалының жақын екенін, алты баласының ішінен таңдағанын беретінін, оны қайынағасы Қосымқожаға аманаттайтынын айтады.

Қалмақ пен жоңғардың шапқыншылығынан оралып, ел есін жинай бастағанда ауыл ақсақалдары Шақшақ Жәнібек бабамызға Хайшы абызбен болған уәдесін еске салады.

Сонымен Жылқайдар руынан, Солтанның Ақбикешінен туған Хожаназар атамыз Жәнібектің Қосымқожаға жазған хатын алып, Бұхарға келеді.

Барса, ол Хайшы абыздың 16-17 жастағы Азына деген кенже баласын берген екен. Көңілі толмағандардың бірі сынау үшін, жолда "Сені бізге әулие деп берді ғой. Шөлдеп келе жатырмыз, бір кереметіңді көрсет" десе керек. Бала "Анау шабындыққа тоқтаңдар. Сосын жылқылардың барлығын босатып қоя беріңдер де екі сағаттан кейін қысыр биелерді сауыңдар" депті. Айтқанындай қысыр биелерден саулап сүт шыққан деседі.

Тағы бір жерге келгенде, әлгілердің тағы біреуі "Қаптаған киіктің біреуін ұстап бер" депті. Бала "Еркегі тоқтаса жақсы, ұрғашысы тоқтаса маған жаман болады" деген екен. Ақыры болмаған соң, дұға оқыса, лағы бар ешкі тоқтапты. "Менің ұрпағым келешекте аз болатын болды" деп бала өкініпті дейді.

Одан тасып жатқан Сыр өзеніне жетеді. "Бір аттың құйрығына екіншісінің құйрығын жалғап байлаңдар. Сосын ерден мықтап ұстап,көзді жұмыңдар. Мен аш дегенше, ашпаңдар" депті бала. Небір кереметке куә болып келе жатқан жолаушылар мақұл деді. Алайда қалай өтіп келе жатқанын көргісі келген біреу шыдамай көзін ашып жіберсе керек, мұздың үстінде келе жатыр екен. Сол мезетте көзін ашқан адамнан бастап, барлығы суға кетеді.

Хожаназар бабамыз Азынаның әулиелігіне сеніп, асық жілік ұстатып, өз тілегі бойынша бала қылып алады. Өсе келе, елі басына көтерген ғұлама, әулие атанады.

Шөптібайдың екінші әңгімесі. Бүтіндей бір ауылдың жаппай құтыруын тоқтатқан әулие

Бұл әңгімені Азына бабамыздың ұрпағы Оспан қожаның кенже баласы Мұхаметуәлиден естідім.

ХІХ ғасырдың басы екен. Көтібар – Көбек қопасында отырған 50-60 киіз үйлі ауыл бір кеселге ұшырайды. Не түлен түртетіні білгісіз, ауыл адамдары түгелдей кешке өрістен келген малға үйдегі заттардың қолға түскенін артып жіберетін болыпты. Мал одан үркіп, тулап, артқан затты айналаға шашады. Таңнан кешке дейін тұрғындар соны жинайды. Кешке қарай қайта сол жағдай. Осылайша ауыл бір ай әлекке түсіпті. Ауылға арнаулы шақырумен келген Оспан қожа бабамыз дұға оқып, құтырық ауруды қойдырған екен.

Шөптібайдың үшінші әңгімесі. Түрме кедергі бола алмаған Әмірхан

Мұхаметуәлидің айтуынша, Кеңес үкіметі орнаған кезде әулие Оспан қожа бабамыздың Қапыш, Әмірхан, Мұханбетуәли деген балаларын Қостанайдағы түрмеге салыпты.

– Әмірхан бабамыз қамаулы тұрған жерінен шығып кетіп, бес уақыт намазын аулада оқиды екен. Сақшылар оны көріп, бұзып шықты ма деп, камераға жүгіріп барса, есігі де терезесі де құлыптаулы тұрады. Қапыш атамыз да осындай киелі, әулие болған.

