
31 қаңтар – мұсылман жыл санауы бойынша Шағбан айының бірінші күні. Биыл Шағбан айы 1 наурызға дейін жалғасады. Бұл – Исламдағы қасиетті үш айдың бірі. Шағбан айыннан кейін ораза ұстау парыз етілген Рамазан айы келеді. Осы орайда Информбюро порталы Шағбан айында әрбір мұсылман орындауға тиіс амалдарды және Рамазан айына қалай дайындалу қажет екенін түсіндіреді.
№1. Шағбан сөзінің мағынасы қандай?
"Шағбан" сөзі "көп жақсылықтың бастауы" деген мағынаға ие. Бұл ай Ережеп айының бітуінен хабар беріп, Рамазанның жақындағанын сүйіншілейді. "Өсіп-өну" деген мағынаны да білдіреді.
Шағбан арабтың бес әрпінен тұрады. Шин, айн, бә, әлиф, нун:
- шин – Алла Тағаланың шарапаты;
- айн – дәрежесінің көтерілуі;
- бә – Алланың жақсылығы;
- әлиф – Хаққа жақындау;
- нун – Алланың нұры.
Осы айда ораза ұстаған адамға Алланың шарапаты жауады, сондықтан "шарапаты мол Шағбан айы" деген сөз бар.
Оқи отырыңыз: Оразаға 30 күн қалды. Биыл Рамазан айы қашан басталады
№2. Шағбан мен Рамазанның байланысы қандай?
Шағбан айы – Рамазанға дайындық айы. Бұл айда мұсылмандар Рамазанды бос өткізіп алмаудың қамын жасағаны жөн. Шағбан айы – оразаға қатысты сұрақтарға жауап іздеп, рухани және физикалық дайындықты күшейтетін уақыт.
Рамазан айына жоспар құрып, ораза уақытында қайда болатыныңызды және немен айналысатыныңызды нақтылаңыз. Қазірден бастап қайырымды амалдардың тізімін жазып, оған қажет қаражат, дүние-мүлікті түгендей беріңіз. Бес уақыт намазыңызды барынша мешітте, ең болмағанда жамағатпен өткізуді дағдыға айналдырыңыз. Шағбан – барынша ораза ұстап, құлшылық жасап, Құран Кәрім сүрелерін көп оқып, жаттайтын, мұқтаждарға садақа беретін ай.
№3. Шағбанда оразаға қалай дайындалады?
Бұл айда денсаулыққа көңіл бөліп, иманның да, дененің де иммунитетін барынша көтеріп алу керек. Мүмкіндік болса, дәрігерге көрініп, асқазан-ішек жолдарын тексеріп алған жөн. Биыл ораза көктемнің басында басталатындықтан авитаминоз, яғни ағзадағы витамин жетіспеушілігі жиі мазалайтын уақытқа дөп келіп тұр. Осы орайда ағзаңызға қажетті дәрумендерді, құнарлы тағамды уақытылы ішіп, ыңғайы келсе дүйсенбі мен бейсенбі күндері немесе аптасына кем дегенде бір күн ораза тұту абзал болмақ.
Ал рухани дайындыққа ораза жайлы нақты мәліметтерді білу, Құран Кәрім оқу, білмесе оны үйрену, салауат айтып, дұға оқу, ағайын-туыспен, отбасымен, достармен байланысты жақсарта түсу, ренжіскен адаммен татуласу жатады. Сондай-ақ, жаман әдеттерді тастап, жақсы әдеттер үйренуге таптырмас уақыт.
№4. Шағбанда неше күн ораза ұстау керек?
Шағбан айы – шамасы келген мұсылманға көптеп нәпіл (ерікті) ораза ұстайтын ай. Дегенмен қанша күн әрі қай күндері ораза ұстау керек екені жайында нақты айтылмағандықтан қанша күн ұстаймын десеңіз де, өз еркіңіз.