Осы жағдай үнемі қайталана берген соң, айнала аңду қойылады. Сонда Әмірхан: "Қарағым, мен үкімет заңына қарсы емеспін. Кеткім келсе кетіп қала аламын. Құр босқа тер төгіп, ұстап аламыз деп әуре болмаңдар" деген. Ақыры амалы құрып, түрме басшылығы оны босатуға мәжбүр болады.

– Үйде еменнің шорынан ойылған ағаш табақ бар. Еменнің шоры жарылмайды ғой. 150 жылдан асса да, сол күйі сақталған. Оспанқожа Өтейұлы бабамыздың қажыға барғанда киген бешпетінің жағасы бар еді. Содан маған тақия тігіп берген. Қазір үйде тұр, – деді Шөптібай аға.

Өтейұлы Оспанқожа – Азына бабамыздың ұрпағы. 1862 жылы Торғай уезінің Қызбел ауылында туған. 1928 жылы қайтыс боларынан біраз бұрын, елді жинап, алда күтіп тұрған зұлматтар туралы айтыпты.

Шөптібайдың төртінші әңгімесі. Таласбай әулие мен Кәтен әулиенің хикметтері

Торғайда өткен ғажайып аңыздардың біразы Таласбай Жүзбайұлы мен Кәтен әулиеге қатысты айтылады.

Таласбай дамолла (Дамолла – дін зерттеуші ғұлама деген діни атақ) Торғайдың Аққұмында туыпты. Оның әкесі Жүзбай 1867 жылдары Уфадағы Ғалия (арабша жоғары мектеп) медіресесінде оқыған,Қажылыққа барған. 1894 жылы Жыланшық өзені бойына ені – 18, ұзындығы – 38 метр мешіт-медіресе салдырған. Әкесі оқыған медіресені бітірген Таласбай сол мешітте имам болады.

Сол Таласбай Бұхарадан білім алған Кәтен дамоллаға баласы Әбдіғалиді апарып, оқытады. Кәтен дамолла Торғаймен арасы 120 шақырым жердегі Аққұмда тұрыпты.

Таласбай баласын басқа оқуға жібергісі келіп, алып қайту үшін жолға шығайын деп таңертең арбаға қос ат жегіп жатады да "осы екі аттың бірін Кәтен қажыға баламның тілхаты үшін берейін" деп ойлапты.

Келген соң, екі ғұлама көп әңгімелеседі. Сөз арасында Кәтен: "Сен осы дін жолында көп азап көресің. Бірақ түбі қайыры болады. Алдыңнан бір мәлегің (ұрпағың) шығады" – депті. Ол кезде Таласбайдың екі әйелі 12 баласы бар екен.

Кетер кезде Таласбай ойлаған ойынан айнып "Бір сиыр берейін" десе керек. Кәтен: "Үйден шыққанда бір атты берем деп едің ғой?" дегенде, Таласбай "Ат та, сиыр да сіздікі" депті. Сол Кәтен әулиенің Таласбай әулиеге айтқаны келді. Сол 12 баладан жалғыз немересі қалады.

Шөптібайдың бесінші әңгімесі. Түрмедегі жеңілдік

Таласбай ата бірнеше рет түрмеге қамалады. Алғаш түрмеге отырғанда Қарағандыдағы Долинка түрмесінің басшылығы көрші ауылдың әкімімен келісіп, Таласбайға сиыр бақтырады. Бірде ауыл бастығының шешесі қайтады. Әкімге көңіл айтқан Таласбай "Үйге кіріп, құран оқып шығуға бола ма?" деген ғой. Таласбайдың құранды оқыған мақамын естіген ауыл адамдары да, әкім де бұл кісінің тегін адам емес екенін түсініп, сиыр бақтырмай, түрме бастығынан сұрап алады. Ауылға молда етіпті. Кесілген жазасын сол ауылда өтепті.

Кейін 1929 жылы 10 жыл тағы түрмеге отырады. 1940 жылы Сібірге айдалады. Бірде түрме қызметкері оны қатты сабайды. Ертеңіне оның баласы қайтыс боп кетеді. Мұны естіген түрме бастығы Таласбайды шақырып алып, сөйлеседі. Мәскеудегі бір жоғары оқу орнының Шығыстану мамандығына оқығаны бар екен. Ол да қудаланып, осындағы түрмеге бастық болып келіпті. Таласбайдың сырын білгеннен кейін, оны жеңіл жұмысқа ауыстырады.

Таласбай әулие 1941 жылы оралып келсе, бір әйелі мен бір баласы ғана тірі екен. 3 күннен кейін немересі Шынберген туады. Ертесі жалғыз баласы Әбдіғалиды соғысқа әкетеді. Содан ол оралмайды.

Шөптібайдың алтыншы әңгімесі. Бас сүйекке сіңген қан

Кәтен әулие де 1928 жылы қудалауға ұшырайды. Оның қанша мерзімге, қайда сотталып кеткені белгісіз.

1956 жылы бір күні таңертең Таласбай далаға шықса, аппақ киім киген, сақалы әппақ күмістей, таяқ таянған бір ақсақал дөңнен түсіп келе жатыр екен дейді. Жақындай келе қараса, Кәтен екен. Күтіп алады. Кәтен дамолла келді дегенді естіген алыс-жақындағылар шұбырып келіп, амандасады.

Бірнеше күннен кейін Кәтен өзінің үйінің батыс жақ бұрышын қаздырады. Астынан төңкерілген қазан шығады. Қазанның астындағы әлі кеппеген балшықта екі адамның табаны мен қолдарының табы бар екен дейді. Кәтен "Қайран әке-шешем-ай!" деп сол іздерді сүйіп жылапты.

Сосын балалары мен інілерін сұрапты. Ол кезде Кәтеннің балалары да, інілері де қуғын-сүргін мен аштықтан қырылған екен. Ақсақалдар "Ашаршылықта осында жерленді. Онда бірнеше бала жатыр. Сіздің балаңыз қайсысы екенін біле алмаймыз" десе керек.

Кәтен сүйектерді қазып, бастарын әкелуді өтінген. Алғашқы баланың басы шыққанда қолын шертіп, қан шығарыпты да бас сүйекке тамызыпты. Қан сырғып ағып кетсе керек. Екіншісін әкелгенде тамған қан бас сүйекке сіңіп кетеді. Сонда: "Қайран құлыным-ай!" деп басты құшақтап жылап отырып, жүріп кетіпті. Артында ұрпақ қалмады. Кейін Сейіт Кенжеахмет ағамыз Кәтен дамолланың қабірінен алған кітаптарды Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына өткізіпті.

Шөптібайдың жетінші әңгімесі. Шәді азан шақырғанда түрменің есіктері ашылып кетеді екен

Шәді төре Жәңгірұлы (1852-1933 ж.ж) аталас атамыз еді. Шәді – атақты Көкілташ медіресесін бітірген әулие адам. Кеңес Одағы орнағанға дейін 22 кітап жазыпты. Оның ішінде діни дастандардан басқа, тарихи шежірелер де көп болыпты.

1847 жылы Кенесары шейіт болған кезде кіші әйелі Мәуіті 25 жасында жесір қалады. Бір жылдан кейін Кенесарының ағасы Есенгелдінің баласы Жәңгір төреге әмеңгерлік жолмен әйел болады. Шәдінің шешесі, осы Мәуіті анамыз. Созақта туылыпты.

Шәді төре 60 жасында кеңестік биліктің қуғынына ұшырайды. Арал түрмесінде отырғанда Шәді таңертең намаз оқуға далаға шығып, азан шақырғанда камералардың есіктері өз өзінен ашылып кете беретін болған.

Сондықтан түрме бастығы Шәдіні Аралдың ортасындағы Барсакелместегі түрмеге жібереді. Бірнеше айдан кейін барса, Шәді арықтап, сақал-шашы өсіп, жүдеп кетіпті дейді. Сосын Шәдіні кемеге отырғызып, Аралға жуынып-шайынып келуге жібереді. Үш күннен кейін осы кемемен қайта келуді тапсырады. Ақсақал қашпайды деп сенеді.