Мәселен, дүйсенбі мен бейсенбі күндері ауыз бекітсе болады. Сондай-ақ, Шағбан айының 13, 14, 15 күндері, яғни, "үш ақ күндері" ораза ұстаған дұрыс. Әсіресе, Шағбан айының 15-ші күні күндіз ораза ұстап (13 ақпан), түнін (Бараат түні, 14 ақпан) ғибадатпен өткізген адамға сауабы мол тиеді.
№5. Шағбанда қарыз оразаны ұстауға бола ма?
Иә, болады. Рамазан айынан өтелмей қалған қаза оразаларды осы айда өтесе болады. Алайда Шағбан айының оразасын шамасы жеткендер ғана ұстағаны абзал. Шағбан айында үздіксіз ораза тұтып, Рамазан айындағы парыз оразаға шамап келмей қалады-ау деп сезіктенген адам болса, ол адамға Шағбан айында ораза тұтудың қажеті жоқ. Өйткені Шағбан айындағы ерікті оразадан Рамазан айындағы парыз ораза маңызды.
Қаза оразамды өтеймін десеңіз Рамазан айына екі-үш күн қалғанда ораза тұтпаған абзал.
№6. Ораза қазасын қай кестеге қарап өтейді?
Рамазан айы басталмас бұрын өткен жылдағы қаза болған ораза күндерін өтеген абзал. Өтелмеген ораза адамға қарыз болып жазылады. Ораза қазасын өтейтін адам күнделікті намаз кестесін негізге алады. Таң намазы кірген уақытта ауыз бекітеді, яғни сол уақытқа дейін сәресін ішіп-жеуге рұқсат. Ал ақшам намазы уақыты кіргенде ауыз ашады.
Ханафи мәзһабында Рамазан оразасының қазасын өтеу уақыты шектелмеген. Яғни, келесі Рамазан айына дейін немесе одан кейінгі уақытта да өтеуге рұқсат етіледі. Дегенмен, уақытты созбай тезірек өтеген жөн.
№7. Қаза оразаға қалай ниет етеді?
Қаза оразасының арнайы ниет-дұғасы жоқ. Мәсәлен былай ниет етуіне болады: "Алла ризалығы үшін Рамазан оразасынан қалған пәлен күндік (мысалы, алты күндік) қаза оразаның бірінші күнін өтемекке (немесе екінші, үшінші) ниет еттім".
№8. Қаза оразасы бола тұра нәпіл ораза ұстауға бола ма?
Ханафи мәзхабы бойынша, рұқсат етіледі. Дегенмен, алдымен қаза оразаны тезірек өтеп алу жағына мән берген абзал.
Қаза оразасын әдейі бұзған жағдайда, 60 күн кәффәрат оразасын ұстау қажет емес. Қаза оразаны әдейі, себепсіз бұзу – күнә. Әйтсе де, кәффәрат өтемейді. Сол күнді қайтадан ұстайды.
Оразаны үзбей ұстау мәселесі – 60 күндік кәффәрат оразасына қатысты. Ал қаза оразаларында үзбей ұстау шарты қарастырылмаған. Бөліп-бөліп өтеуге болады.
№9. Бараат қандай түн және бұл түнді қалай өткізу қажет?
Шағбан айының 14-інен 15-іне қараған (13 ақпаннан 14-іне қараған) түн – Бараат түні. Бұл түні құбыла Құдыс қаласындағы Ақса мешітінен Меккедегі қасиетті Қағбаға қарай өзгерген. Бараат түнін "күнәдан тазару және кешірім түні" деп те атайды. Ислам ғұламалары Бараат түнін Рамазан айындағы Қадір түнінен кейінгі ең ұлық түн деп есептеген. Бараатты бос жіберіп алмай, шама келгенше құлшылық етіп өткізу Рамазан айындағы мың айдан да қайырлы Қадір түніне дайындық іспеттес. Бараат түнін дұрыс қарсы алу үшін бұл түнді ұйқысыз өткізген абзал. Алайда кімнің бұған шамасы жетпесе, ол адам осы түннің кез келген бөлігін құлшылыққа арнай алады. Бараат түні намаз оқыған, сәресіні ішкен адамға Рамазанның соңғы түндері жеңіл болмақ.