Аралға келген ақсақал көшеде екі шалдың бір-бірімен "Сияр шәріп" кітабы туралы дауласып отырғанын көреді. Бірі: "Кітап бұлай жазылмайды" десе, екіншісі, "Осылай" деп айтысып отыр екен. Сонда Шәді: "Әй, қарақтарым, оны жазған мен. Ол былай болған" деп түсіндіріпті. Мұны сырттан көріп тұрған бір әже Шәдінің жай адам емес екенін біліп, үйіне апарып жуындырып, киіндіреді.

Үш күннен кейін ақсақал Барсакелмеске келмей қалады. Түрме бастығы "Әттеген-ай! Бұлай болар деп ойламап ем. Енді басыма пәле болатын болды ғой" деп үйіне келсе, Шәді төрде отыр дейді. Сөйтсе, ана әже сол бастықтың шешесі екен. Баласына "Бұл – атақты Шәді төре деген әулие. Жөнін тауып құтқарып жібер" деп тапсырады. Сонымен түрме бастығы Шәдіге құжат жасап, Өзбекстанға жер аударыпты.

Шөптібайдың сегізінші әңгімесі. Ішіне құран түсіп кеткен адамның денесі шірімейді

Ол жерде қуғын сүргінде жүрген Жүсіпбек Сүлейменов деген қызылордалық жігіт кезігіпті. Діни мағұлматы жоғары жігіт ақсақалды күтіпті. Ақсақал көптеген шығармаларын осы жігітке аманаттаған екен.

Бірде ақсақал: "Керуен тауып, мені Самарқанға салып жібер. Сонда күтіп алатын адамдар бар" дейді. Жігіт сөйлескен керуенбасы, "Жарайды жеткізейік. Бірақ қарт кісі жолды көтере алмайды. Арба тауып әкел" деп шарт қояды. Жүсіпбек арба тауып келгенше, Шәді қайтыс боп кеткен екен. Сонымен өзі де сүргінде жүрген жігіт шамасынша арулап, бір жардың түбіне жерлейді. Сталин өлгеннен кейін еліне оралған сол жігіт баласы мен інісін ертіп, 23 жылдан кейін Шәді төренің жатқан жеріне қайта келеді. Қараса топырағы шайылып, қабір ашылып қалыпты. Шаш-тырнағы өскен, бірақ денесі бұзылмаған екен дейді. Сосын қайтадан жерлепті.

Ғұламалардың айтуынша, ішіне құран түсіп кеткен адамның денесі бұзылмайды екен.

Шөптібайдың тоғызыншы әңгімесі. Аққудың өтін алу үшін "құдайы айтып" атса болады деуші еді

Әкемнің інісі Сейтқасым ағаның үйінде аққудың өті болды. Ол көп ауруға ем дейтін. Аққу – киелі құс. Атқан, өлтірген адамды құстың киесі ұрып, не пәлеге душар болатыны туралы аңыздар өте көп.

– Бірде көлден құс аулауға шықтым. Қасымда бір орыс жігіті болды. Анадай судың бетінде бір топ қаз жүзіп жүр екен. Қасымдағы орысты қалдырдым да, мылтықты көтеріп, оқты ауызыма салып, солай қарай жылжыдым. 10 метрге дейін жақындап, құс көтеріліп ұшқанша екі рет атып үлгеруім керек. Содан бір аттым. Ұша бергенде тағы да оқтап, атып үлгердім. Топырлап түсті. Барсам бесеуі құлаған екен. Қарасам қазға ұқсамайды. Түсі көгілдір жасыл. Қорқып кеттім. Қасымдағы орыс бала "не лебедь (аққу емес)" деп қояды. Байзақ деген ағам: "Қаз да емес, аққу да емес" деді. Жүрегім зу ете қалды. Мойны қаздан ұзын. Түсі – жасыл-көк. Ақ емес. Сосын көрші шөп бригадасындағы ақсақалға біреуін көтеріп алып бардым. "Ойбой, қарағым-ай! Аққудың алты балапаны жүр еді. Солар екен ғой. Қатеден болған ғой. Таза жерге көм. Жемеңдер" деді. Сосын бірнеше күннен кейін үйге келсем, әкем: "Бірдеңеден қорқып құдайы айттың ғой" деді.

Жасыруға амал жоқ: "Иә, білмей аққудың балапанын атып тастаппын" дедім.

– Құдайы айтқаның дұрыс болды. "Құдай" дегенге тілегін береді, – деді. Құдайы ас бердік, – дейді Ерлан Меркіт. – Бертінде әкемнің тамағы ауырып, Сейтқасым ағаның үйіндегі аққудың өтін езіп берейін дедім. Оған үлкендер көтере алмайды деп бергізбеді.

Сонда ақсақалдар "Аққуды өті үшін құдайы айтып, атуға болады" деп айтып отырды.

Сатыпалды Әкім ағамыз І.Есенберлин мен С.Мұқановқа да әңгіме айтып берген

– Шалдар алдына жастық қойып отырады, бірі әңгімені ақырын бастайды. Таңнан-таңға, айлап айтады. Әсіресе батырлар мен киелі әулиелер туралы айтқанда, кино көріп отырған секілді болатын едік.

Жезқазған жақта Сатыпалды Әкім деген ағамыз әңгімені таңнан-таңға айтқанда қасындағы адамдар үндемей тыңдап отыра беретін болған. "Әңгіме бұзау емізеді, бұзау таяқ жегізеді" дегендей, бір жолы 25 жылға түрмеге кеткен бір шахтер бір жылдан кейін ақталып келеді де, құдайы ас береді. Сонда, Сатыпалды ағамыз келген қонақтарға әңгіме айтып отырса, қасындағы бір кісі түртіп: "Таң атып қалды ғой" деген екен.

Ағамыздың ауылына Ілияс Есенберлин келіп, үш ай жатқан. Содан "Көшпенділер" романын жазды. Ал, Сәбит Мұқанов "Аққан жұлдыз" романын осы кісінің үйіндегі әңгімеден бастапты.

Мен де таңнан таңға әңгіме айтамын. Сосын тыңдағанды жақсы көремін. Соның арқасында Кейкі батыр туралы екі кітап жаздым. Сол Кейкі бабамызды көзбен көріп, бірге жүрген адамдардың, ауыл ақсақалдарының аузынан шыққан әңгімелерінен құралды. Бір рет жазғанымды еш өзгертпей баспаға бере саламын, – деп әңгімесін жалғады Шөптібай аға.

Шөптібайдың оныншы әңгімесі. Ұстаханадан түнде балғаның дүрсілі естіліп тұратын

Мұқанбетжан ұста Амангелді ауданының Құмкөшу ауылында тұрған.

Мұқанбетжанның әкесі Игісін ұста болған. Көшеде жатқан темір-терсекті жинап, құйып, ғажап нәрселер жасайды екен. Игісіннің аяғы қысқа, иіліп тұрған соң ауылдастары "Тобаяқ" деп атаған екен. Оның ұлы Мұқанбетжан да атақты болды. Мұқанбетжан ХХ ғасырдың 50 жылдары ДТ54 трактордың үзілген білігін (коленваль) дәнекерлемей жалғаған деседі.

Біліктің сынған екі бөлігін екі жақтан төбеге сыммен байлапты. Сосын екі көрікпен қыздырып, балқи бастаған кезде ортасына ақ бора сеуіп, екі жағынан салмағы бірдей екі балғамен бір уақытта бір рет қана ұрып жалғап жіберген екен. Дәлдік пен техниканың кереметтігі сондай, жалғаған жерінде ешқандай із қалмайды екен. Ол кезде дәнекерлейтін технология дегенді білмейді ғой.