Бұл түн – періштелер жер бетіне түсетін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн. Сондықтан бұл түнде Пайғамбарға көп салауат, күнәлардың кешірілуін тілеп, дұға, ғибадат, құлшылықпен өткізген абзал. Бұл түні көп ғибадат жасап, күнә істерден арылып, тәубе еткен жөн.
№10. Рамазан айына дейін тағы не істеу қажет?
- Қарыздарды қайтару. Қарыз – берсе сауап, алса мойнына аманат болып жазылатын дүние. Хадисте қарызы бар адам қарызын өтемей тұрып садақа бермеуі керек екені жазылған. Берілмеген зекет те қарыз деп есептеледі. Қарызын өтеу, зекет беру – парыз. Зекет қарызы бар адамның садақасы қабыл болмайды.
- Ниет ету. Рамазан айында жасаймын деген құлшылықтарға Шағбан айынан бастап ниет еткен жөн. Алдын ала ниет етпей, ешбір амал қабыл болмайды. Рамазан айында ораза ұстауға шынайы түрде ниет етсеңіз қазірден әдеп-амалдарды үйрене бастаңыз.
- Ағзаны дайындау. Рамазан айы жақындағанда ағзаны оразаға дайындау қажет. Адам бірден ұзақ уақыт бойы нәр татпаса ағзада үлкен өзгерістер болып, ол белгілі бір ауруға әкелуі мүмкін. Сол себепті күнделікті ішіп жүрген тамақ мөлшерін біртіндеп азайта бастаған жөн. Алғаш рет ораза ұстайтындар қазірден ауыз бекітіп, ағзасын үйрете берсе болады.
- Жаман әдеттерден арылу. Шағбан айында жаман әдеттеріңізден арылуға қамданып, жақсы әдет қалыптастыруды бастаңыз. Мысалы, темекіні тастай алмай жүрсеңіз Рамазанды күтпестен қазірден амалын жасаңыз. Денсаулық та аманат екенін ұмытпаңыз.
- Ұйқыны реттеу. Оразада тек тамақтан ғана тыйылмай, ұйқы режимін де реттеу маңызды. Сәресіне ұйықтап қалмау үшін ерте ұйықтап, ерте тұруға ертерек бой үйреткен дұрыс. Күнде 7-8 сағаттан көп ұйықтайтын болсаңыз Шағбан айынан бастап аз ұйықтап үйреніңіз. Себебі сәресіне тұруға ерініп, түнде ауыз бекіте саламын деуге болмайды. "Сәресін ішіңдер, өйткені сәресінде береке бар" дейді.
- Ас мәзірін дайындау. Ауыз бекіткенде сәресі мен ауызашарда не ішіп-жеймін деп бас қатырмас үшін ертерек ас мәзірін жасап қою артық етпейді. Рамазан айы басталмас бұрын қажет азық-түлікті ертерек әкеліп қойған абзал. Тәтті, ащы, тұзды, майлы тағамдарды мейлінше азайтыңыз. Ас мәзіріңізде көкөніс пен жеміс-жидек көп болсын.
- Тазалық жүргізу. Ішкі-сыртқы тазалыққа мән беріңіз. Денеңізді таза ұстаңыз. Дәрет алуды білмесеңіз, үйреніңіз. Үйіңізізді толықтай тазалап шығыңыз. Мүлдем кимейтін таза киімдеріңізді мұқтаж жандарға таратыңыз. Ескі заттардан арылыңыз. Үйдің ішін ғана емес, сыртын, ауланы да тазалап қойған жөн.
- Алаңдатуы мүмкін істі аяқтау. Рамазан айы құлшылық жасайтын қасиетті ай болғандықтан, алаңдататын, аяқсыз қалған істі аяқтап тастаған жөн. Мысалы, өзге жерге көшуді жоспарласаңыз, қазірден қамданыңыз. Кәсіп бастаймын десеңіз, қазірден іске кірісіңіз. Денсаулығыңызға алаңдасаңыз, дәрігерге қаралып, ағзаңызды тексеріңіз. Рамазан айы басталғанша оразаға кедергі келтіруі мүмкін шаруаларды тындырыңыз.