Атамыз бір шәйдің үстінде ер адамға пышақ, әйел болса күміс сақина соғып беріп үлгереді екен. Сол кісінің қолынан шыққан күміс сақиналар Құмкешу ауылы тұрғындарының қолында әлі бар. Бір қызығы соққан нәрсесінен ешкім ешқандай мін таппайтын.

Ұстаханасы ауылдан екі шақырым жерде Тоқанай сайы бойында болған. "Ол кісі өмірден озғаннан кейін де, ұстаханадан түнде балғаның дүрсілі естіліп тұратын еді" дейді ауыл ақсақалдары.

Шөптібайдың он бірінші әңгімесі. Қызжарған, Шошқакөл, Жетіқыз деген жер атаулары туралы аңыз

Қызжарған деген жердің атауына байланысты аңызда қыз таңдауға шыққан екі жігіт жайлы айытлады. Олар келе жатса, талдың көлеңкесінде бесікте 2-3 сәби жатады. Қыз таңдап жүрген жігітке қасындағы жолдасы "Сен түбі мына қызға үйленесің" деп сәбидің біреуін көрсетіпті. Оған ашуланған жігіт "Мынаны алғанша, өлтіріп кетейін" деп әлгі сәбиді қылышпен бір кесіп кетіпті. Содан сол жігіт белгілі себептермен үйлене алмай көп жүреді. Кейін бір қызға үйленеді. Кеште келіншегінің қарнындағы тыртықты көріп сұраса "Сәби кезімде бір жігіт алмаймын деп жарып кетіпті" дейді. Сол жер Қызжарған аталып кеткен екен.

Торғайдың арғы жағында Жангелді ауданынан 30 шақырым қашықтықта Шошқакөл деген жер бар. Кенесарының ауылы соған жақын тұрған екен. Бір жолы Кенесарының інісі Наурызбай батыр бастаған бір топ адам осы көлді жағалап келе жатады. Кездейсоқ жабайы қабан қамыстан атып шығады. Бір ақсақал: "Ау, Наурызбай, сізді батыр дейді ғой. Сол өнеріңді көрсетші!" депті. Сонда Нарызбай: "Ақсақал, ырыссыздың батыры қабанға шабады деуші еді. Бірақ сіз өтіндіңіз ғой. Орындайын" деп шауып келіп, қашып бара жатқан қабанды найзамен түйреп кетіпті. Содан бастап сол көл Шошқакөл аталады.

Содан ары қарай Ұлытаумен екі ортада Жетіқыз деген жер бар. Бірде ауыл көшіп келгенде ыстықтап келген бір қыз бала суға қойып кеткен ғой. Судағы құйға батып бара жатқан қызды құтқарам деп бір қыз ұмтылады. Оны құтқарамын деп келесісі, сөйтіп бірінен соң бірі жеті қыз суға кетіпті.

Ерланның бірінші әңгімесі. 12 жасынан бастап жер астында оқытыпты

Алтайдың Қаба ауданында өткен Малхан Әбдісіләмұлы туралы айтылатын аңыз-әңгіме көп. Әбдісіләм молда бірде екі баласына: "Қайсысың аспаннан бір нәрсені көрдіңдер?" деп сұрайды. Малхан деген баласы: "Мен көрдім" депті. Әкесі: "Мен саған хасиданы оқытам" депті. Сонымен 12 жасынан бастап жер астында оқытыпты. Малхан діни білімге, дұғаның құдіретіне бойлаған ғұлама адам болып өсіпті.

Сол Малхан атамыз кез келген адамды дұғамен қатырып тастайды екен. Таяғымен бір нұқыса, мал артынан еріп кететін болған. Тіптен, атын не өгізін бос қоя беріп, сыртынан үлкен шеңбер сыза салады екен. Олар сол шеңберден шықпай жайылып жүретін болыпты.

Бірде өзінің көршісі әрі досы Базарбай деген атамызға "Сен 67 жасыңда өлесің. Одан тірі кетсең 87-ге келесің" депті. Сол атамыз осы Астанада 67 жасында қайтты.

Ерланның екінші әңгімесі. Құтырған әйелді жазып кеткен

Бірде Базарбай ата мен Малхан ата екеуі Ертіс өзенін жағалап қыстауға беттепті. Қақаған қыстың кезі, өгізді ерттеп мінген екен. Жол алыс, Жолай құдайы қонақ болайын деп, кездескен үйге түсіпті. Іштен шыққан екі жігіттің бірі "Үйге қондыра алмаймыз, жұбайым құтырып, ес-ақылымызды алып, тынышымызды кетіріп жатыр. Сіздерге де ыңғайсыз болады" десе керек.

Базарбай ата: "Мына кісі – Малхан деген молда" дейді. Жігіттер қуанып, екеуі екі өгізді шөпке алып кетеді. Екі ақсақал үйге кіреді. Құтырған әйел ошақтағы күлді бұтының арасынан есікке қарай бұрқыратып шашып жатыр екен.

Малхан ата барып, әйелді шапалақпен тартып жібергенде тып-тыныш отыра қалады. Ата есіктен кірген жігітке "Су әкел!" дейді. Бір кесе суға дем салады да, әйелге "Іш!" деп бұйырады. Сосын "Жат!" деп жатқызып, үстіне үлкен қызыл тонын жауып тастайды. Әйел мұрны терлеп, ұйықтап кетіпті.

Қуанып кеткен екі жігіт қуырдақ қуырып, ет асып екі ақсақалды күтеді.

Ертесі таңертең тұрса, әлгі әйел үйді жылытып, тазалап, шәй қайнатып қойыпты. Кетер кезде Малхан атамыз "Ұшық тиіпті, балам. Ештеңе етпейді" деп жеті дана ішірткі (құран сөздері жазылған зат) беріпті.

Ерланның үшінші әңгімесі. Құмалақшы 4 жасында жоғалған баланы тауып берді

Алтайдың Буыршын ауданына қарасты Қаракөл деген жерде Араб Азанұлы деген көріпкел, құмалақшы кісі болды. Бірде 70 жасқа келген бір кейуана балаларына: "Соғыс жылдары 4 жастағы бауырым жоғалып кетіп еді. Әлі хабары жоқ. Сол бір жерде тірі жүрген секілді. Жүрегім сезеді. Арап деген құмалақшы бар дейді, барып құмалақ салдырып келіңдер" деп қоймапты.

Құмалақты шашып жіберген Арап: "Иә, бала тірі екен. Алыста, Тәңір тауының арғы жағында. Байынғолин облысындағы Қарашәрі деген жерде моңғолдар мен ұйғырлардың ішінде. Барсаңдар тауып аласыңдар. Бетіне қазақылығы шығып тұрады. Осындай бейсауат қазаққа ұқсайтын адам бар ма деп сұрасаңыздар, ел көрсетіп береді" депті. Балалары арнайы дайындалып, іздеп барса, үлкен қара шал отыр дейді. Ол "Мен моңғолмын. Жоғалған бала емеспін" деп бой бермейді. Кемпірдің блалары Арапқа қайта келсе: "Қайта барыңдар. Сені төрт жасыңда екі баламен бірге сүндеттетіп, ат шаптырып сүндет той жасағанбыз. Сол есіңде ме деп сұраңдар. Сонда есіне түседі" депті.

Қайта барған жігіттер осы әңгімені айтқанда әлгі қара шал жылап жіберіпті. Шындығын айтыпты: "Иә, ол есіме түсті. Мені бір дүңгендер ұрлап әкеліп, осыларға сатып жіберген" депті. Сол жердегі балаларын шақырып, іздеп келген туыстарын көрсетіпті.

Сонымен қарт ана туған бауырын тауып, үлкен той жасады. Сол Арап құмалақшыға көп сүйінші сыйлықтар берген еді. Әңгімені айтып берген Ерлан Алтай. Астана қаласынан.

Серіктестер жаңалықтары